Филологичекие науки/

1.Методика преподования язык и литературы

Магистрант Конарбаева К.

Казахский национальный университет им. аль-Фараби

                                 Абай және Шығыс әдебиеті

Әлемдік әдебиеттердің өзара байланысы, түрлі халықтардың көркем сөз өнерінің бір-біріне ықпал-әсерін зерттеу жан-жақты зерттей түсуді қажет етіп отырған көкейкесті мәселе болып отыр. Әсіресе, мұсылмандық Шығыс елдері классикалық поэзиясы мен қисса-хикаяттарының қазақ әдебиетіне жасаған ықпалы ерекше назар аударады. Соңғы жылдары бұл салада бірқатар зерттеулер жарық көрді. Олар: Ө.Күмісбаев, Ш.Сәтбаева, Б.Әбдіғазиев, Н.Келімбетов, [1] т.б. ғалымдардың осы мәселе жөніндегі зерттеулері. Алайда Шығыс әдебиетінің әсері арқылы қазақ көркем сөз өнерінде пайда болған нәзира дәстүрі күні бүгінге дейін кең көлемде, арнайы зерттеу объектісі болған емес десек артық айтқандық емес. Ал қазақтың өзіндік төл әдебиетінің қалыптасуына негіз болған қайнар бастаулардың бірі - Шығыстың классикалық поэзиясы екені мәлім. Шығыстың классикалық поэзиясы өзінің көп ғасырлық тарихы бар нәзира дәстүрі арқылы қазақ әдебиетін тақырып, мазмұн, форма, көріктеу құралдары, стиль және тілдік жағынан едәуір байытып, сөз өнеріне тың екпін, өзгеше ажар берді. Енді Шығыстың классикалық поэзиясындағы нәзира дәстүрінің тарихына тоқталсақ. Шығыс поэзиясында барша оқырман қауымға бұрыннан мәлім болған белгілі бір сюжетті бірнеше ақын өзара жарысып, шеберлік сынасып жырлай беретін болған.     «Осы іспеттес әдеби құбылысты, қазақ әдебиеті тарихында Абай өз поэмалары мен аудармаларында нәзирагөйлік дәстүрді қолданып өзі ұстанған мораль философиясы негізінде творчестволық шеберлікпен жырлаған ақындық тәсілді М.Әуезов ерте сезініп, бұл туралы Абайтану саласында алғаш рет пікір білдірді»[8,30-31].
             Абай шығармаларының жалпы Шығыс дүниесімен байланысы жастық шағынан басталып өмірінің соңына дейінгі аралыққа созылған желідей орын алып, әр кезеңде әр түрлі деңгейдің дәрежесінде көріну процесіне ғұлама ғалым ерекше ден қояды. Абайдың Шығыс классиктерімен ара қатынасын М.Әуезов өз зерттеулерінде екі кезеңге бөле қарайды. Бірінші кезең балаң ақынның таза еліктеу жылдары 1860-1865 жылдарды қамтыса, екінші кезең 1886 жылдан өмірінің соңына дейін созылған екі аралықтағы шын мәніндегі екшеу, меңгеру жолындағы шығармашылық процесті қамтиды. Алайда поэма жанрын Абай өз шығармашылығында баса назар аударған деп айта алмаймыз. Ол туралы М.Әуезов былай түсіндіреді: «Тегінде, Абай поэма жазуды өзіне мақсат етпеген тәрізді. «Әзірет Әлі айдаһарды жазғаным жоқ. Сарала қазды жырлағам жоқ» - деп, бір кезек айтса, тағы бір уақытта «ел шапқан батырды, қызықты қыздырмалап айтсам, қызығып тыңдар едің» - деп оқушыны шеней түседі. Жай бос уақыт өткізетін қызшыл, қызықшыл, қысыр кеңесті құмарланып тыңдар едің - дейді. Ондай әңгімелі өлеңдерден Абай өзі ойлаған өсиеттік адамгершілік, терең тәлім-тәрбие туа қоймайтындай көретін. Өз басының ұзақ ақындық еңбегі бойында, Абай поэма жанрына анықтап зер салған жоқ. Тек кейін, тәрбиесінен шыққан шәкірт ақындарына ғана әр алуан тақырыптар беріп, анық поэма дерлік күрделі сюжеті бар шығармаларды соларға жазғызды... Өзі көп дәстүрлерін қабылдаған орыс классиктері: Пушкин, Лермонтовтың не Байрон сияқты Европа классигінің анық үлкен поэма жазудағы өрнектеріне Абай бой ұрмады. Олардың поэмалары кең өмірді мол қамтитын кейде роман, поэма, кейде қалың оқиғалы, шытырман шебер тартысы бар романтикалық поэма боп, көркем, шебер қалыптанса да, Абай сол жанрға қызықпайды» [2, 144-145].  

