Абишева Ж.Р.

Қазақ агротехникалық университеті, Қазақстан Республикасы

ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ – ТҮСІНІСТІК БАСТАУЫ

                                                                                                        

Дін – адамзат тарихымен сыңарлас жасап келе жатқан және бүкіл әлемге ортақ құндылық. Өйткені, алғашқы қауымдық құрылыс кезеңінің адамдары да діни нанымдарға сеніп, жаратқанға сиынып, ақыретке иланған. Олардың да өзіндік ар-намысы мен ұжданы және адамгершілік қасиеттері болған.

Дін – рухани бірлігіміздің, тұтастығымыздың негізі, халқымызды халық қалпында сақтай алуымыздың алғышарты, қоғамды тұрақтылықта ұстайтын басты күш. «Дінсіздік идеологиясы» қоғамды рухани аздырып, халықты сенімі мен үмітінен, рухани құндылықтарынан айырады. Халықтың тұтастығы мен діннің тұтастығы және мемлекеттің тұтастығы арасында тікелей тәуелді байланыс бар. Көптеген этникалық топтар мен діни сенімдерден құралған біздің қоғамымыздағы өтпелі кезеңде діни түсіністік пен келісім мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі, өндіруші күш болып табылатын халықты ұйымдастыру құдыреті, мемлекетіміздің халықаралық қатынастардағы салмағы және еліміздің болашағы мен баяндылығына тікелей әсер ететіні ақиқат. Мемлекет ешқашан дінсіз өмір сүрген емес, мемлекеттің дінмен бірге өмір сүретіні, мемлекет пен діннің арақатынаста болуы, сонымен қатар, мемлекет өз аумағында дінге қатысты заңдық күші бар заңнамалық-құжаттары мен заңды қабылдап, оны іс-жүзіне асыратыны белгілі.

Қазіргі таңда дін үлкен күшке яғни мемлекеттің рухани тірегіне айналды. Сондықтан да мемлекет пен дін арасында өзара келісім болуы шарт. Қазақстан экономикалық, әлеуметтік-саяси, демократиялық тұрғыдан жедел даму жолына түсті және де ол тек бұрынғы кеңестік кеңістік аясында ғана емес, сонымен қатар әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірінен саналады. Әрине, мұндай жетістік өздігінен келе қойған жоқ, оған қоғамдағы жарасымды үйлесім мен ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, ұлтаралық және конфессияаралық қатынастардың тиімді тұтқаларын жасаудың дұрыс бағытын таңдап алу арқылы қол жетті. Мұндай тарихи міндеттерді шешуде біздің көп ұлт пен ұлысты және бірнеше конфессиялы республикамыздың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басты рөл атқарды.          

Жаһандану жағдайында еліміздің ұлттық және мемлекеттік бірегейлігін сақтау үшін өзіміздің ұлттық болмысымыз бен төлтума мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды танып білу, ұлттық бет-бейнемізді жоғалтпай, болашақ ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды сабақтастықпен жеткізу өмір талабы. Бұл орайда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн» [1, 211 б.], – деп атап көрсетті.

Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен еліміз жүргізіп отырған ішкі-сыртқы дана саясаттың арқасында тәуелсіз жас мемлекетіміздің халықаралық беделі жылдан жылға артып келеді. Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съездері конфессияаралық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды. Мұндай келелі, тарихи деуге болатын басқосуды өткізу жөніндегі жарқын идеяның бірден бір бастамашысы Елбасымыз екені бәрімізге зор мақтаныш. Діндердің халықтар мен халықтарды, мемлекеттер мен мемлекеттерді өзара жақындатуда да, керісінше алыстатып, дүрдараз етуде де рөлінің айрықша зор екені талас туғызбаса керек. Кім-кімге де белгілі, адамзат тарихындағы қаншама дау-жанжалдар мен соғыстарға діннің, яғни өркениеттің әркелкілігі себепші болған. Бүгінгі күні де планетаның әр жерінде бірі өшіп, бірі тұтанып жатқан үлкенді-кішілі қақтығыстар мен қантөгістер астарынан да сарапшылар осы діни ала-құлалықтың қолтаңбасын көретін секілді. Қоғамның тұтастығын сақтау қазіргі кездегі басты мәселе. Осы мақсатты алға қойған қаншама ресми институттар оның шешімін таба алмай бас қатырып дал болуда. Ал егемендігімізді жариялаған күннен бергі уақытта Қазақстан Республикасы – дүние жүзі қауымдастығы ортасында бірқалыпты дамып келе жатқан, халқының берекелі өмірін, азаматтық келісім мен бейбітшілікті ең жоғары құндылық деп бағалайтын жас мемлекет ретінде танылып үлгерді. Тек қана дінаралық, ұлтаралық түсінбестікті алдын алғанда ғана мемлекетте тыныштық пен үйлесімділік болатыны анық. Бұны уақыттың өзі де дәлелдеп бергендей. Жүз отыз ұлт, қырық бес діни бірлестігі бар мемлекет – олардың бейбіт те тату өмір сүрулеріне жағдай жасаулары қажет. Мұндай сынақтан өтуге болатынын Қазақстан бүкіл әлемге дәлелдеп бергендей. Еліміз бар қиындықты артқа тастап, рухани сенімнен айырылмай, дінаралық қатынастарды нығайтып, оны жоғары деңгейде де шығара білді.

