Зейнулина А.

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Қазақстан

Кәсіби қазақ тілін оқыту кезеңіндегі аударма реквизиті

 

      This article explores the issues of adoption of the translation theory in the educational process of teaching professional Kazakh language for undergraduates. The content of the translation props and its use in professionally oriented texts is analyzed.

 

Аударма – ел мен елді, тіл мен тілді жақындастыратын, тілдестіріп, ұғыстыратын бірін бірі байытып, толықтыратын тіл білімі әлеміндегі ерекше бір сала. Туған төл әдеби шығармаларға айналып кеткен Абай аудармаларынан бергі бір туар аудармашы жазушыларымыздың бұл салаға қосқан үлестері тіл біліміне де, көркем әдебиетке де, жалпы рухани қазынамызға қосылған үлкен зор табыс екені сөзсіз.

         Қазақ халқының рухани өркендеу саласында қазақ тілін, әдеби тілін дамыту бағытында орасан зор істер тындырылды.  Тілдік қатынас әсері өзге халықтармен экономикалық, саяси-мәдени байланыста болады. Бұл қатынас тілге әсерін тигізіп отырады. Осы турасында филология ғылымының докторы, профессор Б. Сағындықұлы: «Өзгеру, даму тіл атаулының табиғатына тән өзіндік қасиеті. Олай болса, тіл-тілде сөз мағынасының да өркен жайып дамуы заңды.  Мағыналық өзгерістерге сан алуан факторолар себепші болады.  Солардың ішіндегі ең елеулісі – ішкі фактор мен сыртқы фактор. Егер сөз мағынасындағы өзгерістер тілдің ішкі өз жүйесінен, өз заңдылықтарынан пайда болып жатса, ішкі себе болады да, қоғамның  тарихи-әлеуметтік дамуынан, мәдениет, өркениет жаңалықтарынан қатынас жасау формасының ауысуынан, ғылымың дамуынан тағы басқа жағдайлар болып жатса, сыртқы себеп болады», -деп көрсетеді [1,29].

         Осындай сыртқы фактордың бірі – аударма. Аударма – күрделі құбылыс.   Аударма қызметінде тілдік білім ерекше орын алады. Магистранттарға барлық арнайы терминологияны оқытудың мағынасы жоқтығына байланысты аударма бағдарламасы шет тілін, орыс тілін, ең бастысы, қазақ тілін кәсіпқойлық дәрежеде біліп  аударуға үйрету, яғни терминологиялық баламаларды іздестіру және жасау дағдысына үйретуді және олардың әлеуметтік – мәдени құзыреттілігін арттыруды мақсат етеді.

         Аударманың сауатты жүйесін жасау үшін қазақ тілі немесе аудармаға түсіп отырған өзге тілдің мәдениеті саласындағы білімдерін толықтырады әрі кеңейтеді.

         Кәсіби қазақ тілінен магистранттар қажетті дайындықты алғаннан кейін, тілді жетік білетін маман ретінде терминологиямен өзі таныса отырып, түрлі кәсіптік қызмет салаларында тіл аралық байланысты жүзеге асыра алады.

         Аударма үрдісінде тілдің табиғи заңдылықтарын ерекше сақтау қажет. Қазақ тілінің өзге де ұлттық әдеби тілдер сияқты, тұрақталған, жалпыға ортақ заңдылықтары, яғни нормалары бар.

         Аудармаға түсіп отырған мәтін мазмұны түсінікті болып жеткізілуі тілдік қолданыстың сауаттылығына байланысты.

         Аудармаға түскен мәтіннің түсініксіз болуы, содан барып орыс тілінде жазылған нұсқасына амалдың жоғынан сүйенуіміз – аударма кезінде тілдік қолданыс құралының жөн – жосықсыз сөз тізбегімен беріле салуында жатыр.

         Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «... Тіл тазалығы – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау, басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңісіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу. Біз сияқты мәденииет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп, мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра – араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып, сөз табуымыз керек», - деген екен.

