Филология
Ыбырайым Әзімхан Оразбайұлы
М.Х.Дулати
атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан
Мәтінді
редакторлық сараптаудан өткізудің негіздері
Редактордың автормен
жұмыс істеуі көптеген психологиялық және этикалық
күрделі проблемалармен байланысты. Редактор мәтіннің сапасын
бақылаушы кәсіби маман ретінде мәтіннің авторлық нұсқасына
араласып, өзгерістер енгізуге құқылы. Алайда, осы жерде
«оның араласуы қалай жүзеге асырылады?» - деген
алғашқы сұрақ туындайды.
Тәжірибелі редакторлар «редактор
мен автордың мәтін туралы ой туындағаннан бастап
басылымға жіберілгенше келісе отырып жұмыс істегені өте
дұрыс» деп есептейді. Автор мен редактор мәтіннің
концепциясын: оның тақырыбы мен проблемасын, мағыналық
басымдығының дәлдігін, тұжырымдары мен нәтижелерін
талқылайды, оның әдеби формасын бағалайды. Редактор
түзетудің нұсқаларын ұсынады, ал автор редактор
ескертпелерінің негізділігіне қарай өзгерістерді өзі
енгізеді.
Алайда,
бұқаралық комуникация барысында редактордың өзіне
мәтінді басылымға дайындауына жиі тура келеді. Бұл
жағдай оған қосымша жауапкершілік жүктеп, кәсіби
дайындықты талап етеді. Қандай жағдайда да автор
мәтіннің түзетілген нұсқасымен оны
жариялауға дейін танысып шығуға тиіс. Бұл –
кәсіби этиканың міндетті талабы. Өкінішке орай, жұмыс
барысында көбінесе бұл талап орындалмай қалады да, оның
соңы редактор мен автор арасындағы түрлі шиеленіске, тіпті кейде
сот қарауына әкеліп соқтырып жатады.
Редактор мәтінмен
жұмыс істеу барысында өзін автордың орнына қойып,
оның логикасын, тақырыпқа деген көзқарасын
материалдық проблемаларын, стильдің даралық ерекшеліктерін түсінуге
тиіс, содан кейін ғана түзету нұсқаларын ұсына
алады. Авторлық түпнұсқаның мазмұнына жете мән бермеу,
оның стилистикасын тиісті деңгейде түсіне білуге
қабілетінің жетпеуі, дәлелсіз, субъективті ескертпелер мен
түзетулер – шығарманың мағынасы мен формасын бұрмалауға
жасалған алғашқы қадам және ол өзара
шиеленіс үшін негізгі себеп болып табылады. Редактор ұсынған
түзетулер авторлық мәтіннің мазмұнына,
композициясы мен стиліне толық сәйкес келіп, оны ажарландырып,
нәрлендіріп тұруы тиіс. Олай болмаған жағдайда редактор
енгізген түзетулер мәнсіз болып шығады. Автор мен
редактордың нұсқалары, мазмұны, стилі, құрылымы
жағынан бірдей деңгейде болса, онда басымдық автор
нұсқасына беріледі. Сондай-ақ, түзетудің
қажеттілігін сауатты негіздей білу керек, олай болмаған
жағдайда редактордың автормен тіл табысуы өте қиын
болады.
Егер автордың
нұсқасы баяндаудың немесе ойды жеткізудің
қалыптасқан нормадан тыс формалармен берілсе, оны жалпыға
белгілі үлгілерге салып түзетуге асығудың қажеті
жоқ, өйткені баяндаудың дәл осы тәсілі,
ойдың ішкі қатпарларын жеткізудің тиімді тәсілі болып
шығуы мүмкін.
Авторды кәсіби маман ретінде
түсіну, нақтылайтын сұрақтарды дәл қоя
білу, бір қарағанда оңай әрекеттер сияқты
көрінеді. Алайда бұл – өте күрделі процесс. Кейде
мәтіннің өзі оны түрліше түсінуге итермелейді
(бұл әсіресе сөздерді
дұрыс немесе дәлдікпен қолданбағанда анық
көрінеді) және автор мен редактордың әртүрлі
өмір тәжірибесі, өмірлік ұстанымы мен
көзқарасының ерекшеліктері бір мәтінді
әртүрлі мағынада түсінуге, бір жағдайды
әртүрлі көруге (бағалауға) соқтырады.
Төменде интернеттен алынған кейбір
мәтіндерге назар аударып көрелік:
– Құрметтi
Ректор мырза! Екiншi мамандықты (сырттай бөлiм) грант есебiнде оқуға
бола ма?
