Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Филилогия, және әлем тілдері
факультетінің
магистранты.
Алмас Нусипов
Қазақ әдебиеті және
Шыңғыс хан.
Қазақ әдебиеті және Шыңғыс хан. Ақын, жазушы емес, әдеби қайраткер емес, ғалым емес, хан. Ұлы патша. Шыңғыс хан. Күллі Еуразияны өз билігімен, өз күшімен қайта қалыптаған, екінші мың жалдықтың ең басты, ең ұлы тұлғасы Шыңғыс хан мен қазақ әдебиетінің арасында қандай байланыс болуы мүмкін? Екеуін неге қатар атауға тиіспіз? Артында әдеби мұра қалдырып па еді?
Бұл сұраққа бір-ақ ауыз сөзбен жауап беруге болады. Қандай әдебиет, яки мәдениет болмасын, тарихпен тікелей сабақтастықта дамиды, һәм жоғалады. Қандай саланың болмасын тарихтан тыс тіршілігі жоқ. Мәселен, әдебиетті алсақ, қай заманда жасалмасын, сол дәуірдің, сол кезеңнің тарихи оқиғаларына негізделеді. Бүгінгі әдебиет өкілі баяғы тарихи жағдаяттарды шығармасына арқау етсе де, ол алдымен бүгінгі күннің жемісі. Тікелей бүгінгі қоғамдағы оқиғаны тілге тиек етпесе де, бүгінгі күннің көзқарасымен, қоғамда қалыптасқан көзқарас, пікірлер негізінде өткен күнге шолу жасайды. Әлбетте, өткен күннің өлісін тірілтіп, біз танымай келген бір қырын, бір шындығын бүгінгі көзқараспен жаңа қырынан жазуға тырысады. Қалай болғанда да, тамыры тым тереңдегі тарих өшпек емес.
Осыны негізге алсақ, Шыңғыстай алып тұлғаның әдебиеттен орын алуы қалыпты жағдай. Әдеби қайраткер болмаса да. Тарихтың дамуын жаңа бағытқа бұрып, жаңа қалыпқа салып кеткен ұлы жиһангер туралы шығармалар өз заманында, көзінің тірісінде-ақ дүниеге келгені анық. Мадақ жыр арнау қай билеушінің тұсында болмасын салтқа енген дүние. Одан бөлек Шыңғыстың әр жорығының соңы жеңісінің құрметіне дүбірлі тойға айналып отырғанын есепке алсақ, жиын-тойда сол жорықтың сұлбасы, оқиғасы туралы жыр толғар ақынның болмауы әсте мүмкін емес. Кескілескен ұрыста кім қандай ерлік жасады, кім ерекше көзге түсті, кім қай қырынан танылды, бәрі-бәрі жіпке жырмен тізілетіні дау туғызбаса керек. Демек, біз тоқталып отырған Шыңғыс хан туралы шығармалардың тамыр алар тұсы Шыңғыстың өз заманынан бастау алады деген сөз. Одан беріде, Шыңғыс ханның өлімінен кейінгі шығармалар. Ауыз әдебиеті арқылы заманнан заманды аттап бүгінге жеткен Шыңғыс туралы қаншама аңыз, әңгіме, жырлар бар. Халықтың жадынан асқан қойма жоқ. Халық арасында ежелден сақталып келе жатқан аңыз оқиғалар тізбегі ұрпақтан ұрпаққа әр заманда жаңа кеп тауып ауысып отырған. Қарапайым халық өзі сүйген, әр әсіне сүйініп, ерлігіне тәнті болған тұлға туралы әр заманда сол қоғамда қалыптасқан ой тұрғысынан жаңа шығармалар тудырған. Белгілі бір қоғамда тек қана бір көзқарас қалыптасуы