АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ ТӨЛ ОҚУЛЫҚТАРЫНЫҢ АВТОРЫ Ы.АЛТЫНСАРИН

 

Қаракөз Ерсұлтанова

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ магистранты

Астана, ҚАЗАҚСТАН

 

Кезінде ұлтымыздың ұлы ағартушы-демократтары тарихымызда өшпестей із қалдырды. Солардың бірі Ы.Алтынсарин. Ерен еңбек сіңірген ұлы ағартушы қай кезде де білім мәселесіне жете мән берген. Ол елдің санасын оятып, жаңа жолға бастаудың кілті білімде деп ұққан. Халыққа ағартушылық арқылы жаңаша бағыт-бағдар сілтеп, ой салуды мақсат еткен. «Ағартушылық жақсылыққа, бақытқа ұмтылған күллі елдің бастан өткерер жетілу һәм өрістеу жолы»[1, 3], деп санаған. 

Ы.Алтынсарин қазақ даласында тұңғыш рет пәндік білім беретін мектептер ашып, оған оқулықтар жазды, өзі сабақ беріп, жаңа талапқа сай келетін мұғалімдер дайындауға күш салысты. «Ыбырай жасаған оқулық, ең алдымен, орыстың, қала берді Европа оқымыстыларының педагогикалық көзқарастары мен оқыту, тәрбиелеу әдіс-тәсілдеріне негізделіп жасалды, бірақ ұстаз оларды талғам-талдаусыз, сол күйінше ала салған жоқ, керісінше, оған енетін материалдарды қазақ балаларының түсінік-танымына сәйкес етіп алды, өзі де осы талапқа орай әңгіме, өлеңдер жазып құрастырған хрестоматиясына қосты»[2, 130].

Қазақ халқының алғашқы педагогы Ы.Алтынсариннің «Киргизская хрестоматия» (1879), «Мактубат» (1899) атты еңбектері қазақ топырағындағы тұңғыш оқулықтар. Дарынды ағартушының оқулығы алғаш «Қырғыз хрестоматиясы» деген атпен шықты да, 1899 жылы «Мактубат» деген атпен қайта жарық көрді. Бұл оқулықтың маңызы туралы белгілі ғалым-педагог А.С.Сытдықов былай деп жазады: «Составленная Алтынсариным «Киргизская хрестоматия» является замечательным памятником с историко-культурной точки зрения и по педагогическому достоинству» [3, 19]. 

Ғалым-педагог А.С.Сытдықовтың «Хрестоматия» мен «Мактубатты» алғашқы балалар әдебиетінің үлгісі деп бағалауы өте дәл, анық баға. Бұл қазіргі бастауыш мектепке арналған «Ана тілі» оқулығының түпатасы.

Бұл оқулықтағы автордың мәтін таңдау қағидалары күні бүгінге дейін өте жоғары деңгейде. А.С.Сытдықов Ы.Алтынсарин оқулыққа материал таңдағанда, төмендегі қағидаларға сүйенген деп көрсеткен: «В подборе материалов, руководящими его принципами, являлись идеи народности, гуманизма, любви к родине» [3, 23]. Қазіргі «Ана тілі» оқулығында материал таңдауда да авторлар осы қағидаларға сүйенеді. Бұл ғалым-педагог Ы.Алтынсарин идеяларының құндылығын, өміршеңдігін дәлелдейді.  

Автор оқулығындағы мәтіндердің барлығы да баланы адамгершілікке тәрбиелеумен бірге, оның сөздік қорын молайтып, тілін дамытып, ой-өрісін кеңейтіп, халық тілін меңгеруге, әдеби тілдің нормасын бала бойында қалыптастыруға арналғандығын ескерсек, ағартушы-ғалымның мәтін арқылы бала тілін дамытудың негізін іс жүзінде асырудың көш басында тұрғанын көреміз.

         Ы.Алтынсарин оқулығының мәтін тақырыптары мен құрылымы нұсқалы бағыттарда болды. Ыбырайдың қазақ балаларына арнап жазған хрестоматиясына енген материалдарға зер сала қарасақ, оның балалардың жас ерекшеліктері мен қабылдау мүмкіндіктеріне сәйкес құрылғанын көреміз. Осы талаптарға орай айтылар ойдың дәлдігі мен нақтылығы, қонымдылығы мен көркемдік әсерлілігі есепке алынады. Сондай-ақ осы мақсатта автор халық ауыз әдебиетінің асыл үлгілері мен мақал-мәтелдерді, небір көркем шешендік сөз нұсқаларын талдап-таңдап енгізді.

         Ыбырай жастарды оқу-білім, өнерге үндегенде өз ойын нақтылықпен дәлелдеуге ұмтылады.

                                      Бір құдайға сыйынып,

                                      Кел, балалар, оқылық!

