Педагогика

 

Заурбекова З.А.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ОҚУ ПРОЦЕСІНДЕ СТУДЕНТТІҢ ӨЗІНДІК ЖҰМЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ МАҢЫЗЫ

 

 

Жоғары оқу орындарында оқытудың маңызды ерекшелігі – жалпы ғылыми және кәсіби білімді меңгерту. Оның негізгі формасы студенттердің өзіндік оқу-танымдық әрекеті болып табылады. Жоғары оқу орындарындағы оқу процесінде, әсіресе, сырттай оқыту бөлімінде аудиториялық сабақтар тиісті материалдарды толық қамти алмайды. Өйткені, лекцияның міндеті оқытушының ғылыми білімді баяндауы және студенттердің оларды қабылдауы мен ұғынуын ұйымдастыруы болып табылады. Семинар, практикалық және лабораториялық сабақтардың мақсаты ең әуелі білімді тереңдетуге, біліктілік пен дағдыны және оларды практикада қолдануға жаттықтыруға бағытталған. Сондықтан өтілген материалдарды меңгеру мен студенттердің семинар және практикалық сабақтарға дайындалуы күнделікті аудиториядан тыс өзіндік жұмыстарда атқарылуы тиіс.

Студенттердің таным-білім белсенділігін арттыру, шығармашылық қабілетін дамыту – бүгінгі жоғары білім берудің негізгі міндеттерінің бірі. Студент алған білімін өзінің жұмыс тәжірибесінде ғана қолданып қоймай, оны ғылыми негізде жүзеге асыруға дағдылануы тиіс. Сондықтан да, оқу процесінде студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру ең маңызды рөлге ие.

Өз бетімен жұмыс дегеніміз – жоспар бойынша оқытушының методикалық жетекшілігімен берілген тапсырманы студенттердің оқытушының көмегінсіз жеке орындауы. Мұнда оқытушы студенттердің тек танымдық қызметін ғана ұйымдастырады. Танып, білуді студент өзі жүзеге асырады. Сонымен қатар, өз бетімен жұмыс дидактикалық тапсырмаларды өз бетінше орындауға, танымдық қызметін қалыптастыруға және ғылымның белгілі бір саласында білімін толықтыруға бағытталған оқыту қызметінің ерекше түрі болып табылады [1,682].

Студент білімді лекция, конспектісі мен оқулық бойынша қанша терең меңгергенімен, практикалық, семинар, лабораториялық сабақтарға дайындалу барысында соншама тыңғылықты дайындалғанымен, бұл өз мамандығы бойынша ғылымды тиянақты меңгеруге жеткіліксіз. Ең жақсы лекцияның өзі, тіпті кейде оқулықтың өзі де елеулі толықтыруды талап етеді. Сондықтан түпнұсқа теориялық еңбектерді оқымай тұрып ғылымды толық меңгеру ойға сыймайды. Ал ондай еңбектерді аудиториялық сабақ үстінде оқу мүмкін емес. Оны студенттердің өз бетінше орындауына тура келеді.

Алайда, жоғары оқу орындарында студенттердің өзіндік жұмыстарын дұрыс та тұрақты ұйымдастырмай одан жақсы нәтиже күту – бос әурешілдік. Студенттердің уақытты тиімді пайдалануына өзін-өзі тәрбиелеуіне дағдыландырып, аудиториялық сабақтардағы тапсырмаларын тиянақтап, олардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыруды жетілдіру және оны әдістемелік құралдармен қамтамасыз етіп, оқытушылар тарапынан бақылауды күшейту керек. Студент өзін-өзі тәрбиелей алмаса, өз әрекетіне бақылау жасай алмаса, оның өз бетімен жұмыс істеу қабілетінің жетілуі мүмкін емес.

Болашақ мамандардың өз бетімен жұмыс істеу дағдысы олардың дербес білім алу, өз бетімен жұмыс, іздену және өзін-өзі тәрбиелеу жұмысымен ұштасып отыруы тиіс. Жұмыс барысында студенттің өз бетімен ғылыми тұжырым жаксау, алынған деректі жүйелеп қорытындылау, оларды бір негізге келтіру, өз ойын тұжырымдау, проблемалық ситуацияларды творчестволықпен шешу дағдысы қалыптасу керек [2,15]. Өзіндік жұмыс барысындағы жүйесіздік, үстіртіндік және шалағайлық кең тараған құбылыс және студенттердің төмен үлгерімінің негізгі себебі болып отыр.

