Тулегенова Шынар Исланбекқызы

аға оқытушы, филология магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

 

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПОЭМАЛАРЫНДАҒЫ КЕНЕСАРЫ-НАУРЫЗБАЙ БЕЙНЕСІ

 

Қоғамдағы әлеуметтік-саяси түбірлі өзгерістердің ең алдымен өнерде көрініс табатыны, бұл өзгерістердің  оны соны өзгерістерге, тың ізденістерге бастайтыны ежелден мағлұм жайт. Өйткені, қай-қай замандарда, уақытта да өнердің қандай бір түрі болмасын өмір шындығынан нәр алады және сол шындықты танытушы болады. Бұл өнердің қоғамға қызмет етуі деген сөз. Өмір өзгерістеріне, уақыт, қоғам алға қойып отырған идеал-мұраттарға  қызмет етпеген өнер – өлі.

Тәуелсіздік біздің бәрін өзгеден іздеп, өзгені өнеге тұтып үйренген құлдық санамызға түбірлі өзгеріс әкелді. Қазақ та өзге жұрттай іргелі ұлт, оның да өзіндік тарихы, әдет-салты, ерлік, елдік дәстүрі бар екеніне көзін ашты. «Өз жақсыңды жаттай таны, жат жанынан түңілсін» дейді. Бұл түсінік санамызға төңкерістің басы болды. Тәуелсіздіктің басты тағылымы осы. Тәуелсіздік әдебиетке тың идеялар мен тақырыптар әкелді. «Құпиялардың» кілтін берді, бұрын жетпіс жыл бойына айтылмай келген «ақтаңдақтар», экология, ұлы қайраткерлер өмірінің азабы мен ғажабы, ұлттың аза бастауы мен тоза бастауының саяси-әлеуметтік, тарихи себеп-салдарын жазу мүмкіндігі толығынан туып отыр.

Бүгінгі тәуелсіздігіміздің, егемендігіміздің негізі ата-баба арманында, осы асыл мұратқа ғұмырларын сарп еткен талай күрескерлер ұрпақтың тағылымды тағдырларында жатыр десек, сондай жарқын оқиғалар Тәуелсіздік үшін күрес екені даусыз.

Қазақ қаламгерлері тарихи тақырыпты тәуелсіздік мұраттары рухында жаңаша  қарастырып, жемісті игеріп келеді. Мұның айғағы белгілі ақын, Жамбыл мен Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың  лауреаты Несіпбек Айтұлының «Ақмола шайқасы», Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Серікбай Оспановтың  «Шеген би», Әубәкір Қайрановтың «Кенесары», Бақыткерей Ысқақтың «Жау жүрек Жәуке» т.б. поэмалары. Бұл шығармаларда ел тәуелсіздігі жолындағы халқымыздың жан қиярлық күресі бейнеленеді.  Поэмалардан бүгінгі күнгі қазақстанның асқақ мұраты мен бостандықтың асқақ рухы айқын сезіледі.

Азаттық жолында аққан қан, төгілген тер босқа кетпепті. Бостандық таңы атып, егемен ел атандық. Терезесі тең, керегесі кең тәуелсіздік ел болып, арайлы күннің астында еркін қыраны қалықтаған аспан түсті байрағымыз асқақтап желбіреді. Күні кеше Хан Кененің өзегін өртеген Қараөткелдің бойына Отанымыздың Ордасы – Астана орнады. Іргесі бекіп, шекарасы шегеленген еліміздің мерейі арта түсті.

Несіпбек Айтұлы осы тұста тәуелсіздікті талмай толғайтын, ерлікті тынбай жырлайтын елдіктің жампоз жыршысына айналды.

Тәуелсіздікпен бірге томағасы сыпырылған сұңқардай саңқылдаған ақынның тынысы кеңейді, өрісі ұзарды. Абайдың қайғысын шынайы сезініп, Алаш арыстарының асыл мұрасымен жалғасып:

«Жер үшін жан садаға мал түгілі,

Даланың шамырқанды еркін ұлы.

