Тіл мен  философиямен сабақтастығы:

зертттеудің  қазіргі бағыттары

Ж.К. Отарбекова, филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті.

Алматы. Қазақстан

       Ежелден тіл ғылымы философиямен тығыз байланыста дамып келген.  Тіл туралы алғашқы дәйекті пікірді  гректің әйгілі философы Аристотель айтқан. Қазіргі ғылымдар өз бастауын философиядан алса, олардың арасында лингвистика философиямен  етене араласып, өз кезегінде философияның дамуына да  өз ықпалын тигізген. Өйткені адамның сана-сезімі мен абстрактылы ойлау жүйесінің тілмен тікелей байланысы бар.

Тіл білімі философиямен, біріншіден, методологиялық қағидалар жағынан байланысса, екіншіден, зерттелетін ортақ мәселелері жағынан жақындасып байланысады. Философия күллі ғылымдардың, соның ішінде тіл білімінің де әдіснамалық негізі болып саналады, ғылымдардың дұрыс бағытта дамуы үшін бағыт-бағдар сілтейді.

     Лингвист ғалымдар диалектикалық материализмнің барлық құбылыстарды бір-бірімен өзара байланыста қарау, бір-біріне шарттастығы тұрғысынан қарау керек  дейтін талабын басшылыққа ала отырып, тілді басқа құбылыстармен өзара байланысы тұрғысынан зерттейді.

 Тілдің мәні, оның таңбалық сипаты, тілдің шығуы мен дамуы, ойлау мен тілдің арақатынасы және т.б.мәселелерді зерттеп шешу үшін философия  тіл біліміне бағыт-бағдар сілтейді,  аталған мәселелерді шешудің принциптерін белгілейді.Тілдің теориялық мәселелерін тек жалпы тіл білімі ғана емес,  сонымен бірге тілдің философиясы  да қарастырады.  Жалпы тіл білімі тіл туралы ғылымның бір саласы болып саналса, тілдің философиясы философия ғылымының бір саласы болып саналады да, ортақ мәселелерді бірлесе зерттейді. Тілді оның формасы мен мазмұнының бірлігі, байланысы тұрғысынан зерттегенде ғана,  оның дамуының жалқы заңдары мен жалпы заңдарының табиғатын ашып айқындауға және түсінуге болады. Міне, осы мағынада тіл білімі белгілі дәрежеде философиялық ғылым болып табылады, нақты тілдік құбылыстарды зерттеумен бірге, тілдің философиясына қатысты  мәселелерді де қарастырады.  Бұл айтылғандырдың бәрі тіл білімі мен философия ғылымдарының өзара байланысты ғылымдар екенін көрсетеді.

 Филология ғылымы философиядан бастау алып,  сан-салаға жіктеле дамып, адамзат мәдениетін зерттеуге үлес қосады. Казіргі ғылымдар өз бастауын философиядан алса, олардың арасында лингвистика философиямен етене араласып, өз кезегінде философияның дамуына да өз ықпалын тигізген. Өйткені адамның сана-сезімі мен абстрактылы ой түю жүйесінің тілмен тікелей байланысы бар.

        Тіл – сан ғасырлық адам танымының, адам санасының туындысы. Танымды жалпы түрде адамның әлемге әлеуметтік, тарихи тұрғыдан дамыған қатынасы деп анықтауға болады.  Таным ғылыми және ғылыми емес деңгейлерде де жүзеге асырылады. Танымның ғылыми емес деңгейі – қарапайым,  діни, көркемдік. Ғылыми таным дегеніміз – жүйелілік, білімдердің негізділігі, ғылымның тілі, ғылыми зерттеулердің әдістері мен құралдары сияқты ерекше белгіге ие танымның түрі болып табылады. Ғылыми таным танымның әдістері мен формаларын екі түрлі деңгейде қолданады, олар: эмпирикалық таным әдістері, теориялық таным әдістері.

          Ғылым адамзат қызметінің басқа да салаларымен тығыз байланысты және қазіргі замандағы жалпы адамзаттық мәселелерді шешудегі жетістіктерді анықтайды. Ал ғылым тілсіз өмір сүре алмайды.  Тіл –өмірдің өзегі, қоғамның айнасы. Тілдің дамуы мен қоғамның дамуы бір-бірімен тығыз байланысты құбылыстар. Тілдің қоғамдық құбылыс ретіндегі мәні мен қызметін қоғамдық ғылымдар, оның ішінде философия ғылымы қарастырады.  Ал ұлттық сана, ұлттық болмыс дамыған сайын соған сәйкес ұлт философиясы да, ұлттық тіл де дамып, жетілу үстінде болады.

    Тіл туралы ғылымның  қазіргі заманғы даму сатысына  позитивті білімнен тіл туралы  теориялық-әдіснамалық  кең аядағы терең білімге өту қондырғысы  тән. Өйткені  бұрын сыртқы лингвистикалық факторлар ретінде қарастырылып келген экстралингвистикалық құбылыстар қазіргі лингвистикада  интралингвистикалық (ішкі) құбылыстар ретінде қарастырылуда. Тіл туралы қазіргі ғылымдағы осындай  жаңа  интралингвистикалық  мәселелер қатарына тіл мен мәдениет, тіл мен қоғам, тіл мен діннің арақатынасы мәселелерімен қатар тіл мен философияның өзара байланысы туралы мәселе де жатады.

