Филологические науки

 

                                 Ф.ғ.к. Балтабаева Г.С.

         Қыздар Мемлекеттік педагогикалық университеті, Қазақстан

    М.Мағауиннің «Қасқыр-Бөрі» әңгімесіндегі ұлттық  рух

     Қазіргі қазақ прозасында  ойды  символикамен жеткізу  әдісін батыл игерген жазушының бірі – Мұхтар Мағауин. Алып отырған символикасы  Қасқыр – Бөрі. «Қасқыр – Бөрі» әңгімесі өзінің құрылымдық  жағымен ерекшеленеді. Автор  шағын  ғана әңгімесінің өзін  төрт бөлімге бөліп берген.

«Қазақтың қасқыры  – қасқыр емес, шене, құрт кезінде, яғни бағзы заманда әлемдегі ең айбарлы аң болған» деп басталатын шағын әңгімеде бабамыздың байрағына түсіп, жүрек пен рухтың, қайтпас  ерліктің  ұранына айналған боз құрт, шене  туралы автор өзінің танымын   асқан шеберлікпен жеткізген.

   Түркілер өздерінің ата-тегі қасқыр деп санаған. Осы қайратты да ерікті, айлакер де ақылды түз тағысы жаулардың шабуылынан қырғынға ұшыраған тайпаның ең соңғы ұрпағы, кішкентай сәбиді желеп-жебеуші, асыраушы, құтқарушы болып танылған. Бағзы заманда түркі тайпалары қасқырды «Көк құрт» деп атаған. Мұндағы «көк» сөзі «аспан» және «көк түс» деген мағына береді. Сонымен бірге аспан құдайы Тәңірдің қасиетті символдық түсі көк түс. Ал «құрт» сөзі «құтқару», «аластау» мағынасындағы қазіргі түрік тіліндегі «куртулуш» сөзінің түбірі. Осы деректерге сүйенсек «Көк құрт» сөзінің толық мағынасы бүкіл бір тайпаны мүлдем құртып кетуден аман сақтап қалу үшін құдай жіберген «аспаннан (көктен) келген құтқарушы». «Көк» сөзінің де мағынасы зор. Негізінен айта кететін жайт, түркілердің өздері көк, қызыл, сарыға бөлінген. Оның ішінде «көк» шығу тегінің асылдығын, қоғамда алатын жоғарғы орнын көрскеткен. (1.) Түркілердің шығу тегі көне түркі тілінде айтсақ «Көк құртқа», қазақша айтсақ «Көк бөріге» тығыз байланысты екендігін дәлелдейтін бірнеше аңыздар бар. (2.) Көк бөрі тотем түркілер өмірінде үлкен орын алып келеді. Тіпті Қытай ғалымдары «түркі қағаны» мен «бөрі» сөзі синоним, бір ұғымды білдіреді деп таныған.

     Ежелгі түркілер туға алтынмен әріптелген бөрінің басын бейнелеген. Ал, түркі қағандары шет елден келген елшілерді бөрінің басы салынған туды көрсеткенде ғана қабылдап отырған.    Осындай қасиетті де,. Қадірлі Көк бөрі бейнесі барлық түркі халықтарының ежелгі дәуір әдебиетінде, фольклорында есте жоқ ескі заманнан келе жатқан образ. Оны көне түркі жазба ескерткіштерінен кездестіре аламыз. Соның бірі – ХІІІ-ХҮ ғасыррларда жазылған, түркі халықтарына ортақ көне мұрағат «Оғыз-наме» дастаны  Дастандағы «Ұранымыз Көк бөрі болсын» деген тіркестің үлкен мәні бар. Мұндағы ұран дәрежесіне дейін көтерілген Көк бөрі түркі тілді халықтардың аса қадір тұтып, табынатын киелі де, қасиетті аңы.

     Көк бөрі бейнесі Әлем әдебиетінің інжу-маржаны «Қорқыт ата кітабында» да ұшырасады. Көк бөрі бейнесі ауыз әдебиетінде хандар мен батырлардың ұлылығын, ерлігін суреттеуде бірде-бір теңестіріле көрсететін образ.

Қазақтың эпостық жырларында бөрі бейнесі ылғи да ұнамды сипатта алынып, жауға жалғыз шапқан батырдың асқан ерлігін суреттеу мақсатында қолданылады. Қазақ эпостарында Көк бөрі ерлік пен батырлықтың баламасы ретінде алынған.

Басқа да түркі халықтарының эпостарында қасқыр бейнесі көп кездеседі. Хақас халқының халық эпосы «Албынжида» Ақпуур яғни, Аққасқыр Албынжи батырдың басты көмекшісі қызметін атқарады Алтайдың батырлық эпосы «Ақ Тойчыда» Ақ қасқыр басты қорғаушы рөлін атқарады. Қиын-қыстау кезде ол адам кейпіне еніп, бас кейіпкердің ағасы болады.