– Құрметті Әсел!
Екінші жоғары білімді сырттай және мемлекеттік грантта оқи алмайсыз. Қойылған сұрақ пен берілген жауапты бір оқығанда ешқандай кемшілік жоқ сияқты. Алайда, берілген жауапқа мұқият назар аударсақ, автор ойын дұрыс жеткізе алмағанын көреміз. Бұл жерде жауап беруші екінші жоғары білімді сырттай бөлімде мемлекеттік грант есебінде оқи алмайтынын, ал ақылы негізде оқуға болатынын айтқысы келіп отыр. Ал мәтінде екінші жоғары білімді сырттай ақылы негізде де, мемлекеттік грант негізінде де ала алмайтынымыз туралы ақпарат берілген.
Немесе
NOMAD көлікті сақтандыру
компаниясының жарнамасына назар аударайық:
Полис
сатып алда, қосымша сыйлық ал (Купи полис и получи подарок).
Бұл
сөйлемдегі да шылауының
дұрыс жазылмауына байланысты, жарнама мәтіні мүлдем
басқа мағынаны білдіріп тұр. Мәтін мазмұны «полисті алдап сатып, қосымша
сыйлыққа ие бол» деген екінші мағынаға
итермелейді.
Сондай-ақ, авторлық
тұжырым да, өз кезегінде, баспагер мен тапсырыс берушінің
мақсаты мен саясатын, ең бастысы бұқаралық ақпарат құралдары
қызметінің кәсіби нормаларын ескеруі тиіс. Заң
жүзінде олар бұқаралық ақпараттар туралы, жарнама
туралы, авторлық құқық туралы заңдармен,
азаматтық кодекспен, өркениетті елдердің көпшілігінде
қабылданған кәсіби-этикалық ережелердің жиынтығымен
реттеледі. Мысалы, БАҚ пен саяси нормаларда мемлекеттік және
коммерциялық құпия болып табылатын мәліметтерді
жариялауға, жала жабуға, яғни жеке адамның ар-намысына
тиетін ақпараттарды жариялауға болмайды, баяндаудың қорлау
тәсіліне жол берілмейді. Тұтынушының жарнамаларда
тауардың сапасы туралы күмәнді мәліметтерді
жариялауға, оның құндылығын арттыруға,
бәсекелестердің беделін төмендетуге жол берілмейді.
Автор мен редактордың
өзара қатынасында «Редактор мәтінге қаншалықты
өзгеріс енгізе алады?» деген маңызды сұрақ туындайды.
Бұған қысқаша жауап та дайын: редактор автор емес, тек
оның көмекшісі, редактор мәтіннің мазмұны мен
формасын, автордың стилі мен тұжырымы шегінен шықпай
жетілдіреді. Автордың ойын бұрмалауға және тек өзіндік
әуестігі негізінде стильді өзгертуге болмайды. Яғни,
редактордың ескертпелері мен түзетулері автордың
ұстанымын ескерген және объективті болуы тиіс.
Автор белгілі тақырыпты
жазуды жоспарлаған кезде редактордың оған өз идеясын,
өз пайымын, талабын, тұжырымын жүктеп, қысым жасауы
жөн емес. Бұл арада редактордың жәрдемші, кеңесші
рөлін атқарғаны жөн. Жазу тәжірибесі аз жас автор
редактордың ықпалынан шыға алмай, жалтақтап,
ойлағанын толық жүзеге асыра алмайды. Сөйтіп, сайып келгенде,
қолжазба бәрібір сапасыз болып шығады.
Редактордың авторға
дәйекті көмек көрсеткісі келсе, онда сол автордың
шығармасымен мұқият танысып, оның иесіне өз
идеясын өрістете түсуге және соны мазмұнды, жүйелі,
құнды етіп жеткізуге көмек беруі тиіс. Ол үшін,
ең алдымен, редактордың өзінің саяси-идеялық
сауатты, жан-жақты танымдық білімді маман қаламгер болуы
шарт. Оның ғылым мен техниканың, халық
шаруашылығының, мәдениеттің, мемлекеттік саясаттың
даму бағыттарымен толық хабардар болғаны жөн. Редактор
өмірдегі жаңа құбылыстарды, жаңалықтарды,
өзгерістерді көріп-біліп, қадағалап жүретін адам
болуға тиісті.
