Айгүл Сейлхан

 

 

 Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті,

Қазақстан

 

   ЖАН СҰЛУЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ АТАУЛАРДЫҢ ЛИНГВОМӘДЕНИ СИПАТЫ

 

 

Тілдік құбылыстың табиғаты өз заңдылықтарына ғана сүйеніп қоймай, сонымен қатар халықтың дүниетанымын, салт-дәстүрі, ұлттық болмысымен де тікелей байланысты. Бұл құбылыс қазіргі тіл білімінде сөз табиғатын танудың ортақ заңдылығына айналғандай. Осы тұрғыда академик Ә.Қайдардың: "ана тіліміздің бай қоры - ұлттық болмыс-бітімді танытатын тілдік этнодеректердің қазынасы" деген пікірі қазақ тіл білімінде ұлт тілі мен ұлт мәдениетін сабақтастыратын «лингвомәдениеттану» саласының өзіндік жаңа қырын айқындап отыр. Бұл салада Ә.Қайдари, Ж.Манкеева, Е.Жанпейісов, Н.Уәлиев, А.Алдашева т.б. ғалымдардың еңбектерін атауға болады.

Лингвомәдениеттану (лингвокультурология) латынның Lingua -тіл, Gultura - мәдениет, Logos - ілім деген терминдердің жинақталуынан туындап, лингвистика мен мәдениеттану пәндерінің торысуында пайда болып, халық мәдениетінің тілдегі әсерін, ерекшелігін, жаңаша көзқараспен салыстыра зерттейтін сала. Осы орайда атаулы бағыттың орыс тіл біліміндегі негізін қалаушы ғалым В.Н.Телия: "Лингвомәдниеттану - тілдің корреспонденциясы мен мәдениеттің өзара қатынасының синхронды түрін зерттейтін және сипаттайтын этнолигвистиканын бір бөлшегі". - [1.217] деп көрсетеді. Лингвомәдениеттану саласының орыс тіл білімінде теориялық және әдістемелік жолын сүрлеуші ғалым В.В.Вороьбев оны "металингвистика" ғылымы ретінде танытуға ғылыми бағыт бұрып, бұл саланың тіл мен мәдениеттің өзара әсерінің негіздерінен туындағанын дәлелдейді, әрі мынадай ғылыми анықтама береді: "Лингвокультурология - комплексная научная дисциплина синтезирующего типа, изучающая взаимосвязь и взаимодействие культуры и языка в его функционировании и отражающая этот процесс как целостную структуру единиц в единстве их языкового и внеязыкового (культурного) содержания при помощи системных методов с ориентацией на современные приоритеты и культурные установления (система норм и общечеловеческих ценностей)" [2.37].

Ресейлік ғалым В.А.Маслова бұл пәнді халық мәдениетін танытушы ғылым деп санап, былайша анықтайды: "Лигвокультурология - это наука, возникхшая на стыке лингвистики и культурологии и исследующая проявления культуры народа, которые отразились и закрепились в языке" [2.8].

Көріп отырғанымыздай, В.Воробьев, В.Маслова, В.Телияның бұл ғылыми тұжырымдарына арқау болған мәдениет пен тіл арасындағы байланыстың негізі американдық ғалымдар Э.Сепир мен Б.Уорфтың "Лингвистикалық ықтималдық теориясының" негізін танытқан "этнос дүниетанымындағы ерекшеліктің ізі халық тілінде сақталады" деген қағидамен астасып жатқандығы сезіледі. Бұл жайт лингвомәдениеттану пәнінің этнолингвистика ғылымымен туыстығын ашық көрсететіндей.

Тіл ғылымында лингвомәдениеттану-лингвистика мен мәдениеттанудың түйіскен тұсынан туындап отырған, әрі этнолингвистика мен елтануды да ортақтастыратын жаңа ғылым. Анықтама ретінде айтар болсақ: Лингвомәдениеттану- ұлттық сипаты бар деп танылатын әлеуметтік, танымдық, этикалық, эстетикалық, саяси, адамгершілік, руханилық, тұрмыстық қағидалар мен заңдылықтарды тілдік құралдар арқылы жеткізуді зерттейтін тіл білімінің бағыты. Осы тұрғыдан лингвомәдениеттанудың ең негізгі мақсаты - ұлттық болмыстың тілдегі көрінісін, тіл фактілері мен халықтың танымдық, этика-эстетикалық категориялары арқылы рухани мәдениетін танытып, олардың қызметі мен орнын анықтау деп түйіндеуге болады.

