Филологические науки.

1.Методика  преподавания языка и литературы

Д.ф.н., проф. Мадибаева К.

Национальный университет им. аль-Фараби, Казахстан

Қазақ әдебиетінің ХІХ ғасырдағы ауызшадан жазбашаға ойысу нышандары

ХІХ ғасыр ішінде байырғы әдеби үрдіс ауызшадан жазбашаға өту дәуірін бастан кешті (М. Әуезов).

Жазып шығару, ендігі ел тарихы, ел тұрмысы қазақ өлеңіне түр жөнінен де, мазмұндық та өзгеріс әкелді. Құлмат Өмірәлиев бұл өзгерістің басына Дулат Бабатайұлын қояды. “Дулат қаламды қолға алып, сөзді жазып шығарды, өлең сөздегі формашылдық дәуірді бастады” (1, 85 б.).

Бұл тұста ғалым Дулаттан ілгерідегі суырып салып айтып алып, сонан соң хатқа түсірді, шәкірттері ептеп редакциялады дегенді айтып, Шортанбай, Нысанбайларды сол топқа жатқызады.

“Дулат өлеңдеріне тән өлшем-өрнектердің қайсыбірі кісіні өте көне дәуірге жетелесе, ал енді бір парасы Абай өлеңдеріне, өлшем-өрнектеріне әкеледі” (1, 88 б.).

Қ. Жұмалиев Дулат өлеңіндегі бір ерекшелікке назар аудару қажеттігін айтқан еді: “Бір шумақ өлеңде үш жолы шұбыртпалы, екі жолы егіз ұйқас болып келетін өлеңдерді біз тек қана Дулаттан кездестіреміз. Бұл ол кездегі ақындардың басқаларында жоқ. Жалпы қазақ өлең құрылысының дамуын зерттеуде бұған тоқталмай кетуге болмайды” (2, 108 б.).

Қ. Өмірәлиев М. Қашқаридың “Сөздігіндегі” өлең-жыр үлгісін келтіріп, Дулаттың ХІ ғасырдағы түрік поэзиясының ауызша, жазбаша үлгілеріндегі аааб әәәб – вввб… – ұйқасы 7-8 буынды өлеңді қайталайтынын көрсететіп, қазақтың ауызша поэзиясы бұл үлгіні өте ертеде салттан шығарды дейді.

Ғалымның бір үлгідегі өлең-жырды ауызша, жазбаша деп бөлудегі шек не деп мәселе қоюы қазақ өлеңін тұтас қарастырудағы орны өз алдына,
ХІХ ғасырдағы өлең сөздің өзгеріс-өлшемін байыптауда, әсіресе жаңа жазба әдебиет үлгісіндегі өлеңнің ішін ашуда үнемі ескеріліп отыратын елеулі шарт болса керек.

Құлмат Өмірәлиев айтулы теоретик Зәки Ахметовтің тұжырымын келтіре отырып, ол үлгілерді Абайдан іздегеніне орайластыра отырып, ғалымның жыр өлшемімен жазылған жанрлық сипаты өзгеше лирикалық өлеңдер дегенді тану мәселесін қозғайды.

Өлеңді ұйқасты жолдардың сипатына қарай жіктеу (буын санының бірдейлігіне қарамай Қ.М.) – ауызша өлең мен жазбаша өлеңнің, жыр мен порымы бірдей көрінгенмен, жаратылысы бөлек лириканың айырмасын ажыратудағы теориялық меже түріндегі өлеңтану тәсілі. Осы аса мәнді теориялық тұжырымды өлең сөздің жаратылысын тануда біліп, ескеріп отыру үрдіске айнала қоймаған сияқты.

Мұны ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерінің даусыз, басы ашық авторсыз фольклор үлгілері өз алдына, басқа нұсқалардың ауызша әдебиет пен жазбашаға қатысын болжауда теориялық бір меже есебінде ескеріп отыру жөн көрінеді.

Және бір меже – М. Әуезовтің жазбаша әдебиет қоғамның рухани қалпында белгілі бір бет, бағыт, сарын пайда болған уақытта туды деген қисынын шығарманың негізгі сарын, желілері арқылы (өлең үлгісі, құрылымы емес – Қ.М.) қарастырып, ажыратып отыруды ұстанған дұрыс сияқты.

Дулат осы тұрғыдан келгенде жыр өлшемімен жазылса да “жыр” деп аталмайтын жанрлық сипаты өзгеше лирикалық өлеңді жасаған ақын”
(Қ. Өмірәлиев).