Мәтінді кәсіби талдай
білу дағдысы өзін-өзі редакциялау барысында да (мәтінін
жетілдіру) өте пайдалы. Мұнда да нұсқаларды
бағалаудың төмендегідей өлшемдері қолданылады:
әдеби формасының материалдың тақырыбына, мақсаты
мен адресатына сәйкес келуі.
Автор үшін ең
күрделісі – мәтіннің тақырыбына қатысты
өзіне белгілі барлық мәліметтерді мүлдем назарға
алмау. Шын мәнінде, ол жазғанынан көп біледі және жағдайдың
нақтылығын мәтінде көрсетілгеннен басқаша
көреді. Автордың тақырыппен дәл осы таныстығы
оған материалдың мазмұнындағы проблемаларды
байқауға, оқырманға негізсіз немесе қатыссыз
болып табылатын мәліметтерді көре білуге кедергі жасайды.
Өзін-өзі
редакциялауға кіріспес бұрын мәтінді белгілі бір
уақытқа дейін тығып тастау керек, оны редакторлардың
тілінде «суытып алу» (дать отлежаться) деп атайды. Автор мәтіннен біраз
уақыт шеттеп, өз мәтінін редактор мен оқырман
көзқарасымен қабылдау қасиетіне ие болу
мүмкіндігін алады.
Шеттеудің бірнеше
деңгейлері бар: біріншісі – шеттеудің ең төменгі
деңгейі. Соның өзінде автор «суытылған»
қолжазбаны қайта қолға алғанда, оған
басқаша қарайтын болады. Өзін-өзі редакциялау осы
кезеңде жүзеге асырылады. Мұнда автордың материалдан
қашықтауы тым шартты түрде ғана
болғандықтан, жұмыстың сәттілігі мәтінді
бағалау мен түзетудің кәсіби шеберлігіне тікелей
байланысты болады.
Шеттеудің екінші
деңгейі – қолжазбамен редактормен бірлесе жұмыс жасау
және ең жоғарғысы – оны жариялау. Бұл
кезеңде автор да мәтінді мүлдем басқаша көзбен
көреді, алайда, өкінішке орай, оған ешқандай
өзгеріс енгізе алмайды. Сондықтан, өкініп қалмау
үшін, автор дайындық кезеңнің өзінде
мәтіннің формасы мен мазмұнының түпкі ой мен
ойдағы мұратқа барынша сәйкес келуіне ерекше тырысуы
керек. Бұл мақсатқа қол жеткізудің жолы біреу
ғана: мәтінді кәсіби шеберлікпен талдап, түзете білу
дағдысын үнемі дамыту.
Редактор – баспа мен газеттегі
негізгі тұлға, шығармашылық күш. Ол – автор мен
оқырман қауым арасындағы байланыс, қатынасқа
дәнекерші. Мұны ол қоғамдық міндеті –
баспасөз майданындағы қызметі арқылы жүзеге
асырып отырады.
Редактор авторға
қолжазбасын жарыққа шығаруға
шығармашылық көмек көрсеткенде
соңғыға шығарма жазып беруге міндетті емес.
Сондай-ақ, оның баспаға, редакцияға
қабылданған жұмысты автормен келіспей, өзінше
қайта жазуға да қақысы жоқ. Ол тек
қолтуманың идеялық-саяси, ғылыми,
ұйымдастырушылық, үйлестірушілік мазмұнды
тәрбиелік сапасын, тіл-стильдік мәнін, жұмыстың
құрылымын және басқа да қырларын жетілдіруші,
қырнап ұстаралаушы, ретке келтіруші.
Редактордың
өңдеуінен шыққан қолжазба ғылымилық,
хабарланған ақпараттың фактілік сенімділігі, баяндалған
теорияның, болжамның немесе оқиға, құбылыс
версиясының ақыл-ойға қонымдылығы, авторлық
баяндаудың логикалық жүйелілігі сиятқты талаптарға
сай келуі тиіс.
Әдебиет
1.Стилистика и литературное
редактирование. Под.ред. В.И.Максимова. –М.: ГАРДАРИКИ, 2004.
2.Колесников Н.П. Стилистика и
литератуное редактриование. –Москва-Ростов-на-Дону, 2003.
3.Былинский К.И. Литературное
редактирование газеты. –М., 1953.
4.Бектемісов Ә., Ыдырысов А.
Редактор мен корректорға көмекші құрал. –Алматы:
Мектеп, 1978.
5.Накарякова К.М. Литературное
редактирование. –М., 1994.