мүмкін емес, әркім өз тарапынан. Сол себепті, белгілі бір тарихи оқиғаға немес тұлғаға әр қилы баға беріліп жатады. Біздің тақырыбымызға арқау болып отырған Шыңғыс хан турасында да солай. Қазақ әдебиетіндегі ұлы қаған бейнесі де екі түрлі кейіпте. Жағымды және жағымсыз. Тарихқа негізделген әдеби-көркем шығарма нақпа-нақ тарихи шындық деуден аулақпыз. Көркем шығармада идея деген болады. Тарихи оқиғаны не тұлғаны негізге ала отырып, белгілі бір идея тұрғысынан жазылған көркем туындыдағы ойдан қосылған көркемдік детальдарды шындықтан айыра білген жөн. Басты кейіпкер тарихтан белгілі тұлға болғанмен, оның шығармадағы атқарып тұрған қызметіне үңілу керек. Шығарманың басты арқауы көркемдік идея. Ел аузында ежелден айтылып келе жатқан аңызды немесе белгілі бір оқиғаны алды да, қандай да бір автор өз дүние танымы негізінде бір шығарма жазды. Аңыз оқиғаны басқаша қабылдап, өз идеясына бұрып әкелді. Оқиға өзгермегенмен, тағы бір бейне пайда болды. Жағымды немесе жағымсыз. Тарихи шындық бұрмаланған жоқ. Тек қоғамда тағы бір көзқарас пайда болды. Уақыт өте келе әлгі көзқарас тарихи шындық есебінде қалыптасып, тарихқа басқаша баға беріле бастады. Енді бір автор әлгі оқиғаны тағы қазбалап, жаңа қалыптасқан көзқарасты ары қарай індетіп кетті. Бірінші автор тоқталған оқиғаны басқаша қырынан ашуға тырысты. Тарихи оқиғаны сәл өзгертіп өз идеясына бұрып әкелді. Шындық бұрмаланған жоқ, тарихтың әдебиетке қызмет етуі нәтижесінде жоғарыдағы аңыздың тағы бір нұсқасы пайда болды. Ол нұсқаны тағы біраз уақыт өткен соң тағы біреу тарихи шындық ретінде қабылдап, өз жазбағына арқау етті. Міне, сөйтіп сан түрлі көзқарас тұрғысынан жазылған сан түрлі шығармаларда бір адам сан түрлі кейіп тауып, заманнан заманға оза береді.
Біздің кейіпкеріміз де әдебиетте осылай қалыптасқан тұлға. Әр автор өз дүниетанымы тұрғысынан жазып жүр. Жазылып келді. Қазіргі қоғамда қалыптасқан Шыңғыс хан туралы екі түрлі көзқарас соның жемісі. Біреу мақтайды, біреу даттайды. Біздің жұмыс төреші болу емес, тек шығармадағы Шыңғыс бейнесіне шолу жасау. Және, шама-шарқымызша қай көзқарас неден шықты, қайдан бастау алды, тарихи шындық қай жерде бұрмаланды деген сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз. Шыңғыс хан туралы жеткілікті жазылып та, айтылып та жүр. Бірақ әдеби бейнесін негіздеген ғылыми жұмыс жоқ деуге болады. Осы жағынан біздің тақырыбымыз – тың тақырып. Қолға түскен қазақ ақын, жазушыларының әр жылдары жазылған көркем туындыларын сараптай, саралай отырып, әр шығармаға жеке-жеке жеткілікті орын беріп, орта көлемді ғылыми-зерттеу жұмысымызды белгілі деңгейде жазып шығамыз деп ойлаймын.