Шынында да, аудармадағы тіл тазалығы арқылы қазақ тілінің байлығын танытып, ойын өркендете аламыз, ақпаратты дұрыс та жетік жеткіземіз.

         Ең бастысы, аудармада тілдік қолданыс техникасы дұрыс болу үшін мына жайларға барынша көңіл аударылу қажет.

1.     Аудармадағы тілдік қолданыстың айқындылығы мен қарапайымдылығы.

2.     Ойдың нақты мағынасын  ұғына алатындай барынша дәл бейнеленуі.

3.     Логикалық дәйектілік және баяндаудың жүйелілігі сақталу керек.

4.     Мәтіндегі екі тілдік сөйлем құрлымының орналасу ерекшеліктерін білу қажет.

5.     Жалпы ақпараттық мазмұнды сақтай білу, морфологиялық – лингвистикалық нормаларды бұлжытпай орындау.

         Жоғарыда айтылған жайларға байланысты тілдің лексика-семантикалық заңдылықтары қызмет етеді. Бұл жайында: «түбір сөздің лексикалық мағынасы жаңа сөздің лексикалық мағынасына арқау болады. Өйткені, тілде бр лексикалық мағына екінші бір лексикалық мағына негізінде жасалады. Түбір сөздің мағынасы мен ол арқылы жасалған туынды сөздің мағынасы өте тығыз байланыста және ол кездейсоқ құбылыс емес. Сөз жасауда үнемі сақталатын заңдылық», -дейді ғалымдар [3, 14-15].

Аударма актісінде қазақ тіліне тән сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібін қатаң сақтап, оған қоса лексикалық тілдік заңдылықтарды дұрыс орынды пайдаланса, аудармадағы тіл мәдениеті, сөз әуезділігі өзара үйлесім табады. Аударма мәтініне тақырып төңірегіндегі біріккен сабақтастық пен тұтастық тән болу керек. Ақпаратты жеткізетін мазмұнды сөйлемдер тізбегі негізгі мәтіннен ауытқымауды өте – мөте қажет етеді.

Аударма технoлогиясы қазіргі заманда барынша ақпараттық және тілдік даму құбылысымен байланысып отырған күрделі тәсілдер жинағы.      

Аударма үрдісі қаншалықты күрделі де қиын екенін тек қана осы іспен айналысқан адамдар ғана біледі. Жалпы магистрант  жан-жақты білімділік пен біліктіліктілігін жетілдіре отырып, аударма реквезитін меңгеру қажет . Магистранттар үшін  қай саладан аударма келсе, сол саланың тілін меңгеріп, мазмұнын түсініп, ана тілімізге лайықтап, түсініктеме беретін маңызды да жауапты қызмет. Бүгінгі аударма қызметінің кеңеюіне, қажеттілігіне қарай үш маңызды міндеті анықталды:

1.     Ұлттық мәдениеттің өзінің қайталанбас төлтума тұрпатын сырт елдерге танытады;

2.     Сыртқы мәдениеттердің құндылықтарын жеткізу арқылы жасаң мәдениеттерді жаңғыртып, жаңартып, тың даму үрдісін жасайды.

3.     Елдердің өзара байланысында тілдерінің сырттан кірген жаңа ұғымдар мен түсініктерді бейнелеуге бейім сөздерін іздестіруге, саралауға бейімді етіп, тілді жаңартып, жасандырады.

4.     Қазақ тіліндегі төл ұғымға жаңа заман тілдесімінің қондырғысы болады.

5.     Сөйлем құрылымында еш өзгеріс болмаса да, грамматика-лингвистикалық стиліне толықтырулар жасап, өзгеріс енгізуіне себепші болады.

Аудармадағы тілдік қолданыс кеңістігі еркін немесе нәзиралық аударма, дәлме-дәл және жолма-жол аударма, теңдес, толық сәйкес келетін аудармалар үрдісі арқылы жетіліп отырады.

