Абильбекова Б.Т.      

       А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті 

                                Гуманитарлық-әлеуметтік факультеті

                           практикалық   лингвистика кафедрасының                                                                                                              

                                           аға оқытушысы

                                                             

                   ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ ҮРДІСІНДЕГІ ПРОБЛЕМАЛЫҚ

                                                     ОҚЫТУ ПРИНЦИПТЕРІ

 

      Мемлекеттік тілді оқып үйрену Қазақстан халықтарының мәдениеті мен тіліне құрметпен қарап, өзара түсіністіктің орнауының кепілі болуы қажет. Мемлекеттік тілді оқыту – жаңа мемлекеттің даму ресурстары – қоғамның  интеллектуалды әлеуетін нығайтушы құрал болып табылады. Мемлекеттік тіл – Қазақстан Республикасының түпқазығы. Оны оқып-үйрену еліміздің егемендігін бекітіп, даму стратегияларының жасампаздығын нығайтады.

 Ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды сақтайтын тілді үйрену арқылы екінші ұлттың дүниетанымы, мәдениетімен танысуға, сол арқылы қоғамда әр түрлі топтар арасында үйлесімді өмір сүріп, қайшылықтардың алдын алуға болады.

  Қазіргі уақыт – жаһандану, жаңару ғасырына аяғын алшақ басқан, ақпараттық технология үрдісінің жедел дамып келе жатқан, әдіс-тәсілдеріміздің заманауи талабына қарай жаңарып, жаңа бетбұрыс алған, үлкен міндеттерді жүктейтін кезең десек, артық айтпаған болар едік. Осыған байланысты мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдеріне оқыту үрдісі заман талабына сай жаңартудың негізгі моделі көпдеңгейлік оқыту жүйесін қалыптастырып, тілді оқыту үрдісінде кеңінен қолданыс тауып отыр. Көпдеңгейлік оқыту мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтетін динамикалық құрылым ретінде білім берудің барлық жүйесінде қазақ тілін оқыту үрдісін реформалаудың шынайы әрі нақты құралы болып табылады.

 Қазақ тілін оқыту үрдісінің әдістемелік негіздерінде антропологиялық бағыт жатыр. Оқыту үрдісі қазақ тілін екінші тіл ретінде меңгертіп қоймайды, халықтың мәдениеті, танымымен таныстырып, ресми-іскери салада қолдануға үйретеді. Бұл үйренушінің мәдени-концептуалдық дүниетаным моделін жаңа біліммен толықтырады. Тіл үйренушінің мәдени, тілдік, қарым-қатынас құзыреттерін қалыптастыруды көздейтін деңгейлік оқыту моделінде қарым-қатынас саласы, онымен байланысты тақырыптар, типтік сөйлеу жағдаяттары соның ішінде проблемалық жағдаятттар оқытудың негізгі болып табылады. Қазақ тілін оқыту төмендегі принциптерге негізделеді:

  1.Сабақтастық принципі. Бұл қоғамның үздіксіз өзара байланысты білім алу талабын қанағаттандырады.

  2.Қарым-қатынастық-мәдениетаралық ықпалдасу принципі үйренушілердің қарым-қатынасқа түсу дағдысын қалыптастыруды көздейді.

 3.Оқу үрдісінің проблемалық пен интерактивті оқыту принципіне құрылуы. Бұл тіл үйренушінің дағды мен шеберлігін қолданысқа шығаруға итермелейтін проблемаларды қойып, оны шешуге бағыттайды.

 4.Оқу үрдісін жеке адамға бағыттау мүмкіндіктерін ескеру принципі.

 5.Шығармашылық, танымдық-әрекеттік принципі.

 6.Рефлекстік өзін-өзі қадағалау принципі қоршаған орта мен адамның өзін-өзі қабілеттілігін қайта жаңартуды көздейді. Тіл үйренушінің қалыптасқан дағдылары оқу үрдісінде жүйелі бақыланады, өзін-өзі тексеру, қадағалау үйренушінің өз тарапынана да болуы шарт.

 7.Әлеуметтік-экономикалық өмірге, кәсіптік әрекеттегі өзгерістерге икемделу принципі.