                                      Оқығанды көңілге

                                      Ықыласпен тоқылық! – деген жолдар арқылы оқу-білімнің пайдасын айтуда бала жүрегіне жол таба білген. Сол хрестоматияға сөз басы ретінде берілген «Бір құдайға сыйынып, Кел, балалар, оқылық» атты өлеңде ақын оқушы түсінігіне жеңіл қарама-қарсы ұғымдарды әдейі шендестіріп қолданады. Мәселен, ол білімділік пен надандықтың ара жігін ашып көрсету мақсатында жарық пен қараңғылықты қатар жарыстыра сипаттайды. Осы орайда ақын алдымен оқудың пайдасын жарыққа балап:

                                      Оқысаңыз, балалар,

                                      Шамнан шырақ жағылар.

                                      Тілегенің алдыңнан

                                      Іздемей-ақ табылар! – десе, надандықтың мән-жайын:

                                      Оқымаған жүреді

                                      Қараңғыны қармалап, – деп түсіндіреді.

         Ал ақынның осыған жалғас «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңі – тың мазмұнды, жаңа сипатты шығарма. Автор мұнда техника тетіктері мен құрал-жабдықтарының іс-әрекет, қозғалысы мен адамға көрсетер қызметін суреттейді. Шынында, құлақ естіп, көз көрмеген паровоз, пароход, рабио, телеграф, газ, электр, ұшақ т.б. техника құрал-жабдықтарының қызмет-көмегі жас буын үшін тек қиялдағы дүние секілді болатын-ды. Автор сол бейтаныс заттардың іс-әрекетін алдымен өз өмірімізде бар нәрселермен теңеу арқылы ұғындырмақ болады. Паровозды «аты жоқ құр арба» деп бейнелесе, суда жүзген кемені кәдімгі үлкен балыққа теңейді. Бұл, біріншіден, жұмбақ шешіп үйренген қазақ балаларының ойлау қабілеті мен соған деген ықылас-ынтасын арттырса, екіншіден, жаңа заттың болмысы мен қызметінен хабардар болып, нақты түсінік алады:

                                      Өнер-білім бар жұрттар

                                      Тастан сарай салғызды.

                                      Айшылық алыс жерлерден

                                      Көзіңді ашып-жұмғанша

                                      Жылдам хабар алғызды.

                                      Аты жоқ құр арбаны

                                      Мың шақырым жерлерге

                                      Күн жарымда барғызды.

                                      Адамды құстай ұшырды,

                                      Мал істейтін жұмысты

                                      От пен суға түсірді... –деп келеді.

         Ы.Алтынсарин өзінің төл туындылары мен халық ауыз әдебиеті үлгілерінің тәрбиелік, нақыл-насихаттық мәніне ерекше көңіл аударып отырады. Сол арқылы жас буынды адамгаршілік пен ізгілікке, әділдік пен әдепке, еңбек пен зейінділікке баулуды көздейді. Айталық, «Ұрлық түбі – қорлық» деген мақалға орай өз ойын «Араз бол, кедей болсаң ұрлықпенен» деп өрбітсе, «Арық атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» деген даналық сөзін «Арық мал жан жолатпас бір жалданса» деп түрлентеді.

         Автор бүкіл ел-жұрт, кәрі-жас ақын-жыраулардың нақыл-насихатымен, халықтық-ауызекі педагогикамен сусындап келгенін есепке ала білді. Сондықтан оның «Хрестоматиясына» енген өлең, әңгімелері арқылы балалардың жас ерекшеліктері мен қабылдау мүмкіндіктерін ескере отырып, ғылыми негізі бар оқулықтар жасады. Мұндағы әр алуан тақырыптағы әңгімелер де сол талапқа орай көлемі шағын болып құрылып, тәрбиелік мақсатқа қызмет етті. Ұлы ағартушы өз оқулығының құрылым-міндеті туралы Н.И.Ильминскийге жазған бір хатында былай дейді: «Қазақ балаларына, меніңше, мағыналы анекдоттар, жұмбақтар, ойына ой қосатын әңгімелер немесе оларды қызықтыратын, мысалы, жібек құртының көбелектерінің өзгерулері сияқты әңгімелер тәуірірек болады. Өлең жағын мен мүмкін болғанынша қазақ өлеңдерінің арасынан іріктеп аламын. Екінші кітабымда мен балаларға қызықты етіп, табиғат құбылыстары, табиғат күштері туралы, тарихи және географиялық-ғылыми әңгімелер келтірмекпін». Бұдан ұлы ұстаздың шәкірттерге ғылымның әр саласынан тыңғылықты білім беретін пәндік оқуды енгізуді және табиғат сырларын білгізуді ойластырғанын көреміз.

Ыбырай әңгімелерінің де негізгі түйіні – жас ұрпақты өнер-білімге үндеу, адамгершілік мінез-құлыққа тәрбиелеу. Жазушының «Аурудан аяған күштірек», «Асыл шөп», «Малды пайдаға жарату», «Шеше мен бала» атты әңгімелері қайырымдылық пен бауырмалдық, сабырлылық пен шыдамдылық секілді ізгі қасиеттерді тәрбиелеуге арналған.

