Педагогика. Современые методы преподавания.

 

Ф.ғ.к. Н.Қ.Насиева

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қазақстан

Студенттердің өздік жұмысын ұйымдастыру жолдары.

.

Бүгінде қоғамның әлеуметтік, экономикалық, саяси дамуы, жаңаруы білім беру саласында оқу үрдісінің жетілдірілуін талап етіп отыр. Студенттердің ғылыми дүниетанымдық іс-әрекеттін арттыру педагогиканың ең өзекті мәселелерінің біріне жатады. Қазіргі нарыққа негізделген заманда адамзаттың қажеттілігінің ең басты шешуші факторы болып оның белсенділігі, жаңа заманда өз орнын таба білу қабілеті жатады.

Қазіргі заманның талабы өте жоғары, ол мамандардан белсенділікті, шығармашылық ізденістерді, сонымен қатар бәсекелестікке төтеп бере алуды талап етеді.  Осыған сәйкес білім беру саласындағы болып жатқан оң өзгерістер осы қажеттіліктерді өтеуге бағытталған. Кредиттік жүйе білім алушыға оқу үрдісін өз қалауымен жоспарлауға мүмкіндік беретін дәстүрлі оқыту жүйесінен тыс оқу жүйесін ұйымдастыру жолы. Ол - оқу жүйесі шеңберіндегі білім беру траекториясының кезеңдік, жүйелік негіздерінде және таңдаулары бойынша студенттердің өзін-өзі оқыту мен білімді шығармашылық жолмен игеру деңгейлерін көтеруге бағытталған.

         Кредиттік жүйе бойынша оқыту  білімді жеке тұлғаға бағыттауға, оның қабілетін, дарынын дамытуға, болашақ маманның жеке тұлға болып қалыптасуына  жағдай жасайды. Заманның талабына сай жүргізілетін оқытудың бұл түрі болашақ мамандардан белсенді болуды, шығармашылық бағытта іздене білуді қажет етеді. Бұл технологияның басты ерекшеліктерінің бірі – студенттің өздігінен ізденуі болып табылады.

Оқыту формасының шығармашылығы дамыған маман даярлауда өзіндік жұмыстың маңызы өте зор. Себебі студент білімді тек дәрісханалық сабақтарда ғана емес, өз  бетімен істелетін жұмыс барысында да жинақтайды. Өздігінен ізденген білім анағұрлым терең, әрі сіңімді болады. Кредиттік жүйемен оқытуда оқу жоспарында қамтылған пәндердің 70 пайызы студенттің өз бетімен ізденуіне арналады, оның 30 пайызы студенттің оқытушының басшылығымен істелінетін жұмыс түріне бөлінеді. Өздік жұмыс – бұл әдістемелік әдебиеттермен және нұсқаулармен қамтамасыз етілген, белгілі бір тақырыптар бойынша өз бетімен оқып дайындалуға арналған жұмыс түрі. Өздік жұмыс студенттердің алған білімдерінің сапасының жоғарылауына әсерін тигізеді. Ол студенттердің бойында өздік білім алу мен өз-өзін жетілдіруге деген қажеттілікті тудырады. Студенттердің өздік жұмысын кредиттік жүйеде екі түрге бөліп қарауға болады:

1.     Оқытушының басшылығымен жүргізілетін өздік жұмыс (СОӨЖ), яғни студенттің дәрісханадан тыс оқытушының басшылығымен жүргізетін жұмысы. Ол сабақ кестесінде көрсетіледі және оқытушының жүктемесіне енеді.

2.     Студенттің өздігінен жасайтын жұмысы, арнайы бөлінген уақыт ішінде оқытушының тікелей көмегінсіз орындалатын жұмыс. Студент тапсырманы ешкімнің көмегінсіз өзі шешіп, өз жұмысының нәтижесін көрсетуі тиіс.

Студенттердің өздік жұмысын ұйымдастыру және өткізу технологиясы төмендегідей бөліктерден тұрады.

- СӨЖ-ді жоспарлау;

- оны әдістемелік жақтан қамтамасыз ету;

- орындалуын бақылау және бағалау;

- талдау және жетілдіру, яғни өздік жұмысын ұйымдастырудың жоспарын жасау, қолданылатын амал-тәсілдерді белгілеу, студенттердің жұмыстарына бағыт беріп, басшылық ету, тиісті түзетулер жасап отыру.

     Осы жағдайлар ескерілсе, студенттердің өздік жұмысын орындауларында еш қиындық туындамайды.  Оқыту үрдісі екі жақты, яғни оқытушы мен студентті қажет ететін үрдіс, сондықтан өздік жұмысы міндетті түрде оқытушының басшылығымен студенттің қызыға, ықыластана отырып жасалынатын әрекеті. Бұдан шығатын қорытынды оқытудың кредиттік технологиясында оқытушы өзінің шығармашылық қабілетін, күш-жігерін осы студенттерге арналған өздік жұмыс тапсырмаларын дайындауға жұмылдыруы керек.  Ең алдымен, оқытушы студенттерге берілетін өздік жұмысының тапсырмаларын сұрыптап, екшелеп алуы қажет және сол тақырыпқа қажетті  оқу-әдістемелік әдебиеттерді көрсетуі керек. Әдебиеттер тізімін оқытушы әрдайым жаңартып отыруы керек, ол негізгі және қосымша деп екі бөліктен тұрады. Өздік жұмысының тапсырмалары оқу жылының басында 1 семестрге жоспарланып берілуі тиіс және оқытушы ағымдық және аралық бақылау сұрақтарын да алдын ала дайындауы қажет.