Сібірдің аюына қарсы шапты,

Көкжалдың көзі қанды бөлтірігі.

 

Аузына аждаһаның жақын бармай,

Қарасын дұшпанның кім батырғандай?

Бұрқ етіп көтерілді Кенесары,

Жанартау жазық жерден атылғандай» [1.21 ],

- деп жырлаған ақын Отан, ел, жер сияқты қасиетті ұғымдар төңірегінде толғады:

«Отанның амандығы  - ұлы бақыты,

Отанның қайғысы да – ұлы қайғы!» [1.25].

Ақын «Ақмола шайқасы» поэмасында Жоңғар шапқыншылығы тұсында Ұлт ретінде құрып кетудің аз алдында қалған қазақ халқының қасіретті кезеңі  пен патшалық империя зобалаңының тақсыретін жеткізіп, тарихта болған «Ақмола» шайқасын суреттейді.

Өткенін білмеген елдің  болашағы да бұлыңғыр. Тарихи сана – ұлттық сананы қалыптастырады. Осыны  қаперде ұстаған ақын «еңсесін көтере алмай, бабалар рухын өкпелеткен» елдің ұланы ретінде тарихпен аяусыз беттеседі, сөйтіп жас ұрпақты өткеннен тағылым алуға шақырады.

Кінәлап не табамын ол ғасырды,

Сеземін сырқыраған жамбасымды,-

деп жазған ақынның мақсаты өткенді жазғыру немесе оқиғаны сол қалпында жырлап беру ғана емес. Бұл ретте тарихтың қойнауындағы шындықты іздей отырып, «ұрпаққа ақиқаттың ара-жігін ашып» көрсетуді, сол арқылы «ұйқыдағы ар-намысты оятуды» көздеген ақынға «өз-өзімен алысып, кең далаға сыймаған қазақтың» өткеніне көз жүгірту де оңайға соқпайды. Ақын сондықтан да кешегіні айта отырып, бүгінгіні де қозғайды. Екі заманды бір-бірімен, беттестіре жырлайды.

Тарих – өткенмен, немесе бүгінмен кектесу үшін емес, шындықпен беттесу үшін қажет. «Қазақтың өлісінің жаманы жоқ, тірісінің жаманнан аманы жоқ» деп ұлы Абай айтқандай, жауырды жаба тоқып, бәрін жылы жауып қоюға болмайды. «Тәуелсіздік жолында құрбан болған орыстар да ұлы, оларға қарсы қару кезенгендер де жақсы» деген түсінік тарихқа жүрмейді. Ащы да болса, ақиқат қымбат. Біз сол ақиқатты ашып ала отырып, оның тағылымынан дәріс алуымыз керек. Міне, ақын Несіпбек Айтұлының «Ақмола шайқасы» атты тарихи поэмасы да осы мақсатты көздейді.

«Қазақтың айтып бітем қай қылығын,

Сондықтан сорға батқан қайғылымын.

Жарытпас үйір салып жаман айғыр,

Алдырған төп қасқырға тай-құлынын.

 

Ел шауып, керуен тонап жау-жаламен,

Мұратқа жеткен жан жоқ олжаменен.

Болмаса кіндігінде бір кінәрат,

Ер жігіт жұртын қорғар қалжа жеген.

 

«Қазақтың өлісінде бәрі жақсы»,

Дәл басып жаманын кім танымақшы?

Ашпасаң ара-жігін ажыратып,

Шындыққа ұрпақ қалай жармақшы?

 

Қазақтың атасының бәрі батыр,

Көбісі беріде емес, арыда тұр.

Ерлігін Есім ханның еске салып,

Қасқайып Қасым ханның жолы жатыр.

Ерлік ұмытылмайды. Несіпбек Айтұлы поэмасы да осы ел есіндегі Ерлерге, ерлікке ескерткіш!