Көріп отырғанымыздай, лингвомәдениеттану ұлттық тіл деректерінің бойынан мәдени нышанды тауып, қарастырып, сол атаудың ұлт мәдениетіндегі өзіндік ерекшелігін танытуға көбірек бағыт бұрады. Біз жоғарыда сөз еткен лингвомәдениеттану жайлы ой-тұжырымдардың негізіне сүйене отырып, халық өмірінің даналығы халық жасаған мәдениет, тіршілігі мен тұрмысын қалыптастырған көзқарастың тіл құдіреті арқылы тарих, мәдениет, әдебиеттің қат-қабат қойнауында сақталғаны ақиқат дегіміз келеді.

Әр халықтың өзіне тән ойлау әлемі өз тілінде көрініс табатындықтан, осы тұрғыда Абай өлеңдерінде кездесетін адамның бойындағы асыл қасиет пен сананың өрісін танытатын адам бойындағы сұлулыққа қатысты, соның ішінде жан сұлулығын сипаттайтын ұғымдардың лингвомәдени ерекшеліктеріне тоқталмақпыз. Жалпы философиялық тұрғыдан алып қпарасақ,  сана мен қоршаған орта байланысына, уақыт үрдісіне, қоғам талабына тәуелді тіршілік ететін адамның қабылдау, пайымдау, түсіну факторлары оның ішкі дүниесіне, жан сарайына ықпал тигізбей қоймайды. Сол себепті әр адамның  өмірде өз соқпағы, өз жолы, өз өрісі қалыптасады. Ақын болмысы, оның шығармашылығы – соның ең айқын айғағы. Байыппен  қарасақ, адам  жандүниесінің халық тілінде танылуы ұлт мәдениетін танудың өзіндік сыр-сипатын анықтайды. Мәселен, жан сұлулығына қатысты   лексиканы  ақыл, ес, көңіл, ой, сана, зерде сияқты психологиялық ұғымдар арқылы танимыз. Ақыл- адамның танымдық болмысының ең қуатты күші десек, кемеңгер Абайдың өлеңдерінде әр қырынан көрініс табады. Ақыл – адам бойындағы асыл қасиет, ол бар болмысқа тірек болатын күш ретінде танылады. Ақынның  «Жүрек теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас» өлеңінде:

Достық, қастық, бар қызық жүрек ісі,

Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі,- деп көрсетсе, адамның ғұмырында ақыл - кен дария, суалмайтын, таусылмайтын қазына екенін ерекше атап өтеді: Жүректе қайрат болмаса,

ұйықтаған ойды кім түртпек?

Ақылға сәуле қонбаса

Хайуанша жүріп күнелтпек,

Аспаса ақыл қайраттан,

Тереңге бармас үстірттер ...

Малда да бар жан мен тән,

Ақыл, сезім болмаса,

Тіршіліктің несі сән,

Тереңге бет қоймаса...  

Ақын өлеңдерінде ақыл категориясы жүрек, көңіл, сана, ой сияқты ұғымдармен тонның ішкі бауындай ұштасқан. Өйткені ақынның сезім, махаббат лирикасына қатысты қай өлеңін алып қарасақ та, жан сұлулығы аталған ұғымдардың мәнін танытады. Мысалы   «Ойға түстім, толғандым» өлеңін алып қарасақ:

Бойдағы мінді санасам,

тау тасынан аз емес,

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес,

Осынша ақымақ болғаным,

Ғаділетті жүректің,

әділетін бұзыппын,

ақыл менен білімнен,

әбден үміт үзіппін, -деп адамның кей кездері пендешіліктен озып, жүректің қалауына бағынбайтын әрекеттері туралы толғанады.