Әр оқытушының өзінің сабақ өткізу әдіс-тәсілі бар, сондықтан да СӨЖ-ді дайындауда қатаң талаптар қойылмайды.  Мәселен, белгілі бір түсінікке анықтама беру, қысқаша түрде эссе жазу; интернет, түрлі ақпарат көздерінен және баспасөз беттерінен қосымша материалдарды енгізе отырып тақырып бойынша шолу жасау, түйін, пікір жазу, түрлі шығармашылық жұмыстар, т.с.с.

Студенттердің өздік жұмысын дұрыс әрі дәл ұйымдастыру сапалы білім алуға алып келеді, сондықтан өздік жұмысын ұйымдастырған кезде мынаны есте ұстаған жөн:

-         студенттердің өз бетімен ізденуін қамтамасыз ету, олардың танымдық, шығармашылық қабілеттерін дамыту, ғылыми ізденістерге жетелеу;

-         ақпараттармен дұрыс жұмыс істеуге, яғни ішінен ең қажеттісін таңдап алуға үйрету;

-         жеңілден ауырға принципін ұстану;

-         әр студенттің қабілетіне қарай берілетін тапсырма түрлерін саралау;

-         топпен, жекелей жұмыс істеуге бағыттау;

-         студенттің болашақ кәсіби қызметіне қажетті біліктілік пен тәжірибелікті қалыптастыратын ролдік ойындарды ұйымдастыру;

-         студенттің бойында дербестік, еркіндік, адамгершілік қасиеттерді дамытуға жағдай жасау;

-         танымдық шығармашылықты жетелейтін элементтердің болуын қарастыру;

-         ғылыми, дәлелді түрде өз ойын жеткізе білуге дағдыландыру;

 «Өздік жұмыстарды әрекет сипатына қарай жаттығу, зерттеу, шығармашылық жұмыстар деп топтастыруға болады. Шығармашылық еңбекте оқушының іскерлік қабілеті, білім көлемі, білім молдығынан туатын толық дербестігі айқын көрінуі тиіс» - дейді Р.Сүлейменова (1;21). Шынында шығармашылық жұмыстарды өз деңгейінде орындау студенттердің дүниетанымының кеңейуіне, ізденушілік қабілетінің артуына, жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді және студенттің ой қорытуына, шешім шығаруына, тіл байлығының артуына септігін тигізеді.

Профессор П.И.Пидкасистый СӨЖ-дің 4 түрін көрсетеді.

1.     Үлгі бойынша тапсырмалар

2.     Конструктивтік-вариативтік тапсырмалар

3.     Эвристикалық сипаттағы тапсырмалар

4.     Зерттеу тапсырмалары (2; 38)

СӨЖ-дің бірінші түрі студенттің қабілетін, қайталап қабылдауда алынған ақпаратты танып білуін қалыптастырады. Мәселен, үлгі бойынша сөздерді септеу, жіктеу, әңгіме құру.

СӨЖ-дің екінші түрі бұған дейін меңгерілген ақпаратты еске түсіру арқылы айтып беру қабілетін қалыптастырады. Мәселен, бұл жұмыс түріне сөздік диктант жазу, сәйкестіктерді табу, тірек сөздермен жұмыс түрлері, жауап нұсқалары бар тест үлгілерін жатқызуға болады.

СӨЖ-дің үшінші түрі студенттердің іскерлік қабілетін көрсетеді, яғни жинаған білімдері негізінде түрлі жағдайда шешім қабылдау қабілетін қалыптастырады. Мәселен, іскерлік ойындар, жағдаятқа байланысты тапсырмалар, берілген тақырып бойынша диалог құру.

СӨЖ-дің төртінші түрі студенттердің шығармашылық қабілетін шыңдауға арналған. Мәселен, шағын шығарма, эссе, мазмұндама жазу, мәтінді оқып, ат қою, мәтіндегі ойды әрі қарай толықтыру, сурет бойынша әңгімелеу, пікірсайыс.

         Үлгі ретінде «Автомобильдің түрлері» тақырыбы бойынша СӨЖ тапсырмаларын беріп отырмыз.

Сабақтың мақсаты: кәсіби мәтін бойынша студенттердің сөздік қорын молайту, берілген ақпарат бойынша танымдық қабілетін арттыру, терминдермен таныстыру, игеру және сөйлеу қабілетін арттыру, сауатты жазуға дағдыландыру.

Автомобильдердің түрлері.

 

Автомобильдер  пайдалану қызметіне қарай  көлік, арнаулы және жарыс автомобильдері болып бөлінеді. Соның ішіндегі негізгісі - көлік автомобильдері. Олар адам және жүк тасуға арналған.

