Ш.Есенов ат. КМТжИУ «Халықаралық қатынастар» кафедрасының

аға оқытушысы Жаханова Ж.А.

Қазақстан республикасы мен Корей Республикасы арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық

          Қазақстанның Корея Республикасымен қарым-қатынасының дамуы 1992 жылдан бастау алады. Осы жылы қаңтарда екі мемлекеттің өмірінде тарихи мәні бар оқиға болды: Қазақстан мен Корея Республикасы дипломатиялық қатынас орнатылды. Екі ел арасындағы саясат, экономика және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға қолайлы мүмкіндік туды.

Дипломатиялық қатынастарын бекіткеннен бергі аралықта Қазақстан мен Корея Республикасы ынтымақтастық жолында мейлінше маңызды оқиғаларды бастан кешірді. Екі елдің күш салуымен қысқа мерзім ішінде қазақстан-корей серіктестігінің жаңа, тез дамушы моделін орнатуға қол жетті.

Белсенді саяси және экономикалық байланыстардан басқа, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы мәдени және гуманитарлық серіктестік саласындағы маңызды перспективалар жөнінде айтуға болады, онда ерекше рөл 100 мыңнан жоғары адамды құрайтын корей диаспорасына орыны ерекше. Қазақстанның этникалық саясаты қазақстандық-корейлік қатынастың дамуының негізгі себептерінің бірі болып табылады.

         Елден жат жерде тұратын кәрістерді Корея Республикасы Үкіметі олардың өз тарихи отанымен байланысын бекіту үшін құқықтық және институционалдық көмекпен қамтамасыз етуге тырысуда. Шекаралық корейлік қауымды қолдау – Корея Республикасы Сыртқы істер және сауда Министрлігі қызметінің негізгі артықшылықтарының бірі. Бұл жобада Қазақстандағы кәрістер Ассоциациясының (ҚКА)маңызды рөлін атап өткен жөн, ол 1995 жылы қазанда құрылды, әсіресе бұл қазақстандық және оңтүстік кореялық ЖОО арасындағы ғылыми-білімдік байланыстың орнауына қатысты. Соңғы бірнеше жылдары 2 ел ЖОО арасында 16 келісімге қол қойды. Жекелеп атағанда, ЖОО аралық серіктестікте профессор-оқытушы құрамы мен студенттерді алмастыру қарастырылған. [1]

         2003 жылы қарашадағы ҚР президенті Н. Ә. Назарбаевтың Сеулге ресми сапары кезінде, уағдаластық негізінде Оңтүстік Корея үкіметімен Қазақстанға білім саласындағы жобаларды жүзеге асыруға 1 млн АҚШ доллары шамасында өтемсіз қаржылай көмек көрсету туралы шешім қабылданды. Бұл ҚР білім және ғылым Министрлігінің мынадай жобаларына қатысты: «Мақұлдау және біліктілікті меңгеру орталығын құру» және «Білім саласындағы ақпараттық технологиялардың орталығын құру», 2015 жылға дейінгі ҚР білім Концепциясының элементтерін де тыс қалдырмау. ҚР Білім және ғылым Министрлігі мен Корея Республикасының СІМ-нің құрылымдық бөліктерінің бірі болып табылады және дамушы елдермен серіктестік жөніндегі барлық үкіметтік бағдарламалардың координациясын іске асыратын, Халықаралық серіктестік жөніндегі Корей Агенттігі (KOIKA) арасындағы серіктестік те белсенді дамуда.

         Қазақстан мен Корея арасындағы сәтті серіктестік көбіне екі елдің тіліне, тарихы мен мәдениетіне деген терең екіжақты  бірдей қызығушылыққа негізделген  деп атап өтсек қателеспейміз. Жыл сайынғы Кореядан тілдік машықтанудан өтетін қазақстандық студенттердің санының өсуі, корей тұрғындарының да қазақ тіліне деген қызығушылығының артуын осыған себеп бола алады.

