Ф.ОҢҒАРСЫНОВА ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ БАҒАЛАУ АМАЛДАРЫ

                                                                                                     Оралова Г.М.

                 С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті

 

 

         Стилистикадағы  негізгі  ұғымдардың  бірі – стиль. Бұл терминді осы күнге  дейін  әркім  әртүрлі  түсінеді.  Себебі  стиль  терминінің  мазмұны  кең,  оның  жұмсалатын  орны  көп.  Стиль – латынша жазу құралы деген  сөз. Латын  тілінде  кейіннен  стиль сөзі «жазу  мәнері»  деген  мағынада да   қолданылатын  болған. Сөйтіп,  лингвистикада «стиль»  жазу  мәнеріне,  сөзге  сендіру  тәсілі,  мәнерлі  сөйлеу  және  белгілі  бір  әдеби  жанрға  тән  тілдік  құралдар  жүйесі  деген  сияқты  көптеген  мағынада  қолданылады. 

Ф. Филин былай  дейді: «Сөйлеу өнерінің,  әсіресе  жазу  өнерінен  зерттеуді  өте  қажет  ететін  өзінің тұстары бар» (1,44).  Ф.Филиннің пікірінше,  тіл  өнерінің  осындай белгілері,  яғни тілдің  қолданылу  тәсілдері  мен  заңдылықтарын   зерттеу  мәселесі стилистиканың  үлесіне  тиеді.

         Демек, стилистика – «стиль»   туралы  ғылым. Біздің ойымызша, стиль әрбір сөз шеберінің жазу машығынан дараланды. Олардың белгілі  бір  тілдегі   лексикалық, грамматикалық  және  фонетикалық   тәсілдерді  қолдану  ұстанымдарын айтамыз.  Бір  ұғымды  айтып,  не  жазып  жеткізу  үшін  қажетті  тілдік  тәсілдерді   сұрыптап  қолдануға, бұл  ретте  әсіресе  тіліміздегі  синонимдер  мен  оның  варианттары, фразеологизмдер көбірек  пайдаланылады.  Мұндай  синонимдердің  түрі  әр  алуан;  лексикалық  синонимдер  мен  фразеологиялық   синонимдер,  морфологиялық  синонимдер (варианттар)  мен  синтаксистік   синонимдер. Сол сияқты синтаксисте стилистикалық амалдардың қатары, белгілі бір құбылыстың құрылымды түрлендіру қызметі күннен күнге дамып келеді.

Осындай стильдік айшықтарды Ф.Оңғарсынова шығармасындағы субъектіні бағалау тұстарынан аңғаруға болады. Ақын адам болмысын таныту үшін тілдік қордағы барлық қолданыстарды жаңарта, жаңғырта қолдануға ден қояды. Мұның өзі оқырманын селт еткізер жаңашылдығы, әсерлеу, көркемдеу тәсілі деп қабылданады. Төмендегі мысалдағы «төбесі көк тіреу» тұрақты тіркесін ақын құрылымдық жақтан кеңітіп, -дей жұрнағын үстемелей отырып, тұтас құрылымның экспрессивтік бояуын арттырған. Фразеологизмді мағыналық жақтан да, құрылымдық жақтан да шебер өңдеген суреткер өзінің жазу машығындағы даралықты орынмен таныта білген. Осы жолдар ақынның мінезіндегі өршілдікті танытса, екінші жағынан кейбір адамдардың                   болмыс-бітімін ащы шындықпен суреттеп көрсеткен.

 

                                              Әкім дегендер көп бүгін,

                                              Көк тірейтіндей төбесі.

                                              Әділдігі мен өресі,

                                              Қара басынан аспаған

                                                                  (Ф.Оңғарсынова).

Жеке сөздер сияқты фразеологизмдердің де өңделуі, жаңаруы семантикалық өріс аясындағы тілдік бірліктердің өзара әрекеттесу заңдылығының әсері деп бекітуге болады. Яғни, тұрақты тіркестердің мағыналық-құрылымдық жаңаруы – қарапайым құбылыс емес, ішкі заңдылықтардың бір-біріне әсер ету нәтижесі. Өйткені «тіліміздің бұл байлығы ғасырлар бойы қорланып, қалыптасқан, үздіксіз дамып, толығып отыратын, әрқашанда қолданысқа дайын тұратын көркем сөз құралы болып              табылады» [2, 164-167]. Фразеологизмдердің жаңаруы, дамуы әр кезеңде көрініс береді. Бірде құрылымы кеңейіп жатса, бірде мағыналық жақтан тарылуға да ұшырайды. Жоғарыдағы мысалда керісінше «төбесі көк тіреу» фразеологизмі мағыналық жақтан кеңейе қолданылып, кейіпкерді бағалауда ұтымды қолданыс ретінде көзге түскен.