Арнаулы автомобильдер тиісті жабдықтармен жабдықталып көше сыпыру, өрт сөндіру, жүк тиеу, жүк түсіру сияқты кейбір өндірістік жұмыстарды атқаруға  пайдалынады  (автокран,  автокомпрессор,  өрт сөндіру машинасы , көшпелі жөндеу шеберханасы, тағы басқа).

Жарыс автомобильдері спорттық жарыстарға қатыстырылады.

Көлік автомобильдерінің бір түрі – жолаушылар автомобильдері. Оның жеңіл автомобиль, автобус сияқты түрлері бар. Көлік автомобильдеріне автопойыз құрамына кіретін арнаулы буксирлер де жатады.

Жеңіл автомобиль екіден сегізге дейін жолаушылар (жүргізушінің өзін қосқанда) тасуға арналған. Жеңіл автомобиль қорабының типіне қарай лимузин (қорабы жабық),  кабриолет (қорабы жоғарғы жағынан матамен жабылған), фаэтон (қорабы ашық) болып ажыратылады.

Автобус кісі отыратын орындығының санына қарай аз (25 орынға дейін), орташа (26 – 35 орын), көп (36 – 45 орын) және өте көп (45 орыннан жоғары) орынды болып келеді. Қорабының, орындығының  түріне, жабдықталуына, жүріс жылдамдығына және атқаратын қызметіне байланысты қалалық, арнаулы, қалааралық автобустар болады. 

 

1.Берілген сөздерді дұрыс айтуға жаттығыңыздар.

Пайдалану қызметі, көлік автомобилі, жүк тасуға арналған, арнаулы автомобильдер, тиісті жабдықтар, жабдықталу, өрт сөндіру, жүк тиеу, өндірістік жұмыстар, көшпелі жөндеу шеберханасы, жарыс автомобильдері, жолаушылар автомобильдері, арнаулы буксирлер, қорап, қорабы ашық, матамен жабылған.

Тапсырманың мақсаты: берілген сөздерді дұрыс, қатесіз айтуға дағдыландыру.

2. Сөздікпен жұмыс. Берілген сөздердің аударма сөздік арқылы орыс тіліндегі баламасын табыңыздар.

 

Көлік                                                      Жабдықтау

Арнаулы                                                Жарыс

Айрықша                                               Жеңіл автомобильдер 

Сусымалы заттар                                  Кедергі

Ескек винт                                             Қондырғы

Тапсырманың мақсаты: Жаңа сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын дұрыс тануға, мәтінді дұрыс түсінуіне септігін тигізеді, сөздік қоры молаяды.

3.     Мәтін бойынша жоспарға қарап отырып, мазмұндаңыздар.

4. Жағдаяттық тапсырмалар берілген. Біреуін таңдап алып, сұхбат құрастырыңыз.

а)Досыңыз Қазақстандағы автомобиль өнеркәсібінің дамуын білгісі келеді. Сіз не деп жауап берер едіңіз.

ә) Әкеңіз жеңіл автокөлік сатып алғысы келеді. Сіз сол мамандықта оқып

жатқандықтан әкеңіз  сізбен ақылдаспақ ойда. Өз пікіріңізді білдіріңіз.

б) Көршіңіздің көлігі от алмай тұр. Сіз қандай ақыл-кеңес берер едіңіз.

в) Құрбыңыз көлік жүргізуді үйренгісі келетінін айтты. Сіздің пікіріңіз,

құрбыңызбен сұхбаттасыңыз.

г) Сіз көлік шығаратын зауытқа келдіңіз. Мекеме басшысымен зауыттың

жай-күйі туралы сұхбаттасыңыз.

Тапсырманың мақсаты: Жағдаяттық тапсырмалар студенттің тілге деген

құлшынысын оятуға жағдай жасайды, сөздік қоры молаяды.

5. Шашылған сөздерді жинап,  сөйлем құрастырыңыздар.

а) арнаулы, пайдалану, жарыс, қызметіне, автомобильдер, қарай,  көлік, және, болып, бөлінеді, автомобильдері.

ә)  негізгісі, соның, көлік, ішіндегі,  автомобильдері.

б) адам, олар, және, арналған, жүк, тасуға

в)  мейлінше, күнгі, бүгінгі, жүк, көлемдері, таситын, кейбір, автомобильдің, үлкен.

Тапсырманың мақсаты: Сөздерді дұрыс өз орнына қоя отырып, сөйлемнің мағынасын түсінуге дағдыланады, сөйлемді дұрыс құруға үйренеді.

Қорыта айтсақ, өздік жұмысты дұрыс ұйымдастыру болашақ маман тұлғасының қалыптасуына, өсуіне және дамуына зор әсерін тигізеді. Студенттің өздігінен ізденуін, оқу-танымдық, ғылыми жұмыстармен айналысуын қалыптастырады.

 

 

 

1.          Сүлейменова Р. Оқушылардың әдебиеттен өздігінен орындайтын жұмыстарын ұйымдастыру. – Алматы, 1979

2.          Пидкасистый П.И. Сущностная характеристика познавательной деятельности. М.; 1985