А.И. Құдайбергенова

тарих ғылымдарының докторы, доцент Ш.Ш Уәлиханов атындағы. Тарих және этнология институты.

Г.Ниязханқызы

тарих ғылымдарының кандидаты, Д. Серікбаев

атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Техникалық Университеті.

 

Қазақстан халқының 1959-1989 жж. халық санақтары арасындағы дамуы

 

Кеңес дәуірінің күнінің өткеніне де жиырма жылдан аса уақыт өтті. 1917 ж. Қазан төңкерісінен 1991 ж. КСРО-ның ыдырауы аралығындағы 74 жыл маркстік-лениндік идеологияға негізделген коммунистік қоғам орнату жолындағы адамзаттың басынан өткізген тарихи тәжірбиесі ретінде дүние жүзілік тарихта қалды.

Дербес мемлекет болған Қазақстанда тарих ғылымының дамуы жаңа арнаға түсіп, қазақ халқының өткені мен өшкенін түгендеуге, жаңғыртуға, тарих ғылымының кенже қалған салаларын дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Соның бірі – тарихи демография саласына қатысты.

Демография мәселелері ХХ ғ. соңынан көптеген ғылыми сала зерттеушілерін қызықтырған нысанға айналса, соның ішінде көші-қон үдерісінің халық құрамындағы сандық және сапалық құрамына тигізген әсері тарихи демография саласындағы өзекті мәселелер қатарына енді. Кеңес дәуірі тұсындағы идеологиялық ұстанымға байланысты елдің әлеуметтік-демографиялық ахуалының нақты бейнесінен хабар беретін некелік жағдай, ажырасқандар, туу көрсеткіштері, өлім-жітім мәселелері, олардың өзгерістері, ең алдымен оның этностық ерекшеліктері мәселелерін ғылыми зерттеуден қашқақтаушылық басым болды. Ал, кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерісінің жоғары аталған демографиялық сипаттамалардың өзгерістеріне ықпалын көрсету тіпті де мүмкін болмады. Өйткені демографияға таңылған формациялық дамудың марксистік қоғамтанушылық тұжырымдамасы ұлттық және жалпы адамзаттық мүддеден көрі таптық мүддеге қызмет етті. Сондықтан, ХХ ғ. өн бойында қазақ халқы басынан өткізген демографиялық апаттар мен өрлеулердің саяси факторларын ашу ұлттық болмысты сақтап, дамытуда ерекше маңызды.

ХХ ғ. бойы жүрген көші-қон үдерісінің халықтың демографиялық дамуға тигізген әсері ерекше болды. Қазақстан халқы Ресейге бодан болғаннан бастап, Кеңес заманында да негізінен сырттан келген көші-қоншылар есебінен өсіп, 1897 ж. 4147,7 мыңнан 1989 ж. 16464,4 мыңға жетіп, осы 92 жыл ішінде 4 есеге жуық көбейген. 1897 ж. Қазақстан халқының 81,7%-ы қазақ, 10,9% - орыс, 1,9%-ы украин, 1,3%-ы татар, 1,3%-ы ұйғыр, 0,7%-ы өзбек болса, 1914 ж. қазақтар үлесі 58,8 %, орыстар 29,6 %-ға, өзге ұлттар 11,6 % болып, ұлттық арасалмақта қазақтар үлесінің төмендеу үрдісі басталды. Ерекше 1939-1959 жж. көші-қон үдерісінің нәтижесінде 1959 ж. санақта тарихи отанында азшылыққа айналу үрдісінің төменгі мөлшерінее жетті – 29,7%. Қазақтар өз отанында азшылық ұлтқа айналды. Соның ішінде осы көрсеткіштің 1959-1989 жж. ерекшеліктерін талдап көрейік.

1959-1970 жылдары Қазақстанға сырттан келушілердің көші-қоны аздап саябырлай бастады. Бұл кезеңде көші-қон айырымында кері айырым болмағанымен, көші-қон қозғалыстары бәсеңдей бастады. Сырттан қазақтардың келуі оқиғалары осы кезеңде орын алды. Бұл кезеңде қазақтардың табиғи өсімін көтерген «демографиялық жарылыс» деп тарихта аты қалған туу көрсеткіштерінің күрт өсуі тұрғылықты ұлттың мөлшерін 2,9 пунктке ғана көтерді. Қазақ жеріндегі қазақтар үлесі 1970 ж. 32,6%-ға жетіп, халық құрамында азшылық ұлт мәртебесін жоя алмады.

Кеңестік жүйенің алғашқы қырық жылы ішінде республика халқы механикалық қозғалыс негізінде өссе, ендігі өсім табиғи қозғалыс арқылы жүзеге асырылды. 1955-1970 жж. Қазақстан халқы 8,3 млннан 13,2 млнға өсті немесе 15 жыл ішінде 5,5 млнға көбейген. Қала халқының өсу қарқыны тіпті жоғары – 15 жылда екі еселенген. 3368 мың адамнан 6725 мыңға немесе 199,7%-ға өскен [1]. Қазақстанға көшіп келушілерден гөрі көшіп кетушілердің басым бола бастауы 1970-жж. басталғанымен, республика халқының саны табиғи өсім (қазақ, өзбек, ұйғыр және т.б. тұрақты тұрғындар есебінен) нәтижесінде 1980-жж. аяғына дейін өсе түсті. Осы жылдар арасында 1.675.5 мыңға, яғни 12,9%-ға көбейді. 1989 ж. халық санағы бойынша Республикада қазақтар-39,7%, орыстар – 37,8%, украиндар – 5,4%, белорустар – 1,1%, немістер – 5,8%, татарлар – 2,0%, өзбектер – 2,7%, ұйғырлар – 1,1%, корейліктер – 0,6%, әзірбайжандар – 0,6%, басқа ұлт өкілдері – 3,8% еді.