         Магистранттар әр уақытта қазақ тілінің лексикалық, көркем-әдеби тілін барынша терең меңгергені абзал. Себебі мәтіндегі айтылайын деп отырған ой дәлдігі аударма мәтіндегі ой жүйесімен сайма-сай болуы қажет. Берілген ойдың туралығы, нақтылығы, дұрыстығы осы жоғарыда айтылған жайлар арқылы ғана орындалмақ.

         Аударма баламасы сәтті табылмаса немесе сөйлем құрылымынан ол өз орнын таппаса, аударма заңдылығынан, тілдік нормалық ұғымынан алшақтап кетуі оп-оңай. Содан келіп сәтсіз, түсініксіз, аударма туады. Мәтіннен еш ақпарат ала алмай, аударма тілі сақаулыққа, ойдың бұлыңғырына апарады. Бұл жағдай бүгін аударма әлемінде аяң алдыртпай, тіл кемістігін аударма мешеулігін жасап отыр. Осы ретте магистранттар, ең бастысы, аударма теориясын барынша меңгеріп, оның жетілдіру, дамыту әдіс – тәсілдерін білу қажет. Магистранттардың жазба әдістемесі мен ауызша аудару тәсілін тез арада жан-жақты үйретіп, оның бүгінгі заман талабына сай қызмет жасауға мүмкіндік беру керек. Аударма статусы-оның ойының кеңдігінде, тілінің қолданыс аясының тазалығында, қос тілдік ерекшеліктері мен заңдылықтарын тең меңгеруінде жатыр деп есептейміз.

Түрлі анықтамалар мен сөздіктерді құрастырып, пайдалануға, аудармаларды бағалау және редакциялау әдістемесіне, сол сияқты шешімі аудармашының өз функциясын табысты орындауына әсер ететін түрлі практикалық мәселелерге байланысты бірқатар қолданбалы аспектілер жасау енеді. Аудармашының функцияларын ішінара немесе  тұтастай автоматты қондырғыға беру, яғни машиналық (автоматты) аударманы жүзеге асыру мақсатында аудармашылық үрдісті қалыптастыру әдістерін жасау лингвистикалық аударматанудың қолданбалы міндеттерінің арасында ерекше орын алады.

Аударманың лингвистикалық теориясы, бірінші кезекте, негізінен аударма үрдісіне қатысушы тілдердің құрылымы мен қызмет ережелері алынған аударма үрдісінің объективті заңдылықтарын тауып, сипаттаумен айналысатын дескриптивті теориялық пән болып табылады. Басқаша айтқанда, аударма теориясы ненің болу керек екенін емес, ненің бар екенін, зерделенуші құбылыстың табиғатын ненің құрайтынын сипаттайды. Сонымен бірге аударманың лингвистикалық механизмін сипаттау негізінде аудармашының алдында тұрған міндеттерін шешуіне себі тиетін кейбір нормативтик (прескриптивтік) ұсыныстардың, аударманың ұстанымдары мен ережелерін, әдістері мен тәсілдерін тұжырымдау мүмкіндіктері туады. Барлық жағдайда байқалған фактілерді ғылыми талдау нормативтік ескертпелерге алғы шарт болады.