Абай өлеңдерінің бірқатарында жан сұлулығының ақыл категориясы халықтың рухани өмірімен, салт-дәстүрі, дүниетанымы, мінез-құлқына байланысты сипатталады. Мәселен,  «Қартайдық қайғы ойладық» өлеңінде адамның тіршіліктегі дәулеті оның бойын тек ақыл ғана билесе асатынын, қазақта ақылға сыймайтын жат мінездің көп екенін айтып өтеді:

Адамзат тірлікті дәулет білмек,

Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек,

Екеуінің бірі жоқ ауыл кезіп,

Не қорлық құр қалжыңмен күн өткізбек?

Немесе:

            Ер ісі ақылға ермек, бойды жеңбек,

өнерсіздің қылығы өле көрмек, - деп ерсі қылық пен ақылсыздықтың ұлтқа тән болмыстық сипат алып жатқанын сынайды.

Адам баласын аздырмайтын ақыл деген ұғым ақын өлеңдерінде сан қырынан жырланады. Мәселен таза ақылдың кені болмыстағы идеалды бастаманы білдіретін рухани күш-қуат рухта деп түсіндіреді.

 Рух деген – дінсіз таза ақыл,

Мінсіздің ісі шын мақұл.

Айуандағы ақыл ол емес.

Жұмыр басты пенденің өмір соқпағында болмыс дарытқан ақылы бір өзіне ғана емес, ұрпағына да үлгі болар қасиетті сезім.  Оны тек жүрекпен сезе білу керек. Ақыл- жүректің кеудедегі  әміршісі дей келе, «Қайғы шығар ілімнен» өлеңінде:

Жүректің ақыл суаты

махаббат қылса тәңрі үшін

Дененің барша қуаты

өнерге салар бар күшін

ақыл бітпес дәулетке,

дәулет бітпес келбетке

Болымсыз қулық тойымсыз

Болады балаң жөргекте

Халқымыздың «Дүние ақылдыға жарық, ақылсызға тамұқ» деген дана сөзі Абай өлеңдерінде ақылды мен наданның бейнесін салыстыру мәнінде қолданылады. «Не іздейсің көңілім» өлеңінде:

Мен мақтанның құлы емес,

шын ақылға зорлық жоқ

антұрған көп пұл емес

өлім барда қорлық жоқ

Өмір, дүние дегенің-

Ағып жатқан су екен

Жақсы, жаман көргенің

Ойлай берсең у екен

Немесе  «Қартайдық қайғы ойладық» өлеңіндегі

 Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,

әр нәрсеге өзіндей баға бермек.

Таразы да, қазы да өз бойында,

Наданның сүйенгені көп пен дүрмек, - деп өмірдің жақсы-жаманы ақыл мен надандықтың ортасында жүретінін ескертеді.

Адам мінезінде танылатын байыптылық, байсалдылық қасиеттері парасатпен өлшенеді. Ел ішіндегі ақылы асқан, ойлы, білімді, зерделі адамды парасатты адам деп халқымыз бекерге айтпаған болар. Психологиялық сөздікке жүгінсек, бұл ұғымның мағынасы асқан ақыл мен зерделі ойдың  мәнімен ұштасады. «Асқар таудай парасат пен ақылды, зерделі ойды рухани өміріне арқау еткен Абай өлеңдерінде ұлттық мінезді танытатын тілдік деректерді де кездестіруге болады. 

 Ерекше естен кетпес қызық қайда,

Жолығатын қыз қайда терең сайда?

Сұлулығын қояйын, мінезі артық,

Ақылды, асыл жүрек сөзі майда

Артыңнан өнегелі сөз қалдырсаң – ол да адам бойындағы өшпес парасаттың бірі. Ол жайында ақын:

Арттағыға сөзің мен ісің қалса

өлсең де өлмегенмен боласың тең, - дей келіп, адамның даңқын шығарар, ұрпағына үлгі болар оның тірліктегі бос мақтанған сөзі емес, ақылмен кешкен ғұмыры, ұрпағы үшін атқарған еңбегі деп біледі:

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Қашан да әр істе кең пейілдік пен сабырлық, асып-саспайтын мінез танытатын қарекеті ақын шығармаларында қатты сынға алынған. Бұл қасиеттің адам баласы үшін ақыл мен парасатқа пайдасы мен зияны қатар жүретінін ақын «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» деген өлеңінде былайша толғайды:

Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,

жылытқан тұла бойды ыстық жүрек,

тоқтаулылық, талапты шыдамдылық,

бұл қайраттан шығады, білсең керек.