Ауыз әдебиеті арқылы бүгінге жеткен аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандардан бөлек біздің қолға түскен шығармалар: Әбіш Кекілбаевтың Шыңғыс ханның өмірінің соңының бір көрінісі мен өлімі турасында сыр шертер, ел аузында көнеден сақталып келе жатқан аңызды негіздеген «Ханша-дария хикаясы» атты хикаяты, Тұрсынхан Зәкенұлының Шыңғыс хан заманындағы Керей, Найман мемлекеттерінің күйреуі жайындағы «Көк бөрілердің көз жасы» атты тарихи романы, Сәуірбек Бақбергеновтың Шыңғыс ханның соңғы жорығы турасында жазылған «Бөрте – Шыңғыс ханның жұбайы» хикаяты, Мұхтар Шахановтың Шыңғыс ханның Отырар қаласын алуы туралы жазылған, және Отырар жұртшылығында қалыптасқан, бұрыннан айтылып келе жатқан аңызға негізделген «Жеңілген жеңімпаз хақындағы Отырар дастаны немесе Шыңғыс ханның қателігі» атты поэмасы, сонымен қатар, Шыңғыс хан және оның ұлдары туралы, олардың арасындағы талас-тартыс туралы бір сәтті бейнелейтін Иран-Ғайыптың «Хайуандық комедия» атты драмасы, және осы жылы ғана жарық көрген Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан және оның заманы» тарихи-деректі баяны. Басты назарда осы аталған шығармалар. Сонымен қатар, әр жылдарда жарық көрген авторлардың мақалалары, тарихи оқиғаға негізделмесе де қысқаша ғана жазылған, айталық арнау есебінде, Шыңғыс ханға тағзым немесе сүйініш не керісінше негізде туған шағын өлеңдер, шағын әңгімелерді қолдан келгенше қалдырмауға тырысамыз.
Халық ерекше даңққа бөленген, басшы деп таныған, хан деп бас иген, сүйген тұлғасы жайында қашан да алыс-жақынға аңыз таратып, жыр-дастан қалдырып отырғандығы белгілі. Бір-ақ мысал келтірсек, Шыңғыстың сүйікті ұлы Жошы өлгенде туған аңыз. «Ақсақ құлан, Жошы хан» деп аталады. Біз жырдың өзіне тоқталу былай тұрсын, жалпы мазмұнына шолу жасағанды артық көріп отырмыз.
Шыңғыс ханды қазақ тарихын қоя тұрып, әдебиетінен іздеуде біздің алдымен үңілетініміз де осы – аңыз, ауыз әдебиеті. Әуезовше айтсақ, аңыздың түп төркіні – шындық. Зерттеушілер біз тоқталған аңызды да – шындық дейді. Бұған ешкімнің дауы болмаса керек. Шыңғыс қағанның көзі тірісінде, сөз жоқ, оның айналасындағы жыршы-жыраулардың ханға арнап айтқан мадақ сөздері, дастандары болған. Бізге соның аңызға айналып, жұқанасы болса да жетуі мүмкін. Біздің аңыз деп жүрген жырлардың түбі – сол заманда ұлы қағанға арналған шығармалардың сұлбасы болуы да. Қалай болғанда да, бүгінгі күнге шындық жеткен.
Иә, баяғы заманның алыбы бүгінге алып қалпын жоғалтпай жетуі алдымен, әдебиеттің арқасы. Халық – сүйген, күні қараған, қаймыққан адамына сол заманда-ақ мадақ айтқан, керісінше уәждегі туындылар да туылғандығы даусыз. Қалай десе де заңдылық. Жаугершілік дәуірдің заңы. Кімнің қылышы өткір, күші мығым, айласы алымды – сол қаһарман. Қаһарманның біреу үшін сүйікті, біреу үшін жау болуы заңды нәрсе. Шыңғыс хан да өз хандығын ұлғайтып, мәңгі жасайтын мемлекет құру мақсатында еркімен бас имегендерді қылыштың жүзімен бағындырған. Соғыс – біреуге үрей, біреуге мерей. Жеңілуші жақ ақыры ұлы хандық