Лингвоаудармашылық зерттеулер негізінде жасалған нормативтік ұсыныстарды аударма практикасында да, яғни магистранттарды аударма үрдісіне дайындағанда да пайдалануға болады. Аударылатын мәтінің сипатына және аударманың нақты актісінің шарттары мен міндеттеріне қарай моделін өзгерте отырып, мұндай ұсыныстарды пайдалана білу магистранттың аудармашылық шеберлігінің маңызды бөлігін құрайды. Нормативтік талаптарды білу - магистранттың аудармашылық реквезиттерді орындауын білдіреді. Кез келген жағдайда аударма шығармашылық ойлау қызметін танытады, оны орындау магистранттардан кешенді білімді, шеберлік пен дағдыны, лингвистикалық және экстралингвистикалық факторлардың барша жиынтығын ескере отырып, дұрыс таңдау жасау қабілетін талап етеді. Мұндай факторлар есебі көбіне шығармашылық іс нәтижесінде түйсікпен жасалынады, әр магистрант аударма үрдісін табысты жүзеге асыру шеберлігін түрлі дәрежеде меңгеруін қадағалаймыз. Мұндай шеберлікті игерген зерттеуші жоғары дәрежеде өз кәсіби мамандығының тілін қазақ тілінде де, аударма өнерінде де сауатты болып есептелінеді  Лингвистикалық пән болғандықтан аударманың лингвистикалық теориясы тіл білімінің басқа бөлімдерінің – грамматиканың, лексикологияның, семасиологияның, стилистиканың, социолингвистиканың, психолингвистиканың және басқаларының зерттеу деректері мен әдістерін кеңінен пайдаланады. Аударманың жалпы теориясы үшін оның объектісіне қатынас құралы ретіндегі тіл туралы, сөздік өткерімнің жиынтығы ретіндегі және жүйе ретіндегі тіл туралы, тіл бірліктерінің қос жоспарлылығы туралы, тілдің нақты әлемнің қисынды категориялары мен құбылыстарына қатысы туралы жалпы тіл білімі постулаттарының  таралуы ерекше маңызды. Аударма – түрлі тілдерде сөйлейтін адамдардың арасындағы қатынас (коммуникация) мүмкіндігін қамтамасыз ету құралы. Сондықтан аударма теориясына коммуникативтік лигвистиканың сөздік коммуникация үрдісінің ерекшеліктері, тура және жанама сөйлеу актілерінің айырықшылығы туралы, айтқандағы және мәтіндегі айтылған және астарлы ойдың ара қатынасы, қатынас контексі мен жағдайының мәтінді түсінуге, адамның коммуникативтік мінез – құлқын белгілейтін басқа факторларға әсері туралы деректері ерекше мәнді. Осы ретте магистранттар мамандыққа сәйкес тілдік сұхбат қатынасқа түскен кезде және оны еркін жеткізу үшін жоғарыда айтылған қағидаға сүйенгені абзал.

