Менеджмент магистрі, аға оқытушы Байгалиева А.О.

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, Ақтау қ.

 

Аймақта экологиялық туризмді дамыту басымдықтары

 

          Көне тарихи жер Қазақстанда 25 мың тарихи, мәдени ескерткіштер болса, соның 10 мыңнан астамы Маңғыстауда. 

         Маңғыстаудағы мұражайлардың, қорықтар мен туристік фирмалардың қызметкерлері үшін өз қаласымен бүкіл облыс – ашық аспан іспетті.

Олардың отаншыл, ілгері дамытушы, қазіргі заманға сай басқарушы ретіндегі мақсаты - өлкені белгілі туристік орталыққа, көпшілік ұнатқан демалыс орнына айналдыру.

                   Маңғыстау жеріндегі тарихи - мәдени ескерткіштерден басқа теңіз жағалауындағы экотуризмді дамыту, теңіздің бірегей балықтарын (қорытпа, бекіре, шоқыр) аулау, теңіз жағалауындағы жыл құстарының ұшып келуімен кетуін қызықтау, Қызыл кітапқа енгізілген аңдарды, құстарды тамашалау, Ақтаудағы әлемдік деңгейдегі теңіз порты, Кендірлідегі адамдардың тынығып демалу орны, бір облыстың, бір аймақтың ғана емес, республика халқының игілігі екендігі күмәнсіз.        

Туризм – табиғат орындарына саяхат жасау,  аумақтың  мәдени – этнографиялық ерекшеліктері туралы мағлұмат, түсініктер алу. Сол аумақтағы туризмді дамыту жергілікті тұрғындардың тұрмыс жағдайын түзеуге де игі ықпал етеді. Туризм қолда бар табиғат теңгерімін сақтауға және табиғаттық бағдарда тәрбиелеуге бағытталады.

 Туризмнің тарихы және оның даму сатысы ертеден басталған. Ол XIX ғасырдың аяғында пайда болып, осы қалпында қалыптасты. Қоғамдық қарым – қатынас пен техника және технологияның қарқынды даму кезеңінде – XX ғасырдың екінші жартысында туризм гүлдене дами түсті. Бүгін де туризм ірі капиталдарды, негізгі қаражаттарды және еңбек ресурстарының ауқымды бөлігін іске қосқан, әлемдік валдық өнімнің 11% - на дейін орын алып отырған ірі әлемдік сала. Бұл жаһандану деңгейіндегі салмақты саясат, үлкен ақша және ірі бизнес болып саналады. Туризм автомобиль жасау және мұнай өндіру өнеркәсібінен кейін ең ірі үш экспорттық салалардың құрамына енеді. Туризм өз кезінде әлемдік шаруашылықтың ең қарқынды әрі өз шығынын өзі өтей алатын саласы болып саналады. Франция, Испания, Грекия, Түркия, Венгрия және Египет елдерінде туризм мемлекет бюджетіне өте үлкен кіріс кіргізетін негізгі экономикалық сала. Тәуелсіз Қазақстан да туризмнің дамуына, дәрежесін көтеруге көңіл бөлуде. Қазақстанның қазіргі экономикасында туризм ролі үздіксіз өсуде. Туризм өзі жетілген мемлекеттің экономикасына оң ықпалын тигізетіні  сөз.

Маңғыстау аумағында туризмнің барлық түрін дамытуға мүмкіншіліктер бар. Табиғи климаттық жағдайларына байланысты, Маңғыстау жері рекреациялық ресурстарға, ерекше әсем табиғи ескерткіштерге бай және қазақ даласында ата – бабамыздан келе жатқан баға жетпес құнды мәдени мұралары да шексіз. Туристік – ресурстық потенциалы айтарлықтай, түрлі табиғи ортасы және жануарлар әлемі бай өлкенің  туризмді дамытуға үлкен мүмкіншілігі бар. Туризмнің дамуы облыстағы барлық табиғи – шаруашылық кешенінің дамуына, сонымен қатар,   тұрғындардың салауатты өмір сүруі үшін қоршаған ортаның жақсы жағдайда болуын қамтамасыз ететіні кәміл.