1959-1979 жж. қазақ халқының демографиялық тарихында «алтын кезең» деп бағаланады. Бұл кезеңнің ішінде XX ғ. бірнеше демографиялық апатты кезеңдерден кейінгі жағымды құбылыс – 1958-1962-жж. демографиялық «жарылыс» орын алды. Осы жылдары республика тарихыңда табиғи өсім ең жоғары көрсеткіштерге жетті: 1960 ж. дүниеге 371,8 мың сәби, әрбір 1000 адамға шаққанда 37,2 сәби, ал ең көп сәби туылған 1961 ж. 377 мың сәби келген, әрбір мың адамға шаққанда 36 сәби, 1960 жылмен салыстырғаңда 1000 адамға шаққаңдағы үлесі төмен болғанымен өлім-жітіммен салыстырғандағы айырым есебінен 308,4 мың адамдық оң айырым көрсетіп, табиғи өсімде осы жиырма жыл ішіндегі ең нәтижелі жылы болды. Осы жылдардағы өлім-жітімге келсек, 1960 ж. табиғи өсім 306,2 мың адам болса [2], 1961 ж. 2,2 мыңға төмен көрсеткіш көрсетті. 1958-1962 жж. демографиялық дүмпуден кейін республика бойынша туу азайып, өлім-жітім өсе бастады. Бала туудың ең төменгі керсеткіші 1968 және 1969 жж. келеді, бұл жылдары, тиісінше, 302 мың және 302,2 мың сәби дүниеге келіп, 74,3 мың және 79,5 мың адам дүниеден өткен, табиғи өсім 1968 ж. 227,7 мың, 1969 ж. 222,7 мың [3] адамды құраған, бұл ең төменгі көрсеткіш, сонымен қатар әрбір мың адамға шаққандағы ең төменгі үлесі де төмен – 23,4 сәбиден келген. Осы екі санақ аралығында республика халқы 1959 ж. - 9294741 адамнан 1970 ж. - 13008726 адамға жетіп, халықтың жалпы саны 3713985 адамға өскен, өсім 39,9% табиғи өсім 1960-1969 жж. аралығында 2639100 адамға өскен. Қазақ этносы осы кезенде 1446,9 мың адамға, яғни 51,9%-ға өскен, орташа жылдық өсімі 131532 адам, ал республика тұрғыңдары табиғи өсімнің есебінен жылына 258 мың адамға өсіп отырған, республикадағы үлестік салмағы 1959 ж. - 30%, 1970 ж. - 32,5% құрайтын қазақтар, осы он жылда республика тұрғындарының жалпы өсімінің З8,96%-ын берсе, қалған этностар 61,04%-дық өсім берген, әрине бұл республика көлемінде қазақ этносының санының және үлестік салмағының тез өсуіне жайлы демографиялық ахуалдың туыңдауына жол ашты. Осы кезеңнің қазақтар үшін тағы бір жайлы ерекшелігі, 1970 ж. санақ бойынша, он жасқа дейінгі қазақтар саны 1574972 адам [4] болып, республикадағы қазақтардың 37,2%-ын, ал республикадағы сол жастағылардың 47,9%-ын, ал, қазақтарды қосқанда республика халқының 25,2%-ын (3284863 адам) құрады. Болашақтағы қазақ халқының демографиялық өсу әлеуетінің негізі 1950-1960 жж. демографиялық дүмпу кезінде қаланды деп пайымдауға толық негіз бар [5].

Одан кейінгі 1970-1991 жж. көші-қонның ерекшелігі сонда, ХХ ғ. өн бойында сырттан келуші көші-қоншылардың қозғалысы осы уақытқа дейін ішке бағытталса, 1968-ж. бастап Қазақстанға өзге республикалардан келушілер саны азайды. Бұл 1970 ж. санақта көрінді. Көші-қон үдерісі халық санының өсіміндегі шешуші рөлінен айрыла бастады. Қазақстандағы ХХ ғ. басынан жалғасқан көші-қон үдерісінің қарқыны бәсеңдей бастады, бағыттары Қазақстаннан кері қарай бұрылды. Бірақ әлі де жоспарлы түрде қоныстандыру және басқа да мемлекеттік шаралар негізіндегі көші-қон үдерісі жалғасып жатты. Соған қарамастан осы кезді сонау ХІХ ғ. ортасынан Қазақстанға қарай ағылған көші-қонның бағыты кері бұрылу межесі деп алуға болады. РКФСР-ден басқа одақтас республикалармен көші-қон айырбасында теріс айырым көріне бастады. Оған себеп болған факторлар – ұлттық сана сезімнің оянуы, халық шаруашылығында ұлттық мамандар үлесінің өсе бастауы және т.б. Бұл кезеңде Қазақстан халқының демографиялық мінез-құлқында да өзгерістер жүрді. Көп балалы отбасыдан аз балалыққа өту, бала тууды сандық жағынан реттеуге негізделген бағыт осы кезеңнен бастау алды.