Ақыл, қайрат жүректі бірдей ұста,

сонда толық боласың елден бөлек...

Адамның жан сұлулығын танытатын саналы әрекеті танымдағы адамгершілік, сыпайылық қасиеттерден де көрінеді. Жан сұлулығының ерекше қалпын «ұят» қасиеті арқылы танимыз. Абай өлеңдерінде аталған сезімнің көріністерінен ұлттық болмыстың мінез сипатын аңғарамыз. «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде «ұят» сезімі адам баласының бойына атаның тәрбиесі, ананың мейірімі, ортаның өнегесі арқылы даруы керек деген тоқтамға келеді. 

               Кей жігіт мақтан үшін қылық қылмай,

Бойына майдалықпен сыр сақтаған,

Кей жігіт арсыздықпен ұятсынбай,

Қолы жетпес нәрсеге тыртақтаған...

Сондай-ақ, жігітке жар таңдауда ақыл мен прасаттың адам бойындағы ерекше қасиет екенін былайша түсіндірген:

Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма...

Абай шығармашылығын лингвомәдени тұрғыдан алып қарасақ  ақын адам баласының өмірлік мәселелерін болмыс пен оны қабылдаудан бастап, адам жанының заңғарын оның асыл қасиеттерінен таба білді. Халық болмысына тән жаңа мәдени, этникалық сипаттағы сұлулық пайымын дамытты, эстетикалық қағидалардың өзгеше бағытын ұстады. Абай әлемдік дүниелерді халық санасына жақындата отырып, қазақтың ұлттық ойлау жүйесінің дүниежүзілік деңгейге көтерілуіне жол ашты, соның арқасында барлығына ортақ құндылықтарды динамикалы түрде жекеден жалпыға, қарапайымнан күрделіге қарай дамыта келе көрсетуді мақсат етті. Мысалы ақын шығармашылығында барша эстетикалық биік ұғымдардың төркіні Ислам қағидалары арқылы тарап, өмірлік таныммен сараланады.

                   Сылдырап өңкей келісім

                   Тас бұлақтың суындай,

                    Кірлеген жүрек өз ішін

                    Тұра алмас әсте жуынбай

                    Тәңірдің күні жарқырап,

                    Ұйқыдан көңіл ашар көз,- деп өмірде Алла мен адамзатты байланыстыратын көзге көрінбес жан тазалығы, сұлулық, үйлесімділік деп көрсетеді. Абай өлеңдерінде ерекше байқалатын бір жайт, ақыл құндылығы арқылы «толық адам» бейнесін жасауға негізделуі. Мысалы: «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде

                Дүние де өзі, мал да өзі

                Ғылымға көңіл бөлсеңіз

                Білгендердің сөзіне

                Махаббатпен ерсеңіз

                Ақыл сенбей сенбеңіз

                Бір іске кез келсеңіз, - деген жолдар арқылы Абай адамның жан-жақты тиянақталған толық бейнесін жасау үшін, өмір жолын тануды ақылға, білімге, ғылымға негіздеу керек деп түсіндірген.

       Қорыта келе, ұлы Абай шығармашылығы тұтас бір ұлттың құндылықтарын әр адамның қалыптасуына, ізгі ниетте жан сұлулығының толығуына ықпалын тигізді. Ол өзіне дейін қалыптасқан эстетика мектебін ескере отырып, қазақ халқының болмысына тән мәдени, этникалық сипаттағы сұлулық пайымын дамытты, эстетикалық қағидалардың өзгеше бағытын ұсынды. Абай әлемдік дүниелерді халық санасына жақындата отырып, қазақтың ұлттық ойлау жүйесінің дүниежүзілік деңгейге көтерілуіне жол ашты, ортақ құндылықтарды жекеден жалпыға, қарапайымнан күрделіге қарай дамыта келе көрсетуді мақсат етті.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1.     Сейлхан А.Қ. Қазақ тіліндегі этнографизмдердің лингвомәдениеттанымдық мәні. Филол. ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған дисс. А, 2001.

2.     Маслова В.А. Лингвокультурология. Москва, 1997.

3.     Абай. Екі томдық өлеңдер жинағы. І том. Алматы, 1986.