ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙДЫҢ  АДАМДЫҚ  ҚАСИЕТТЕРГЕ

                            ДАҚ  ТҮСІРУІНІҢ КӨРІНІСІ

 

                                                                    Н.М.Рахманова

                                                                           Қазақ мемлекеттік қыздар

                                                                           педагогикалық  университетінің

                                                                           доценті м.а.

 

       М.Әуезов «Бәйбіше-тоқал» трагедиясында бір отбасының тыныс-тіршілігін суреттей отырып, қазақ қоғамының бетін бағамдатумен бірге мәңгілік тақырып адам болып қалудың қиындығын қозғаған.

       Пьеса «ананы іздеу, аңсау» сарынымен басталады.Анасының қадірін тіршілікте бағалай алмағанына мұңданған Дәмеш «Іс тапсырса, жүз айтқызбай істемеуші едік» десе, келіні Күләш «Неге отымен кіріп, күлімен шықпадым екен? Неге батасын ала бермедім?» деп өкінеді. Автор тірлікте ананың қадірін асқақтатуды аңсағандай. Жеңге мен қайынсіңілінің  екеуара әңгімесінен аналарының өліміне себепші адам аңғарылады.Дәмеш «Апамды осының қайғысы алып жеді ғой... Тоқалдың қулығын кісі сезе ме? Апамды, әсіресе күйдіргені - екі-үш жылдан бергі сатылған малдың бар ақшасы тоқалдың қолына жиылғандығы ғой. «Бәйбішенің балалары енші алғанда, малды көп алып кетеді. Осы күннен өз бетіме мал жиям» деп, базаршылар әкелген ақшаны ағамның қолынан жұлып алып сандығына салыпты ғой!»[1.52].

      Жазушы дүние үшін күрес адамды небір аярлыққа итермелейтінін Қайша бейнесі арқылы көрсетеді.Дүниеқоңыздығы оянып нәпсі билеген Қайшаның бәйбіше өлгеннен кейінгі жоспары «байды да, баланы да, дүниені де билеу». Осы мақсатта оның жаны да, тәні де бөлшектенбей дүниеге, ақшаға жұмыс істейді. Бұрын тоқал аты болса да күң есебінде ұсталып, талай есесі кеткен Қайша аласұрып жүріп, Есендік көңілін өзіне аударарып алғаннан кейін жағдайын жақсартып, маңайына сөзін өткізе бастайды. Бәйбіше өлгеннен кейінгі Қайша  қылығы мен мінезінің жаңа қырларын суреттеу арқылы автор дүние үшін кектенген адамның дүние жолында  ойы шатасатынын онан әрі жауыздыққа қалай барғанын өзі де білмей қалатынын аңғартады. Қайшаның құрған торына айналасы шырмала түседі, Есендік оның аяр айласының қалай құрбаны  болғанын сезбей де қалады. Бәйбішенің қырқы өтпей жатып, үй ішіндегі даулы сызат ұлғая түседі. Адами жолмен өлімнің артын сыйлау дәстүрін бір үйлі жан да, айналасы да ұмытқандай. Пьесадағы көңіл-күй суреттері адамдық қасиеттердің өмірдің қиын қыстау сәттерінде қалай өзгеретінін бағамдатады. Аналары қайтыс болып, әкенің қамқолығы жетімсіз болған бәйбіше балалары торығушылық күйде. Отбасын ымыраға шақыру Есендіктің ойында да жоқ. Оның шешімді сөзін пьеса аяқталғанша көрермен естімейді.Ол мұрнының астындағыны көрмей, көзі байланып, пенделікке ұрынған жан. Екі әйелден тараған балаларының дүние үшін қырқысы Әбділдә мен Бейсембі текетірестеріне азық боларын сезсе де, аталы сөзді ұстанбай, жігерсіздік танытады. Сол жігерсіздікті дүние, мансап жолында айналасы ұтымды пайдаланады.

       Қалауы қанбайтын нәпсі түйсігі пьеса кейіпкерлерін бәсеке мен текетіреске бастайды. Қылмысқа түрткі болатын психология да осы нәпсінің, дүниеқоңыздықтың шырмауынан шыға алмаудан туындайды.  Пьесадағы негізгі оқиға жүйесіне арамдығы мен іштарлығы арқау болған Қайшаның өзімшілдігі мен меншік құмар қулық-сұмдығы барған сайын ушығып, бәйбіше балалары мен тоқал жақтастарының қақтығысы күшейе түседі.Қайшаның есі-дерті - кек алу. Күләш мінездемесі  бойынша ол «өмірі ішінен кегі кетпейтін кісі». Оның кегі небір сұйықтық, қулық, зымияндық әрекеттерге бастайды. Қайшаның   монологынан оның болмысы байқалады: «Бұйырса, тағы бір арманыма  жеткелі тұрмын. Бейсембі жақындықты ақтайтынын білуші едім. Әзірше айтқан жерінен шығып келеді.(Күлімсіреп).Шіркін, өзгені былай қойғанда да, Есендіктің мал-жанын соған билетіп отырғаным жоқ па? Алдынан шығатын тірі жан жоқ.Кешегі Бәтиманың заманында мұндай болып па еді? Осының бәрін о да есептер. (Түрегеліп). Есептесең - есепте, мен де ұтыла қоймаспын. Менің арманым - дүние емес, басымның кегі болатын. Іздегенім есем болатын. Оған қолым жетсе, мен Есендікке қатын болып жүрмес едім. (Аз тұрып). Рас,әуелі қызбен сөйлесейін. Ол неме көнбейді ғой. Бұған не айла бар?» [1.62].