      Бүгінгі күні ҚР-ның әрбір ірі университеттерінде корейтану кафедрасы бар, онда қазақстандық студенттер корей тілі мен әдебиетін (сонымен бірге басқа да арнайы пәндерді) оқиды. 5 жылдан бері Кореялық Кангнам университетінде «қазақтану» (Kazakh Studies) кафедрасы жұмыс істейді, болашақта Сеул университетінде қазақ тілі кафедрасын ашу жоспарлануда. Онда қазақ тілі мен әдебиетін бұрын Қазақстанға оқуға келіп, қазақ тілін шет тілі ретінде меңгеріп, біздің университетіміздің түлектері – корей азаматтарын оқытады. Бұл жағдайда ғылыми-білімдік байланыс біздің халқымыздың жақындасуына және өзара түсіністіктің қалыптасуына септігін тигізеді. Қазақстан мен Корей Республикасы арасындағы мәдени-гуманитарлық саласында әсіресе білім аясында байланыс кеңінен дамуда. Екі ел арасындағы мұндай әрекеттерді ЖОО арасындағы ынтымақтсатық пен бірлескен мәлімдемелер мен келісім-шарттардан көре аламыз. Осы бағытта атап айтсақ Қазақстанның жетекші оқу орыны әл-Фараби ат. ҚазҰУ-нің Шығыстану факультеті мен Корея Республикасының Елшілігі, халықарылқ байланыстарды дамытудың Корея Агентігі, Корея Республикасының Білім беру орталығы, Korea Foundation  және түрлі демеуші көмектерін беретін KOIKA, “Korea Foundation”, “Korea Research Foundation” қорларымен жемісті қарым қатынастар орнады. Осы қарым-қатынастарды жетілдіру мақсатында әл-Фараби ат. ҚазҰУ-нің Шығыстану факультеті жыл сайын «Түрген сарқырамасына саяхат» деген мәдени шара, «Корей тілінің күні»   атты мереке Алматыдағы Корей Ағарту Орталығының бірігуімен және «Шығыстану факультетінің корей кафедрасының апталығы»     халықаралық деңгейде өткізіліп тұрады.  Мұндай шараларға  «Шинхан Банк Қазақстан» АҚ, КОЙКА өкілдері демеушілік жасайды және олармен кездесу кештері өткізіледі. Университет деңгейінде Халықаралық студенттер күнін өткізу барысында корейтану кафедрасында ұлттық Елшілік тәрбие сағатын өткізіп, онда  Корей Республикасы Елшілігінің Бас Елшісі Шин Хен Ынаның «Корей Республикасы мен Қазақстан арасындағы қазіргі заманғы байланыстың беделі: «проблемы и перспективы» тақырыбындағы ашық дәрісі ұйымдастырылды. Корей кафедрасының студенттері « Қазақстан Шинхан Банк» акционерлік қоғамынан әлеуметтік стипендиясында алдып тұрады.

Сонымен қатар студенттерді 2011жылдың 4-5 мамырында Заманауи алдыңғы қатарлы «ақылды» технологияны дамыту мен қолдану бойынша Қазақстан-Корей Бизнес Форумына қатысты. Бұл шара Кореяның Қазақстандағы жылына сәйкес ұйымдастырылған Орталық Азия мен Корей бизнесмендерінің арасындағы тиімді ынтымақтастық дамыту мақсатындағы іскер бірлестіктер үшін айтулы оқиға болды.

POSKO TJ Park Foundation халықаралық ұйымымен бірлесе жұмыс істеу жөніндегі келісімге сәйкес Корея Республикасының жүзжылдық концернінің Азиялық ПОСКО фонды (Kim, Jin Wook, Secretary General) ҚазҰУ-ң үздік студенттеріне 20 стипендия бөлді. Осы жұмыс шеңбері бойынша корей бөлімінің студенттерінің арасында ПОСКО программасында зерттеу жұмыстарын ұсыну жөнінде оқуға ұсыныс беру мен бағдарламалық жоспармен бірге ақпараттық кездесулер өтті.  [2]

        Тағы да ЖОО-дың бірі ел ордамыз Астанадағы Гумилев ат.ЕҰУ-де 2011 жылы қарашаның 16-да Корей Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ли Бён Хва студенттерге дәріс оқып Корей Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы ынтымақтастығы және Кореяның сыртқы саясатының негізгі қағидалары жайында да сөз етілді. «Таң  самалы елін» көне дәуірде жатқан Алтай арқылы Қазақстанмен тығыз байланыстыра отырып  Корея елі түркi тiлдi мемлекеттер қатарына кiретiн Түрiк кеңесінiң мүшелігіне ниетті екенін  ерекше атап өтті. Осы тұста елші мырза екі ел ұқсастығы жайлы былай деді: «Мемлекеттік нышанға тоқтала келе, Кореядағы екі мың жыл бұрын билеген Когуре әулетінің байрағындағыдай Қазақстан жалауында күн мен самұрық құсы бейнеленген».  Екіжақты қарым-қатынас арасындағы ынтымақтастық әр түрлі салада, оның ішінде мәдениет, әсіресе, экономика саласында жаңа сапалы деңгейге көтеріліп, қарқынды дамып келеді. Былтыр Астана, Алматы және Өскемен қалаларында кәріс билері, кәріс кинофестивалі, таэквондо шеберелерінің фестивалі өткен болатын.  Дәріс соңында халықаралық қатынастар факультетінің деканы Б.Ж. Сомжүрек келген қонақтарға алғысын білдіріп, естелікке сыйлықтар табыс етті. Ал студенттер мен оқытушылар көкейлерінде жүрген сауалдарды қойып, пікір алмасуға зор мүмкіндік алды. [3]