1970-1979 жж. алдыңғы он жылмен салыстырғаңда көптеген позициялар төмендеді. Екі санақ мәліметтері бойынша, 1970 ж. 306,6 мың сәби дүниеге келіп, 78,4 мың адам дүниеден өткен, табиғи өсім 228,2 мың адам, әрбір мың адамға шаққанда 23,4 сәби дүниеге келіп, 6 адам дүниеден өткен, табиғи өсім 17,4 адам, осы онжылдықтың соңғы он жылы 1979 ж. - 354,3 мың сәби дүниеге келіп, 113,7 мың адам дүниеден өткен, табиғи өсім 240,6 мың адамды құрады [6]. 1970 ж. салыстырғанда 12,4 мынға ғана артық, ал енді осы көрсеткіштерді әрбір мың адамға шаққанда 24 сәби дүниеге келіп, 7,7 адам дүниеден өткен, табиғи өсім 16,3 адам, табиғи өсім 1,1 пунктке төмендеген [7]. Табиғи өсім осы он жылда жылына орташа 239,6 мың адамнан өсіп отырған, алдыңғы он жылдық көрсеткіштен жылына 18,4 мың адамға төмен. Осы онжылдықта республика халқы 13008,7 мың адамнан 14684,3 мың адамға жетіп, жалпы өсім 1675559 адам, яғни 12,9%-ға ғана өскен. Ал қазақтар осы кезеңде 1055183 адамға, яғни 24,9%-ға өскен, бұл республика тұрғындарының жалпы өсімінің 63%-ы, қазақтардың республикадағы үлесі 32,5%-дан 36%-ға көтерілді [8]. Қазақтардың осы онжылдықта табиғи өсімі алдыңғы онжылдықпен салыстырғаңда баяу болғанмен, республикалық көлемде нәтижесі әлі де жоғары болды.

Бала туудың баяулауының басты себептері: республика халқының әлеуметтік-демографиялық салт-санасының өзгеруі, яғни көп балалы отбасыдан, бала тууды сандық жағынан реттеуге бағыт осы кезеңнен бастау алған және де бала туудың төмендеуінің түп-тамыры Ұлы Отан соғысына дейінгі және соғыс кезеңіндегі халықтың демографиялық құрылымының жайсыздығы, яғни, 1960 жылдың басынан некелік қатынасқа сол жылдары туылғандар түсе бастады, ал олардың сандық үлесі өте төмен болатын, 20-29 жастағылар 1959 ж. 18,6% болса, 1970 ж. 13,2% болды, ал қазақтар 1970 ж. 7,2 %-ын құраған [9].

Қазақтардың соғыстың қарсаңы мен кезеңіңде туылғаңдардың үлестік салмағының өте төмен болуы, халқымыздың табиғи өсімінің баяулауына және жалпыреспубликалық өсімнің төмендеуіне өз ықпалын айтарлықтай тигізгендігін халық санының 1970-1979 жж. аралығындағы өсімі айғақтайды. Республика бойынша 1959-1970 жж. аралығында табиғи өсімнің жоғары болуының тағы бір басты себебі, тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатыңда республикамызға қоныс аударғандардың басым көпшілігі табиғи өсімді бере алатын жастағы жас жігіттер мен қыз-келіншектер, негізінен 20-35 жас аралығындағылар. Міне осы себептер халықтың табиғи өсімінің өсуінің негізгі факторлары. Қала мен ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейінің әркелкілігі де табиғи өсімге өз ықпалын тигізіп отырды, Түрғындардың осы екі тобының арасалмағы және үлесін саралау мақсатында 1960-1979 жж. туылған сәбилер мен дүниеден өткен адамдардың жалпы есебі негізіне сүйене отырып және оны негізгі үш санақ мәліметтері бойынша жалпы республикалық, қала мен ауыл-село топтамасына бөлгенде мынандай нәтижелер керсеткен: осы жиырма жыл аралығында қала тұрғындарының үлесі 10 %-ға көтеріліп, ауыл-село тұрғындарының үлесі керісінше 10 пайызға азайған. Республикамыздың негізгі этносы қазақтардың үлестік салмағы ауыл-селода басымырақ, яғни республикадағы қазақтардың жалпы санының 1959 ж. - 75,7%, 1970 ж. - 73,7%, 1979 ж. - 69,1% аумағыңда мекен еткен, ал басқа этностармен салыстырғанда ауыл-селодағы үлестік салмағы 1959 ж. - 40,3%, 1970 ж. - 48,2%, ал 1979 ж. - 53,5% дейін өскен. Жалпы қазақтар арасындағы үлестік салмағы кемігенмен, басқа этностармен салыстырғанда 13,2%-ға өскен, яғни ауыл-село қазақтарының табиғи өсімі өте жоғары болды деп пайымдауға негіз бар.