Халық ауыз әдебиеті үлгілерімен тұшынып, сусындап өскен, жыраулар поэмасын бойына терең сіңірген арқалы ақын елдік пен ерлікті арқау еткен тарихи тақырыпты, «байтақ жердің бір сүйемін жауға бермеген»батырларды көсіле жырлайды.

Сахарда хандық жүйенің жойылуы – қазақты тәуелсіздігінен ғана айырып  қоймай, оның тұтастығына да сына қағатын сұрқия саясат еді. Осыны жете түсінген Абылайдың даңқты ұрпағы қыспаққа түскен бөрідей аласұрады. Алайда

«Құзғынның төнгендігін қайдан білсін,

Қарғаның кіргеннен соң боққа басы», -

деп ақын жырлағандай, парықсыздар мұны аңғара алмады. Ағайынның алауыздығын ұтымды пайдаланғандар ақыры алып тынды. «Бөліп ал да, билей бер» қағидасын басшылыққа алған империя Хан Кененің басымен бірге еңсесі түсіп, егілген елдің еркін бірге алды. Бұл ретте.

«Байрағы бостандықтың көзден тайды,

Басымен Хан Кененің бірге құлап»,-

деп жазған ақын поэмада Ақмола үшін арпалысты суреттей отырып, Кенесары хан мен оның серіктері Тайжан, Алыпқара, Басықара батырлардың ерлік істерін бүгінгі ұрпаққа үлгі етеді.

Тарихи тақырыпты қалам тарту – қашанда қиын. Өткенге қиянат жасамай, оқиғалар мен тұлғаларға дәл, әділ баға беру үшін көп жағдайда ақынның зерделі зерттеушіге айналуына тура келеді. Көркемдік шеберлікпен қоса поэма сюжетінің салмақты, оқиға ойға қонымды, нанымды әрі шынайы болып шығуы үшін автордың көп тер төгуі керек.

Несібек Айтұлының тынымсыз ізденгені бірден байқалады. Оны осы бір ғана тарихи жырдың өзінде қаншама батырлардың аттарын атап, реті келгенде елді мекендер мен жер-су атауларына түсініктер беріп отырды. Ел арасындағы құйма құлақ шежіре деректермен шебер жымдастыратын ақын өлкенің өткеніне шолу жасап, оқырманды қолынан жетелеп отырды. Бұл – тарихи шындықты көркем шындыққа ұластырып, екі арасын жымдастыру.

Несіпбек Айтұлының ерлік пен тектілікті арқау еткен, қасиетімізді ұлықтап, қасиеттерімізді құрметтеген бұл поэмасы рухымызды асқақтатып, елдік санамызды орнықтыруға ықпал етері сөзсіз.

Шығыс пен батысты тел  еміп өскен Алаш арыстары жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерді. Ұлттық драматургия мен поэзияның негізін қалаған алыптар шоғыры қазақ поэзиясын да мазмұндық һәм көркемдік тұрғыда түрлендіріп,  байыта түсті. Ыбырай, Абай ізімен жүрген олар елдік мүддені көздеп, тәуелсіздік пен ел тұтастығын мұрат тұтты.

Сол тұстағы жаңашыл бағыттағы үлгіні бойына сіңіріп, қанатын кеңге жая түскен Алаш әдебиеті алтын тамырдан да қол үзбей ағартушылық сипатта өрбіді. Бұрынғы жыраулар миссиясын қапысыз түсінген олар ел тағдыры мен жер тағдырын өлеңнің өзегіне айналдырды.

Кеңестік кезеңде де қазақ поэзиясы жаңа биіктерді бағындырды. Алайда, ойға кісен, тілге тұсау түскен бұл жылдары сынар жоқ саясаттың ыңғайына жығылған поэзияның Ұлттық, әлеуметтік сипаты бәсең тарта бастаған еді. Ақын болудың «сыздаған барлық жараның аузында жүру» екенін білгендер «айтарын айтып кеткен» аға буынның дүбірлі дәуіріне сығалап үңіліп, болашақтан үміт күтті.

