Қазақстан
Республикасындағы ғылымды мемлекеттік басқарудың
тарихи-құқықтық негіздері
Кенжебаев Ғ.Қ. - тарих
ғылымдарының докторы
Абай атындағы ҚазҰПУ(Алматы,
Қазақстан)
Дүние
жүзі елдерінің ғылым саласындағы заң
шығарушы және нормативті құжаттарының сипатына
қарап, Қазақстанда да ғылым мен
ғылыми-техникалық іс-әрекеттің заңнамалық
негізін құру жөнінде үлкен жұмыстар
жүргізілуде. Осы орайда, бәрінен бұрын өкілетті
ұйымдар деңгейінде заңды және нормативті
құжаттарды әзірлеудін мемлекеттік бағдарламасын дайындау,
қабылданғаннан кейін оны ғылыми жұртшылық
арасында кеңінен талқылауды ұйымдастыру және онда
көзделген шараларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.
Қазақстан
ғылымының тарихи-құқықтық дамуын
шартты түрде үш кезеңге бөліп қарауға
болады:
Бірінші
кезең 1991-1995 жылдар. Қазақстанның
ғылыми-техникалық саясаты мен ғылымды басқару
жүйесінің қалыптаса бастауы.
Екінші
кезең 1996-2000 жылдар. Ғылым жүйесін кең көлемді
қайта құру мен оңтайландыру.
Үшінші
кезең 2001 жылдан бері қарай ғылымды басқару
жүйесі мен ғылыми-техникалық саланың
нормативті-құқықтық негіздерінің
жетілдірілуі.
1991
жылдан бері Қазақстанның егеменді ел болып өмір
сүруі жағдайында ғылымды дамыту мен ғылыми-техникалық
прогресті басқаруға байланысты жаңа көзқарастар
қалыптаса бастады. Дербес ғылыми-техникалық саясат пен елде
ғылымды басқару жүйесін қалыптастыру мәселелері
1992 жылғы қаңтарда қабылданған
«Қазақстан Республикасының ғылымы және
мемлекеттік ғылыми-техникалық саясаты туралы» ҚР-дың
Заңына негіз болды. Осы заңды жүзеге асырудың тұтқасын
ұстаушы орган ретінде 1993 жылғы 19 наурызда Ғылым және
жаңа технологиялар министрлігі құрылды. Бірқатар
қайта құрулар жүргізілгеннен кейін мемлекеттік
ғылым және ғылыми-техникалық саясатты жүзеге
асыратын республикалық орган Қазақстан Республикасының
білім және ғылым министрлігі болды.
1992
жылдан бастап ҚР Президенті мен республика үкіметі ғылым
және ғылыми-техникалық салаға қатысы бар 90-нан
астам директивті құжаттар қабылдап, ғылым
саласындағы қызмет жеткілікті дәрежеде
құқықтық және нормативтік
құжаттармен қамтамасыз етілді. Ғылым және жаңа
технологиялар министрлігі «республиканың ғылымы мен техникасы
саласында мемлекеттік саясатты әзірлейтін және жүргізетін
республикалық мемлекеттік басқару органы болып табылды» [1].
«Ғылыми
және ғылыми-техникалық бағдарламаларды құру
мен қаржыландырудың мына бағыттары белгіленді:
- іргелі зерттеулер бағдарламалары;
- республикалық мақсатты ғылыми-техникалық
бағдарламалар;
- салалық ғылыми-техникалық бағдарламалар
мен жобалар;
- іздестіру зерттеулерінің бағдарламалары
- аймақтық
ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалар;
- ғылым қорынан
қаржыландырылатын бағдарламалар мен жобалар» [2].
Ғылымды
реформалау мәселелері арқау болған ҚР
Үкіметінің
25.12.1998ж. №1335 «Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын
бағдарламалардың әкімгер мекемелерінің
мәселелері» деп аталған қаулысына сәйкес барлық
дерлік ғылыми мекемелер ғылыми мемлекеттік кәсіпорындар болып
қайта құрылды.