Қазақстан егеменділік жылдарындағы барлық іс-әрекеттерін тек ел халқының мәдениетін жандандыруға ғана емес, сонымен қатар, елімізде өмір сүріп жатқан ұлттардың этникалық және діни топтары арасындағы қарым – қатынастарын реттеуге де бағыттады. Экономика қаншалықты тұрақты, ішкі саясат қанша бейбіт болғанымен, ішкі саяси және ұлтаралық араздық бар жағдайды ушықтырып жібереді. Қазақстан – тілі де діні де бөлек көптеген ұлттың үйіне айналған елде – келісім мен бірлік болуын басты мақсат етіп қоя білді. Қазіргі кезде тек этносаралық келісімді сақтап, нығайту ғана емес, сонымен бірге ең алдымен діни төзімділікті, конфессияаралық пікір алысу мен келісімді сақтап нығайту Қазақстанның ішкі саясатының басты міндеттерінің бірі саналады. Егер бұл саланы назардан тыс қалдырып, оған лайықты мән берілмейтін болса, онда Қазақстанды мекендейтін халықтардың ғасырлар бойына қалыптасқан бірлігіне сызат түсуі мүмкін. Басқаша айтқанда, діни келісімді әсірелеп айтпай-ақ келісімнің барлық өзге формаларының негізі ретінде қарауға болады, өйткені ол адамдар арасындағы ішкі, дүниетанымдық-бітімгершілік ұйтқы болып табылады.    Егер тікелей Қазақстан жайында айтатын болсақ, онда рухани келісім елдегі басым болып отырған ислам мен христиандық діни сенімдерінің өкілі болып табылатын әлемнің негізгі екі діні арасында қажет. Қазақстанда нақ осы «ислам-христиандық» діңгегі бойынша Президент Н.Ә.Назарбаев өзінің 2030 жылға дейінгі республика дамуының Стратегиясында айтқан қазақтандықтардың төзімділігі қалыптасып, сақталуға қабілетті. Бұл келісім – жай ғана уақытша жағдай немесе болашаққа деген ізгі тілек емес. Ол жаҺандану жағдайында Қазақстанның өркениетті орнықты әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы негізінде де, қайырымдылықты, сенімді, ашықтықты, көрші елдерге деген құрметті, лайықты мінез-құлықты, адамдардың ізгі істердегі іс-қимылдарының ұлғая түсуін уағыздайтын ислам мен христиандықтың аса маңызды парыздары мен аманаттары негізінде де әбден мүмкін. Қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің конфессияаралық пікір алысуының гуманистік негіздері осындай. Конфессиялардың толыққанды және салиқалы пікір алысу үшін және тиісінше тәуелсіз мемлекеттің тұрақты да орнықты дамуын қолдау үшін Қазақстан Республикасында бүгінгі таңда барлық алғышарттар бар. Олардың қатарына Қазақстан басшылығының ЕурАзЭҚ (Еуразиялық экономикалық Қауымдастық) желісі бойынша қатынастарды ілгері жылжытуға қатысты соңғы бастамалары; біздің мемлекетіміздің Каспийдің құқықтық мәртебесі проблемасы жөніндегі келешегі зор маңызды шешімдері, Президенттің Алматыда конфессияаралық пікір алысудың Халықаралық штабын құру туралы, мемлекеттер басшыларының Еуразиялық конфессияаралық келісім мен бейбітшілік хартиясын қабылдау туралы, Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің басқосуларын өткізу туралы ұсыныстары жатады.