Табиғи өсімнің қала мен ауыл-село түрғындарының үлес салмағына тоқталатын болсақ, ең нәтижелі 1961 ж., қалаларда 143,2 мың (38 %), ауылда 233,8 мың (62 %) сәби дүниеге келген, өлім-жітім: қалаларда 33,0 мың (48,1 %) ауылда-35,6 мың (51,9 %) адам. Табиғи өсім көрсеткішінің ең төменгі нәтижелі жылы - 1969 ж. қалаларда - 125,2 мың (41,4 %), ауылда - 177,0 мың (58,6 %) сәби дүниеге келген, өлім-жітім: қалаларда 43,1 мың (54,2 %), ауылда 36,4 мың (45,8 %) адам. 1960-1969 жж. тұрғындардың табиғи өсімінің жалпы саны төмендегідей: қалаларда 1282,2 мың (38,3 %), ауылда - 2063,3 мың (61,7 %) сәби дүниеге келіп, қалаларда - 356,6 (50,5 %), ауылда - 349,8 мың (49,5 %) адам дүниеден өткен. Табиғи өсім: қалаларда - 925,6 мың (35 %), ауылда - 1713,5 мың (65%) адам [10]. Жоғарыдағы көрсеткіштерді негізге ала отырып пайымдасақ, табиғи өсімнің негізгі салмағын осы онжылдықта ауыл-село тұрғындары есебінен құраған. Қала тұрғындарының табиғи өсімін төмендететін фактордың бірі өлім-жітімнің артуы, оның негізгі себептері жас топтары бойынша жасы ұлғайған адамдардың санының артуы, 1959 ж. 55 жастан асқандар 398255 адам (9,8 %) болса, 1970 ж. 744818 адамға (11,4 %) көтеріліп, 2,4 пунктке өскен, ал ауыл-селода 1959 ж.- 649631 адамнан (12,4 %) - 1970 ж. - 794044 адамға (12,3 %) жетіп, үлестік салмағы 0,1 пунктке кеміген.

Қала тұрғындарының саны осы он жылда 2471428 адамға, яғни 1959 ж. салыстырғанда 60,8 пайызға өскенмен, жалпы сәби туу коэффициенті әрбір мың адамға шаққанда 1960 ж. 31,6 адамнан 1969 ж. - 19,4 адамға дейін, яғни 12,2 пунктке кеміген, осы факторлардың барлығы қала тұрғындарының табиғи өсімін 1960 ж. әрбір мың адамға шаққандағы 24,5 адамнан 1969 ж. - 12,7 адамға дейін төмендетті.

1959-1970 жж. урбанизацияның жоғары қарқыны негізінен ауыл халқының қалаларға көші-қоны мен 60-жылдары көптеген ауылдарды (70 ірі ауылды) қала типтес поселкалар қатарына жатқызуы есебінен жүрді. Шындығында ол поселкалар қарапайым ауыл болып қала берді. Өнеркәсібі жылдам дамушы аудандарда көші-қон интенсивті түрде жүрді. Әсіресе бұл тау-кен, металлургия және машина жасау өнеркәсібі дамыған аудандарға қатысты. Бұл жерлерге ауылдардан келген көші-қоншылар мамандық пен білім алуда бірқатар артықшылық жағдайларға ие болды. Сонымен бірге, өнеркәсіптік қалалар ірі құрылыс орталықтары бола отырып, қажетті мәдени-тұрмыстық кешенге ие болды. Бұл да ауылдық жерлерден, әсіресе жастардың қалаларға көші-қонын белсендірді.

Қазақтардың урбандалу үдерісіне келсек, 1970 ж. санақ бойынша қала халқының құрамындағы қазақтардың үлесі 17,2% болды. Ерекше Атырау мен Қызылорда  облыстарының урбандалу көрсеткіші жоғары болды (тиісінше, 56% және 51%). Урбандалу көрсеткіштерін төмендеу ретімен салыстырсақ, онда Манғыстау (34,6%), Ақтөбе (26,1%), Жамбыл (17,7%), Алматы (15%), Шығыс-Қазақстан (13,9%), Павлодар (12,4%), Батыс Қазақстан (12,1%),  Ақмола және Қарағанды (11,6%-дан) облыстары, содан соң Солтүстік Қазақстан облысы (7,9%) қазақтары тұр. Қазақтардың урбандалуының ең төменгі көрсеткішін Қостанай (5,6%) және Оңтүстік Қазақстан (2,6%) облыстары көрсетті.

1970-1979 жж. қазақтардың урбандалу көрсеткіші 3,7 пунктке көтеріліп, 20,9% болды. Барлық қалаларда бұл көрсеткіш өсті, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысында қала халқының құрамындағы қазақтар үлесі 12,1 есе өсіп, 31,4%-ды құрады. Бұдан кейінгі жылдары да қазақтардың урбандалу үдерісі жылдам жүрді.