         Аударманы салыстырмалы талдау, яғни аударма мәтінінің формасы мен мазмұнын түпнұсқаның формасы мен мазмұнымен салыстыра отырып талдау аударма лингвистикасында зерттеудің маңызды әдісі болады. Бұл мәтіндер байқауға және талдауға жататын объективті фактілер. Аударма үрдісіне түрлі тілдердегі екі мәтіннің (түпнұсқа мәтіні мен аударма мәтіні) арасындағы белгілі ара қатынасты белгілейді. Мұндай мәтіндерді салыстыра отырып, аударманың ішкі механизмын ашуға, эквивалентті бірліктерді анықтауға, сол сияқты түпнұсқа бірліктерін аударма мәтінінің соған эквивалентті бірлігімен алмастыру кезінде болатын форма мен мазмұн өзгерістерін табуға болады. Мұндайда бір түпнұсқаның екі немесе бірнеше аудармаларын салыстыру да мүмкін. Аудармаларды салыстырмалы талдау тілдердің  әрқайсысының айырықшылығына байланысты аударманың типтік қиыншылықтарының қалай еңсерілетінін, сол сияқты түпнұсқаның қандай элементтерінің аудармада берілмей қалғанын анықтауға мүмкіндік беріледі. Нәтижесінде нақты үрдіс суретін беретін аудармашылық фактілерді сипаттау шығады. Аудармаларды салыстыра талдау лингвоаудармашылық зерттеулердің әдісі ретінде белгілі хронологиялық кезеңде жасалған аудармалар жиынтығының аударма теориясы мен практикасы дамуының сол деңгейінде аударма проблемаларының бүкіл кешенін оңтайлы шешу нәтижесі ретінде  қаралу мүмкіндігіне негізделенеді. Аудармаларды салыстыра талдау әдісін қолдану аударма үрдісі нәтижесінің оның мазмұнын танытады дегенді де білдіреді. Магистранттың сөйлеу актісінің нәтижесі болып табылатын кез келген сөз бөлігі субъективті болу мағынасында әр аударма субъективті. Аударма вариантын таңдау белгілі дәрежеде магистранттардың біліктілігі мен жеке басының қабілетіне байланысты. Алайда аударманың субъективтілігі түпнұсқа мәтінінің мазмұнын мүмкіндігінше толығырақ жеткізу қажеттілігімен шектеледі, ал мұндай жеткізу мүмкіндігі объективті тұратын және магистрантқа қатысы жоқ екі тіл жүйесінің және қызметінің ерекшеліктерінің арасындағы қатынасқа тәуелді. Сөйтіп, аударма магистранттың объективті қатынастарды субъективті өткеруін білдіреді. Сөз үзіндісінің субъективтілігі одан белгілі бір тілдің жүйесі туралы объективті фактілерді алуға бөгет  болмағанындай аударма субъективтілігі объективті ғылыми талдауға бөгет бола алмайды. Жекелеген аудармаларда түпнұсқа мен аударманың тиісті бірліктері арасындағы аудармашылық қатынастардың шынайы сипатын бұзатын қателіктердің кездесуі мүмкін, дегенмен зерделенетін материалдардың жеткілікті көлемінде мұндай қателер оңай байқалып, түзетіледі. Аудармаларды салыстыра зерделеу аудармаға қатысушы тілдер арасындағы қатынастардан, сондай – ақ аударма үрдісінің барысында ықпал ететін лингвистикалық емес факторлардан туындайтын түпнұсқа мен аударманың жекелеген элементтерінің коррелятивтілігі туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Қажетті қос тілді және аударма қызметінің тәжірибесін меңгерген адамдарға сауалнама жүргізу сондай ақпарат алудың қосымша әдісі бола алады. Сауалнама кезінде оларға аударуға лексикалық бірліктер бар түпнұсқа үзіндісі немесе аударуда белгілі қиындық тудыратын синтаксистік құрылымдар беріледі. Аудармашылық проблемаларды қарау және шешу сипатын анықтайтын жалпы лингвистикалық қағидалар аударманың негізгі теориясы болып табылады. Аударманың лингвистикалық теориясын жасау барысында «аударылмау теориясын» жөн еместігі көрсетіледі. Аударманы тіл білімі тұрғысынан қарау түпнұсқа мен аударма мазмұнының толықтай дөп келмейтінін айқын танытты. Кез келген мәтіннің тілдік өзгешілігі, мазмұнының өзіне ғана тән «реңдік» білімімен мәдени – тарихи ерекшеліктері бар белгілі бір тілдік ұжымға бағдарлануы оның басқа тілде толығынан «жаңғыруына» жол бермейді. Сондықтан аударма дәлме дәл мәтін жасауды мақсат тұтпайды, дәлдіктің болмауы аударылмауына себеп болмақ емес. Аударма кезінде аударылатын мәтіннің әлдебір элементтерінің жоғалуы бұл мәтін «аударылмайды» дегенді білдірмейді, мұндай жоғалту әдетте