 8.Кәсіптік принципі кәсіптік мақсатта тілді қолдануды көздейді.

  Тіл үйретуші осы пинциптерді мақсат тұта отырып, іске асыруға тырысады. Әрине, бір сабақ көлемінде барлық пинцип түрлерін алып жүру мүкін емес, дегенмен, бұл принциптер тілді оқытудың негізі десек те болады. Тіл белгілі бір қарым-қатынас саласында қолданылады. Қарым-қатнас салаларын бөлу шартты сипатқа ие. Өйткені шынайы өмірде олар бір-бірімен байланысып жатады. Алайда әр қарым-қатынас саласының өзіне тән тілдік құралдары, сөйлеу нормалары, қалыптасқан қатысым ережелері бар. Сондықтан тіл үйренушінің қатысымға түсетін қарым-қатынас салаларын анықтап алу қажет. Әсіресе, соңғы кездері әдістеме саласында кеңінен айтылып, қолданылып жүрген «проблемалық сабақты»  өткізуде нақты тақырыпты, көтеретін саланы анықтаған жөн.

-         Сөйлеу жағдаятының құрылымы мен сипатын анықтау.

Кез келген сөйлеу жағдаяты мына көрсеткіштерден тұрады:

*тақырыпты анықтау;

*орны және уақыты;

*қарым-қатынасқа қатысушылар, олардың әлеуметтік мәртебесі;

*сөйлеу жағдаятында орын алған заттар;

*болып жатқан оқиғалар;

*коммуникаттар әрекеті;

*сөйлеу жағдаятында қолданылатын мәтіндер;

«Проблемалық сабақ» - бұл  тіл үйренушінің сөздік қорын байытумен қатар, өз бетінше шешім қабылдауға, пікірін айтуға, тілдік нормаларды дұрыс қолданып айтуға, белсенді болуға, пікірталасқа түсуге, сөйлеу әрекетінің барлық түрлерін қолдана алуына бейімделеді және дағдыланады.  Проблемалық сабақты тіл үйретуші тақырыпқа байланысты және сонымен қатар өтіліп отырған тақырыпты шынайы өмірмен байланыстырып, тіл үйренушінің қызығушылығын арттыруға бағыттауы тиіс. Проблемалық сабақ көбінесе ауызша сөйлеу қарым-қатынасына құрылады. Проблемалық сабақтың негізі тіл үйренушінің сөйлеу әрекетіне түсуіне түрткі болу.

 Проблемалық сабақ құрылымына қарай: диспут түрінде; пікірталас түрінде;

конференция түрінде; жиналыс түрінде; есеп беру түрінде;сайыс түрінде;

іскерлік ойын түрінде; Сонымен қатар проблемалық сабақ түрлерін өткізу барысында интерактивті тақтаны, үн таспаны, компьютерді қолданып өткізуге болады. Алайда, сабақты түрлендіріп, қызықты өткізу тіл үйретушінің шеберлігінде.

Мысалы, «тамақ түрлері» атты тақырыпта тамақ түрлерін айтумен қатар:

-күнделікті тамақтану;

-оқу орнындағы самақ сапасы;

-студенттің тамағы;

-қазіргі таңдағы тамақ сапасы сиқты өзекті мәселелер көтерілді.

Осы сызба арқылы әр тіл үйренуші әр сөйлеу әрекетін өз еншісіне алып, өз пікірін ортаға салып, айтуға тырысты.

   Қорыта айтатын болсақ, бұл тәсіл мемлекеттік тілді оқытудың тиімді тәсілдерінің бірі десек те болады. Әрине, әдістің бәрі жақсы, тек оны ұтымды қолдана алуымыз керек.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1Е.Е.Тілешов.,Г.П.Әріпбекова.,О.Б.Сүлейменов Әдістеме әлемінде. Ғылыми-әдістемелік жинақ. Алматы.2008ж.

2.Ф.Ш.Оразбаева., Р.С.Рахметова Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Оқу құралы.Алматы. 2005ж.

3.Қазақ тілі: әдістеме. Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал №1 2007ж.