Сакенова Л.Т., Саксенбаева Ж.С., Баймуханов З.К.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті

Медициналық бақылаудың ақпаратты – басқарушы жүйесін құру мәселесі туралы

 

Ақпараттық жүйесі  - қойылған мақсатқа жету жолында ақпаратты сақтау, өңдеу  және басқаларға беру үшін пайдаланылатын құралдардың , әдістердің және адамдардың өзара байланысты жиыны [1].

Ақпараттық жүйені жіктеуде оны келесі ішкі кластарға бөлуге болады:

-     ақпараттық –анықтамалық жүйелер;

-     ақпараттық-кеңес беретін жүйелер;

-     ақпараттық-қадағалаушы жүйелер.

Ақпараттық жүйелер термині автоматтандырылған жүйелер түсінігімен тығыз байланысты. Автоматтанған ақпараттық жүйелер ақпаратты өңдеу үрдісінде адамның да, техникалық құралдардың да қатысуын қамтамасыз етеді. Мұндағы басты рөлді компьютер алады.

Қазіргі уақытта медициналық салада да пайдалануға арналған автоматтандырылған жүйелер белсенді дамып келеді.  Емдік -диагностикалық мәселелерді сайма-сай шешуге арналған медициналық ақпараттарды жинау, өндеу, сақтау, ұсыну және пайдалануды жүзеге асыруын қамтамасыз ете алатын компьютердің мүмкіншіліктері арқасында медициналық көмек көрсетудің тиімділігі мен сапасын көтеруге бейімделген автоматтандырылған жүйелер кең пайдаланылады. Әрбір дәрігерге қаралушылардың емдік –диагностикалық үрдістердің барлық кезеңдерін нақты медициналық құжаттарда хронологиялық ретпен бейнелеу керек . Медициналық құжаттаманы жүргізу дәрігер қызметінің күнделікті элементі болып табылады, кейбір жағдайда жұмыс уақытының 40% жұмсалады.

Әсіресе, пән саласының сипаттамасынан дәрігерлер қызметкерлеріне үлкен көлемдегі мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу керектігі айқындалды.  Сондықтан, көптеген қағаз құжаттарымен жұмыс істегенде келесі мәселелерінің туындауына әкеледі:

-     ақпараттың жоғалуына;

-     мәліметтердің іздестіруін қиындатуына;

-     құжаттарды түсінуінің мәселесіне.

Мәселен, әскери институттың дәргерлік бөлімінің қызметін талдау кезінде қызметкерлер уақыттын  едәуір көп бөлігін қағаз құжаттарын толтыруға және оларды іздестіруге жұмсайтыны анықталды. Әрбір курсантқа жеке бума жүргізіледі  және оларды қарау үшін ортақ қоймадан бұл буманы қайтадан алады, сол себептен ақпараттың іздестіру мен мәліметтер бөлігін жоғалту ықтималдық қателігі де жоғары болады. Сонымен қатар, жиі қызметкерлерде танылмайтын жазуларға байланысты құжат мәтінің түсіну мәселесі де пайда болады. Автоматтандырылған жүйенi енгiзу бұл үрдісті едәуiр жеңiлдететіні анық. Ол үшін келесі талаптар сипатталған:

-     әскери институттың курсанттарының барлық сырқаттары мен дәрігерлік тексерулерін есепке алу үшін электрондық деректер базасының болуы;

-     әрбір курсантты өзінің ротасына байланыстыру мүмкіншілігі;

-     курсанттар туралы мағлұматты енгізу/өзгерту үрдісін максималды автоматтандыру;

-     курсанттардың барлық сырқаттары мен дәрігерлік тексеру тарихтарын сақтау;

-     еліктен өткізуді есепке ала отырып, сырқаттар мен дәрігерлік  тексерулер бойынша есептерді қалыптастыру мүмкіншілігі;

-     жүйе қарапайым және түсінуге оңай болу керек;

-     жүйені бір машинадан екінші машинаға тез ауыстыру мүмкіншілігін қарастыру және аз уақытта жұмысты қалыпты режиміне қосу.

Әскери институттың дәрігерлік  бөлімінде шешілетін міндеттерінің біріне курсанттар мен әскери қызметкерлерді өз уақытында тексеру мен емдеу кіреді. Дәрігерге қаралу кезінде, дәрігер  сырқаттанған адамның ауыру тарихын қарау керек. Алдындағы сырқаттар мен тарихтары негізінде өз күшімен емдеуді жүргізу туралы шешім қабылдайды немесе қаланың басқа дәрігерлік мекемесіне жіберуге жолдама береді. Осылардың барлығын ескере отырып, құрастырылатын ақпараттық жүйенің міндеттеріне келесілер енеді:

-электрондық картотеканы енгізу. Мұнда институттың барлық курсанттары туралы құрылымдық ақпарат сақталады. Мәліметтер құрылымы иерархиялық түрде болады, яғни  курсанттар тобын ротаға, ал ротаны батальонға біріктіру керек. Сонымен қатар, кейбір критериялар бойынша ақпаратты іздеу функцияларының  құрылымдық бірліктері жүзеге асуы керек;

-медициналық тарихты сақтау. Деректер базасында кез келген курсанттың сырқаты туралы барлық жазулар сақталады. Мұнда іздеу функцияларыда жүзеге асады;

-электрондық есеп беру. Пайдаланушыға кез келген уақытта басып шығаруға болатын  электрондық түрде есептерді ұсыну. Есеп берулер жүйеге ақпаратты енгізу негізінде қалыптастырылады;

-жоспарлы жағдайлар туралы өз уақытында хабар беру. Жүйе автоматты түрде пайдаланушыға курсантты тексеру қажеттілігі туралы немесе белгіленген процедураны өту туралы ескертеді.

Қазіргі программалау тілдері көптеген қасиеттерге ие.  Сондықтан, мұндай ақпаратты - басқарушы жүйені құру үшін  Borland Delphi 7 қосымшаны өндеу ортасы таңдап алынды, өйткені ол бір ортақ программалау ортасында жобаны құруға, тестілеуге және түзетуге мүмкіндік береді, сонымен қатар пайдаланушыларға ортаны меңгеруге ешқандай қиындық туғызбайды.

Сөйтіп, курсанттардың деңсаулық жағдайының жүрісі туралы жедел бақылауды жүргізуге мүмкіндік беретін, статистиканы жүргізуге және курсанттардың жұмысқа жарамдылық деңгейін бақылауға мүмкіндік беретін ақпаратты - басқарушы жүйені құру мәселесі тұр.

 

Әдебиеттер:

1.   Информатика және компьютерлік техника. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. – Алматы: «Мектеп», 2002.- Б. 23