 Еліміздің президенті де елдегі рухани даму саласының болашақтағы ахуалына және қазақ жеріне әлемдік барлық діндердің орын алғанына тоқтала келе, бізге шыдамсыздық пен діни фанатизмнің жат екенін атап көрсетті. Бұл орайда, Қазақстан тек ТМД елдері ауқымында ғана емес, әлем деңгейіндегі конфессияаралық пікіралысу орталықтарының біріне айналуы заңды құбылыс болып табылады. Бұл көп жағдайда, республикада ұлтаралық және конфессияаралық ынтымақтастыққа негізделген ішкі саяси тұрақтылықты сипаттайтын қолайлы жағдайдың туып отыруына байланысты. Оның үстіне, адам құқығы мен бостандығы, қоғамдық және діни мүдделердің тепе-теңдігі, қарым-қатынас пен өзара түсіністікке ұмтылу үрдістеріне негізделген мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара ынтымақтастығы жөнінен Қазақстанның өзіндік үлгісі бар.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамашылығымен 2003 жылы елордамызда Әлемдік дәстүрлі діндердің бірінші съезі болып өтті. Бұл съезде барлық діни сенім өкілдері арасындағы достық қатынасты дамытудағы Қазақстанның қосқан үлесі ерекше аталып өтті. Съезд діни келісімге қатысты арнайы декларация қабылдады. Сөйтіп, адамзаттың жаңа ХХІ ғасырды бейбітшілік, ынтымақ, өзара түсіністік пен сыйластық ғасыры болар деген үмітінің ақталуына Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының І съезі тиісінше өз ықпал-әсерін тигізді. Ал әлемдік дін өкілдерінің ІІ съезінің қарсаңында астанада журналистердің «Әлемнің сегізінші кереметі» деп атаған Бейбітшілік пен келісім сарайы ашылды. Елбасының сөзімен айтқанда ол зорлық пен зомбылықтан бас тартып, адамдардың сенімі мен теңдігі символы және де діни түсіністіктің жаһандық орталығына айналуы тиіс. 2006 жылдың қыркүйек айында өткізілген Әлемдік діни өкілдерінің ІІ съезі діни және ұлтаралық қатынастар мәселесіне арналды. Съезде әлемдік дәстүрлі діни сенімдер өркениеттер диалогында байланыстырушы буын бола алады және қазіргі әлемдік тәртіптің тірегін бұзуға тырысқан радикал бірлестіктердің теріс ықпалынан қоғамды қорғай алады деп мойындалды. Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІІ съезі 2009 жылы шілдеде Астана қаласында өтті. Форум жұмысына әртүрлі діндердің беделді өкілдері қатысты. Тарихта тұңғыш рет дүниежүзі және дәстүрлі діндер басшылары бірге бас қосып, бірлесіп құжат қабылдады. Съезд өркениетаралық және мәдениетаралық пікір алысудың жаһандық үрдісіне қосылған елеулі үлес болып табылады. Оған қатысушылар осынау көпполярлы әлемде полиэтностық және конфессиялық пікір алысу жолымен небір қиын мәселелерді шешуге болатынына көздерін жеткізді. Сөйтіп Қазақстанның тарихи, ғаламдық сипаттағы бастамаларын көтерген жас астанасы  конфессияаралық келісімнің қазіргі заманғы формаларының белсенді жаршысына айналды. Төзімділік дәстүрлерін жалғастыра отырып, Астана Жер ғаламшары халықтарының рухани келісімі мен өзара түсіністігінің негіздері ретіндегі конфессияаралық пікір алысуының бұрын-соңды болып көрмеген стратегиясын жасады.