Түркі халықтарының ертегілерінде де Көк бөрінің өзіндік бейнесі сомдалған. Ертегілерде қасқыр мен адам қарым-қатынасын бейнелеу эпостық жырлардан гөрі өзгешелеу құрылған. Қиял-ғажайып ертегілердегі қасқырлар басты кейіпкерлермен адамша сөйлесіп, достасып жүреді. Қиын-қыстау кезеңде адамға жол көрсетіп, түрлі кедергілерді жеңіп, арман-мақсатына жетуіне көмектеседі. Татар халқының ертегілерінде бас кейіпкер қиналған кезде әдемі жас жігітке айналып отыратын қасқыр бейнесі жиі кездеседі. Ал оңтүстік Сібірдің бір ертегісінде мынадай оқиға айтылады: бір балаға биеге мініп аспанға ұшады. Хан он екі бөріні қуғынға жібереді. Мұндағы 12 бөрі – Күнді, бірінің артынан бірі қуып келе жатқан 12 айды білдіреді. Ал, Бие Шығыста, әсіресе, түркілерде (Сақтар, массагеттер) Күннің СИМволы болып саналады. Яғни, Күн ең жүйрік шырақ, жер бетіндегі ең жүйрік жануарлармен теңестірілген. Сонымен бұл ертегідегі 12 бөрі Әлемді қозғаушы күш ретінде Күнді қуалап қозғалысқа келтіруші қызметін атқарып тұр.

Түркі халықтарының фольклорында Көк бөрі туралы аңыздарды да көптеп кездестіреміз. Қырғыздар мен түркімендердің аңыздарында Көк бөрі ұрпақ таратушы Ана ретінде көрінеді.

  Көк бөрі бейнесі түркі халықтарының мақал-мәтелдерінде, қанатты сөздерінде үлкен орын алған. Анатолы түріктерінде батыр адамдарды «бөрі тектес» деп атайды, ал азербайжандарда ер жүрек адамдарды «қасқырдың жүрегін жұтқан» деп немесе «бөрі баласы, бөрі болады» деп дәріптейді. Сонымен қатар «ер азығы мен бөрі азығы жолда», «бөрі арықтығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтар», «қасқыр да қастық қылмас жолдасына», «қасқыр ішігі бар кісі жолдасының тоңғанын білмес», «қасқыр қартайса да бір қойға күші келеді», «өлі бөріні ит аттамас» деген қазақ халқының мақал-мәтелдерінде бөрі бейнесі, мінез-құлқы жан-жақты ашылған.

  Бөрінің орнына қасқыр келді, бірақ шын мәнісінде  екеуі  бір-ақ аң: бөрі деген – қасқыр, қасқыр деген –бөрі.Сырттай қарағанда, атау ғана  ауысқан  тәрізді болып көрінеді. Ал, шын мәнісінде... бәрі өзгерді. Кейінгі қасқыр – бұрынғы бөрідей бола алмады. Ырыс, ұран, батыр болған Бөрі  енді қасқыр болып сорға айналды, ұранға ене алмады, оның ерлігінің өзі қарақшылыққа саналды. Барлық асқақ сыпат, жақсы қасиет – бөрінің бойында  қалды. Абыройсыз істің бәрі қасқырға телінді. Баяғы құрт пен шенеден, кешегі бөріден қалған бақ, көшкен рух қасқырға  қонбапты.Қасқыр – даланың төрт аяқты жыртқыш, қорқау, жебір, рахымсыз  аңы ғана емес, жұттың бір ағайыны – жау екен.Бұрын батырды бөріге теңесе,  енді қадыр-қасиеттен ада  зұлым  адамды қасқырға теңейтін болыпты. Дегенмен,  қасқыр мен бөрі –  атауы бір, түп негізі  ортақ, бір-ақ мақлұқ емес пе? Қасқыр  қанша  азса да, оның бөрі  атауының ескірмеу себебі неде, қасқырға  қашан, қалай  айналғаны туралы  ой толғайды.

«Ал мен көрген сияқтымын. Бөрінің қасқырға емес. Қасқыр атанған бөрінің қайтадан  әуелгі – бөрі кейпін тапқанын.» (3) –деп  әңгіменің ішіндегі  әңгіме басталады. Қой қораға кіріп кеткен  әлі құрыған аш қасқырды  шоқпар емес, сойыл емес, жеңіл ашамен бір соғып алады. Қор болып өлген  аш қасқырдың терісін бітеудей сыпырып алады. Бір қасқыр екеу болып шығады: терісі және өзі.  Адам  жиіркенелік қып-қызыл қылып сыртына айналдырып, құйрығын шұбалтып ілулі тұрған аш қасқырдың түкті терісі мен  қасқырдың  тоны сыпырылған жалаңаш денесі деталь қызметін атқарып, артынан символға айналады. Сорғып, аз-маз кептіріп, шелдеп, тұздап, малма жағып, неше бүктеп орап, бабына келтіріп иленген  тері  қайта  тірілгендей  болды.