құрамына енгенімен, соған дейін халықты ерлікке үндеу, жоқтау, зар тұрғысында шығармалар (Ақтабан-шұбырынды жылдарындағы атақты «Елім-ай» секілді) тудырғандығы күмәнсіз. Сол шығармада басқыншы Шыңғыстың атының аталғандығы да ақиқат. Әрине, жағымсыз тұрғыда. Ал, жеңімпаз ханның әр жеңісін тойға айналдырып отырғандығын ескерсек, жиын-тойда бұрынғы мадаққа қоса, жаңа, тың туындылардың да туылып отырғаны талассыз. Заманнан заман өткенде, әлгі шығармалардың ұмытылғаны ұмытылып, ұмытылмағаны сан өзгеріске ұшыраған. Уақыт ағынымен алға жылжи берген. Аңызға айналып. Енді, сол аңызды кейінгілер өз шығармасына шикізат ретінде қолданған. Кейбірі, тіпті, Шыңғыс ханды аттап өтіп. Өзінің арғы уақыттарда өткен бір бабасына қатысты қылып. Сөйтіп, өзгере-өзгере бүгінге жеткен. Прозадан орын ала бастаған. Өзгергенімен түп мазмұны айқын аңызды бір жазушы алады да, тарихқа қатысы жоқ туындысының идеясына қарай бұрып әкеліп, айтпағына тұздық етеді. Тарих бұрмаланған жоқ. Аңыздың тағы бір нұсқасы пайда болды. Оның өзгерткенін тағы біреу оқыды. Тарихи тұрғыдан шындық деп қабылдап, Шыңғыс ханның жағымсыз жағын қазбалап кетті. Тағы қарсы мәндегі шығармалар туып жатты. Түптің түбінде келіп, талас туды. Біреу Шыңғысты даттайды, біреу мақтайды, қорғайды. Қазір қазақ арасында Шыңғысты басқыншы, қазақтарды қойдай қырған, қаніпезер моңғол деушілер де, керісінше, дүниедегі ең ұлы, ең үлкен ұлысты құрушы, түбі түркі, біздің даңқты бабамыз деушілер де бар. Не жақтайды, не қарсы. Міне, осындай екі идея болған жерде, екі автор қарама-қарсы мәнде шығармалар жазады. Ол шығармалар Шыңғыс ханмен бірге бүгіннен өтіп, ертеңге жетеді.
Қорыта айтқанда, қазақ әдебиетінің қай жанрын алмаңыз, Шыңғыс хан туралы, оның істері, бейнесі туралы кездестірмей қалмайсыз. Бұл, біздің әдебиеттің тарихпен бірге туғандығын, және бірге жасай беретіндігін көрсетсе керек. Аңыз адам деген тіркес бар. Әлемдік күнтізбе бойынша екінші мың жылдықтың басты ұлы тұлғасы Шыңғыс хан – сол аңыз адам. Қазақ қана емес, күллі түркі әдебиетінің басты қаһарманына айналғаны, халықтың өз жадында аңыз болып айтылып, бүгінге жеткені – соның дәлелі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Мағауин М. Он үш томдық шығармалар жинағы, 8том. – Алматы: Қағанат, 2002.
2. Зәкенұлы Т. Көк бөрілердің көз жасы. – Алматы: Олжас, 2002.
3. Шаханов М. Ғасырларды безбендеу. – Алматы: Жазушы, 1988.
4. Кекілбаев Ә. Дала балладалары, 2том. – Алматы: Жазушы, 2001.
5. Қабышұлы И. Шыңғыс хан.// Егемен Қазақстан, 24-тамыз, 1992.
6. Дюсенбаева Ж. Ә.Кекілбаевтың шығармашылығындағы тарихи тұлға және көркемдік жинақтау: док.диссертация. – Алматы, 2009.
7. Мағауин М. Шыңғыс ханның шарапаты. // Жұлдыз, №3, 2002.
9. Мағауин М. Шыңғыс хан және оның заманы. //Жұлдыз, №10, 2011.
10. Мағауин М. Ешкі жетектеген екеу. // Алтын Орда, 1-қараша, 2002.
11. Шаханов М. Құлдық сана формуласы немесе Шыңғыс ханды пір тұтушылар әлегі. // Қазақ әдебиеті, №1, 2002.
12. Ордабаев Қ., Әдіһам Шілтерханов. Оңтүстік Қазақстан, 6-маусым, 2002.