Халық санының динамикасына көші-қон үдерісінің әсері ерекше болды. Егер 1970 жж. басына дейін Қазақстан халқы негізінен көші-қон есебінен өссе,  1970 жж. бастап көші-қонда кері айырым үстем бола бастады. 1959-1989 жж. Қазақстан халқының өсімінің 20%-ы сырттан келгендердің (740 мың адам) көші-қоны арқасында болды. Ал, 1970 ж. кері қайтқандар саны 35 мың адам болса, 1985 ж. 95 мың адам болды. 1970-1990 жж. Қазақстаннан Ресейге, Украинаға, Белоруссия мен Прибалтика республикаларына көші-қон есебінен республика 1,5 миллион адамынан айрылды. Кезеңнің соңына қарай КСРО-дан тысқары шетелге кеткендер саны да өсе бастады. 1979-1989 жж. Қазақстанға 5 521 912 адам келіп, 4 910 939 адам кетті, көші-қон айырымы 610 973 адамды құрады [11].1989 ж. тек Шығыс Қазақстан облысы ғана көші-қонда 0,6 мың адамдық жағымды айырым көрсетті. Ал, Жамбыл, Павлодар, Шымкент облыстарынан кеткендер саны көп болды. Көпшілігі РКФСР-ге 20,5%-ы, Украинаға 2,0%-ы кетті. Кеткендердің 67,7%-ы қалалардан кетті. Әсіресе, немістер, орыстар, украиндар және белорустар кетіп жатты. Сонымен бірге 1989 ж. бастап Қарақалпақстаннан, Өзбекстаннан, Түркімениядан және Ресейдің жекелеген аймақтарынан қазақтардың келуі белсендірілді, сондай-ақ, РКФСР мен Орта Азиядан қырғыз, өзбек және түркімендердің келуі байқалды [12 ].

1980-жж. соңында көші-қонның жаңа бағыты – халықаралық көші-қон қалыптасады, ал 1990-жж. басында ол Қазақстан халқының саны қысқаруының аса маңызды факторына айналады.

1970-1989 жж. Қазақстан халқының саны 13 008 726 адамнан 16 464 464 адамға дейін өсті. Халықтың абсолюттік өсімі 1 136 262 адамды құрады. 1959-1989 жж. Қазақстан халқы 77 %-ға өсті. Оның есесіне өсім қарқындары баяулады, егер 1970 ж. 1959 ж. қарағанда өсім 140 %-ды құраса, 1979 ж. 1970 ж. қарағанда 113%-ға, ал 1989 ж. 1979 ж қарағанда 112%-ға көтерілді. 30 жыл ішінде республика  халқының орта есептік жылдық өсімі (1959-1989 ж) 239000 адам санын құрады. 1970-1989 жж. халық өсімі 27% құрады.

1970-1979 жж. сәбилердің дүниеге келуі төмендегенімен, қалада бірқатар өсім байқалып, ал ауылдарда тұрақтағандық байқалды, табиғи өсім қалада көтеріліп, ауылда азайған, алайда 1961 ж. көрсеткішіне республиканың жалпы тұрғындар саны 58 %-ға өссе де, жете алмай, тіпті 22,7 мың адамға кем нәтиже көрсетті, өлім-жітім саны 113,7 мыңға жетіп, 1960 ж. салыстырғанда 73,3 %-ға көтерілді, яғни өлім-жітім түрғындар санының өсуінен, 15,3 пунктке жоғары, дегенмен де табиғи өсім республика халқының баяу болса да өсімін қамтамасыз ете алды. Қалада сәбилердің дүниеге келуі 1970-1979 жж. 38,0%-дан 45,7%-ға дейін көтерілсе, ауылда 61,7 %-дан 54,3 %-ға төмеңдеген, өлім-жітім деңгейі қалада 50,5%-дан 54,9 %-ға көтеріліп, ауылдық жерлерде 49,5%-дан 45,1%-ға дейін төмеңдеген; табиғи өсім қалада 35%-дан 42,1%-ға дейін өсіп, ауылдарда 65 %-дан 57,9 %-ға дейін төмендеген. Қалалардағы нәрестелердің дүниеге кебірек келуінің себептерінің бірі, қала түрғындары осы онжылдықта 1382 мың адамға (артқан, яғни 21,13% %-ға өскен, ал ауыл-село тұрғындары 293 мың адамдық несеме 4,5%-дық өсімді құраған. Қала тұрғындарының сандық өсімі негізінен ауыл тұрғындарының есебінен артса, екінші факторы қалалар мен қала типтес поселкелердің санының 1970 ж. 254-тен 1979 ж. 281-ге дейін есуі, оның ішіңде 100 мыңнан астам тұрғыны бар қалалардың саны 15-тен 18-ге дейін өсті, 27 елді мекен қала мәртебесін алып, тұрғындары қала халқы есебіне ауысты [13].

Өлім-жітім деңгейі қалаларда осы он жылда 4,4 пунктке өскен, оның басты себептерінің бірі қала тұрғындарының жас топтары бойьшша алатын болсақ жасы үлғайғандардың үлестік салмағының 11,4 %-дық деңгейде сақталуы, ал ауылда бұл үлес 10,9 %-ды құрап, тағыда 1,4 пунктке төмендеген, ауыл-селодағы бұндай арасалмақ дүниеге келген сәбилердің көп болып, табиғи өсімнің әлі де болса жоғары болуынан.