аударылғанда және аударманы түпнұсқамен салыстырғанда табылады. Аудармада түпнұсқаның әлдебір ерекшелігін жеткізу мүмкіндігінің болмауы – басқа тілдерде екі мәтіннің мазмұнының дәлсіздігінің жалпы ұстанымының жеке көрінісі ғана («абсалютті дәлдік» туралы айтсақ, тілдік бірліктердің әртүрлі жиынтығынан тұратын бір тілдегі екі мәтін). Дәлдіктің болмауы аударманың орындау үшін түпнұсқаның мәтіні жасалған коммуникативтік функцияларды атқаруына бөгет жасамайды. Айту мазмұнына сол хабар үшін мәні жоқ ой элементтерінің болатыны, оған тілдік бірліктердің семантикасымен бірге берілетіні белгілі. Шешімі аударманың лингвистикалық теориясының дамуының алғы шарттарының бірі болып табылатын екінші мәселе зерттеу нысанын нақтылауда. Аударма тіл білімінің нысаны ретінде не білдіреді? Мамандыққа қатысты әлдебір мәтінді орыс тіліне аудару жайлы айтқанда назарда ең алдымен аударма емес орыс тіліндегі басқа мәтіндерден сол мәтіннің әлдеқандай  өзгешелігін ұстаймыз. Тіл танушы мұндай мәтіндердің ерекшелігін оларды басқа тілдегі түпнұсқасымен, сондай-ақ сол тілде «аударылмайтын» мәтіндермен салыстыра отырып зерттейді. Басқа қырынан, аударма мәтіні аудармашы қызметінің соңғы өнімі, нәтижесі болып табылады. Бұл «өнім» сол қызметтің барысында, аударма үрдісінде немесе аударма жолымен жасалады, сондықтан «аударма» - ның аудармашы қызметінің белгілі сабақтастығын білдіруі мүмкін. Аударма теориясы дамуының бастапқы кезеңінде кейбір еңбектерде зерттеу нысаны ретінде аударманың динамикалық аспектісін, аударманы үрдіс ретінде қарау қажеттілігі атап көрсетілген. Кейінгі талдау аударма үрдісін оның нәтижесіне қарсы қоюдың дұрыстығының екі ұдайылығын көрсетті. Аударма нәтижесі тікелей бақылаудың өресі жетпейтін аударма үрдісінің қалай өтіп жатқанын жанама талдауға негіз болатын қадағалау ақиқатын танытады. Сондай-ақ лингвистикалық тұрғыда үрдіс сөзі әдетте бір тілдік құрылымдардың немесе бірліктердің басқаларына көшуінің ұғымында береді,. Сондықтан сипаттағанда бастапқы құрылымдар мен бірліктерді де, кейінгісін де ескеру қажет.                                                                                                                          Сөздің көмегімен ой бөлісу қабілеті адамның аса маңызды қасиеті болып табылады. Мұндай қабілетсіз homo sapiens – «сана адам» - ының тіршілік етуі мүмкін емес, өйткені адамның санасы тіл арқылы басқа кісілер жеткізетін білімдер, қоршаған дүние мен адамның өзі жайлы білімдер алғанда ғана дамиды. Сөзсіз ешқандай өркениет болмақ емес, ал өркениет жеке адам емес, әлеуметтік ұжым құрады, ал қоғам мүшелері бір – бірімен сөйлесу арқылы араласқанда, сөз коммуникациясын жүзеге асырғанда ғана өмір сүрмек. Сөз қатынасынсыз өндірісті ұйымдастыру, ғылым, мәдениет, өмірдің өзі  мағынасыз.  Осы ретте бір топ ғалымдар: «Лексикаланған тұлғалар арқылы тұтасулардың қызметтік ассиметриясы тән, оны когнитивті кеңістіктің әр түрлі саласындағы тұтасқан сөздердің әркелкі кездесуінен аңғаруға болады. Тұтасу процесінің ееркшеліктері мен аналитикалық тәсіл арқылы жасалған сөздердің сипатын ескере отырып, сөздердің тұтасуы сөз тіркесі бөліктерінің тұтас бірлікке айналуы жүзеге асуы сөзжасамның тәсілі болып табылады және ондай бірлікте бөліктердің синтаксистік байланыстары өзгермей, семантикасының мағыналық құрылымындағы қасиеттері сақталады [2, 25]. Тіларалық қатынас үрдісіндегі өзінің делдалдық ролімен қоса магистрант кейде тілдік делдалдық шегінен тыс коммуникативтік функцияларды атқарады. Бұл, әдетте, ауызша аударма кезінде магистрант тіларалық қатынасқа тікелей араласқанда орын алады. Мұндай жағдай да магистрант коммуникация жағдайымен немесе коммуниканттардың бірінің өтінішімен қосымша түсінік беріп, түпнұсқаның мазмұнынан қорытынды жасап, ықтималды қателіктерді көрсетіп, ақпараттың дербес көзіне айналуы мүмкін. Ауызша, сондай – ақ жазбаша түрде  магистрант өз міндеттерін ақпаратшы, түпнұсқаның редакторы немесе сыншысы және басқа қызметпен ұштастыра алады.