       Екі елдің мемлекеттік институттарының өзара әрекеті үшін де кең ауқым бөлінген. Қазақстандық тараптың қызығушылығын танытқандар: Корея Республикасының сот органдарының жұмысы; жоғарғы сот инстанциясының жұмыс істеуінің ерекшеліктері; биліктің соттық атқарушы және заң шығарушы бөліктерінің арасындағы өзара қатынас жүйесі. Ерекше қызығушылықты танытатын сот ісін тіркеу базасының электронды жүйесі, соның ішінде, сот шешмідерінің мәліметтік банкі, оған Кореядағы әрбір тәжірибеден өтуші заңгерлердің рұқсаты бар.

        Сонымен қатар Денсаулық сақтау саласында екі ел арасындағы қарым-қатынаста даму үстінде. Осы мақсатта 2011 жылы тамыздың 26-шы жұлдызында  ҚР-ның астанасында Денсаулық сақтау министрі Қайырбекова С. ханым мен Корея Республикасының Денсаулық сақтау министрі Чин Су Хи мырзаның арасында денсаулық сақтау саласындағы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылып, екі ел арасындағы әріптестік Азия Тынық мұхиты аймағында басымдылық бере отырып бұл ықпалдастықтың ұзақ мерзімді болатынын атап өтті. Осы орайда Қазақстан тарабы ел халқының денсаулығын сақтау мақсатында бекітілген «Салауатты Қазақстан» ұлттық бағдарламасы туралы баяндап осының  аясында Қазақстан халықтың өмір сүру ұзақтығын 2015 жылға қарай 70 жасқа дейін ұлғайтуды, ана мен бала өлімін 1,5 есеге төмендетуді, жалпы өлім-жітімді 15 пайызға азайтуды мақсат ететіндігін корей әріптестерімен бөліскен болатын.  

      Кездесу барысында қабылданған меморандумнан басқа, Қазақстан мен Оңтүстік Корея мемлекеттерінің  ғылыми орталықтары, емханалары мен медициналық жоғары оқу орындары арасында шамамен жеті меморандумға қол қойылды.  Атап өтсек бұл  меморандумдар Корей елінің президенті Ли Мен Бактың Қазақстанға сапары аясында жасалған болатын. Олардың барысында келешектегі мәселелер яғни  диагностика және ауруларды емдеуде жоғары технологияларды пайдалану, Қазақстан азаматтарын Корея ауруханаларына диагностикадан өтуге және емдеуге жіберу, медициналық мамандардың біліктілігін арттыру, оқу курстарын өткізуге жетекші корей мамандарын тарту, ағза органдарына трансплантация жасау, жасуша және ағза иммунологиясы саласында ғылыми зерттеулер жүргізу қарастырылды. Кореяның денсаулық министрі Чин Су Хидің айтуынша, бұл құжаттар сондай-ақ, ерітінді өндіретін біріккен зауытын құруға, кардиологиялық орталық ашуға және тағы басқа бағдарламалар аясында бірлескен жұмыстарды атқаруға қадам береді демек. [4]

       Меморандумдар Ұлттық ғылыми медициналық орталық пен Сеул университетінің ауруханасы арасында, Ұлттық медициналық холдинг пен Сеул университетінің ауруханасы арасында, С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті мен Корея медицина мектебінің католик университеті арасында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Коре» университетінің медициналық орталығы арасында, «Химфарм» АҚ және «JW PHARMACEUTICAL CORPORATION» корпорациясы, «Седжон Евразия» халықаралық медициналық клиникасы» және «Hyewon Medical Foundation «Sejong General Hospital» компаниясы арасында жасалды.   [5]