ҚР
Үкіметінің 22.12.1998 ж. № 1314 «Мемлекеттік бюджет есебінен
атқарылатын мемлекеттік тапсырыс туралы Типтік ережелерді дайындау
жөніндегі нұсқауды бекіту туралы» және 23.02.1999 ж. №
145 «Мемлекеттік бюджет есебінен атқарылатын ғылыми зерттеулер
бағдарламаларын құру мен жүзеге асырудың кейбір
мәселелері туралы» қаулыларына сәйкес ғылым саласында
бәсекелестік орта құру мақсатымен ҚР «Ғылым
туралы» Заңымен бекітілген ғылыми зерттеу жұмыстарын
орындаудың бағдарламалық-мақсатты ұстанымы
енгізілді. Зерттеу үрдістерін басқарудың
бағдарламалық- мақсатты тәсілінің аса
маңызды тұтқаларының бірі Үкіметтің
27.12.2002 ж. № 1385 «Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама
ұйымдастыру мен өткізу ережелері» деген қаулысына
сәйкес жүзеге асырылатын тәуелсіз мемлекеттік
ғылыми-техникалық сараптама өткізу болып табылады.
1999
жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанында
құрылған Жоғары ғылыми-техникалық комиссия
– консультациялық кеңес органы – іргелі және қолданбалы
ғылымды дамытудың мемлекеттік басымдықтарын анықтау,
елдің мемлекеттік ғылыми, ғылыми-техникалық және
жаңашылдық саясатын қалыптастыру, жетілдіру үшін
ұсыныстар әзірлеу мәселелерімен шұғылданды.
2001
жылы қабылданған Қазақстан Республикасының
«Ғылым туралы» Заңы ғылым мен ғылыми-техникалық
саладағы қатынастарды реттейтін негізгі нормативті акт болды.
Аталған заңның 1-бабында ғылыми-техникалық саясатқа
анықтама беріледі – бұл «мемлекеттің ғылыми және
ғылыми-техникалық қызметке көзқарасын білдіретін,
ғылым мен техника саласындағы, ғылыми-техникалық
жетістіктерді жүзеге асырудағы, жаңа технологиялар
жасаудағы, соның ішінде ұлттық қауіпсіздікті
қамтамасыз ету мақсатында, әртүрлі ұйымдар
қызметінің басты мақсаттарын, бағыттарын,
ұстанымдарын, формалары мен әдіс-тәсілдерін айқындайтын
әлеуметтік-экономикалық саясаттың құрамдас бір
бөлігі» [3].
Заңда
ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың мынадай басты ұстанымдары
тұжырымдалған:
- ұлттық
мүдделерге және елдің әлеуметтік-экономикалық
дамуының ұзақ мерзімді мақсаттарына сәйкес
ғылым және ғылыми-техникалық дамудың басым
бағыттарын таңдау мен ынталандыру; оларды жүзеге асыру
үшін ресурстарды шоғырландыру;
- ғылым,
ғылыми-техникалық тәсілдемелер, өндіріс пен білім
беруді кіріктіру;
- ғылым мен
ғылыми-техникалық қызметтің неғұрлым басым
бағыттары бойынша біліктілігі жоғары мамандар даярлау;
- халықаралық
ғылым мен ғылыми-техникалық ынтымақтастықты
дамыту; [4].
Осылайша,
республикада 2002 жылға дейінгі ғылым саласындағы мемлекеттік
саясатты жүргізудің құқықтық
негіздерін дамытуға Қазақстан Республикасының
«Ғылым туралы» (2001ж. енгізілді), «Авторлық
құқық және шектес
құқықтар туралы» (1996 ж. енгізілді),
«Қазақстан Республикасының патенттік заңы» (жаңа
нұсқасы 1999 ж. енгізілді) және «Шағын
кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы» (1997 ж. енгізілді)
Заңдар негіз болды.