Студенттердің ғылыми еңбектерді пайдалану әдістемесін дұрыс білмеуі – де өзіндік жұмыстағы басты кемшіліктердің бірі. Сондықтан оларды өзіндік жұмыстарды дұрыс та тиімді жүргізуде баулитын тиісті оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету оқыту процесіндегі негізгі мәселеге айналып отыр.

Студенттерді аудиториядан тыс сабақтардың және ғылыми әдебиеттерді оқу әдістемесімен таныстыруға арналған мазмұнды түсіндіру жұмыстары олардың оқу әрекетіндегі белсенділігіне елеулі әсер етеді. Соған орай көп жұмыс істейтін студенттер білімді өз бетімен меңгерудің әдістері мен тәсілдерін терең түсіне отырып, өзінің аудиториядан тыс жұмыстарын одан ары жетілдіруге қол жеткізеді. Ал өз жұмысын нашар ұйымдастырып жүрген студенттер өзіндік оқу-танымдық жұмыстарындағы кемшіліктер мен қателіктерін дер кезінде көріп, түзете алады.

Оқыту барысында студенттердің білімі мен кәсіби дайындығына қатаң талап қою – олардың өзіндік жұмыстарын жетілдіру мен белсенді әрекетіне үлкен әсер етеді.

Студенттердің аудиториядан тыс өзіндік жұмыстарының белсенділігі мен өнімділігі мыналарға байланысты:

а) оларды түпнұсқа әдебиеттері бойынша білім алу әдістемесіне шебер оқытуға;

ә) өзіндік жұмыс пен оның нәтижесі барысында бақылаудың түрлі формаларын қолдануға;

б) өтілген материалдарды меңгеруге қиналатын студенттерге тұрақты түрде жеке көмек көрсетуге;

в) емтихандарда білімді бағалауға объективтілікті арттыру мен студенттердің жалпы ғылыми және кәсіби дайындығының сапасына қатаң талап қоюды арттыруға.

Оқушыларға өзіндік жұмыстарды білігі мен дағдысын сіңіру оқыту кезеңіндегі жоғары үлгерімді қамтамасыз етуден де жоғары мақсатты көздейді. Түпкі мақсат болашақ маманның саяси-идеологиялық және кәсіби білігін бүкіл саналы ғұмырында үнемі жетілдіріп отыруды қамтамасыз ету болуы тиіс.

Өзіндік жұмыс студенттердің білімін кеңейту мен бекітуде аса маңызды жағдай болып табылады және ол төмендегідей әрекеттердің жиынтығын құрайды: 1) лекция тыңдай білу шеберлігі; 2) оны өз бетінше, тиімді жазып алу шеберлігі; 3) лекциядан соң конспектімен жұмыс істеу; 4) ғылыми кітаппен, анықтамалықтармен, құжатты материалдармен, алғашқы материалдармен жұмыс; 4) ғылыми баяндама, рефераттар, есептер және т.б. жазу.

Өмір еңбекке шығармашылық тұрғыдан қарауды талап етеді, сондықтан жоғары оқу орындары шығармашылық тұрғыдан ойлай білетін адамдар дайындауы тиіс, олар оқулықтағы материалдарды жүйелі баяндай білумен қатар өз бетінше ойлай білуі тиіс.

Ішкі талаптанудың болуы және оған қатысты жұмыстың мағынасы мен мақсатын түсіну өзіндік жұмыстың маңызды белгісі болып табылады.

Студент өзіндік жұмыс нәтижесінде өтілген материалды танудың және оны өзінің практикалық әрекетінде қолданудың логикалық әдістерін меңгеруге міндетті. Оған – жоспар, кесте, схема құру, кейбір қиын сөйлемдерді түсіндіру, түпнұсқа дерек көздерін пайдалану, белгілі бір тақырып бойынша баяндама жасауға өз бетінше дайындалу сияқты талаптар жатады.

Студенттің өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудағы оқытушының ролі төмендегідей өлшемдерден тұрады: ол мақсатын анықтайды, жұмыс пен мақсатқа жету барысын ойланады, студенттердің жас ерекшеліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескереді, жұмыста жетістікке жетуді қамтамасыз ететін әдістер мен тәсілдер жүйесін анықтайды. Бұл процестің соңғы нүктесі, яғни студенттің дербестігінің жоғарғы сатысы шығармашылық әрекет болып табылады. Көп педагогтер бір мезгілде көп оқу студенттердлің ақыл-ойын дамытпайды, ал кейде зиян да келтіреді, - деп есептейді. Жүйесіз, көп оқу нәтижесінде, оқылғандарды жеткілікті меңгеру мен талдаудың болмауынан оқушылар тиянақсыз, байланыссыз, бұлдыр білім алып шығады.

