ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНІҢ 5-6 СЫНЫПТАРЫНА АРНАЛҒАН ҚАЗАҚ ТІЛІ ОҚУЛЫҒЫН ТАНУ ЖӘНЕ ЖАҢА МОДЕЛІН ӘЗІРЛЕУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

 

Таганова Ару Мерекеевна

 

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің аға оқытушысы,

 педагогика ғылымдарының кандидаты

Қазақстан, Ақтөбе қаласы

 

Қазақ мектебінің 5-6 сыныптарына арналған қазақ тілі оқулығын тану      ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ (әрі қарай – «Тұжырымдама») Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін қазақ мектебінің 5-6 сыныптарында оқытудың ұйымдастырудың  өзегі болып табылатын қазақ тілі оқулықтарын танудың және соның негізінде жаңа моделін ұсынудың ғылыми-әдіснамалық және практикалық негіздерін, 5-6 сынып оқушыларының қазақ тілінен сыныпта және өз бетімен білім алуының, қазақ тілін меңгеру арқылы патриоттық сезімдерін дамытудың, сол негізде қазақ тілін түрлі оқу құралдарын мұғалім жетекшілігімен және өз бетімен оқып-үйрену мотивациясын жоғарылатудың, 5-6 сынып оқушыларының мемлекеттік     тілді саналы меңгеруін ұйымдастыратын мұғалімдердің биік санатты әдістемелік міндеттерін, ірі дидактикалық бірлік – қазақ тілі оқулығы мен  оны жан-жақты толықтыруға қызмет ететін мұғалім мен оқушыларға  арналған көмекші құралдар жүйесін жасау мен қолданудың әдістемелік тетіктерін белгілеп, анықтайды. Ұсынылып отырған «Тұжырымдама» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2030» стратегиялық құжатында [1], Қазақстан халқына Жолдауларында (1998-2010жж.) мемлекеттік тілді дамытуға байланысты алға қойған міндеттеріне, Қазақстан Республикасының Білім Заңына, білім жүйесін жетілдіру туралы құжаттарында көрсетілгендей мектептерде қазақ тілі пәнін сапалы оқытуды ұйымдастыруға байланысты мақсат-міндеттеріне сәйкес әзірленді.

Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты 2008 жылдағы Жолдауында: «...Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді. Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажет. Мемлекеттік тілді тиімді меңгерудің ең үздік, инновациялық әдістемелік, тәжірибелік оқу-құралдарын, аудио-бейнематериалдарды әзірлеу керек. Қазақ тіліндегі оқулықтар шығаруға арналған тендерді үнемі жеңіп алатын бір-екі баспа ғана бар. Сонда оқулықтардың сапасын жақсарту үшін қандай бәсекелестік болмақ. Қазақ тіліндегі оқулықтардың сапасы сын көтермейді. Олар адамдарды қазақ тілін үйренуге емес, қазақ тілінен қашуға итермелейді. Осы салаға жауапты тиісті органдар шешім қабылдауы тиіс», - деді [2].

Осы Тұжырымдаманың мазмұнында баяндалатын қағидалар мен тұжырымдар қазақ тілін оқытуға қатысты заңдар мен заңдық күші бар құжаттарға сүйенеді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы       11 қазандағы №1459 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында  білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында»: «... қазіргі әлемде Қазақстанның лайықты орын алуына мүмкіндік беретін оқыту мен кадрларды дайындаудың сапалы биік деңгейіне қол жеткізілетін болады», - делінген [3].

Қазақ тілі оқулығы – қазақ мектебіндегі оқушы үшін барлық басқа пән қазақ тілінде оқылатындықтан білім алудың басты құралы. Ал қазақ тілінің    өзі ғылыми білім бастауы ретінде дербес пән болып оқытылуы – осы пәннің оқытылуына аса мұқияттылықпен, терең жауапкершілікпен кірісу керектігін міндеттейді. Қазақ тілі оқулығы барлық басқа оқулықтар сияқты белгілі бір құндылықтардың өткізушісі, тасушысы болғандықтан, оқулықтың аксиологиялық ерекшеліктері  ерекше нысанда қарастырылуы керек.  

Қазақ тілі оқулықтарының дидактикалық мазмұны да, оны меңгерту технологиясы да оқушылардың ана тілін теориялық заңдылықтар жүйесі мен практикалық жаттығулар тұрғысынан меңгеру ерекшеліктері мен жас ерекшеліктеріне  баса ден қоюы тиіс.

Қазақ мектебіндегі қазақ тілі оқулықтарының түбегейлі айырмашылықтары мен ортақ нүктелері болады. Ортақ нүктесі – қазақ тілі болса, түбегейлі айырмашылығы ана тілі ретінде оқылатын қазақ тілі оқулығының оқыту логикасы «ТІЛДЕН – СӨЙЛЕУГЕ» болып құрылса, өзгетілді мектепте оқылатын қазақ тілі оқулығы «СӨЙЛЕУДЕН – ТІЛГЕ» логикасына  құрылады.

Қазақ тілі оқулығының сапалылығы оқулық мазмұнында берілетін оқу материалының, білім мазмұнының баланың мәдени, когнитивтік, сөйлеу        тілі, эмоциялық тұрғыдан дамуына жеткілікті деңгейде ақапаратқа ие  болуымен өлшеніп, танылады. Қазақ тілі оқулығының лингводидактикалық негіздері ғылымаралық диалог негізінде танылады.  Оған пәнаралық кірігу үдерісінің қарқынмен өтіп жатқандығы да себеп болуы мүмкін.

Қазақ тілі оқулығының лингводидактикалық болмысында философиялық білімнің негізі болатындығы анық. Қазақ тілі оқулығының жаңа моделін анықтауда лингводидактиканың гносеология яғни, таным теориясымен байланысы негізге алынады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2030» стратегиялық құжаты.

2 Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты атты Қазақстан халқына Жолдауы. – Астана, 2008. – 16 б.

3 Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. 2004. 11 қазан.