Маңғыстау өз байлығын көбейтіп, түскен пайданы экологиялық проблемаларды шешуге және табиғатты қорғау шараларына, қайырымдылық шараларына жұмсар еді. Маңғыстау жерінде туризмді өркендетудің болашағы зор. Осы орайда, өзіндік тарихы бар, әсем табиғатты, мәдениеті, этнографиясы бар Маңғыстау өлкесі,  дүниежүзілік туристік рыногында өзіне лайықты  орнын келешекте алуына толықтай мүмкіндігі бар жер. Мамандардың зерттеуінше халықаралық туристерді көбінесе не қызықтырады деген сауалға туристердің 90 пайызы баратын жерінің этно – тарихи дәстүріне, салт – саласына қызығушылық танытады екен. Соған орай,  тарихи ескерткіштерге бай, ұлттық салт – дәстүр мен әдет – ғұрыпты берік сақтаған Маңғыстауға туристердің қызығушылығы жоғары деңгейде болатыны сөзсіз. Бір жағынан табиғи байлығын, екінші жағынан этникалық ерекшілігін алатын болсақ, дәл осы жерде ішкі және сыртқы туризмді дендеп енгізу аса қажет деп санаймын. Маңғыстау жерін көремін, дем аламын, табиғатын тамашалап, аң – құс аулап қызықтаймын, ғылыми зерттеу жұмысын жүргізіп, жаңалықтар ашамын деген туристерге бұл жерде іздегеннің бәрі табылады. Бұл өлке Қазақстан үшін - қазыналы қарт өлке.  Киелі өңір Маңғыстау туралы ойлағанда ең бірінші еске түсетіні – әулиелер, ежелгі қорымдар мен ерекше өрілген күмбезді мазарлар, қайталанбас тарихи – мәдени ескерткіштер. Сол себепті Маңғыстау жерін көрген адам өзін ашық аспан астындағы мұражайда жүргендей сезінеді. Осыншама ескерткіштердің салынуы және бүгінгі күнге дейін сақталуы халық шеберлерінің атадан – балаға жалғасып келе жатқан қасиетті де бірегей өнерінің тамаша туындылары болып табылады.

Бұл жерде басын қар басқан биік таулар ғана жоқ, одан басқа қазақ даласына тән қандай жерлерді көргіңіз келсе, Маңғыстаудан бәрін де кездестіресіз. Тіпті шөлді жердің өзінде кездеспейтін ерекше табиғаттың өзін, салған тау мүсіндерінің сан – алуан түрлерін көріп тамашалауға болады. Маңғыстау жерінің табиғатын көрген, зерттеген адамдар да кейінгілер есте сақтарлықтай көркем теңеулер қалдырған. Мысалы, қазақ халқының ұлы жазушысы Сәбит Мұқанов біздің өлкемізге келген бір сапарында (1963 ж.) Маңғыстауды аралағанда өзін таңдандырған екі ерекшілікті атап айтқаны бар. Ол бұл дүниеден аттанып – кеткендерге тұрғызылған мазарлар, сұлу сәнді күмбезді ғимараттар болатын. Маңғыстау жерін аспан астындағы мұражай деп бекер айтпаған.

Көне замандардан күні бүгінге дейін жер басып жүрген адамдардың тәуеп етіп табына келетін, жанына жәрдем сұрайтын, пендешіліктен қағыс басқан қадамына кешірім сұрайтын жері ол – әулие. Маңғыстау тұла бойы тұнған құпия сыр елі, 362 әулиелі қасиетті мекен.

Туризм ғылыми – танымдық ізденіс үстіндегі саяхатшылардың басын біріктіретін шара. Туристерді табиғаты көркем жаңа жерлермен таныса, өсімдіктер мен жануарлар әлемін зерттейтіні белгілі. Қай мемлекетте болмасын туризм – қомақты қаржы көзіне айналып отыр.