Қ. Өмірәлиев Дулат өлеңді әрі айтып, әрі жазып шығарған дейді. Ол – Дулат пен Абайдың бірнеше өлеңінің жасалу тәсілі, айтылу сарыны, тіпті көзқарас жөнінен өте жақын келетінін алғаш атап көрсеткен ғалым.

Дулаттың “өзгеше лирикалық” өлеңі ауызша әдебиет үлгісіндегі ұйқас үшін, ойға баспалдақ үшін көмек етер жанама жол, жанама сөзден таза.

Абайдың “Болыс болдым, мінеки”, Дулаттың “Сөзім бар да көзім жоғы”. “Ел жақсысының” сипатын Дулат та, Абай да көбіне бір көзбен көріп, бір жүрекпен сезіп сипаттайды.

Қ. Өмірәлиевтің ауызша мен жазба әдебиет мәселелерін қарастырғанда
А. Байтұрсынов, М. Әуезов, т.б. ғалымдардың пікірлерімен иықтас тұрған мәселелі, мәйекті түйін жасап отырады.

Қ. Өмірәлиев әдебиет күйін (ХІХ ғ. орта тұсындағы) жанрлық жақтан қарастыруында сол әдебиетті туғызушылар құрамын, олардың даралық сипатын айырып, ажыратып топтайды.

Мәселен: “Сөйтіп, ХІХ ғасырдың орта тұсындағы қазақ поэзиясы, әрі оның шығарушылары жайлы мынаны айтуға болар еді: біріншіден, (астын сызған біз – Қ.М.) би ақындар болды, олар байырғы дәстүрмен, үлгімен тақпақ сөздер, мақалды сөздер жасады; екінші, сарай ақындары болды, олар мақтау жырлар жаратты; үшінші, айтыс ақындары болды, олар мақтау өлеңдер мен айтыс өлеңдерді шығарды; төртінші, шығыс әдебиетіндегі ғашықтар жайлы сюжеттерді (әрі қиссаларды) қайта жаңғыртып жазатын кәсіпқой ақындар болды, олар жыр, өлең үлгісіндегі ғашықтық дастандарды туғызды; бесінші, дін ислам өкілдері жайлы шығармалардан сюжет алып, өлең үлгісінде қисса жазатын молда ақындар болды; алтыншы, әрі айтысқа түсетін, әрі ауызша да, жазба түрде де толғау жыр шығаратын ақындардың жаңа тобы көрінді” (1, 81 б.).

Заманалық өзгерістер туғызған жаңа мазмұн өлеңге жаңа түр әкелетіндігі жайлы әдебиеттану ғылымында айтудай-ақ айтылды. Мәселен, Махамбет ақынның көтеріліс тіліндегі жырлары.

Жалпы, дұрысы, сол әдебиет жасаған дәуірге аса жақын, әрі сол үлгілердің бірталайы әлі де қалпы бұзылмай сақталып отырған кезде оларды теориялық сарапқа салған Ахмет Байтұрсыновтың қисындарын ХІХ ғасыр әдебиетінің көркемдік жүйесін саралауда негізгі тұғыр етіп алған жөн. Орыс әдебиеттану ғылымы арқылы мәжбүрлеп қабыстырған көп теорияға қазақ әдебиетінің жаратылысы келе бермейтін, бүйректен-сирақ шығып тұрғандай тұстарды қисындап, қиқымдап келістірген уақыттарымыз болғаны рас. Бұл әсіресе фольклортануда, қазақтың ХІХ ғасырдағы әдебиетін тануда байқалып отырды.

Әдеби мұраның өзіндік, ұлттық сипатын тануда А. Байтұрсынұлы “Әдебиет танытқышының” орны өлшеусіз.

А. Байтұрсынұлы ХІХ ғасырдағы ауыз әдебиет үлгілерін, ауызша әдебиетті, жазу әдебиетті арнайы, солай атаулап (ХІХ ғасыр әдебиеті деп – Қ.М.) бөліп отырмағанымен, тура сол жәдігерлерді қарастырғаны даусыз, айқын тұстар, тұжырымдар бар.

А. Байтұрсынұлы – ХІХ ғасырдағы тарихи жырлардың табиғатын алғаш барша айырым белгісімен таныған, әрі оған нақтылы қысқа-нұсқа теориялық негіздеме жасаған зерттеуші.

