Филология  ғылымдарының докторы Асанов Жұбаназар,

Тілемісова Қарлығаш 2-курс магистранты

         Қазақстан Республикасы. Қ.Жұбанов атындағы  Ақтөбе өңірлік мемлекеттік

университеті.  Ақтөбе қаласы

 

ҰЛТТЫҚ ХАРАКТЕР – ДАРАЛЫҚ СТИЛЬ НЕГІЗІ         (М.Мағауиннің «Жүйрік» повесі бойынша)

 

Суреткердің повестері көркемдік дәстүр аясында қарастырар болсақ, ұлттық харакердің ерекшелігі стиль даралығы  негізінде ашылады. Мұхтар Мағауиннің суреткер,  ғалым ретінде диапазоны өте үлкен. Жазушы шығармашылығы аса ауқымды, панорамасы кең.

Сонымен бірге ұлттың ұлттығын айқындап, бедерлей түсетін этнографиялық сипаттардың молдығы да М.Мағауин шығармашылығына тән эстетикалық факторлардың бірі болып табылады десек, артық емес.

Жазушының көркемдік стилі, жазу машығы – оның талант деңгейін анықтайтын күрделі құбылыс.

Стильдік ерекшеліктерін сараптап, зерттей қараған кезде М.Мағауинді көп ішінен іркілместен, танып алуға болады. Бұл ойдың дәлелі – сөйлем құру барысында оның өзі таңдап алған көркемдік машығы.

Мағауиннің сөйлемдері – көбінесе қысқа хабарлы сөйлемдер. Тіпті, ішінара атаулы сөйлемдер де аз ұшыраспайды.

«Мәселен, шағын ғана «Жүйрік» повесін  жазу үшін мен бүкіл әлем әдебиетінде ат туралы жазылған үздік туындыларды түгел зерделеп оқыдым, ежелгі замандағы жылқы, оның қоғам өміріндегі қызметі, жылқының жер бетіндегі әртүрлі тұқымдары, Еуразиядағы бұдан төрт мың жыл бұрынғы қабірлерден табылған тұлпарлардың сүйектері, бұдан екі мың жыл бұрын Алтайда иелерімен қоса көмілген, мумияланған қалпында таза сақталған, қазір Эрмитажда тұрған ежелгі ғұн-түрік сәйгүліктерінен бастап, кейінгі Алтын Орда, ноғай-қазақ жылқыларының болмысы турасында қыруар дерек қарастырылып, ауқымды, нақты, әрі шынайы түсінік қалыптасты; қазақтың ат баптау тәсілі, ұлттық ойындары, аламан бәйге турасындағы, арғы, өткен ғасырдағы орыс және батыс этнографтары мен саяхатшылары, жазушылары қалдырған еңбектер өз алдына, бұл орайдағы, ес білгеннен көкейіме қонған үлгі, өз заманында озық атбегі болған, сексеннен асқанша жүйрік ұстаған үлкен әкемнің әңгімелері өз алдына, ертегіден шыққандай Нарқызыл деген күлікті көзбен көруім, бұл жануардың өзгеше мінез, ерекше бітісі, ең ақырында қайғылы тағдыры – болашақ шығармаға арқау болды. Қазақ жылқысының төрт мың жылдық тарихын таныған соң, ат үстінде өскен бабаларымның ерлік рухын аңдаған соң ғана небәрі елу беттен тұратын шағын повесті өзім межелеген деңгейде өрнектеп шығу мүмкін болды».     М.Мағауиннің  топ повестерінің ішіндегі аталғаны  «Жүйрік»  бастан аяқ  бір леппен оқылады. Бұл шығарманы этнохикаят  десе де болғандай.  Шығарма классикалық үлгіде жазылған. Пролог іспеттес повесттің алғашқы бөлігі шегіністен басталады. Барлық аласапыран оқиға кейін көрінеді. Шығарма желісі бас кейіпкер  Нарқызылдң соңғы күндерін баяндаудан басталып,  оның өткен өмірі суреттеледі. Жылқы арқылы қазақ халқының ұлттық мінезіне барлау жасалады.