Ауылдағы өлім-жітім негізінен бір жасқа дейінгі сәбилердің шетінеуінің елі де жоғары болуынан деп пайымдауға болады, оған дәлел мына салыстырмалы көрсеткіштер: 1975 ж. республика бЬйынша 101,9 мың адам өлген олардың 54,6 мыңы қала тұрғындары, 47,3 мыңы ауыл-село түрғындары, соның ішінде 13,3 мың сәби шетінеген, орташа пайыздық үлесі 13, оның 5,2 мыңы (9,5 %) қала түрғындары, 8,1 мыңы (17,1) ауыл халқы. Әрбір дүниеге келген мың сәбидің республика бойынша 38,8 шетінеген, қала тұрғындарынан 33,3 сәби, ауыл түрғындарынан 43,2 сәби, айырмашылығы 9,9 сәби. Айырмашылық өте елеулі, сәбилердің кеп шетінеуі ауыл тұрғындарының табиғи өсім деңгейін төмендетуінің басты себебінің бірі болды.

Қазақтар 1959-1979 жж. 2502 мың адамға көбейген (89,8 %), ал республика халқының жалпы өсімі 58%. Яғни, осы жиырма жылда табиғи өсімнің негізгі салмағы қазақ этносы есебінен жүзеге асқан деп пайымдауға болады, яғни 1961 ж. республика бойынша 36,0‰ болса, қазақтар арасында 44,4‰, 1965 ж. - 29,9‰ болса, қазақтарда 37,2‰, 1970 ж. 23,4‰ болса, қазақтарда 31,3‰ болған. 1970 ж. бастап бала туу тұрақтап, қартаю үдерісінің етек алуына байланысты өлім-жітім өскен.

Осы кезеңді әлеуметтік-экономикалық дамудың ықпалының нәтижесінде бала тууды реттеуге бағыт алған кезең деп қарастыруымызға болады. Себебі, әйелдердің бала туу мүмкіндігі бар жастағылары да 34 жастан асқаннан кейін бала тууды шектей бастады.

Осы жиырма жылда бала туудың жиынтық коэффиценті республика бойынша 1,378 пунктке төмендеген. Әйелдердің барлық жас топтары бойынша барлық көрсеткіштер азаю бағытына бет алған, тек қана 20 жасқа дейінгі әйелдердің 1975 ж. бастап бала туу көрсеткіші көбейген, соның өзінде де 1958-1959 жж. салыстырғанда 22,1%-ға азайған. Бала туудың негізгі салмағын 20-24 жас аралығындағы әйелдер берген, 1958-1959 жж. осы жастағы әйелдер барлық босанғандардың 26,2% болса, 1978-1979 жж. 32,8%, яғни 6,6 % өскен, яғни осы жас тобыңдағы әйелдер негізінен бірінші және екінші балаларын босанатындар. Жалпы алғанда 15 пен 29 жас аралығындар 1958-59 жж. 58% құраса 1978-1979 жж. 66%-ға жетіп 8 пунктке өскен, сонымен 30 жастан жоғары жастағы әйелдердің бала туу деңгейі төмендеді деген сөз, яғни бұл 4 жөне одан кейінгі сәбилердің дүниеге келуінің азайғандығын айғақтайды. 1980 ж. дүниеге келген 356 мың сәбиінің 117,6 мыңы, үшінші және одан кейінгі туылған сәбилер, бұл сол жылы дүниеге келген сәбилердің 33 %-ы [14].

Қазақ әйелдерімен орыс әйелдерінің жас топтарын салыстыратын болсақ, қазақ әйелдерінің жас топтары бойынша бала туу көрсеткіштері жоғары, атап айтқанда: 20-24 жастағылар 1,3 есе, 25-29 жастағылар 2,5 есе, ал 30-34 жастағылар 4 есе жоғары, орыс әйелдерінің ең нәтижелі жасы 20-24 болса, қазақ әйелдерінің 30-34 жастағылар көрсеткіші өте жоғары, бұл нәтижелерді тұжырымдасақ орыс әйелдері негізінен 1-2 баламен шектеледі деген сөз, ал қазақ әйелдерінде 4 және одан кейінгі реттегі балалардың дүниеге келуі басым деп тұжырымдауға болады. Тағы бір ерекшелікке аса назар аударған жөн сияқты, қазақтар басым тұратын Шымкент, Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе, Гурьев, Маңғыстау облыстарында бала туу жалпы республикалық көрсеткіштен жоғары. Республика бойынша 1970 ж. әрбір мың адамға шаққаңда 23,4 сәби, 1980 ж. 23,9 сәби дүниеге келсе, Шымкент облысында жылдарға сәйкес, 29,8 және 29,5; Қызылорда облысында 28,9 және 30,6; Маңғыстау облысында 29,5 және 27,7; Гурьев облысында 28,8 және 27; Ақтөбе облысында 26,7 және 25,6; Жамбыл облысында 26,6 және 26,1 сәби дүниеге келген. Ал орыс ұлты басым тұратын облыстарда керісінше: Шығыс Қазақстан облысында 18,7 және 20,1; Қарағанды облысында 17,8 және 18,9; Солтүстік Қазақстаң облысында  20,1 және 21,4 сәби дүниеге келген, басқа да қазақ этносы аз тұратын облыстарда да нәтижелер осы деңгейде [15].

