Педагогические науки/5.Современные методы преподавания.
Ергалиева Майра Тюлюбаевна
Қазақстан, Қостанай
облысы, Мемлекеттік тілде оқытатын Заречный орта мектебі
БАСТАУЫШ СЫНЫП – ФУНКЦИОНАЛДЫҚ
САУАТТЫЛЫҚТЫҢ НЕГІЗІ
Қазіргі жылдам өзгеріс жағдайындағы әлемде
функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік,
мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге
қарқынды араласуын, адамдардың өмір бойы оқуын
қамтамасыз ететін негізгі базалық факторлардың бірі болып
саналады. Жалпы функционалдық
сауаттылық деген ұғымды таратып айтар болсақ, жеке
тұлғаның әлеуметтік, мәдени, саяси және
экономикалық қызметтерге белсене араласуы және өмір
бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторы. Функционалдық
сауаттылық – адамның қоршаған ортамен, айналадағы
адамдармен қарым-қатынас жасай білуі және онда
өзін еркін сезінуі. Жай сауаттылық оқу, жазу,
мәтін құрастыра білу, математикалық есептеулер
жүргізе білу болса, функционалдық
сауаттылықтың одан айырмашылығы – әлеуметтік
қарым-қатынас жүйесінде жеке тұлғаның
қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, білім, білік, дағдының
деңгейі.
Ал мұғалімнің міндеті – бастауыш сынып оқушысына
жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау, білім беру мазмұнын жетілдіру. Ол үшін баланы тұлға
ретінде қарап, оқу ісіне өзінше қызықтыратын,
оған қабілетін арттыратын жағдай туғызу керек.
Оның бастысы – оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру,
оқушының оқудағы іс-әрекеті арқылы ойлау
дағдыларын жетілдіру, өз бетінше білім алу, әрекет ету.
Мақсатқа жету оқушының өзі арқылы іске
асады. Мұғалім – бағыт беруші, ұйымдастырушы. Сонымен
қатар, оқушыны айналадағы адамдармен қарым
қатынас жасауға, топта бірлесе отыра жұмыс жасай білуге,
ортада өзін ұстай білуге дағдыландыру. Жоғарыда
айтылғаннан бастауыш сынып оқушысының бойына функционалдық
сауаттылықтың негізін қалау басты фактор болып табылады.
Бастауыш мектеп кезеңі оқушылардың оқу,
қарым-қатынас, еңбек секілді жетекші әрекеттер
негізінде жалпы және ерекше қабілеттерінің дамуымен
сипатталады. Оқу әрекетінде олардың жалпы интеллектуалдық
қабілеттері қалыптасады. Оқушылардың
функционалдық сауаттылығын дамыту – бүгінгі заман талабы. Осы
орайда, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін дұрыс
үйрете білу өте маңызды. «Қазақ тілі» сабағында әріп
танып, жазуды үйренумен қатар балалардың сөйлеу тілі
артады, топтық жұмыста өз үлесін қосуға
мүмкіндік алады, қателерін таба алады және оны
түзетеді, уақытты үнемдеуге үйренеді. Бұл
жерде, функционалдық сауаттылықты дамытуда тиімді
әдіс-тәсілдерді қолдану өте маңызды. Мысалы,
«Ойлан, жұптас, пікірлес», «БББ» кестесінің, «Дана үкі»,
«Еркін жазу», «Джигсо», «Ыстық орындық», т. б.
әдістерінің артықшылығын айтуға болады. Сонда
сабақтарда тиімді әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы
оқушы өз ойын еркін жеткізуге дағдыланып, пәнге
қызығушылығы оянып, талдау жұмыстарын жүргізе
білуге үйренеді. «Әдебиеттік
оқуда» тез оқу дағдысы қалыптасады, мәтін,
өлеңнің негізгі ойын айтады, кейіпкердің
іс-әрекетіне баға береді, кітапханадан, интернеттен ізденеді,
салыстырады және талдайды. Әдебиеттік оқуда топтық,
ұжымдық жұмыстың әсері мол. Әдебиеттік
оқу сабағында «Сын тұрғысынан ойлау»
технологиясының әлементтерін қолдану балаларды өздерін
еркін ұстауға, ойларын толық жеткізуге, шығарма желісі
бойынша қорытынды шығаруға үйрене отыра, алған
білімдерін өмірде пайдалана алады. Пән материалы адамгершілікке
тәрбиелейді. Функционалдық
сауаттылықты жүзеге асырудың басты міндеті –
оқушылардың теориялық білімдерін практикалық
тұрғыда қолдануымен қатар, тәуелсіз
еліміздің келешегіне үлкен жауапкершілікпен қарауға
үлестерін қосу болып табылады. Осы ретте, жаратылыстану бағытындағы
пәндерін дұрыс жүргізе білудің маңызы зор. Математикалық сауаттылықты қалыптастыру дағды мен іс әрекет негізінде
өздігінен ізденетін, өздігінен шешім қабылдайтын, нарық
заманында өмір сүріп, адал еңбектенетін, бәсекелестікке
қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруға септігін
тигізеді. Математика
сабағында арифметикалық есептеу дағдыларымен қатар,
логикалық дағдылары қалыптасады, өмірмен байланысты
сөзесептерді орындайды, тиімді
есептеу жолдарын іздейді. «Дүниетану» пәні оқушыға
функционалдық сауаттылықты дағдыландырудың ең
тиімді пәні, себебі, бұл пән барлық салаларды
қамтиды. Мысалы, өмір қауіпсіздігі пен денсаулықты
сақтау дағдыларын қалыптастырады,
тақырып бойынша қосымша материал іздеуге үйренеді,
адамдардың мәдениеті мен қарым-қатынасының
дұрыс-бұрысын талқылайды.
Қорытындылай келе, Г.Бокльдің «Шынайы білім
фактілерді білуден емес, оларды дұрыс қолдана білуден
құралады» дегендей, теориялық білімімізді тәжірибеде
дұрыс, тиімді қолдана білу – мұғалімнің басты
мақсаты болу керек. Бастауыш сынып –
функционалдық сауаттылықты дамытудағы маңызды да
күрделі жұмыстың тек бастамасы болып табылады. Оқушылар алған сапалы
білімдерін, тәрбиесін, бойға дарыған өнерлерін
үнемі жаңғыртып, жетілдіріп оны ғылыми жетістіктермен
толықтырып отыруы тиіс.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1. ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға
арналған мемлекеттік бағдарламасы. – Астана, 2010.
2. «Әдіскер-Методист»
журналы, 2013 ж.
3. Б.Баймұханов,
З.Бекбаева «Оқушылардың математикалық тапсырмаларды
орындаудағы дербестігін арттыру» Алматы, 2006 ж.
4. Мектеп
оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту
жөніндегі 2012-2016 жылдарға
арналған ұлттық
іс-қимыл жоспары. «Егеменді Қазақстан» газеті