Т.Әбдіков   прозасындағы кірме сөздер

Испандиярова А.Т., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік                университетінің аға оқытушысы , гуманитарлық ғылымдар  магистрі

                            

        Тіл  – қоғамдағы қарым-қатынас құралы болумен қатар, ұлттың өмірінен, оның тарихы мен мәдениетінен, менталитетінен ақпарат беретін әрі қоғамды дамытушы күш ретінде қызмет атқарады. Бұл тұрғыдан келгенде көркем шығарма тілінде  қолданылған кірме сөздер арнайы мақсатта жұмсалып, екінші халықтың жағрафиялық, әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық жағдайынан мәліметтер беру  қызметін  атқарады.

        “Сөздік  құрамында  басқа тілден  сөз енбеген  тіл жоқ деуге болады. Дүниежүзіндегі түрлі тілдерде  сөйлейтін халықтар өзара бір-бірімен  қарым-қатынаста болады да, бір-біріне сөз ауысады” [1, 152].

        Қ.Жұбанов  шетелдік сөздер мен советизмдерден  үрікпей қазақ тіліне енгізе отырып,  мынадай үш шартты  орнықтыру керек  екендігін айтады:

     “1) принимать без изменения первоначальные слова в русском  варианте;

      2) – при склонении и спряжении  первоначальных слов употреблять только казахские  окончания ;

         3) – все производные слова  от первоначальных слов  производить  согласно  законам казахского языка. Кроме того, нельзя ограничивать  введение  международных терминов и советизмов” [2, 244].

        Т.Әбдіков шығармаларында орыс  сөздері өте көп  ұшырасады. Жазушы орыс сөздерін автор  баяндауында да, кейіпкер тілінде де  пайдаланады. Оларды шартты  түрде екіге топтауға болады:

        1) орыс сөздерінің  “бұрмаланып”  берілуі;

        2) орыс сөздерінің  бастапқы түбір қалпын сақтап қолданылуы.

        Жазушы шығармаларына  статистикалық талдау жүргізгенде  алғашқы топтағы, яғни автор мен кейіпкер тілі баяндауындағы  “бұрмаланып”  берілген сөздер екінші топқа қарағанда аз кездесетінін байқадық. Мысалы:  Піркәншік бір жаққа кетіп қалып жүрмесін, алатын жыртысымызды ала алмай қалып масқара болармыз” ( 3, 119-б). “-Былтырғы міліция Охапты не істедің? – деп қалжыңдап қояды”- (3, 322-б). “ - Қазетке сүртуге болады, - деді Абылға қарап – Қазетке сүрту шариғатқа қарсы келмейді. Онда тұрған харам ештеңе жоқ” (3, 123-б). “ Кәмпескіге ілікпеймін деп бар малының көзін құртып, кедей болып шыға келіпті. Дуанда нағашысы ма, жиені ме – бір туысы бастық екен деген сыбысты еститінбіз. Ешкімге қайыры жоқ , қаны қара ит еді – ау. Талай адамның обалына қалды ғой” ( 3, 83-б).

       Жоғарыда көрсетілген мысалдардағы орыс сөздері кейіпкер тілінде бұрмаланып беріліп,  айтылатын ойға стильдік жүк артқан.

        Т.Әбдіков прозасындағы орыс сөздерінің қолданысын шығарма тақырыбымен байланыстырған дұрыс. Автор прозасында өмірдегі әр құбылысты, затты, әрекетті бір-бірімен салыстыра отырып, философиялық көзқараста жазылғанын көреміз.

        Заманына сай қолданылған сөздер: актриса, лагерь, музыка, экипаж,  капитан, гимн, коридор,гипноз терапиясы, полковник, сигарет, ванна, палата, фауст, аутотренинг, мистика, террорист, карточка, проблема, телеграмма, скульптор, сигнал, шофер, семья, повестка, посылка, командировка, председатель, коммунист.

       “Той үстінде бишілігімен, бекзаттық қалпымен, зиялы мәдениетімен көзге түскен егде полковник дәл сол күні таң алдында қатыгез, найсап жендет күйінде тағы да көзге түседі. Бір адам ішіндегі екі адам дегенің осы емес пе? ”(3, 58-б); “Осыдан келіп, яғни екі лагерьге бөлудің арқасында, жалпы жан иесіне жан ашу деген идея туады” (3, 42-б);

       Автор шығармаларындағы оқиға баяндалатын кезде қолданылған   кірме сөздер қазіргі таңда қазақшаға аударылған.  Атап  өтсек,

“-Ойбай-ау коммунист емессің бе, үкіметті орнатысқаннан басқа не жазығың бар, - деймін ғой мен сорлы. Зәреден зәре жоқ”(3, 91-б);            Ауылсовет председателі Құдияр жүктегі сүйеулі домбыраны алып, ақырын дыңылдата бастады. Құдияр осы төңірекке белгілі өлеңші. Өлең тыңдамағалы не заман!” (3,99-б);“Повестка” бірінен соң бірі келіп жатыр. Еркектер жүрер алдында ауыл-үйді аралап, дәм татып кетеді” (3,130-б);

        Т.Әбдіков прозасындағы  председатель, повестка, семья, палата, проблема, гимн, телеграмма, стол т.б. сөздердің  қазақ тіліндегі баламасы  Қазақстанның тәуелсіздік алғанынан кейін пайда болды. Яғни  қазіргі заман тұрғысынан алып қарағанда   кірме сөз  болып табылатын  бұл  лексемалар   біріншіден,  сол шығарма  жазылған  кезеңдегі  лексикалық қордағы  актив сөздер; екіншіден, сол кезеңде  бұл лексемаларды қазақша баламамен беру  үрдісі болған жоқ.

        Т. Әбдіков шығараларында суреттеп отырған оқиғаны дәл беру үшін   термин сөздерді жиі қолданған.  Мысалы:

   “ Осының бәрі, меніңше, адалға да, арамға да, ізгілікке де, қиянатқа да жататын рухани қосмекенділердің көбеюінен. Рухани гермофродиттердің көбеюінен. Кембағалдар қашан да өмірге өшпенділікпен қарайды.

    Рухани терроризмге қарсы күрес керек ” (3,33-б).

    “Ғалымдардың айтуынша, ғалам кеңістігіндегі ой жетпес алыс галактикаларда «қара тесіктер» (черные дыры) болады деген. Жалғыздық та осындай космостық қара тесік секілді”(3,34- б).

  Аутотренингке бардым. Дәрігер қыздың үнемі бірдеңе айтқысы келіп тұрғандай сәл-пәл түріліп тұратын сәби еріндерін көргенде көңілім аздап та болса жайланғандай болды. 

        Сонымен, автор туындыларында орыс және басқа да термин  сөздерді қолданғанымен, қалыптасқан шеңберден  шықпайды, сөз шұбарлауға  қатысы  жоқ.  Жазушы шығармада оларға стильдік жүк артқан.

                                 Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Аханов К. Тіл білімінің негіздері. –Аматы: Санат, 1993. – 496 б.

2.Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. -Алматы: Ғылым, 1966.-362 б. 

3.Т.Әбдіков «Әке» Повестер мен әңгімелер жинағы. Алматы «Қайнар» 2005,384 б