       Қайшаның өзімшілдігі мен меншік құмар қулық-сұмдығы ушыққан сайын айналасымен қақтығысы құбыла, күшейе түседі. Қайша қарсыластарын айла мен ғана емес, күшпен де жеңбек.Ол дүниеге малданып отыра беруді місе тұтпайды.Оған кек қайтару керек. Қайша кеткен есесін қайтаруда ешкімді аямасы анық. Ол түрін құбылтып, Дәмешке аналық ақыл салғансып: «Күйеу таңдайын деген ойың бар ма? Оның масқара екенін білмегенің ғой. Қыз ержеткен соң борыш болады. Әке-шешенің қарызы - ертеден құтты орнына қондыру. Балалық қылма, қарағым»  деп жақсылық атын жамылып жамандыққа барады[1.63]. Қайшаның таз бауыры Аманбайға Дәмешті айттыртып, тіпті оны  алып қашуды ұйымдастыруы  ағайын бүтіндігін сақтау мүдделілігі емес, қайта  бәйбіше балаларының бостандығын шектеуді, олардың сағын сындыруды көздеген мақсаттың әрекеті.

       Пьесада психологиялық иірімдер көп. Қайшаның арандатуымен балаларын ұрған Есендіктің қолындағы шоқпардың ұшы өзінің басына тиіп, енді «бәйбіше балалары әкеге қол көтерді» деген жаман атқа қалады.  Жаны жаралы бәйбіше балалары Қайша қаныпезерлігінің алдында шарасыз. Шамырқанған Төлеш:«Дүниеде үй ішіндегі дұшпаннан қиын жау бар ма екен? Өз сорыңа арнап асырап отырған үй ішіндегі жылан ғой ол. Қай жағыңнан қайтіп торып отырғанын қайдан білесің? Жатқан төсегіңнен шыға ма? Отырған орның, ішкен асыңнан шыға ма?» деп ортақ мәмлеге келіп, тоқайласудың ауылы алыстығын сездіреді [1.72]. «Ел-жұртқа не айтамыз» деген оймен бәйбіше балалары да өздеріне жақтас іздеп, шешелерінің ағайыны Әбділдәдан көмек сұрайды. Әбділдәнің қандай адам екенін Бейсембі мінездемесінен автор алдын ала сездіреді «Әбділданың кісі алғыштығы, бауырына тартып үйір қылып әкеткіштігі бар-ақ. Бірақ шіркіннің бар жаманы ет-бауыры елжіреп, біреуді туысқан, біреуді дос деп, әсте бойын бере білмейді ғой. Қандай айнымайды-ау деген дос болсын; әуелі бір бәлеге сүңгітіп алып, оны өзі айырып алған кісі болып, досының мойнына есептеп ұпай  салады. Сөйтіп жалынышты қылып алады ғой[1.61].  Әбділдәнің түпкі ойы - Есендіктің малын партия сайлауы тұсында пайдалану. Оның қарсыласы Бейсембінің  де пыйғылы сол, ол монологында  өз көздегенін ашып салып, ақиқаттың бұл төңіректе жоқ екенінен хабардар етеді:«Есендік үйінің шырқы бұзылып барады. Көлденеңнің көзіне сөгісті болатын, өрескел істер көбейіп кетті.(Тым-тырыс). Бірақ не қылмақ керек? Барлық дәулет осының қолында. Партия істесең, мұны кірістірмей, іс өнбейді. Кірістіргенде қатарыңа жүруге жарайтын біреу жоқ. Бастығы Есендік болып, ел келесі былай тұрсын, өз атының басын да алып жүре алмайды. Бәйбіше баласын сүйейін десем, ұстауға ауыр, бетіңді үнемі ұғып отырмайды. Жөн білмейтін олақтығының үстіне, кей уақытта сөзге көнбейтін семіздігі де бар. «Бәйбіше баласымын» деген кеуде бар. Тоқал баласы болса, оның да шаласы көп, дүние көрмеген малқор да ақылы аз.(Тым-тырыс). Бірақ мұны ұстау жеңіл. Уысымнан шықпайды. Түбінде атаның дәулеті осында қалған соң, бұл шаңырақта менің үлесім көп ғой. Мұндайлық мол дәулетті бұлардың әрқайсысына билеткеше, өз билеуіме керек. Олай болса, енді Қуатжанды ұстайын. Осы партияда жеңсем, болысқа да соны қояйын. Бір жағынан Есендік,Қайша қолымда болсын. Екінші,ел көзінде жас бала болып жүре берер. Түбінде мұндай шымылдық әрі іске, әрі есепке қолайлы екен»[1.77].