Айталық,
«Ғылым туралы» Заңның 24-ші бабында «..мемлекет ғылым
мен техника саласында инновациялық қызметті жүзеге асыратын
барлық ұйымдарға олар үшін тең жағдайлар
жасау жолымен қолдауға кепілдік береді» делінген. Бұған
қоса дәл осы бапта жаңашыл қызметті мемлекеттік
қолдаудың бағыттары айқындалған. Бұл
технологиялық дамудың, инновациялық басымдылықтардың ұзақ мерзімді
стратегиясын айқындау, жаңашыл бағдарламаларды әзірлеу
мен қаржыландыру,
инновациялық инфрақұрылымның дамуына көмектесу,
инновациялық менеджерлерді оқытуды ұйымдастыру және
т.б.
Жоғарыда
келтірілген заңдарда мемлекеттің инновациялық қызметті
ынталандыруға қатысуы анық та ашық жазылған. Республикада
инновациялық қызметті жеделдетуге көмектесетін заңдар
қатарына сондай-ақ лизингті қызмет негізінде инвестиция
тартуға бағытталған «Қаражатты лизинг туралы»
Заңды (2001ж. енгізілген) және ғылыми – технологиялық
сала үшін жекелеген жеңілдіктер көзделген жаңа
Салық кодексін (2002 ж. енгізілген) қосуға болады.
Алайда,
әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай,
инновациялық қызметті тиімді дамыту үшін дербес заң
қажет еді. Қазақстан үшін дербес заң
тұжырымдау қажеттігі республиканың жаһандану
жағдайында әлем экономикасында болып жатқан
инновациялық үрдістерден тыс қалуы қатерімен бірге,
ТМД-ның 2005 жылға дейінгі мемлекетаралық инновациялық
саясатының Концепциясын
жүзеге асыруына толық құкықты қатыса алмауы
қаупімен де негізделеді.
Соған
байланысты 2001 жылы ҚР Үкіметі Экономика және сауда
министрлігі мүдделі министрліктермен бірлесіп тұжырымдаған
«Инновациялық қызмет туралы» заң жобасын Парламентінің
қарауына ұсынды.
Заң
жобасын әзірлеу кезінде ҚР-ның қолданыстағы
заңнама нормаларымен қатар 1998 жылы Белорусь Республикасы,
Қазақстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы
және Ресей Федерациясының Парламенттераралық Комитетінін
қаулысымен бекітілген «Инновациялар туралы» нұсқалы
заңда көрсетілген басты қағидалар мен ұсыныстар
ескерілді.
Заң
жобасы бастапқыда 11 баптан құралды. Мұнда мемлекеттік
инновациялық саясаттың негізгі ұстанымдары, бағыттары
мен формалары айқындалды. Бұл заң жобасының
мақсаты ғылым мен техника жетістіктерін өндірісте,
ғылым, білім беру, мәдениет және басқа да қызмет
салаларында қолдану негізінде Қазақстанның
тұрақты және ұзақ мерзімді
әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге
бағытталған мемлекеттік инновациялық саясатты
қалыптастыру болып табылады.
Жаңа
заңда ғылым туралы заңнамада, жаңа салық
кодексінде және Қазақстан Республиканың
инновациялық даму Бағдарламасында көрсетілген
инновациялық қызметті мемлекет тарапынан тікелей және жанама
қолдау тұтқалары айқындалды.Заң жобасын
Қазақстан Республикасы Парламентінің қос Палатасында
талқылау барысында занның пәрменділігін күшейтуге, атап
айтқанда, мемле-кеттік инновациялық саясат міндеттерін нақтыландыруға,
инновациялық қызмет
түрлерін дәлірек анықтауға бағытталған
бірқатар толықтырулар енгізілді. Заң жобасын талқылау
барысында депутаттар арасында инновациялық жобаларға бюджеттен
несие бөлу, инновациялық қызметке қатысушыларға
мемлекеттік нақтылы гранттар беру, инновациялық болып есептелетін
кәсіпорындарды анықтау шарттарын айқындауға
қатысты мәселелер көп айтыс пен пікірталас туғызды.