Діни келіспеушілік және діни экстремизм негізіндегі қайшылықтардың асқынуына байланысты діндердің бірлескен игілікті бастамалары мен пікір алысулары жаҺандану дәуіріндегі бейбіт өмір сүру жағдайында ең өзекті мәселелер санатына жатады. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2008 жылы халыққа Жолдауында «Қазақстан алдағы уақытта да халықаралық лаңкестік пен діни экстремизмге қарсы күрес жөніндегі халықаралық коалицияның белсенді мүшесі ретіндегі ұстанымын жан-жақты нығайта беруге ниетті»,-деп атап көрсетті [2]. Мемлекеттік-діни ынтымақтастық даму үрдісін, діни ұйым қызметінің өткені мен бүгінгісін жете білуге және осы мәселенің оң шешілуіне елеулі әсерін тигізеді. Еуразия аумағында, соның ішінде Қазақстанда да әлемдік діндер – ислам мен христиандықтың үйлесімді бейбіт қатар өмір сүруі назарға алуға лайық үлгі болып табылады.

Бүгінгі алмағайып та қым-қуыт дүниеде бейбітшілік пен ынтымақ күшейіп, дамуы үшін діндераралық үнқатысу мен төзімділіктің мән-маңызы жоғары. Жалпы алғанда Қазақстанда түрлі конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруі үшін қажетті құқықтық және ұйымдық жағдайлардың барлығы да жасалған, конфессияаралық қатынастарды үйлестіруге бағытталған бірыңғай мемлекеттік саясат қалыптасқан. Қазақстан Республикасындағы дін аясы бірқатар заңнамалық актілермен: Конституция, Азаматтық кодекс, «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң, басқа да нормативтік құқықтық актілермен реттелген. Қазақстан Республикасы өзін құқықтық, демократиялы және зайырлы мемлекет ретінде орнықтыра отырып, адамның діни бостандығы құқығының сақталуына үнемі көңіл бөліп отырады. Қазақ жері тарихи жағдайлармен ұлы өркениеттердің – ислам, христиан, буддизм, конфуциандық өркениеттердің өзара іс-қимыл орнына айналды. Біздің шексіз кең байтақ даламыз өзіне алуан түрлі өркениет пен мәдениетті сіңірді. Сондықтан қазіргі полиэтностық және поликонфессиялы Қазақстан – ғасырлар бойғы рухани және мәдени дәстүрлердің мұрагері.

Қазіргі таңда Қазақстанда 45 діни конфессия жұмыс істейді. Республикада олардың тұрақты диалог негізінде бейбіт қатар өмір сүруіне жағдай жасалған. Мемлекет бұл процесте бастамашылық жасайды және қолдайды. Қазақстанның тәуелсіз дамуы жылдарындағы алғашқы қадамдардың бірі қазақстандықтардың діни бостандығына кепілдік беретін діни бірлестіктер туралы Заңның қабылдануы болды.

2006 жылғы 28 маусымда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жетілдірудің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама этностық және конфессиялық қатынастарды үндестірудің кешенді жүйесіне, төзімділік мінез-құлық принциптері мен нормаларын енгізуге, экстремизмнің алдын алуға және мемлекеттік органдардың, ұлттық-мәдени, діни және үкіметтік емес бірлестіктердің азаматтық татулық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мақсатында рухани құндылықтар мен диалогтар мәдениетін ілгерілетудегі ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған. Демек алдағы күндерден күтеріміз мол. Өркениет әлеміндегі Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының келесі басқосуының да 2012 жылға жоспарлануының мәні айрықша. Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы беделі өсе түсті. Өзіндік ерекшелігі бар мәдениеттерді сақтау арқылы әлемдегі жалпы мәдениет қазынасы одан сайын байи түседі. Сондықтан көпмәдениетті Қазақстанның мәдениеттер мен діндердің халықаралық үнқатысу жүргізетін тұрақты орнына айналғаны заңды құбылыс. Біздің еліміздің бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы 2010 жылды Мәдениеттер үндестігінің халықаралық жылы деп жариялады. Бұл орайда, Шығыс пен Батыс арасындағы үнқатысуды және өзара түсіністікті жаһандық деңгейде нығайтуға Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына өткен жылғы төрағалығы да бірегей мүмкіндік бергені ақиқат.

Дін - өркениет діңгегі, сондықтан имандылыққа, патриоттыққа баулуда имандылық ордаларымен қатар, қоғамның барлық институттары мен билік орындары да қол ұстаса отырып, ілгері қадам басуы керек. Міне, сонда ғана аспанымыз ашық, іргеміз тыныш болып, мемлекетіміздің  мәртебесі биіктей түседі.   

 

                      ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Н.Ә. Назарбаев Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999. – 273 б.

2. Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру –мемлекеттік саясаттың басты мақсаты. Астана 2008. 31-б.