Көркем әдебиетте Ескендірдің бейнесін жасау біздің заманымызға дейінгі VІ ғасырдың өзінде-ақ әдеби дәстүрге айналғаны мәлім. Ескендірдің өмірі мен қызметі туралы нақтылы тарихи деректер болмады. Мұның өзі әрбір автордың Ескендір бейнесін өз қалауынша жасауына мүмкіндік берді. Әрбір қаламгер ең әділ, ең жақсы патша қандай болу керек деген сауалға өзінше жауап берді. Олар өнегелі патшаға тән ең жақсы қасиеттердің бәрін Ескендір бейнесіне үйіп-төкті. Бұл туралы Е.Э.Бертельс: Ескендір жөніндегі туындылар─бұл тек көркем шығарма ғана емес, сонымен бірге, ел билеушілерге жол-жоба көрсетіп отыратын «киелі айна» секілді ерекше шығарма, әрі әрбір дәуірдің саяси даналығының жинағы екенін айта келіп, Низами, Хосрау, Жәми, Науаи жазған Ескендір жөніндегі дастандардың кіріспе бәйіттерін бір-бірімен салыстырып талдайды. Ғалымның осы салыстыруын тәржіма жасамай сол күйінде, яғни орыс тілінде оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік: «Сравним вступительные бейты всех четырех крупнейших авторов «Искандар-наме».

Низами:
О боже, господство над миром - тебе,
От нас служение происходит, господство - тебе.
Амир Хосров:
О царь, над миром господство-тебе,
От предвечности до бесконечности царство-тебе.
Джами:
О господи, совершенство божественности - тебе,
Красота господство над миром - тебе.
Навои:
О боже, господство, бесспорно - тебе,
Один шах но привычка его-нищенствовать перед тобой.

Сопостовление этих четырех бейтов очень показательно. Во-первых, совершенно ясно, что бейт Низами задал основной тон и что все три преемника с этим в полной мере считаются. Это понятно, ибо это одно из условий назира. Но далее интересно расхождение четырех авторов. Основная мысль у всех четырех примерно одна и та же, но модификация ее оформления различна»[5.382-383].
            Ұлы ақын дәстүрлі тақырыпқа шығарма жазудың Шығыстық әдісі нәзирагөйлікті жан-жақты меңгерген, оны қазақ топырағына лайықты етіп белгілі дәрежеде дамыта түскен мәңгілік өнер иесі ретінде дәріптеледі. Абай Құнанбайұлының дәстүрлі тақырыптарды, сюжеттерді, образдарды, көріктеу құралдарын бетке ұстай отырып, мазмұны мен формасы жағынан, идеясы мен сюжеті тұрғысынан мүлдем жаңа шығармалар жазуы суреткер ретінде даралығын танытып, мұхит тектес сарқылмас мұра иесі екендігін танытады.
Сөзімізді түйіндей айтсақ, Абай шығармаларындағы назирагөйлік дәстүрдің зерттелу тарихын ғылыми тұрғыдан жүйелеу – ұлы ақын шығармаларындағы назирагөйлік дәстүрдің түбегейлі зерттелуіне жол ашады деген ойдамыз.

 

Пайдаланған әдебиеттер


1. Мырзахметов М. Ақын творчествосындағы нәзирагөйлік дәстүр //Жетісу. 1985,
2. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. Алматы, 1959.
3. Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. І том. Алматы:
«Жазушы», 1995-336 б.
4. М.О.Әуезов Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (Монография) Шығ. 12 томдық, 12-том
А.
«Жазушы» 1969 жыл, 533-бет
5. М.Мырзахметов Абай және Шығыс. 1995 жыл
8. М.Мырзахметов Ақын творчествосындағы нәзирагөйлік дәстүр Жетісу 1985, 10-тамыз