Қазақстан
Республикасының «Инновациялық қызмет туралы» Заңы
Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың
Жарлығымен 2002 жылы 3 шілдеде күшіне енді.
Заңда
бекітілген нормалар негізінде республикадағы инновациялық
қызметке мемлекеттік қолдау мынадай басты формалар (қалыптар)
бойынша жүзеге асырылады:
- инновациялық
дамудың басым бағыттарын анықтау және
инновациялық бағдарламаларды әзірлеу;
- мемлекеттік
инновациялық саясатты жүзеге асыру үшін инвестиция тартуды
қамтамасыз ететін қажетті ұйымдастырушылық және
экономикалық жағдайлар жасау;
- инновациялық
инфрақұрылым қалыптастыру;
- инновациялық
бағдарламалар мен жобаларды мемлекеттік бюджеттен мақсатты
қаржыландыру;
- мемлекеттің
бәсекеге қабілетті өндірістерді құруға
қатысуы;
- мемлекеттік тапсырыс
бойынша құрылған инновацияның кепілді нарықтарын
қамтамасыз ету;
- отандық
инновацияларды сыртқы нарықтарда жылжыту. [5].
Қазақстандағы
ғылымның қазiргi таңдағы жағдайы
аяқталған ғылыми әзiрлемелер мен қажетсiз
өндiрiстер санының көптiгiмен сипатталады. Бұл айтарлықтай
үлкен әлеует және оны пайдалану инновациялық
қызметтi дамытудың негiзгi мiндеттерiнiң бiрi болуы тиiс.
Бұл жөнінде «Қазақстан Республикасының
Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға
арналған стратегиясы туралы» Қазақстан Республикасы
Президентінің 2003 жылғы 17 мамырдағы № 1096 Жарлығында
кеңінен атап көрсетілген.
Осы
Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын ойдағыдай iске
асыруда, ғылымды реформалаудың мемлекеттiк саясатын
басымдықпен жүргiзу арқылы ел экономикасының
ұзақ мерзiмдi тұрақты өсуiне жағдай
жасалады деп күтілуде. Осыған орай, ғылымды дамыту
саласындағы мемлекеттiк саясаттың мынандай басты бағыттары
белгіленді:
-
әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі стратегиялық
басымдықтарының бiрi ретiнде ғылымды айқындау;
-
жоғары технологиялар өнiмiнiң экспортына бағдарланған
ғылымды көп қажетсiнетiн әрi ресурстарды
үнемдейтiн және экологиялық таза өндiрiстi
құруға бағытталған зерттеулердi дамыту;
-
ғылыми жетiстiктердi нақты iске асыруға ықпал ететiн
тетiктер мен ынталандыру жүйесiн құру;
-
ғылыми зерттеулер жүргiзу үшiн материалдық базаны
нығайту;
-
кадр әлеуетiн сақтау мен дамыту, ғылыми-технологиялық
дамудың басым бағыттары бойынша жоғары бiлiктi ғылыми
кадрларды даярлау мен аттестаттау;
-
ғылыми зерттеулердiң тиiмдiлiгi мен сапасын жоғарылату
үшiн ғылыми ұйымдарды аттестаттау және тiркеу
жүйесiн дамыту;
-
ғылымның мемлекеттiк емес секторын қалыптастыру мен дамыту,
оны қолдаудың мемлекеттiк тетiктерiн жасау;
-
талантты жас ғалымдарды қолдау;
-мамандарды
әлемнiң ең үздiк ғылыми орталықтарында
тағылымдамадан өткiзу;
-
грант негiзiнде ғылыми зерттеулердi қаржыландыру тетiктерiн жасау
мен жетiлдiру;
-қазақстандық
ғылымның халықаралық ғылыми-технологиялық
қауымдастыққа интеграциялануын қамтамасыз ету [6].