Қарттың қиялына азық болып  тұрған Нарқызыл еді. Заман өзгеріп, таным таяздаған кездегі адамның сәйгүлікті танымауы рухани экологияның белгісі  болатын. Шындығында жас жылқышының қандай кінәсі бар? Заман өзгерген. Нарқызылдың баяғыда бәйге атыны болғанының бұған қандай қатысы бар? Семейге етке айдалып бара жатқан үйірлі жылқының  алдына түсіп алып не  жайылмайды, не басқа жылқыларға жайылым бермейді. Санаға салса ойы дұрыс жас жылқышының. Ал, тереңнен ойлап,  қазақтық қасиет, қазақы мінез, ұлттық рух турасынан келсек азғындаудың бастауы осы емес пе? Өйткені он жыл бұрынғы  тарихты білмеген адам басқасын ойлап жарытпас. Міне осы тұрғыдан ой толғайды суреткер. Бекзаттықтың биік қасиет екенін  қарт жылқышының  ойы арқылы береді: «Құсадан өлер еді? Шын бекзат намыстан өліп кетеді дейді ғой. Нарқызыл аттың адамнан несі кем?» Жалпы өз шығармаларында жазушының сәтті қолданатын  сөз ұғымының бірі бекзаттық. Оның өзінде осы сөзді ерсілі-қарсылы қолдана бермейді. Бірақ қолдану керек болса аянбайды: «Бекзаттық – адам бойындағы туған тегі, алған тәрбиесі мен көрген өнегесі негізінде сіңісті  болған қасиет. Бұл қасиетке ие адам көпшіліктен озық ақыл-парасатымен, мінезіндегі ірілік, кеңдігімен, жүріс-тұрысындағы өзгеше мәнерімен ерекшеленеді. Бекзаттық қазақ түсінігінде  «тектілік», «ақсүйектік», «зиялылық», т.б. ұғымдармен  пара-пар мәнде де қолданылады. Халықтың қара өлеңінде де бекзаттық ұғымы асыл тектілікке іңкәрлік мәнінде көп қолданылады. Қазақ халқының ұрпақ тәрбиелеу ісінде бекзаттыққа баулу басым бағдардың бірі болған» [1.26]. Сонда адам баласының бойында болатын қасиеттерді жылқы бойынан көріп тұр.  Оның өзі қазақтар атты ешқашан адамнан кем көрмегенін байқатады. Осындай толғаулы ойда келе жатқан қарт жылқышы жас жылқышының құрығын  шошайта Нарқызылға беттеп бара жатқанын көріп айғай салады. «Ит...»  деген сөз аузынан қалай шығып кеткенін байқамайды. Осының алдында тағы бір осындай оқиға болғанда қарттың оған зекіп жол көрсеткені бар. Онда да қазақ халқы үшін қазан аттың қасиеті қаншалықты екенінен хабар беріп  өтеді.

Мамай қарттың шабандоз баптау тәсілі де ерекше еді. Повестегі сондай бір шабандоз Есен болатын. Есен мен Мамай ақсақалдың арасындағы диалог ғажап-ақ. Есеннің жаубы нақты және асқақ. Асқақтығы іштей шиыршық атып тұруы, сонау түркі заманының ұлы күшін байқатар қайнаған қанымен бәйгеге дайындығы, күлкілісі – балалығы және Мамайдай қартпен тілдесе алатын статусы:

«Есен, айналайын, жаның қысылмаса, аруақ шақырма. Тек бәйгеге ілінсең, қарақшыдан өтер кезде би атаңның атын жаңғыртарсың...» [2.414]. Мамай қарттың айтқан сөздерінің барлығы үлкен маманның сөзі. Атқа қалай отыру керек, жер жайын аңғарып отыру тағы  қажет. Мамай қарттың ақылын философиялық толғаныс деуге болады. Соның ішіндегі «Арам адам қашан да қорқақ келеді», «Жел жағын берме», «сүйретпеге салдыры жүрмесін», «Атың шаң қаппасын», «Сай табанымен шаппа. Апан, жырасыз болмайды», «Өрге тура салма», «Тек бәйгеге ілінсең, қарақшыдан өтер кезде би атаңның атын жаңғыртарсың...» осы тіркестерде Мамай қарттың үлкен ат баптаушы екендігімен ұлттық  характері бір көрініс тапқан. Ал оны таңдап тұрған Есен атасының айтып жатқан бар ақылын өзі де жатқа білетін, сондықтан үндемей тыңдап тұрған. Ең соңғы сөзге бірақ шалт жауап береді:

«...Өткен жылы мұғалім ұрысқан, – деді Есен ер үстінде қозғалақтап. Тізгінін икемдеп, жүруге ыңғайланған кейіп танытып. – Оқушысың, дінге сену – надандық, аруақ жоқ деп. Қарт Мамай тосылып қалды, бірақ бойын тез жинап алды. – Осы айтқан адамның өзі надан, – деді нығырлап. – Бұл – дін емес. Өзі атадан тумаса аспаннан түсіп пе? Аруақ жоқ деген. Сөзін аяқтамады. – Жарайды, ұрсатын болса. Алайда, бірінші алда-жалда сәті келіп, озатын күн туса, тайталасқа түскеннен бастап, топтан сытылып шыққанша, одан қарақшыға ілінгенше би атаңа ішіңнен сыйынып отыр.