Сол үміт ақталды. Еліміз егемендік алғалы ақындарымыз еркін құлаш сермеп, кешегі ақтаңдақтардың орнын толтыруда. Айтылмаған айтылып, жазылмаған жазылып жатыр. Солардың бірі – Кенесары, Наурызбай туралы бүгінгі талап билігіне сай, шындықты айтқан жырлар.

Ақын Серікбай Оспанов «Шеген би» поэмасы да осы Тәуелсіздігіміздің арқасында өмірге келген туынды. Шығармада  Шеген бидің хан сайлауына қатысып, Кенесарыны хандыққа ұсынуы суреттеледі.

Шеген би – Ыбырай Алтынсариннің туған нағашы атасы. Ыбырай нағашылары – елін, жерін жат жерлік басқыншылардан қорғауға белсене қатысқан, әскери лауазым  - «Тархан» атағын қазақта тұңғыш алған асқақ батыр, мәмлегер Жәнібек Қошқарұлының ұрпақтары. Жәнібек тарихта Шақшақұлы деп те аталады. Шақшақ – атасы. Ыбырай Алтынсариннің ел аузындағы әңгімені жазудың бір себебі осында жатса керек.

Шежіреге сүйеніп айтсақ, батыр Шақшақтан Көшей, Көшейден Қошқар, Қошқардан Жәнібек, Жәңібектен Дәуітбай, Дәуітбайдан Мұса, Мұсадан Шеген туады.

Ақын еркіндік пен бақыт өз-өзінен келмегенін, ол бабаларымыздың білек күшімен, ерлік ісімен келгенін, сол бабалар арманын, күресін кешегі сырым Датұлы одан кейін Жоламан, Саржан, Исатай, Махамбет Кенесары, сыздық, Жанқожаның жалғастырғанын айта келіп құйма құлақ Ахметхан қарттың әңгімесі арқылы Шегеннің кім екенін былайша суреттейді:

Білмеймін алатынын тауып қайдан,

Жыр төгер болса Ахаң сауық сайран.

Тұңғышы Шақшақұлы Жәнібектің

Туыпты тоғыз бала Дәуітбайдан.

Сондайда ұмтылып қайғы-шемен,

Терлеп біз қызылкүрең шайды ішер ең.

Шомақ пен Абылай, Абыз, Мұса, Мысық –

Барлығын дейтін Ахаң бәйбішеден.

Бүгінгі болғанды айтып ерсе бізбен,

Жан еді жаңылмайтын кешегі ізден.

Шүрек пен Шүрегейі, Құралайы –

Кейінгі Құланбике шешемізден.

Ахаңның сыры ғажап көзде оқылар,

Әр айтқан түбі – шындық сөзде оты бар.

Ішінде тоғыз ұлы Дәуітбайдың

Болтайы ең кенжесі деп отырар.

Халқының жарау бақыт керегіне,

Жанашыр болсын әрбір Ер Еліне, -

Деп Ахаң би Мұсаның жеті ұлының

Ерекше тоқталатын Шегеніне [2.36].

Жоғарыда шежіреде көрсетілгендей, бұл шумақтарда аты аталған кісілердің бәрі де өмірде болған адамдар. Ыбырайдың нағашылары. Ы.Алтынсариннің Торғайға барып мектеп ашуы да осы шынжыр балақ, шұбар төс би, болыс нағашыларына байланысты, соларға сенім артып барған.

Ақын Шегеннің батырлығын, сөзге шешендігін, әділ би болғанын, Шолақ, Қазыбек, Бірімжан, Бектеміс, Өтетілеу деген бабалары  оқыған, көкірегі ашық, көңілі ояу, елге жөн көрсете білген азаматтар екенін айта келіп:

Ділдәбек, Алтынсары – жалын еді,

Сыйлады Торғай, Тобыл барлық елі.

Жеті ұлы, екі қыз – Аймен, Айшық, -

Соңында тоғыз бала қалып еді.