          Қазақстан мен Корей Республикасының арасындығы Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтсатықтың тағы жақсы көрсеткіштерінің бірі   2011 жылдың желтоқсан айының жетісі мен тоғызы аралығында  екі елдің қызметтестік шеңберінде Астана қаласының     «Онкологиялық диспансерде» Сеуль Ұлттық Университетінің госпиталі  «Асқазан жарасы» тақырыбында мастер-класс өткізді.   Бұл Сеуль Ұлттық Университетімен қызметтестік Астана қаласының онкологиялық қызметін дамытуға, халықаралық стандарт деңгейіне  жетуге ықпал жасайды, инновациялық технологиялар енгізуге, медицина қызметкерлерінің кәсіптілігін көтеруге, асқазан жарасын емдеу мен анықтауға,  онкологиялық көмек сапасын жақсартуға анық мүмкіндік береді.

     Сонымен қатар Лапараскопиялық гинекология саласында  2011 жылдың қарашаның 15 мен 20 аралығында екі ел арасында Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасын мен Оқу-клиникалық орталығының ұйымдастырумен әйелдер госпиталінің жетекші маманы «Меди Парк» бас дәрігері, м.ғ.д., профессор Джун Гю Е мен министр Гюмханг Нам  «Лапароскопиялық гинекология» тақырыбында   мастер-класс өткізді.  Бұл шараның мақсаты медицина саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру,  гинекологиялық ауруларды емдеуде қазіргі  лапараскопическиялық әдістерді енгізу. Осы орайда
 Доктор Джун Гю Е мен Гюмханг Нам 6 науқастың жағдайын қарап, оталық емдеу жүргізді. Профессордың дәрісі Астана қаласының акушер-гинекологтарына кореялық әріптестерден лапароскопиялық гинекология бойынша қазіргі заманға сай гинекологиялық ауруларды  емдеу мен анықтауға ықпал етті. [6]

      2010-2011жж екі ел арасында мәдени жыл саналып 2010жылы Корей Республикасының Дэгу қаласында Қазақстан жылы аталып өтілсе келесі жылы біздің елімізде әріптестеріміздің жылы атап өтіліп онда осы Дэгу қаласның әкімі шақырылды. Үстіміздегі жыл «Кореяның Қазақстандағы жылы» деп жарияланған болатын. Осыған орай елордада Оңтүстік Корей апталығы өткізілді. «Қазақстан және Корея: дара жолмен жарқын болашаққа!» ұранымен «Қазақстан» концерт залында салтанатты шара өтті. Жиналған жұрттың көбі әйгілі киноактерлерді өз көздерімен көруге келгендердің саны шексіз. Қазіргі таңда теледидарымызда корей телехикаялары көптеп көрсетіліп, олардың қазақ мәдениетіне ұқсастықтары, тәлім-тәрбиелігі, мәдениеттілігі, сыпайгершіліктері көрерменнің көңілдерінен шығып назарын аудартты.  Осыны ескерген ұйымдастырушылар Қазақ жеріне атақты киноактерлерді, саяси тұлғаларды шақырған. Олармен жүзбе-жүз кездесуді армандаған астаналықтар «Қазақстан» орталық залын жаулап алды. Солардың қатарында әйгілі емші Хо Жун, Ханзада Жумонг т.б. кәріс кейіпкерлерін сомдаған актерлер қазақ көрермендерінің сүйікті тұлғаларына айналған. Солардың бірі – Сон Иль Гук. Қазақ жеріне алғаш рет аяқ басқан ол алған әсерімен бөлісті.  Ол «Сіздердің елордаларыңыз керемет екен. Әсем қала. Мен Қазақстанға ғашық болып қалдым. Рахмет сіздерге»,-деген ойлармен бөлісті.

    Ал  концерттік бағдарлама «Кәріс толқыны» атауымен өтті. Оңтүстік Кореяның танымал әртістері мен әншілері көрермендерді өнерімен тәнті етті. Бұл шара жыл бойына жалғасын тапты. [7]

 Сонымен қатар Қазақстандағы Корея жылының жабылу салтанатында Корей Республикасының елшісі шақырылып,  Алматыға Дэгу қаласының әкімі Ким Бум -Илем мырзаның басшылығымен Корея Республикасының делегациясы  келіп, олардың құрамында Дэгу қаласының заңнамалық жиналысының, сауда-өндіріс палатасы, қалалық банк, мәдениет қайраткерлері қоғамының, Қазақстан – Корея достық қоғамының бірінші жетекшілері және медицина саласындағы мамандар да қатысты. [8]

 Осы жылдың 17 мамыр күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстандағы Корей жылының аясында еліміздегі Корей елшілігінің Корей мәдениет орталығының директоры Хан Сун-рэ мырзаның Еуразия гуманитарлық институтының, политехникалық колледждің студенттері мен №17 мектеп-гимназиясының  оқушыларымен кездесуі болып өтті.