1960-1970 жж. қазақ халқында бала туудың азаюын жалпы алғаңда орынды құбылыс деп атауға болады. Қазақ халқының әлеуметтік-демографиялық дамуы өзінің есейген кезеңіне өтті. Қазақ халқының қарастырып отырған кезендегі бала тууының деңгейі, әлі де ұзақ уақыт қазақ халқының тез қарқынмен өсіп-өнуін қамтамасыз ете алады. Бұл жылдары қазақ халқының өсімі, көптеген басқа ұлттардан біршама жоғары болған. Бұл үдерістің басты себептері ғылыми баспа беттеріңде кең көлемде баяңдалған, яғни қазақ халқының бұдан бұрынғы жылдармен салыстырғанда тұрмыстық әл-ауқатының артуы, дәрігерлік қызметтердің жақсаруымен және т.б. себептермен, адамдардың орташа өмір сүру жасының ұзаруымен байланысты. Қазақтар үлесі, әсіресе 1970-1979 жж. аралығында қарқынды өсті, бұл кезеңде орыстар, украиндар және т.б. ұлттардың үлес салмағы алдағы жылдарға қарағанда кему үрдісіне көшті. Жалпы, осы кезенде қазақ халқының басқа ұлттармен салыстырғанда абсолютті өсуі негізінен сан жағынан қалпына келіп, оның ішкі құрылымдарының өсу динамикасына бастау алған кезең деп толықтай пайымдауға болады.

1959-1979 жж. қазақ халқының күрт көбеюі оның табиғи өсіміндегі жақсы нышандармен тікелей байланысты. Өсім қарқыны ішкі факторлардың дүмпуімен, яғни бала туудың өсуі, адам өмірінің ұзаруы жөне өлім-жітімнің төмендеуі нәтижесіңде қамтамасыз етілді.

1970-1989 жж. аралығында республикада орын алған урбанизацияның жоғары деңгейін атап өтуге мүмкіндік беретін қалаға көшу өсімі айтарлықтай болғаны байқалады. Яғни, 19 жылдың ішінде Қазақстанда қала халкының саны 7% пунктқа көтеріліп, 57%-ды құрады. Қала халқының өсуі республика халқының жалпы саны бойынша сәйкес көрсеткіштерді басып озды. Урбанизация үдерісінің нетижесінде ол 1970-1979 жж. - 8,2 және 1979-1989 жж. - 6,6 %-ға өсті.  Республиканың барлық аймақтарында қала халқының саны өсті. 1970-1989 жж. аралығында Алматы қаласында (388 мың адам), Павлодар (263 мың адам), Шымкент (238 мын адам), Қарағанды (195 мың адам), Қостанай (186 мың адам), Жамбыл (173 мың адам), Маңғышлақ (1514 мың адам) облыстарында біршама өсім бары байқалды. Сондай-ақ, әсіресе Маңғышлақ (111%), Павлодар (77%), Торғай (77%), Орал (69%) облыстарында да өсімнің күшті үлғайғаны, ал Алматы, Жамбыл, Қызылорда (әрқайсысында 55%) облыстарында жақсы болғаны байқалды.

1970-1989 жж. кала халқының ішінде қалалық мекендердің өсімі артқандығын атап өту керек. 19 жыл ішінде қалалық мекендер саны 40-қа, немесе 16%-ға ұлғайды, оның ішінде қалалар 8%, (6-ға, 78-ден 84-ке дейін), қала типтес поселкелер 19% (34-ке, 176-дан 210-ға дейін) өсті.

Статистикалық мәліметтердің талдауы көрсеткендей қалалық мекендердегі қалалардың үлесі 1970 ж. - 31%, 1979 ж. - 30%, 1989 ж. - 29% құрады. Сол уақытта қалада тұратындардың саны қалалық мекендер тұрғындарының жалпы санынан (тиісінше жылдар бойынша) 81%, 84% және 85%-ды құрады.

Сонымен қатар сол уақытта республикада қала тұрғындарының шоғырлану деңгейінің артты. Мысалы, 1970 ж. 100 мыңнан астам тұрғыны бар қалалық мекендерде 53,6 % қала тұрғындары тұрса, 1989 ж. бұл көрсеткіш 62% құрады. Тиісінше 10 мыңнан 100 мыңға дейін халқы бар, орта қалаларда 35,3 % және 29%, ал кіші (10 мыңға дейін халқы бар) және қала типтес поселкелер 11,1% және қала тұрғыны 9% құрады.