Ендігі бір алуан әңгімелері табиғат құбылысы мен оған деген адамның қарым-қатынасын ашуға құрылады. Оның «Таза бұлақ» атты әңгімесінде бұлақ басына үш жолаушы кездейсоқ келіп, сондағы «Ей, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол» деген жазуға көзі түседі. Бұл жұмбақтың мәнісін ашуға үшеуі де өз әлінше пікір қосады. Ең алғаш сөз алған саудагер: «Бұлақ күні-түні тынбай ағып, алыс жерлерге барады, бара-бара кеңейіп үлкейеді, бұған бөтен бұлақтар құйып, сөйте бара үлкен өзен болып кетеді. Мұнан мұрат сол: сен де, адам, тынбай қызмет қыл, еш уақытта жалқауланып тоқтап қалма, сөйтсең ақырында сен де зорайып мұратыңа жетесің дегені ме деп білемін» – дейді. Ал екінші жолаушы молда екен, ол: «Бұл бұлақ кімге де болса даяр, ыстықтағанды салқындатып, жанын рақаттандырады, сусағанның сусынын қандырады, оның үшін ешкімнен ақы дәметпейді, бұлай болса адамға да әбірет сол: біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды ешкімге міндет етпе дегені болса керек» – депті. Үшінші жолаушы жас жігіт екен, ол былай дейді: «Бұлақ күні-түні тынбай ағып тазаланып тұрғаны үшін жұрт ынтық болады. Олай болса, жазудың мағынасы: көңіліңді, бойыңды осы бұлақтай таза сақта, көңілің сол реуішті сыртқа ашық көрініп тұрсын дегені ме деймін» – дейді.

Ы.Алтынсариннің «Бай мен жарлы баласы» атты әңгімесі – тәлім-тәрбиелік сипаты жағынан жеке дара тұрған шығармалардың бірі. Ол арқылы автор өмірдің күрделілігін аңғартып, қандай қиыншылықты болса да еңбек пен тәжірибе жеңеді деген байсалды пікір ұсынады.

Сондай-ақ, қаламгердің балаларды әдеп пен әділдікке, қанағатшылық пен жомарттыққа, сақтық пен тазалыққа, ізеттілік пен бауармалдыққа шақыратын әңгімелері де бір төбе. Бұлардың ішінде жан-жануарлар тіршілігінен алып жазылғандары да аз емес («Түлкі мен ешкі», «Қарға мен құрт», «Сауысқан мен қарға», т.б.). Алайда оның балалар табиғатына жақын, қазақ өмірінен алып жазған шығармаларының өзі аса елеулі. Осы орайда қара сөзбен келсе де, айтыс өнерін еске түсіретін «Жан-жануарлардың дауласқаны», «Байұлы», «Жәнібек батыр», «Оқудағы балалардың үйіне жазған хаттары» тәрізді топтамаларында тапқырлық, шешендікке баулуды мақсат етеді. Ыбырай өз әңгімелерінде де шешендік нақыл, аталы сөздерді жиі қолданып отырады. Айталық, ол «Әке мен бала» әңгімесінде ақыл-насихатқа толы: «Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың. Азға қанағат ете білмесең, көптен де құр қаларсың» секілді жолдарды ұсынса, «Қыпшақ Сейітқұлда» «Сейітқұл жұрт ағасы болды, енді сол жұртының адал бейнет, табан ет, маңдай терімен тапқан дәулетін аңдыған жаудан, ұрыдан, даладағы бөріден сақтаудың қамын ойлап, уайымға қалды» – деп шешендік үлгіде ой өрбітеді. Бұл шығармалар тәрбиелік мәні бар қысқа сюжетті шағын әңгімелердің алғаш негізін салушылар болып табылады.

Сонымен, Ыбырай Алтынсариннің оқулық жасауда, әсіресе оларға тәрбиелік мәні мен көркемдік деңгейі жоғары өлең мен әңгіме іріктеуде үлкен жетістіктерге жеткен алғаш ағартушы болғаны белгілі. Оның оқулықтары сауат ашу мәселесінде бірден бір таптырмайтын оқу құралы болғанына көзіміз жетті. Сонымен бірге бұрынғы, кешегі, бүгінгі кезеңге дейін бұл еңбектердің бүкіл оқулық жасауға негізгі арқау болғандығын дөп басып айта алмаймыз.   

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.                 Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. Астана: Фолиант, 2002. 474 бет.

2.                 Әбдікәрімова Т.М. Мәтін және «Ана тілі» оқулығы мәтіндемесін құраудың теориясы (монография). Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2007. 332 бет.

3.                  Сытдықов А.С. Педагогические идеи и просветительная деятельность Ы.Алтынсарина. Алма-Ата: Учпедгиз., 1949. 198 бет.