Көп тиген бұл тұқымның жанға себі,

Әйтпесе, бағы бұлай жанбас еді, -

Деп Ахаң сырын шертіп отыратын, -

Аймені – Ыбырайдың анасы еді.

Ұлы ұстаз Ыбырайды білмейді кім,

Қалар-ау ол болмаса күлмей күнім.

«Даланың қоңырауы атанған ер

Алты Алаш баласына бірдей бүгін.

Адамзат ағайынмен көріктенген,

Шын туыс жарты нанын бөліп берген.

Ыбырай Торғайға кеп мектеп ашса,

Нағашы жұртын әбден сеніп келген [2.38].

Бұл да тарихи шындықтың көркем  шындыққа айналуы.  Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Әуезхан Жүсіпов Жанкелдин аудандық кезіндегі «Қазақ тілі» қоғамының «Аманат» (№2, сәуір, 1991) газетіндегі «Қазақ арасындағы» тұңғыш мектеп, ол неге Торғайда ашылды? мақаласында нағашылары Шеген (1875-1848). Шегеннің балалары Қазыбек (1813-1869), Бірімжан (1817-1873) болғанын айтады. Бұл тарихи.

Торғай бойы Шегенді «Шеген би», Шеген батыр деп қадір тұтқан. Ол жайында ел аузында өлең-жырлар да баршылық.

Басықара баласы Қанапия:

Құдай артық жаратқан

Орта жүзде Шегенді.

Ешкімге тең көрмеймін

Бірімжанның бе жанын –

Өтетілеу, Бектеміс, Алтынсары,

Бәрі бүтін, теп-тегіс,-

деп жырлайды.

            Шеген биге патша үкіметінің сый-сияпаты көрсетуі де, абақтыға жабуы да лақап емес, өмірде болған жайт. Оны Орынбор әскери губернаторы мен жеке Орынбор корпусы командирі басқармасының 1845 жылғы 24 желтоқсанында Орынбор Шекара Комиссиясының төрағасына жазған хаты да (№2044) растай түседі.

            Генерал Шеген бидің хат жазғанын айтып оның мазмұнымен таныстырады. Хат мазмұнында шеген Торғай мен Ырғыз өзені бойындағы қамал құрылыстарын салуды тоқтатуды сұраған. Сондықтан құрылыстар салудың себебі Шеген биге  айтылды ма, құрылыс салу жөнінде алдын-ала ескертілді ме сол туралы құжаттар болса, соның көшірмесін беріп жіберуін өтінеді.

            1845 жылы 4 сәуірде Орынбор генерал-губернаторы Обручев поручик Гернге Кенесарыға қарасты қазақтардың санын, қанша үй, қандай рулардан тұратындығын, сұлтанның халық арасындағы абырой-беделін, кімдермен қандай қарым-қатынаста екендігін, жасағында басқа ұлт өкілдері бар-жоғын анықтауды тапсырады. Ең бастысы – Омск мен Ұлытау арасынан бекіністер салуға қолайлы орын іздестіру жүктеледі.

            Герн қолайлы деп тапқан мекендерді губернатордың жарлығымен инженер-полковник Блармберг тексеріп, Ырғыз бен Торғай өзендері бойынан екі бекініс салынады. 1845 жылдың 3 маусымында Ресей әскери министрі Князь Чернышевтің №5721-бұйрығымен Ырғыз бойындағысын Орал, Торғай бойындағысын Орынбор бекініс деп атау ұйғарылады. Бұл қамалдардың салыну себебін Орынбор шекара комиссиясының төрағасы генерал-майор М.В.Ладыженский «Бұл бекіністер қай кезеңде де болмасын Кенесары мен сол сияқты бүлікшілер үкіметке қарсы шыққандай болса, оларға тегеурінді соққы біреуге сенімді тірек болады», - деп атап көрсеткен.

            Шеген бидің ашу-ызасын келтіріп, толғандырып жүрген осы бекіністер еді.