“3. Әуезе жыры. Қазақтың ерте заманда ерлік қылған адамдарының ерлігін, батырлығын жыр қылып шығарған сөздер ертек жыр деп аталатыны жоғарыда арнайы әдебиет туралы сөз болғанда айтылып еді. Нақ сондай болмағанмен, соған ұқсас сөздер ділмар әдебиетте де болады. Ұлт өмірінде болған, ұлт тарихына жазылған, яки халық аузында әуезе болып айтылып жүрген уақиғаны алып, яки уақиғада халықтың еткен қайратын, азаматтың көрсеткен өнерін, жігерін, ерлігін, намысқорлығын, яки адамшылығын әдемі түрде әсерлі сөзбен жыр қылып шығару бар. Сыпайы әдебиеттің сол сияқты шығармалары әуезе жыр деп аталады” (3, 45 б.).

Толғау түрлеріне тоқталуда А. Байтұрсынұлы кәдімгі лирикаға анықтама беретіні белгілі. Мысалға Абайдың “Адамның кейбір кездері” өлеңін алады.

Қазақ әдебиетінің қайталанбас қас ерекшеліктері аз емес. Сол орайда ауыз әдебиеті үлгілерінің профессионал әдебиетке ойысу, айналу үрдісін тану, табу, ғылыми негізден айқындап көрсету – әлемдік әдебиеттануда тек қазақ әдебиетінің ғана теориялық еншісі болып көрінеді. Сол үрдісті танудың басындағы кәделі орын – Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттануындағы тарихи орны.

Қазақ әдебиетінің тарихындағы фольклор дәстүрі әдебиеттану ғылымында ендігі кезеңде ауқымды зерттеулерге ұласып отыр. Мәселенің мәні – оның сарқылмайтын, таусылмайтын көркемдік негіздерден құйылған шығармашылық өзгеше жаратылыс сырында. Осы жөнде Жанғара Дәдебаев былай дейді: “Жалпы қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуы мен дамуында, жанрлық салалануында фольклордың қызметі мен мәні арнайы зерттеуге лайық үлкен проблема ғой деп ойлаймыз” (4, 181 б.).

Қ. Өмірәлиевтің ХІХ ғасырдағы әдебиеттің жанрлық, стильдік жөндерін ғылыми негіздеудегі құнды тұжырымның бірі – өлеңді композициялық құрылысына қарай жіктеу өлеңнің әу баста ауызша я жазбаша туғандығын анықтаудағы жүйелі шешімін таппаған даулы қисын екендігін атап көрсетуі.

Ғалымның қазақ поэзиясындағы сурып салып айтатын өлеңнің екі түрін айырып көрсетіп, олардың мәнін жыраулық моделі дайын терме өлеңдер мен ол модель жарамсыз арнау өлеңдердің өзгешелігі арқылы ашуы – негізсіз емес.

Х. Досмұхамедұлын “Қазақ халық әдебиеті” еңбегінде қазақтың еуропа үлгісіндегі жаңа жазба әдебиеті дейтін мәселені анық-анық қойып, кәнігі әдебиеттанушы деңгейінде түйін түйіп отырған. Әдебиеттің зерттеу, теориялық, тарихи мәселелерін өз баяндамасында қарастырмайтынын айтып отырғанының өзінде қаншама ғылыми жүйе, жүлге жатыр.

“Осы “ақтаңдақтың” орнын толтыру үшін біз мүмкіндігінше қазақ халық әдебиеті мазмұнын баяндай отырып, жіктеп-жіліктеп, сондай-ақ үлгілері мен бұлақ-көздерін көрсете отырып, барынша сығымдалған түрде оның ықшам очеркін жазып шығуды мақсат тұтып отырмыз. Біз, әрине, халық әдебиетінің даму тарихын мүлде сөз етпейміз, сол секілді бұл әдебиеттің осылайша жан-жақты дамуына ықпал еткен себептер мен жағдайларға, сырттан болған әсерлер мен қазақтарға туыстас халықтардың халық әдебиеттерімен өзара ауыс-түйіс мәселелеріне де тоқталмаймыз. Біз халық әдебиетінің қазіргі еуропаланған қазақ көркем әдебиетінің пайда болуы мен дамуындағы рөліне (орнына) және осы жаңа әдебиеттің жекелеген өкілдеріне оның ықпалын талдамаймыз” (5, 14 б.).

Осы мәселе әлі де күн тәртібінде.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.Өмірәлиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры және стилі. – Алматы, 1983. – 240 б.

2.Әдеби мұра және оны зерттеу. – Алматы, 1991. – 376 б.

3.Байтұрсынұлы А. Ақ жол. – Алматы, 1991. – 464 б.

4.Дәдебаев Ж. Қазіргі қазақ әдебиеті. – Алматы, 2002. – 385 б.

5.Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы, 1991. – 176 б.