Міне,
осыларды iске асыру арқылы экономиканың бәсекеге
қабiлетiн арттыруда ғылым жетiстiгiн пайдалану жақсарады,
менеджмент және маркетингтiк зерттеулер, өнiмдi стандарттау
және сертификаттау және т.б. салаларда кейiндеп қалуды
еңсеру шаралары қабылданады. Қазiргi заманғы және
дамыған ғылыми-инновациялық және өндiрiстiк
инфрақұрылымды құру, бiлiктiлiгi жоғары
басқарушы, ғалым, инженер, техник кадрлар мен жұмысшы
кадрларын даярлаудың тиiмдi жүйесiн құру есебiнен
инвестициялар, технологиялар трансфертi, ғылыми жетiстiктермен алмасу
үшiн Қазақстанның тартымдылық деңгейi
жоғарылайды.
Десек те, ғылым саласын
құқықтық реттеудегі республиканың
қазіргі заңнамасының (бюджеттік, салықтық,
кедендік, инвестициялық, жекешелендіру туралы, мемлекеттік
кәсіпорындар туралы, шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік
қолдау туралы және басқа да) шектеулі
сипаты бар.
Сол
себепті оны жүзеге асыру мақсатымен алдағы жылдары
тәртіп-ережелер мен шарттарды реттейтін бірқатар ішкі заңды
актілер қабылдануы тиіс. Қазақстанда жедел шешуді талап
ететін өзекті мәселелердің бірі зияткерлік меншігін
қорғау болып саналады. Бұл республикада кезінде мемлекеттік
меншікте болған материалдық емес активтерді (патенттер,
лицензиялар, технологиялық құжаттама,
жаңалықтарды игеру жөніндегі бизнес-жоспарлар мен
басқалар) жекешелендірмеген бірқатар ірі өнеркәсіп
орындарының болуына байланысты орын алды.
Ал
мұның басты себебі заңнаманың жетілдірілмеуіне
байланысты жекешелендіру процесінің барысында кәсіпорындарда бар
материалдық емес активтер туралы
мәліметтердің ауысатын баланстарға енгізілмеуі болып отыр. Соның
нәтижесінде республикада мынадай өрескел жағдай
қалыптасты-жекешелендірілмеген материалдық емес активтердің
иесі болмағандықтан, оларды бұлар шоғырланған
кәсіпорындар да, сондай-ақ кез келген басқа кәсіпорындар
да пайдаланып келеді. Соған байланысты Республикада «Зияткерлік меншігі
туралы» Қазақстан Республикасының дербес заңын
тұжырымдау қажеттігі күн тәртібінде тұр. Ол таяу арада
қабылданады деп күтілуде.
Сөйтіп,
Қазақстанда ғылымды дамыту үшін қажетті
ұйымдастырушылық және құқықтық
негіздер қаланған және ол, сөз жоқ, елімізде
қолайлы инновацилық аhуал қалыптасуына да, тұтас
экономиканың дамуына да ұйытқы бола алады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1.
Қазақстан Республикасының Президенті мен
Қазақстан Үкіметінің Актілер жинағы. 1993. № 8.
23 б.
2.
ҚР ҰҒАА 141қ.,2-1т.,58
іс.,9 п.
3. ҚР
«Ғылым туралы» Заңы. 9
маусым 2001ж. № 225.
4. Образование в Республике
Казахстан. Том 1.Астана. 2006.-236с.(89).
5.
ҚР «Инновациялық қызмет туралы» Заңы. 3.07.2002.
//Ведомости парламента РК. 2002 г, № 13-14, с.142.
6. «Қазақстан
Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының
2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы туралы»
Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 17
мамырдағы № 1096 Жарлығы.
Резюме
Деятельность в сфере науки Казахстана
достаточно обеспечена правовыми и нормативными документами. Начиная с 1992 г.,
Президентом РК и Правительством республики приняты более 90 законодательных
документов, имеющих отношение к науке и научно-технической сфере.
The summary
The
activity in sphere of a science of Kazakhstan is supplied enough with the legal
and normative documents. Since 1992, the President РК and Government of
republic accepts more 90 legislative documents having the attitude(relation) to
a science and scientific and technical sphere.