Халықтың жастық-жыныстық құрамы арақатынсына келсек, 1970-1989 жж. ерлердің өсу қарқыны әйелдерге қарағанда 3 %-ға төмендеді (тиісінше 43-46% болды). Қазақстан тұрғындарын орналастырудың өсім көрсеткіштерін айта отырып, 1979-1989 жж. аралығында жұмысқа жарамды адамдар саны өсуі мен жұмысқа жарамды жас адамдардың саны төмендеуі байқалынды. Қала тұрғындарының арасында жұмысқа жарамды адамдар саны 1970 ж. - 56%, 1979 ж. 60,6%, ал 1989 ж. 58 %-ды құрады. Жұмысқа жарамды ересектеулері 9,8 %, 10,4 % жөне 11,8 % сәйкес, жұмысқа жарамды жастаулары 34,2%, 29,0% және 30,2 %.  Айтылған жайттың барлығы қаралған тарихи кезеңде жұмысқа жарамды ересектеу адамдардың өскенін көрсетеді. 19 жылда осы жастағы топтың, өсуі 73% құрады, яғни екі топтың өсімі 29,9% және 47,8 % құрады.

Халықтың әртүрлі жастағы топтарын жынысы бойынша талдасақ, 1979-1989 жж. ер және әйелдердің еңбекке қабілетті жастағыларының үлесі, тиісінше, 1979 ж. 35 және 31,5 %-дан бастап, 1989 ж. 32% және 28 % болып азайғанын атап айту қажет.

Қазақ этносының 1959-1989 жж. туылғандары 1999 ж. 20-40 жас аралығындағылар республика халқының 2709,2 мың адамы (34 %), өз кезегінде 20 жасқа дейінгі 3504,5 мың адамның (43,9 %) ата-аналары [16], барлығы республика қазақтарының 77,9 %-ы 40 жасқа дейінгі азаматтар қазақ этносының сандық және сапалық өсуінің қайнар көзі болды.

Қазақстанның демографиялық дамуы бүкіл әлем халқының дамуының негізгі үрдістерімен сәйкес келеді. Алайда, жекеленген демографиялық жағдайлар республиканың әлеуметтік – экономикалық және демографиялық даму ерекшелігіне, соның ішінде ұлттық құрамының өзгерістеріне негізделген ерекшеліктерге байланысты болады. Ең алдымен, қоғамдық өмірдің барлық салаларында жүргізілген қайта құрулардың бастапқы әлеуметтік-экономикалық және тарихи-демографиялық шарттарын негізге алсақ, экономиканың көп укладтығы, әлеуметтік-экономикалық, саяси қайта құрулардың әркелкі уақыттарда жүргізілуі рухани өмірдегі бірнеше ғасырлық әдет-ғұрыптардың беріктілігі – бәрі демографиялық дамуға және халықтың даму қарқындарының бір типтес ұдайы өсіп өнуінен 2-түрге көшуінің ерекшеліктеріне әсер етпей қоймайды. Қазақ халқының демографиялық дамуы қоғамдық дамудың дәстүрлі кезеңіндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси қатынастардың нақты әсеріне ұшырады. Бұл, әсіресе, тұтастай ғасыр бойында жүргізілген оқиғалардың тарихи тәжірибесінің жиынтығында анық көрінеді. Қазақ халқының қоғамдық дамуының дәстүрлі кезеңіне туудың да, өлімнің де жоғары көрсеткіштері сәйкес келеді. Ал, дамыған елдерге келсек, экономикалық даму дәрежесі жоғары болғандықтан, негізгі белгісі – бала санын шектеу болып табылатын халық өсіп өнуінің қазіргі түрі қалыптасқан. Қазақстан ХХ ғ. 90-жылдарынан кейін бала санын шектеу негізінде аз балалық кезеңге аяқ басты. Яғни, жеделдетілген әлеуметтік-демографиялық даму тұжырымдамасын қазақтардың тарихи өсіп-өну, даму тәжірбиесінде көруге болады.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1. ҚРОММ. 1987-қор, 1-тізбе, 312-іс, 1-п.

2. Демографический ежегодник Каз ССР1989 г. – Алма-Ата, 1990. - С. 17

3. Демографический ежегодник КазССР 1989 г. - А., 1990. - С. 17.        

4. Итоги Всесоюзной переписи населения  1970. Т. ІУ. - С. 372. - М. 1973

5. Қазиев С. 1959-1979 жж. демографиялық процестің кезеңіндегі қазақтардың сандық қүрылымына ықпалы // Отан тарихы. – 2001. - №3.

6. Итоги Всесоюзной переписи населения, Т. 2. - С; 32-33.

7. Демографический ежегодник Каз ССР 1989 г. - А., 1990 - С. 17-18

8. Итоги Всесоюзной переписи населения 1989 - А., 1990. - С. 10

9. Статистический сборник 1939-1989 гг. - А., 1991. - С. 7.

10. Итоги Всесоюзной переписи населения 1970 г. Т. 2. - С. 32-33; Т.4. - С. 378.

11. Рассчитано по материалам текущего архива Государственного комитета по статистике и анализу РК. Ф.698. Оп.14. Д.4, Л.70

12. Козина В.В. Социально-демографические процессы в Казахстане в межпереписной 1979-1989 гг. период: автореф. ... к.и.н. - Алматы, 1994.- С. 14-15

13. Итоги Всесоюзной переписи населения 1970 г. Т. 1. - С. 20-21.

14. Статистический ежегодник Казахстана в 1990 г. - С. 39. - А., 1991.

15. Региональный статистический ежегодник Казахстана. - А., 1991. - С. 84.

16. Национальный состав населения  РК. Т. IV. - А., 2001. - С. 13.