Өлкемізде туризмді дамытуға бөлінетін,  туристік қызметке қажетті ресуртстық мүмкіндіктер жеткілікті.  Өлкемізде бар байлықты табыс көзіне айналдыру мүмкіндігі толықтай қарастылуда, онда облыстық туризмді қалыптастыру, ішкі және кіру туризмін дамыту, облыстық туристік инфрақұрылымды дамыту, сондай – ақ аймақтық туризмді дамыту үшін туризмге экономикалық, құқықтық жағдайлар жасау шаралары, туризмді дамытудың стратегиялық бағыттары қарастырылуда. Туризм демалыс орны. Өлкеде тарихи – мәдени ескерткіштермен қатар, туристердің демалуларына ыңғайлы табиғат ескерткіштері де баршылық:

-         Каспий теңізінің жағалаулары;

-         Кендірлі демалыс орны;

-         Тамшалы;

-         Саура; т.б.

  Теңіз жағалауын жағалаған дүниежүзіндегі елдерде көбінесе адамдар демалыстарын су жағасында өткізеді. Ал  Маңғыстау облысы  – Каспий теңізінің жағасында орналасқан. Бұл көлік магистралы ғана емес, сонымен қатар тұщы су көзі де. Теңіз бірегей балықтарымен, ең алдымен бекіре балықтарының (қорытпа, бекіре, шоқыр) болуымен әйгілі. Мұнда олардың әлемдік қордағы 90 пайызы бар.  Қызыл кітапқа енгізілген албырт балық та бар. Каспий теңізі бірегей су айдыны, ол апатты шөл даламен көршілес орналасқанымен, онда суық теңізде өсетін итбалық та мекендейді. Каспий теңізінің шығыс жағалауы мен Үстірт қыраты жыл құстарының ұшып келуі мен қайтуының негізгі жолдарының бірі болып табылады. Жыл құстарының Каспий жағасына көктемгі және күзгі ұшып келуі кезінде іс жүзінде суда жүзетін құстардың барлық түрін ұшыратуға болады. Кей кездерде құстардың саны: барқылдақ торғайлар, шыбынжегіштер, көгершіндер 15 мыңға дейін жетеді. Қызыл кітапқа енгізілген құстар да ұшырасады, олар: албырт балық, қоқиқаз, дөңтұмсықты зуек, жыланжегіш, жұршы, бүркіт, аққұйрықты суқарақұс, шақырғыш аққу, қарабауыр шіл және басқалары. Барлық құстардың алуан түрін Ақтау қаласының маңайындағы Қаракөл көлінен көруге де болады. Аққулар Ақтау қаласының жағалауында қыстап қалады.

Жалпы теңіз жағалауы жаз айында таптырмайтын негізгі демалыс орны. Мысалы, Каспий теңіз жағалауындағы Кендірлі қолтығы Жаңаөзен қаласынан шамамен 70 шақырым жерде. Ақтаудан Жаңаөзенді айналып өтсең 200 шақырым үстінде. Оның қолайлы табиғаты, жылы суы өлке тұрғындарының назарын өзіне көптен аударған. Кендірліде Жаңаөзен мұнайшылары демалатын демалыс орны салынды. Қазір мұнда тек қана мұнайшылар емес, ниет білдіргендердің барлығы деи алады. Демалыс аймағы – 133 мың шаршы метр алаңды алып жатыр. Оның 62 мың 900 шаршы метрі көгалдандырылған, көркі көз тартып тұрған көрікті алаң. Маңғыстау мұнайы, газымен, Ақтаудағы әлемдік деңгейдегі теңіз порты мен мақтанатын болса, ендігі жерде Кендірлісімен де көркем көрініп кең әлем алдында мақтана алады. Кендірліде адамдардың тынығып, демалуына барлық жағдай қарастырылған. Осы заманғы коттедждер, ашық, жабық бассейіндер, сыйханалар мен қонақ үйлер – Жаңаөзен тұрғындарының алтын қолымен жасалған сәулетті орындар екендігінде дау жоқ. Бұдан басқа да спорт алаңдары – теннис, боулинг орталығы, бильярд залдары, жасыл ағаштармен көк шөптер алаңдар көздің жауын алады. Кендірлі келешекте бір облыстың, бір аймақтың ғана емес, бүтін республика халқының ортақ игілігі болары сөзсіз.

Маңғыстаудың кең жазығында көптеген сәулеттік-археологиялық ескерткіштер сақталған. Олардың кез келген адам үшін маңызы зор. Ескерткіштердің біріншісіне мемориалдық құрылыстар – құлпытас ескерткіштер, екіншісіне діни құлпытастар – мешіттер жатады. Облыста барлығы 300-ден астам киелі деп саналатын жерлер белгілі.  