Студенттерді жаздырып оқытуға да болады. Бұл оқу жылдамдығын тежейді, соған орай ұғынуға және тереңірек түсіну мен еске сақтауға мүмкіндік береді. Оқу барысында жазу оқырманды тәртіпке баулиды, оның ой еңбегін жеңілдетеді және оқығандарын қабылдауға бақылау жасайды. Жазылған материал оңай ұғынылады. Ол еске сақтаудың маңызды тірегі болып табылады. Егер 1000 сөзді оқып, сосын 50 сөзді жазып оқығанын жинақтайтын болса, онда меңгеру коэффициенті 10000 сөзді оқып бірде-бір сөзді жазбағаннан жоғары болады [3]. Оқығанды жазу ақпараттарды қабылдау дағдысын қалыптастырады, ал оның өзектілігі ақпараттар ағынының өсуіне байланысты артып отыр.

Кейбіреулер еске сақтау қабілеті жақсы болса, жазудың қажеті жоқ деп қателеседі. Олар конспектілеудің ойлану мен меңгерудің белсенділігін арттыратынын түсінбейді. Меңгеру процесі конспектісіз жүргізілген кезде материал жеткіліксіз ұғынылып, үстірт, механикалық түрде есте сақталады. Жазу оқығанды терең ойлауды оятады, негізгі ойды анық беруге қажетті барлық материалдарды ұқыпты таңдауға мәжбүрлейді. Оқу мен жазудың кезектесуі жұмыс қабілетін арттырады, шаршауды азайтады. Жазу ұмытқан нәрсені еске тез түсіруге де септігін тигізеді, сондай-ақ жазу анықтама көзі болуы да мүмкін.

Студенттер сабақ барысында берілгендердің бәрін толық еске сақтай бермейді. Сондықтан белгілі бір ақпаратты қайдан алуға болатынын білу қажет. Ондайда энциклопедиялар, сөздіктер, анықтамалықтар көмекке келеді.

Тыңдаушылардың өзіндік жұмыстарын басқару оқу процесінің барлық формалары арқылы жүргізіледі. Сабақты жүргізу әдісі студенттердің психологиялық белсенділігін арттырып, оларды шығармашылық жұмысқа тартуы тиіс. Әсіресе, өз бетінше дайындықтың сапасын бақылау ерекше маңызға ие. Осы мақсатта оқытушы әрбір студентпен жүйелі түрде кері байланыс жасап, сол бойынша олардың өзіндік жұмыстарын бағалап және түзетіп отыруы тиіс. Ол үшін тыңдаушылардың рефераттар, баяндамалар, тақырыптық хабарламалар (ауызша және жазбаша формадағы), озық практика үлгілеріне шолулар дайындау және ғылыми монографиялар мен мерзімді баспасөз материалдарына аннотация, пікір жаздыру практикасын кеңінен қолдану керек. Бүкіл топ тыңдаушыларын қамтитын бақылау формасын жиі пайдаланған дұрыс  (лекция мен түпнұсқа әдебиеттерді конспектілеуін, жазбаша үй тапсырмаларын, бақылау жұмыстарын, коллоквиумдарды және т.б. орындауын тексеру). Жүйелі және жеке бақылау болмаса, кейбір ықылассыз студенттер өзіндік жұмыстарды орындаудан жалтаруы мүмкін.

Қазіргі жоғарғы мектептерде студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру оқытудың жалпы әдістемесінің маңызды бағыттарының біріне айналуда. Бұл болашақ мамандардың танымдық белсенділігін арттыру қажеттілігімен, оқыту процесін есте сақтау мектебінен ойлау мектебіне айналдыруға негізделген. Өзіндік жұмыс нәтижесінде алынатын білім мен ақпараттың көлемі көбіне студенттің өзінің жеке, яғни – оның ниеттілігіне, әдебиеттермен өз бетінше жұмыс істей білуіне, әртүрлі пәнге деген қызығушылығына және т.б. қасиеттеріне байланысты болады, сондай-ақ оқу процесін ұйымдастырудың бүкіл жүйесі өзіндік жұмыстарға бағытталып, студенттерді ынталандыруы тиіс.

 

Әдебиеттер:

1.Бірәлі Г.А. Студенттердің өз бетімен жұмысын ұйымдастырудағы көркем мәтіннің рөлі // Академик Ш.Ш.Сарыбаев және қазақ тіл білімі мәселелері. –Алматы, 2005. -682-687 б.

2.Иманғалиев А., Садықова А. Өзіндік жұмыс – ізденіс айнасы // Қазақстан мектебі. № 10, 1990.

3.Основы вузовской педагогики. –М., 1972.

4.Прогрессивные формы обучения. –Волгоград, 1978.