  «Мен керіскедей бөріні арқасынан  ептеп сипадым. Жүні қатқыл, бірақ алақанға  жайлы. Мерейлі жылу бар.  Қолымды әрең айырып, сәл-пәл шегініп, бажайлай, сүйсіне қарап тұрдым. Жоны қызғылтым, қабырғасы көкшулан, бауыр  жағы  бозамық сұр. Қос құлағы сергек, тырнағымен қоса шығарылған май табандары мүйізгек. Қылшық мұрт, тықыр түкті бітеу тұмсығынан – буылтық, шолақ құйрығының қоңыр күрең ұшына дейін сесті. Бар бітісімен айбынды әрі  әсем еді. «Нағыз ал бөрі!» – дедім мен атамның соңғы сөзін қайталап.» (3.337) Ырсиған, арық, қу сүйек қасқырдың жалаңаш денесі мен  иленген теріні  бір-біріне антитеза  формасында қарама-қарсы алады. Ырсиған  қасқырдың жалаңаш денесі қандай  аянышты болса,  жаны жоқ , тіпті ішкі  мүрдесі де жоқ иленген тері  анағұрлым айбарлы шыққан. Автордың айтпағы  кешегі арық, жалаңаш дене жаңа бір күш-қуатқа еніп, өзінің мына, әуелгі қалпына түскен тонын қайтадан кисе не болар еді ?Нағыз дауыл бөрі болар еді деп түйіндейді.Байыптап  қарасаңыз, сыпырылған – тері емес, Рух! Кешегі қызыл бөрі, көк бөрінің бүгінгі ұрпағы өзінің әуелгі қалыбын табуы үшін, тек жүрек қана басқаша  соғуы  керек! – деп  ұран тастайды автор.

  «Ендеше,  әңгімеміздің аты «Қасқыр» емес,  «Бөрі» болсын» деп, автор «Қазақтың қасқыры – қасқыр емес, шене, құрт кезінде, яғни бағзы заманда әлемдегі ең айбарлы аң болған» деп басталатын шағын әңгімесінің БӨРІ туралы басын  қайталау  формасымен  қайтадан береді. Тек соңғы  аяқталуын  ғана  «... арада елу жыл өтті... Қасқыр қайтадан бөрі  атанды... ..қасқырдың қайтадан бөріге  айналғаны туралы менің немерем Бату жазады.» деп, өзгертіп беріп,  келешекке аманатқа  қалдырады.

   Шағын  ғана  әңгіменің үшінші бөлімін «ҚАСҚЫР» деп  алып,  қайтадан  шегініс арқылы «...Әлі  құрыған, аш қасқыр  екен...»  деп,  аш қасқыр  туралы үзінділерді қайталаумен  бере келіп, тек қана соңын, «...бүкіл ұрпағымның тағдырын тәлкекке бере алмаймын. Қасқырда келешек жоқ. Демек, «БӨРІ» – деп басынан бастап,  үшінші мәрте бөрі туралы  мәтін қайталап беріледі. Тек  соңын  «Ал, әңгіменің роман-эпопеяға айналған, менің немерем Бату биікке  көтерген жаңа нұсқасын елу жылдан кейін оқисыз. Тек ...сол ерекше шығарманың аты да «ҚАСҚЫР»болып шықпағай...Қауыпсіздік шарасы ретінде «БӨРІ»атауын біржола бекітеміз. Әңгімеміздің аты – БӨРІ­» деп аяқтайды.

   Авторлық таным  сеніммен аяқталады. Өйткені... Арғы атам    Ер Түрік. Біз Қазақ  еліміз!. Бөрі әулетіміз.

   Мұхтар Мағауиннің «Қасқыр – Бөрі»  әңгімесі, қазіргі  қазақ  әңгімесінің құрылымдық, түрлік  өзгешелік  әкелген соны  туынды  болып табылады. Бұл әңгімені – аманат  әңгіме  деп пайымдауға толық негіз бар.

                                             Әдебиеттер:

1.Акишев А. Искусство и мифология саков. –Алма-Ата: Наука, 1984. -176 с.

2.Гумилев Л. Древние трюки. –М.:АН СССР. Институт народов Азии, 1967. – 504 с.

3.М.Мағауин.Шығармалар жинағы. 7-том, – Алматы, Ғылым, 330-б