         Маңғыстау жері жұмбаққа толы тарихи өлке. Онда Ұлы Жібек жолының белгісіз сайрап жатқан 16 мыңнан астам тарихи ескерткіштері бар, бұл өлке әулиелер мекендеген киелі жер екендігі белгілі. Атап айтсақ, «Шопан  ата», «Масат ата», «Қараман ата», «Бекет - ата», т.б. Табиғаты шөлді аймаққа тән тамаша  «Тамшалы», «Ақмыш», «Саура» орындары,  теңіз деңгейінен 132 метр төмендегі «Қарақия» ойпаты, Үстірт пен Қаракөл қорығы, ғажайып Каспий теңізі. Біздің өңірдегі туризмнің  келешегін  осылай – ақ пайымдай беруге болады. 

          Келешекте Маңғыстаудың тарихи - мәдени ескерткіштеріне жер – жерден туристер ағылып , олар тарих тағылымына, табиғат ғажайыптарына  көз жеткізері  сөзсіз.  Өзіндік табиғаты, тарихи – мәдение этнографиясы бар, қазақи салт – дәстүрімен әдет – ғұрыптарын берік сақтаған өлке Маңғыстау – дүниежүзілік туристік рыногында өзінің лайықты орнын алуға мүмкіндігі бар.

Маңғыстау қазба байлығымен ғана емес, тылсым құпияларымен де қомақты пайда әкелетін туризм бизнесін дамытуға мүмкіндігі бар өлке.

Бұл аймақта дамытуға лайықты экологиялық туризм адами тұлғаның толықтай жетіліп дамуына, қоғамдық сана мен мәдениетті бекітіп тұрақтандыруға игі ықпалын тигізеді. Әрине, сөзсіз, маңызды тәрбиелеуші фактор туристік клубтармен мектеп жасындағы, төменгі сынып оқушылары үшін, сондай-ақ аз қамтылған отбасылар балалары мен мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ұйымдастырылатын қозғалмалы лагерьлер болмақ. Мұндай клубтарға демеушілік көрсетуші «Аджип ККО» компаниямы мен жеке кәсіпкерлер болып отыр. Аймақтың мектеп оқушылары көз тартар табиғаты тамаша жерлерде өз демалыстарын өткізеді. Бұл шаралар туризмнің қыр-сырларына: компаспен және қоршаған табиғи ортаның белгілеріне қарай отырып маршрутты айқындау, алау отын жаға білу секілді көптеген нәрселерге, ең бастысы – жолдасыңа көмектесе білу, иық түйістіре бірге жүре білу, өзіңді команда мүшесі ретінде сезіне білу, Қазақстанның лайықты азаматы екендігіңді білу, азаматтық қасиеттерді бойда қалыптастыруға оң әсер етеді.   

Экологиялық туризм табиғи құндылықтарды сақтауды мемлекеттің инфрақұрылымын дамытумен және мемлекеттік бюджеттің толықтырылуымен бірге ұштастырыла жүргізіледі. Аймақтағы экологиялық туризмнің дамуының әлеуметтік-экономикалық алғышарты болып оны маңызды табиғи, қоғамдық, әлеуметтік және басқа да ресурстарды пайдалану есебінен экономиканың пайдалы саласына айналуы болмақ.

                                    

Пайдаланылған әдебиет:

1. Казахстанская кластерная инициатива.  Туризм // www.cluster.kz

2. Правительство Республики Казахстан. Концепция развития туризма в Республике Казахстан: Постановление от 28 июля 2001 года №753// Казахстанская правда. – 2001. - 11 марта.

3. Маңғыстау облысында туристік саланы дамытудың 2008-2011 жылдарға арналған бағдарламасы: Маңғыстау облысы әкімдігі. Ақтау. 2008 жыл.    

4. 2015 жылға дейінгі Маңғыстау облысында туристік кластерді  құру және дамуының мастер-жоспары: Маңғыстау облысы әкімдігі. – Ақтау. 2008 жыл.

5. «Маңғыстау» энциклопедиясы, Алматы, «Атамұра», 1997.

6. С.Қондыбай «Маңғыстау географиясы», Алматы, 1997.