            Ол өзінің келісімінсіз жеріне бекіністер салғаны үшін сұлтан Ахмет Жантөринге 1845 жылы мынадай кекесін хат жазады: «Сіз маған алтын алқа бердіңіз. Мойныма таққан соң мен қызға, әйелге айналым, ал барқыт шапан киіп жас жігітке айналдым... Алтын, күміс ақша алдым. Менің жерімде дала сұлтаны Ахмет бекініс салып маған орыстан әскер берді. Не істеуіміз керек? Мен Ахметке ризамын. Тек қана басымызға шаш киіп, аузымызды мұртпен жабу ғана қалды. Оны да істеймін әлі! Біздің дініміз бір және тіліміз де бір. Сіз осындай іс жасауға жол бердіңіз. Мен дәрменсізбін. Сіздің патшадан рақым сұрамаймын деген уәдеңізге сеніп қалған едік, бірақ мынадай күтпеген  оқиға болды және неден болғанын білмейміз. Менің ойымша, сен тақтық сұлтандықтан, ал мен би лауазымынан бас тартуымыз керек. Мынадай мақал бар: «құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады». Біз кеңесіп іс қыла алмадық, сондықтан мен өзімді лауазымды би, сені тақтық сұлтан деп ойлаймын. Мен: «Ахмет ақылдасатын болар, ойымызды ортаға салармыз деп ойлағанмын, бірақ бұлай болмады, сондықтан мен өзіммен-өзім ақылдастым. Неліктен бұлай, білмеймін».

            Хат мазмұнынан елін, жерін, халқын сүйген жанның жаншырылын  сезіну қиын емес. Бабалардан аталарға, аталардан кейінгілерден мирас болып келе жатқан ата мекеніне жат жерліктер баса-көктеп бекіністер салып жатса,  жаны қалай күймесін?! Шегеннің хатын оқып ашуға булыққан Ахмет Жантөрин оның Кенесары Қасымовқа іші бұратынын, өз елінен оған жер беріп, паналатып отырғанын, ұсынған сыйлықты алмай, қайтарып бергенін губернаторға жеткізеді. Генерал-губернаторға да керек осы, Ахметтің қарамағына қырық солдат беріп, Торғайға аттандырады.

            «Сонымен, губернатор отряды ел басы шеген Мұсаұлын, оның хатшысы Тәкі қожаны тұрғызылған бекініске айдайды, сөйтіп Торғайдың бекінісіндегі патша түрмесіне бірінші жатқан шеген бидің өзі болғаны шындық».

            Міне, осы тарихи құжаттарды С.Оспанов поэмасында көркем суретке айналдырған:

«Ахмет!

Бекіністі дала мұңды,

Бүгінім ертеңіме алаң қылды.

Орыстан әскер беріп, қойдың маған,

Ол неге керек еді?!

Шабам кімді?!

 

Болады күніміз не?!

Мұныңыз не?!

Бұл әскер жетер бір күн түбімізге!

Сұлтаным, түсінісіп іс қылмадық,

Тіліміз,

Бір емес пе дініміз де!

 

Не жетсін сөздің, сұлтан, шындығына,

Шомылып өскен ел ек күн нұрына.

Мойыма таққан алқаң отаршылдың

Айналар түбі болат шынжырына!

 

Демеймін бұл ісіңіз ақылдылық,

Білсе егер мазақ етер халқым күліп.

Жігіт пе ем барқыт шапан жамылатын,

Қоя алмас алтын алқа қатын қылып!

 

Қайтып ал алтын, күміс, шапаныңды,

Қауіппен қарсы алмаймын әр таңымды!

Елімді, сата алмаймын жерімді мен,

Өзгертпек болғаныңмен жан-тәнімді!

 

Көп әлі жеткенімнен, жетпегенім,

Шеніңнен, Арым биік шекпеніңнен!

Ел қамын жей алмасақ, Сен Сұлтандық,

Мен биік лауазымнан кеткенім жөн!