  Бір тілде сөйлеу қатынасы кезінде мәтінді айтушы да, тыңдаушы да коммуникативтік тең бағалы деп танып, бір тұтастыққа біріктіргеніндей, аударма мәтіні де түпнұсқа мәтініне коммуникативті тең бағалы болып танылады.

Аударма теориясының аса маңызды міндеті-түрлі тілдерде хабардың мазмұнын ұқсастыру мүмкіндігін жасайтын тілдік және экстралингвистикалық факторларды табу. Түпнұсқа мен аударма мәтіндерінің мазмұнының ортақтығы (мағыналық жақындық) аударманың (түпнұсқаға) эквиваленттілігі деп аталады. Магистранттар аударма реквезитін орындау кезінде түпнұсқа мен аударма мазмұндарының арасындағы нақты қатынастарды зерделеу сол ортақтықтың шегін, яғни түрлі тілдегі мәтіндердің барынша мүмкін мағыналық жақындығын белгілеуге, сол сияқты түпнұсқаға минималды жақындығын анықтауға мүмкіндік болуы керек, сонда ғана  бұл мәтін эквивалентті аударма болып танылуы мүмкін.

 Бұл ұстанымды жинақтағанда аударманың негізгі теориялық және практикалық проблемалары  перифириялық құбылыстармен емес, тіларалық коммуникация міндеттеріне жету үшін тілдің барлық ресурстарын пайдаланумен байланысты болады.

Магистранттар үшін көп жағдайда  қысқартылған аударма және бейімделген аударма тәрізді әдісті ұсынып жүрміз. Мұндайда жасалған мәтіннің құрылымдық және мазмұндық жағынан түпнұсқадан әдейі ауытқығанын және түпнұсқаны толық мәнді алмастыруға арналмағаны ескеріле отырып, бастапқы және соңғы мәтіндердің ішінара функциональдық ұқсастығы сақталады.

Қысқартылған аудармада аудару кезінде моральдық, саяси және басқа себептермен түпнұсқаның жекелеген бөлімдері алынып тасталады. Ондайда бүкіл нұсқа бөлшектеліп берілмесе де, түпнұсқаның аударылған бөліктері аударманың сөз үзінділерінде коммуникативті тең бағалы берілді деп жобаланады.

 Бейімдік аударма түпнұсқаны толық түсінуге қажетті білімімен кәсіби немесе өмірлік тәжірибесі жеткіліксіз магистранттардың жекелеген топтарының қабылдауына аударма мәтінін жеңілдету мақсатында аударма үрдісінде түпнұсқаның құрылымы мен мазмұнын ішінара экспликациялау (қарапайымдандыру және түсіндіру) үрдісімен беріледі. Мұндай бейімдеу «ғылыми, терминологиялық, мамандандырылған» мәтінді зерттеуші магистранттарға немесе қиын ғылыми мәтінді маман емес оқырман көпшілікке арнап аударумен байланысты жүргізіледі..

Аударманы қысқарту мен бейімдеу өзара байланысты бола алады және жалғыз мәтінді аударғанда бір мезгілде жүзеге асырылады. Қысқарту немесе бейімдеу фактісі ерекше ескертілгенмен кез келген жағдайда жасалған мәтін «аударма» аталады.

Ойымызды қорытындылай келе, магистранттарға кәсіби қазақ тілін игертту үрдісінде аударма теориясы мен оның әдістемесін оқыту басты нысана болып табылады. Аударма реквезитімен жұмыс істей алатын магистрант  грамматикалық алмастыру, аударма бірлігі, коммуникативтік тең бағалылық, аударманың лингвистикалық заңдылықтарын, аударма моделін орындай алатын мүмкіндікке жетеді.

 

Әдебиеттер:

 

1. Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ тілі. Лексикология. 1-бөлім. –Алматы: Қазақ университеті. 2008. -101б.

2. Аблақов Ә; Исаев С; Ағманов Е. Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің дамуы мен лексикалану процесі. –Алматы: Санат, 1997. -320 б.

3. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. –Алматы: Ғылым, 1989. -367 б.