Хан Сун-рэ мырза «Корей Республикасы: өткені, бүгіні, болашағы: Корея Республикасының үкiметiнiң ұлттық дамытудың төңiрегiндегi саясаты» тақырыбында дәріс оқыды. Дәрісте Корея республикасының экономикалық көрсеткiштерi, жаңа парадигмаға сәйкес болашақ ұлттық даму стратегиясы, Қазақстанмен жан-жақты байланыстар, ғылым мен техниканың, сонымен бiрге, елдің адам қорларын, спорт саласындағы жетістіктерді дамыту  және т.б. мәселелер жайлы айтылды.

Кездесуде Корея туралы әсерлi бейнеклиптер көрсетiлдi. Кiтапхананың фойесiне Қазақстандағы Корея Республикасының елшiлiгі ұйымдастырған «Корей Республикасы: өткені, бүгіні, болашағы» атты құжатты фотокөрме қойылды.

         ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында бір жыл бұрын Корея елі туралы толық та тың ақпарат беретін кітаптармен, журналдармен және СД-дискілермен жабдықталған  «Кореяға терезе» ақпараттық бұрышы ашылған болатын. Бүгінде бұл ақпараттық бұрыш оқырмандарға өте кеңінен танымал. Олар бұл жерде кәрiс тiлін үйренуге, құжатты, көркем фильмдерді көруге және Кореяның экономикалық, саяси, мәдени өмірімен, сондай-ақ, салт-дәстүрлерiмен танысуға мүмкiндіктері бар. [9]

  Қазақстандағы Корея жылы Алматы қаласында өткен гала-концертпен аяқталды. Корея делегациясы көрермендерге мерекелік бағдарлама ұсынды. Онда Корея Республикасының өнер майталмандарының орындауындағы батыс классикалық музыкасы, «Ing`A» -ның Күз/Қыс 2011 топтамасының көрсетілімі және Корея жұлдыздарының өнері тамашаланды. [10]

2011жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан корейлері қауымдастығы, Корей Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі мен «SGT» компаниясының және Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Қаратал ауданының Үштөбе қаласында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Кореяның Қазақстандағы жылы шеңберінде «Инновациялық жылыжай технологиясы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік семинар болып өтті.

Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Қазақстан Республикасындағы Корей Республикасы елшілігінің бас консулы Шин Хен Ын және жеміс-көкөніс шаруашылығына жаңа технологиялар енгізумен айналысып жүрген ғалымдар мен Қазақстан корейлері қауымдастығының аймақтардағы филиалдарының төрағалары қатысты. Бұл ғылыми тәжірибелік семинарда «Алматы облысының Үштөбе қаласында жыл бойына жабық топырақта ең жаңа технологиялар бойынша көкөніс өнімдерін өсіру жөнінен ерекше жобаны жүзеге асырып жатқан Қазақстан корейлері ассоциациясының тәжірибесіне қатысты болды. Жобаның қуаты – 150 тонна көкөніс, жылыжай алаңы – 1600 шаршы метр. Бірінші жылыжай қазірдің өзінде өнім беруде, тағы сондай екеуі биыл салынатын болады. Бұл басқа да этно-мәдени бірлестіктер тарапынан дамытуды қажет ететін жақсы мысал», – дей келе, Қазақстан корейлері қауымдастығының жарқын бастамасын баршаға үлгі еткен болатын».
Ал Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы елшілігінің бас консулы Шин Хен Ын мырза өз сөзінде кеңес дәуірінің солақай саясаты кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, Қиыр Шығыстан Қазақстанға жер аударылған корей диаспорасының осы елде кеңінен тамыр жайып өсіп-өркендеулеріне барынша жағдайлар жасалып отырғанына ризашылығын білдірді. Қазақстан мен Корея мемлекеттері арасындағы еларалық байланыстың жылдан-жылға нығайып келе жатқандығын да кеңінен атап өтілді.  Семинар барысында «SGT» компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Ли Хан Су мырза «Жабық жерде көкөніс өсірудің жаңа технологиясы» тақырыбында баяндама жасап, осы жобаның қолға алынуына Қазақстан корейлері қауымдастығының ықпал еткендігін атап айтты. «ҚазАгроҚаржы» АҚ Алматы облысы бойынша өкілдігінің директоры Ержан Ұстаев «Жылыжайлар секторын мемлекеттік несиелендіру» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстан Республикасы Үкіметі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және Қазақстан Республикасының қаржы нарығын қадағалау мен қаржы ұйымдарын реттеу агенттігінің 2009-2010 жылдарға арналған экономика мен қаржы жүйесін тұрақтандыру бойынша сондай-ақ агроөнеркәсіп кешендері жобаларын тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында сүт-тауар фермаларын, құс фабрикаларын, жылыжай шаруашылығын, көкөніс пен жемістерді сақтайтын қоймаларын ұйымдастырушылар мен салушылардың инвестициялық жобаларын қаржыландыруға байқау жарияланғандығына айтып, несиенің берілу тәртібін түсіндірді.   Ғылыми-тәжірибелік семинардан соң оған қатысушылар қала сыртына орын тепкен жылыжайды аралап көрді. Жылжайлардың жалпы құны 750 мың доллар, үш жылда өз құнын өтеп шықпақ. Бес қабатты полиэтиленнен тұрғызылған жылыжай отынмен жылытылмайтындықтан қыстың күні төбеден түсетін күн сәулесінен қуат алып 20 градус жылылықты ұстап тұрады екен. Жылжайдағы биік собықты жасыл өсімдікте жүзімдей тізіліп өсіп тұрған ұсақ-ұсақ қызанақтар «черри» аталады. Мұндай черрилер қазір көпке таныс. Дәмі түгіл иісі де жоқ осындай өнімдер Қытай мен Өзбекстаннан әкелініп, саудаланады. Бірақ енді олар Корея кәсіпкерлері салған Үштөбе жылыжайында өсірілген өніммен бәсекелесе алмайды. Себебі корей черриі табиғи, экологиялық таза өнім. Ашық аспан астында өсіріліп жаз аяғында пісетін жергілікті қызанақтардан аумайтын дәмі тіл үйріп, иісі мұрын жарады. Мұнда ұсақ черрилермен қатар дәмді әрі ірі қызанақ түрі де өсірілуде. Қызанақтың осы ірі түрінің де дәмі табиғи екен.  Жылыжайды тамашалап болғаннан кейін жиналғандар корейлердің қазақ халқына деген тағы бір алғысы ретінде Бастөбеде бой көтеруі жоспарланған ескерткіш орнына гүл шоқтарын қойды. [11]

Келесі кезекте Корей Республикасы Орта Азия төңірегінде де ынтымақтастықты кеңейтуде бірқатар іс-шаралар атқаруда. Осы тұстағы көршілес елдермен нарық қатынасына түсе отырып аталмыш мемлекеттермен ақпараттық және интернет технологиясын жетілдіруге кірісіп бағуда. Корея Республикасы өзінің  жаңа технологиялық өндірістерін дамытуымен әлемге әйгілі. Олардың қатарына ақпараттық және интернет – технологиялар да енеді. Орта Азия елдері ішінде Қазақстанда алдағы уақытта сымсыз интернет түрі қазіргіден әлдеқайда кең қолданыс тауып, бүгінгі интернетті бірте – бірте нарықтан толық ығыстыруы әбден мүмкін.
Сондықтан Оңтүстік Корея мамандары онлайн-байланыстың бұл түрінің жетілдірілген жаңа түрін ойлап тауып отыр. Кәріс елінен келген әріптесімен кездесуі барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның өз аумағында кең диапазонды «Уайброу» (WiBro) жаңа интернет – байланыс жүйесін ендіруге қатысты келіссөздер жүргізе бастайтындығы туралы мәлімдеді. Бұл Оңтүстік Кореяда жасалған өнертабыстың Қазақстан нарығындағы сұранысы шамамен 1 миллиард АҚШ долларын құрайды деп бағаланып отыр дейді «Йонхап ньюс».
[12]

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.     http://kaznu.kz/

2.     http://kaznu.kz/

3.     http://enu.kz/

4.     http://enu.kz/

5.     http://www.mz.gov.kz/.

6.     http://www.mz.gov.kz/

7.     http://astanatv.kz/

8.     http://nur.kz/

9.     http://nabrk.kz/

10. http://almaty.kz/

11. http://www.elgazeti.kz/

12. http://www.azattyq.org/