 Бұл қолданыстар құрылымдық жақтан кеңеюде жеке авторлардың сөз қолданысына сай өңделуі де мүмкін. Яғни, бастапқы қолданыстағы фразеологизмдердің ізімен өзгеріске түскен варианттары пайда болады. Мұндай қолданыстарды да Ф.Оңғарсынова шығармаларынан кездестіруге болады. Мысалы:                                           

                                             Кекірмесе кеткендей селге салы,

                                             Тоюды ойлау адамның ең нашары.

                                             Қарны тоқтың санасы тұманданып,

                                             Сезімін шел басады 

                                                                    (Ф.Оңғарсынова). 

 

Мысалдағы «сезімін шел басу» қолданысын «көзін шел басу» нұсқасының өңделген түрі деп қабылдауға болады. Осы қолданыс арқылы сөз шебері кейіпкерді бағалауын аз сөзбен қайырып, астарлы ойын, өзіндік көзқарасы ұтымды саралауға қол жеткізген.

          Төмендегі мысалдардан «ауыз жаласу» тұрақты қолданысының құрылымдық жақтан кеңейіп, жақын, өзара мағыналас нұсқаларының пайда болуына ұйытқы болғанын аңғарамыз. Мысалы:

 

                                             Жарамсақтың білері – қарға кәсіп,

                                             Биліктімен май жалап, қан жаласып,

                                             Жұрт үйренген бұл күнде жалған күліп,

                                             Жалған жылап, өтірік жандары ашып

                                                                           (Ф.Оңғарсынова).                                                                  

 

Бұдан фразеологизмдердің құрылымы тұрақты, дайын қолданыстар десек те, стильдік өңдеуде олардың құрылымдық белгісінде өзгерістер байқалып отырады деп қорытуға болады.

         Төмендегі мысалда да тұрақты тіркестердің құрылымдық жақтан жаңаруын аңғарамыз. Яғни, «аузымен тон пішкен» нұсқасы «жұрттың сөзімен тон пішкен» деп ақынның жазу машығымен астарласа жаңаша сипатқа ие болған.  

 

                                             Ондайлар талмас, тайсалмас,

                                             Үндемей тастауға өрт іштен.

                                             Қиянат жасаудан жасқанбас,

                                             Жұрттың сөзімен тон пішкен

                                                                         (Ф.Оңғарсынова).  

                                                             

         Қолданыста сөйлемнің экспрессивтілігін күшейтіп, көркемдік мәнін арттыру мақсатында тіл тұтынушы стилистикалық амалдарды сұрыптай қолданады. Орынды да ұтымды қолданыстар нәтижесінде жазушының өзіндік стиль даралығы айқындалып, ой жеткізуші қолданыстың эмоциялық-экспрессивтік бояуын молайтуға, әсерлілігін арттыруға мүмкіндік туады. Бұл ретте ақын стилистикалық түрлі амалдар мен тәсілдерге, яғни алуан үлгідегі лексикалық қолданыстарға, фонетикалық үндесулерге, грамматикалық бірліктерге сүйенеді, тілдік амалдарды өз тұрғысынан шығармашылықпен өңдеп, жаңғырта, жаңарта пайдаланады. Демек, тілдік оралымдар қажетінше өңделіп, құбыла алады. Мұндай өңдеп, жаңартуға фразеологизмдер де бейім.

Ақын шығармаларында қалыпты фразеологизмдердің арасына сөз түсу ерекшелігі байқалады. Мысалы:

 

                                                Дөкейлерге су құйып тұра қалып,

                                                Аузы-басын жаласып құлап алып.

                                                Бақ-дәулеті басынан тайған күні,

                                                Түскенім жоқ соңынан шырақ алып

                                                                              (Ф.Оңғарсынова).                                                              

 

Мысалдардан аңғарғанымыздай, «соңынан шырақ алып түсу», қолданыстары құрылымдық жақтан кеңейіп, «жоқ» сөзімен толыққан. Мұндай толығулар фразеологизмдердің құрылымына еш нұқсан келтірмейді, керісінше, олардың экспрессивтілігін арттырады.