Тынышсыздана бастаған жүйріктің маңдайынан сипады. – Маңдайың ашылсын! Жолың болсын! – деді балаға» [2.416]. Бұл жерден біз баланың характерін айқын байқаймыз. Атасын да құрметтейді, бірақ мектепте басқа көзқарас бар. Өйткені балаға ұрысқан. Дін жоқ, аруақ жоқ. Саған айтуға болмайды деп. Осындай сана «тазалаудан» қанша ұрпақ өтті десеңізші. Ұлтты «ұлтсыздандыру» жүріп жатты. Көркем шығармада соған өткір жауап беген суреткердің бірегейі Мұхтар Мағауин болды.

Мамай қарт шын мағынасында білгір сыншы атбегі болатын. Жазушы оны бағалағанда «Мамай – аңыздағы Толыбай сыншының төңірегіндегі адам» дейді. Атбегіге бұдан асқан қадірлеу жоқ. Сондықтан жазушының Мамай ақсақал көзімен бағаланған сәйгүліктердің кескін келбетіне  тоқталмау шығарманы танымау деп түсенеміз. Әр атқа баға беру арқылы жазушы өзінің этнотанымының тереңдігін мейілінше танытқан. Повесте «күзгі мерекеге ауданның бетке шығар, дәмелі аттары түгел жиналды» деп келіп әрқайсысына тоқталады. Осында жалынан жел ескен бәйге аттарының қасиетіне қарай баға беріледі. Біз Мамай қарттың осы аттарға қарап, сын айтқан жерін шығарманың ең биік шыңы деп танимыз.

Жалпы алғанда, жазушы М.Мағауиннің повесть үлгісіндегі шығармаларын ұлттық танымның энциклопедиясы десе болады.

Біз Мұхтар Мағауиннің повестерін ұлттық характер мәселесі аясында қарастырып, оның көркемдік, эстетикалық және танымдық қуатын ашуға тырыстық. Мұхтар Мағауин ұлттық характер мәселесіне өз шығармаларында мол орын берген суреткер. Осы жерде ғалым И.В.Попованың, В.Распутин шығармаларын ұлттық контексінде зерттеген еңбегінде айтқан  пікірімен жалғағанды жөн көріп отырмыз: «Много внимания В.Распутин уделяет исследованию национального характера. Его взгляд на русскую нацию рожден собственным оригинальным виданием, отличается своеобразием литературного воплощения» [3.7]. Осы тұрғыдан қарағанда, Мұхтар Мағауиннің повестері қазақ әдебиетінің тарихынан өз орнын алған ұлттық сөз өнерінің құндылықтары деп сеніммен айта аламыз.    

Жазушы қазақи өмір салтын, тарихи дәстүр мен этнографиялық ұстанымдарын мейлінше терең білетінін және оның бұл бағыттағы барлық шығармаларынан дерлік көрініс табатынын атап айту қажет. Және бұл білімін көрінген жерге орынсыз тықпалай бермей, сюжеттердің сүйегі мен тартыстардың тінін қисынды үйлестіріп, кілтипансыз кіргізе білуді қаперде ұстап отырады. Солай бола тұрған күннің өзінде де ұлттық нақыштардың, этнографиялық детальдардың молдығы жазушының әсіресе «Жүйрік» повесінде басымырақ көрінеді. Бір ауыз сөзбен айтқанда, М.Мағауин шығармаларында ұлттық салт-дәстүр мен этнография қалай көрініс тапқан деген мәселенің өзі арнайы назар аударып, жеке зерттеуді керексінетінін жоққа шығаруға болмайды.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.     Мұхтар Мағауин. Хикаяттар. 2томдық таңдамалы шығармалар жинағы, 2-том. – Алматы: Жазушы, 1990 ж.

2.     Жұмаділов Қ. Мұхтар Мағауин туралы сөз. //«Қазақ әдебиеті» газеті. 2000 ж., 28 қаңтар.

3.     Цейтлин А.Г. Труд писателя. – М.: Советский писатель, 1989. –289 с.