 

Тұрғандай тап болғалы халқым өртке,

Қамалып қалар ма елім тар түнекке?

Қайтарып берген сыйы патша ағзамның,

Жолдады шеген хатын Ахметке.

 

Қағылып қақыраған тасқа сына,

Заман-ай, билік қуған бас-басына.

Ашуға булықты да Ахмет Сұлтан

Жеткізді хатты орыстың патшасына.

 

-       Бұл бидің боп барады бұлтаңы көп,

Орыстың шығар деп ем сұңқары боп.

Бүлікшіл Кенесары жан жолдасы,

Тарханның қосты және ұрпағы деп.

 

Сұрланып атып тұрды Хан тағынан,

-       Бүлікшіл болған екен қалқа бұған!

Көрейік әуселесін, түрмеге жап,

Айырып абыройы, атағынан!

 

Күндер көп елім еске ап мақтана алмас,

Жасарып жылдар өтсе, жатта қалмас.

Еліне қорған болып, Шеген би ед,

Торғайдың түрмесіне жатқан алғаш [2.41].

            Ара-арасындағы суреттеу, бейнелеу, теңеу, алитерация, ассонанстар (дыбыс үндестіктері) т.б. болмаса, тарихтан ауытқи қоймаған. Болған оқиға көркем дүниеге айналып, өткен күн оқиғасы жүрек тербейді. Егемендігіміздің қандай қиындықпен келгені тағы бір еске түсіп, ел қамқоры болған ата-бабаларымыз көз алдымызға келеді.

            Кенесары 1841 жылы Ырғыз өзенінің жоғарғы ағысындағы Қарашатау деген жерде ақ киізге отырғызып, ежелгі салтымызбен хан көтереді. Кенесары хан көтеру рәсімі М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасында да бар. Осы ұлы салтанатты жиынға Мұса да, баласы Шеген де қатысады.

Поэмада Кенесары ханның Торғай бойына қоныс аударып Қошалақты жайлауы, Кенесары мен Шеген бидің дос-жаран болуы, Хан Торғайдан көшерінде шеген бидің Шолақ деген баласын өзімен бірге алып кетуі жырланады. Бұлардың бәрі тарихи шындық. Қазір Қырғызстан жерінде Шолақ деп аталатын ауыл бар.  Қошалақ, Қарасай деген сияқты жер атаулары мен Өлкейік, Қабырға, Тобыл өзендері де елге белгілі елді мекендер.

Тарихта баяндаудың тәсілі көп. Мамандар мұрағат деректерін жариялайды, ғалымдар тарихтың терең қатпарына үңіліп, қазбалай зерттеп, ғылыми монографиялар  шығарады. Дегенмен, бұлар кейде бұқара халыққа жетпей жатады. Сондықтан, тарихты бұқара арасына насихаттау ісі де аса маңызды міндеттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, ақын Серікбай Оспановтың жауынгерлік рухымызды оятатын жалынды жыры ата тарихымызды ұлтымызға жеткізуге және оны жас ұрпақтың санасына сіңіруге үлкен қызмет етуге деп білеміз.

Қазақ қашанда сөз құдіретіне тоқтаған, арман-мұңын, бар ғұмырын жырға арқау еткен, қуанышын да, қайғысын да өлеңге сыйдырып, ұрпағына толғаумен аманат айтқан халық. Оның тағдыры мен тарихы, бұралаңы  көп өмір жолы өлеңмен өрілген. Сондықтан, ақынның тарихтың қойнауына жол тартқан жыр жолдары жанымызда жаңғырып, ұлттық санамызға қозғау салады.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.Айтұлы Н. Ерлікке ескертіш// Фолиант баспасы,  Астана, 2008ж.

2. Оспанов С. «Шеген би» поэмасы. «Қазақ» газеті 2011ж. №48.

3. Тарихи жырлар. Үшінші том. Алматы.-1996.-216 б.-Б.172.

4. «Қарқас-Кенесары» бабалар сөзі. Астана 2006 б 29 том.