Кейде тұрақты тіркестердің бір сыңары ойдың әсерлі иірімдерін жеткізуге тірек болып, ақынның ішкі сезімін, өмірді бағалайтын көзқарастарын ашуға ұйытқы болады. Мысалдағы «сарсаң» тұлғасы «әуре сарсаңға түсіру» фразеологизмінің белсенді бөлігі. Ақынның жазу машығына сай өңделіп,    ұйқас-ырғақ заңдылығына сай жаңа бір қолданыстық сипатқа ие болған.

                                   

                                      Санам сарсаң, ой сарсаң түк ұқпаймын,

                                      Сарсаң өмір кешкенге туып па Ай, Күн?!

                                      Қара құйын қиратып шаңырағын,

                                      Шашыраған салдырап уықтаймын

                                                                                 (Ф.Оңғарсынова).                                                               

 

Шын мәнінде, әр адамның өз ойын қарапайым сөздер тіркесі арқылы жай хабарлай беруге де, немесе тыңдаушыға (яки оқушыға) әсер ететіндей үлгіде экспрессивтік мәнін күшейтіп, мәнерлілік сипат дарыта жеткізуге де мүмкіндігі бар. Бұл орайда көркем әдебиетте, поэзияда кездесетін сөйлемдер тілдегі стилистикалық амалдармен ұштаса қолданылып, адамның ішкі сезімін, әр алуан эмоциялық күйін таныту, сондай-ақ мәнерлілікті, бейнелілікті күшейту мақсатында жұмсалады. Сөйлем құрылымын түрліше экспрессивтік бояуда пайдалану, оларға көркемдік қуат дарыту қаламгерлердің әрқайсысының өзіндік стиліне тікелей байланысты болатыны да мәлім. Бұл тұрғыда профессор Р.Әміров: «Тіл бір жағынан әр сөйлеушінің өнеріне, творчествосына сүйенеді, содан нәр алып дамиды.  Тілдегі бар қазына өздігінен жаратыла салған емес, ұзақ жылдар бойы әр сөйлеушінің, тіл тұтынушының өнерінен, тапқан олжасынан құралған» (3, 84-89),- деген пікір айтады.

Кез келген стилистикалық амалды о бастағы әдеби тілдің түрлендіруші амалдары ретінде тануға болады. Бұл амалдардың қай-қайсы да көзделген мақсатқа орай кезектесе қолданылып, үнемі тілдік айналымда жүруімен көзге түседі. Қандай да бір лексикалық бірлікті, синтаксистік құрылымды ой жеткізу барысында діттеген мақсатқа орай стилистикалық амалдармен шебер ұштастыру арқылы сөз зергері сол қолданыстың қабылдануын жеңілдетіп, әсерлілігін арттыруға мүмкіндік алады. Сөз шебері әрбір тілдік бірлікті шебер шендестіріп, ұтымды қолданыстар жасайды. Мысалы төмендегі жолдарда автор етістіктердің семантикалық бояуын болымсыз тұлғадағы етістік жұрнақтарымен ерекше әсірелеп, екпін түсіре қолданып кейіпкер бойындағы адамдық, асыл қасиеттерін ашуға икемдеген.

 

                                             Мастанбай билік тағына,

                                             Көмілмей мансап шаңына.

                                             Жағымпаз бенен жылпосты

                                             Жақындатпаған маңына

                                                                  (Ф.Оңғарсынова).                                                             

                                                                                             

Талданған мысалдардың құрамындағы фразеологизмдердің қолданыстың экспрессивтілігін арттырудағы рөлі күшті. Олар кейде көркем ойды даралайтын негізгі тұлғалар, кейде үстемелеуші қосымша тұлғалар ретінде көзге түсетіні анық. Ал ақын шығармаларында орын алған тұрақты қолданыстар стиль даралығын танытып, негізгі көркемдеуші амалдар ретінде бағаланады.   

                                             

                                  Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.     Филин Ф. Несколько слов о языковой норме и культуре речи// Вопросы культуры речи. Вып 7. Москва, 1996. 18-24стр.

2.     Қайдаров Ә, Сәтенова С.  Қазақ тіліндегі қос тағанды фразеологиялық тіркестердің тілдік және поэтикалық табиғаты // Ізденіс, 1996. №2. 4-12бб.

3.     Әміров Р. Ауызекі сөйлеу тіліне тән баяндауыштық формалар//Қазақстан мектебі. 1971, №5. 87-89бб.