        Өз бастарына төнген зауалдан құтылу жолында әкемен бет жыртысқан бәйбіше балалары да, ол ойранның басында тұрған Қайша да, сырттың қуыршағы болып жүргендерін арғы түйсіктерімен сезсе де тоғышарлықтың құрбандары болады. Бейсембі мен Әбділдә осы отбасының бір-біріне деген өшпенділігінің қайрағы,  олар Есендіктің ездігін де, Қайшаның бетпақтығын  да өз пайдаларына икемдейді.

Бейсенбі Қайшадан  «Бәріміздің шөкемізге сен отырып жүрсің ғой осы... Өзің осынша пәлені қайдан үйрендің, соны айтшы?» деп сұрағанда «Пәлені үйреткен - күндестік» деген жауап алады.Автор бұл жерде Қайшаны ақтау жағында емес, оның трагедиясымен оқушыны ойлантпақшы. Драматург күндестік тудыратын  қасірет адам бойына кекшіл табиғат дарытатынын, сыздауыт өмірдің ызғарының салдары  зұлымдық  көзі болатынын пьесадағы кейіпкерлердің қылығы арқылы бағамдатады. Автор айыптау үкімін заманға, қоғамға арнайтындай қалып танытады.   

       Аманбайдың Дәмешті алып қашуына жұлынып кіріскен Қайша мақсаты орындалмай Төлеш, Ғазиздердің қарсылығына тап болады. Бәйбіше балаларының өзіне қол көтергеніне кектенген Қайшаның «Сенің қара сорпаңды ұрттамасам көрерсің енді!» деп Төлешке кіжінуінен оның қандай қиянатқа қолы қалтырамай баратынын автор алдын ала ескертеді.

      Есендік пен Бейсембінің тоқалға жығып бергеніне наразы бәйбіше балалары  әке шаңырағынан түңіліп, Әбділдәнің  жанына көшеді. Енді олар Әбділдә талабын екі етпей орындауға даяр. Әбділдә да бұл мүмкіндікті қолдан жіберетін жан емес. Төлешті «есеңді кетірме» деген түйсікпен қасына он кісі қосып беріп, Есендіктің жылқысын алып келуге жібереді. Дігірлей келген қуғыншылардың  басы, тоқалдың баласы Қуатжанның оғы Төлешке тиіп, пьеса соңы трагедиялық сарынға ұласады. Пьеса соңындағы Дәмештің Есендікке «Аға, түбіме өзің жеттің бе?» деген репликасында тағдыр тәлкегіне іліккен бір үйлі жанның  запыран зары бар. Пьесадағы Қайша бейнесі әйел қасіреті,әлсіздігі кекке айналса оның шегі шиырлап кететінін пайымдатады.

      Зат, ақша, дүние  адам сезімін торға шырмалта түсетінін, жақсы мен жаманды таразыға тартуда, болмыстың тегін тектеуде сиқыр мұраттарға қайырлап қалмауды пьеса көрерменіне ұлағаттайды. Әуезов дүние жолында арбасқан, соңында бірін-бірі мерт қылған бір отбасының тірлігін адамзаттың басына төнген қауіпке жақындатады. Автор қазақ салтында жоқ әрекет әйелдің еркекке айбат шегуін, балаларының әкеге қарсы шығып, басқа ауылға үдере көшуін суреттей отырып, ұлттық әдептен, оның ұяты мен арынан аттамауды мансұқтайды. Ұлттық сипаты сембеген шығарма өзегінде дүние боқтың айналасындағы тірлік тауқыметінен жоғары тұруды аңсаған бекзаттықты  ту ету бар.

     Зат, мал, ақша моральдық өлшемде алдыға шығып, адамдардың өмір сүру еркіне әсер еткенін мойындай жазатын модернизм әдебиетінің тәсілдерін Әуезов бұл шығармасында жатсынбайды.

 

 

                         Пайдаланған әдебиет:

 

  1. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 9т — Алматы: Жазушы. 1997. –362.

 

                                        Резюме

 

 В данной статье рассматриваются сущность пьесы М.Ауэзова « Байбише -тоқал ».