         Тіл философиясына тіл, болмыс (шындық, қоршаған әлем) пен ойлаудың арақатынасын зерттеуге бағытталған зерттеу салалары, сондай-ақ осы байланысты бейнелейтін әрі қайталайтын теориялық-әдіснамалық білімдер кіреді.  Бұл салалар – тіл, болмыс пен ойлау -  әр түрлі лингвофилософиялық  концепциялар тұрғысынан түсіндірілуі мүмкін. Тіл философиясының  міндеті бұл жағдайда  болмыс пен сананың арақатынасын тілдік тұрғыдан  анықтауға барып тіреледі.

Қазіргі гуманитарлық ойларда тіл философиясы жалпы түрде анықталады, онда «философиялық ережелер тілдің ең жалпы заңдарын түсіндіру үшін қолданылады, ал тіл мәліметтері, өз кезегінде,  нақты уақыт тудырып отырған кейбір философиялық мәселелерді шешу үшін қолданылады». Бұл анықтамадан   тіл философиясына  қатысты зерттеулердегі  лингвистикалық және философиялық бағыттағы  тілдің гносеологиялық мәртебесіндегі айырмашылық белгілі болып отыр. Екі бағытта да мәселе үш сала – тіл, болмыс пен ойлау туралы болғанымен,  бұл бағыттағы тіл философиясы үшін аталған салалар тең емес. Бірінші типтегі зерттеулер үшін негізгі зейін  тілге, оның мәніне, мақсатына,  шарттарына, формасы мен өмір сүру заңдылықтарына бағытталған.  Екінші типтегі лингвофилософиялық зерттеулерде бұндай бағыт міндетті емес.

         Қалған екі салаға – болмыс пен ойлауға келетін болсақ, олар бірінші типтегі лингвистикалық зерттеулерде өзінен-өзі қарастырылмайды,  негізінен  олардың тілмен қатынасы тұрғысынан – тілдің мәні мен өмір сүруі мәселелері категориясы тұтастығы рөлінде көрінеді. Екінші типтегі зерттеулерде болмыс  пен ішінара ойлау да  жеке пән ретінде көрінеді,  бірақ оларды тану үшін де тілге жүгінеді.

        

         Европалық дәстүрде тіл философиясы өз бастауын  классикалық антик дәуірінен алады, ол тіл туралы ғылым бастау алған қайнар көз болып табылады. Ғасырлар бойы (Сократтан стоиктерге және александрияшыларға дейін, Европада аристотельдік ренессанс кезеңінен латындық ортағасырға дейін) тіл таза «философиялық  пайымдаудың»  нысаны болды.  Ойшылдардың тілге қызығушылығы  тұтастай философиялық сипатта болды. Былайша айтқанда,  антик дәуірінде тіл философиясы  сол дәуірдің негізгі философиялық мәселесі – зат, ой мен сөздің арақатынасын шешу барысында туындайды.  Одан әрі тіл философиясы европалық мәдениетте философия ағынында да, теология, логика, лингвистикада да дамиды. Әсіресе ХХ ғ. философия бірқатар дәстүрлі тақырыптар мен негізгі ережелерді  ығыстыра отырып дамыды. Жалпы алғанда,  тіл мәселесі қазіргі философияда біржарым ғасыр бұрынғы секілді жетекші рөл атқарады, философияда тілді зерттеу  негізгі болып табылмайтын екіншілік сипатта болса да, бұл мәселе философия аясында жай ғана көптеген мәселелердің бірі болып қалған жоқ. Бірақ,  француз философы Ж. Деррида айтқандай [1], бұл мәселе ешқашан  соншалықты ауқымды әр түрлі ғылым салаларының зерттеу көкжиегі, гетерогенді дискурс тақырыбы,  әр түрлі әрі әр жақты әдістер мен идеологиялардың  саласын қамтыған емес. 

          Қазіргі европалық философиялық ойларда тіл мәселесі философияда деонтологизация ағымына  қарсы тұруға тырысушылықпен байланысты, сондай-ақ тілге негіз болған  адам танымы мен мәдениетіне базистік негіз іздеу бағытындағы  дәстүрлі философиялық  мәселелерден туады.  Лингвофилософиялық мәселелер қарқынды түрде  ХХ ғасырда философиялық герменевтикада, оның екі нұсқасы - «онтологиялық герменевтика» (М.Хайдеггер) [2] мен «лингвистикалық герменевтика», немесе  мәтін  герменевтикасында (Х.-Г.Гадамер, П.Рикер) [3] қарастырылады.  Онтологиялық герменевтика тіл мен болмыстың арақатынасына баса мән беріп,  болмыстың жетістіктерін  оның тілде ашылуы ретінде таниды. Ал лингвистикалық герменевтика  тіл мен ойлаудың  арақатынасын  олардың болмысқа қатысымен байланыстырады. 

         Тіл мен философияның арақатынасына қатысты маңызды мәселенің бірі «философияның тілі», оның бір жағынан тілмен, екінші жағынан философиямен, оның тілімен байланысы. Тіл мен философияның өзара байланысы туралы идея  адамның дүниені тануының екі формасы ретінде орыстың діни философиясында терең дамыды (П.А.Флоренский, А.Ф.Лосев, В.В.Бибихин).

         Тіл мен философияның байланысы туралы  тақырыптың бір қыры ана тілі мен ұлттық философияның байланысына, сондай-ақ  тіл мен философиядағы идиоэтникалық пен   әмбебаптыққа қатысты. А.Ф.Лосевтің пікірінше, « кім грек тілін түсінсе, сол грек философиясын да түсінеді» [4]

Тіл мен философияның теңдігін ана тілі мен жалпы тілдің  ұстанымына негіздеп, Бибихин былай дейді: «біздің тіліміз баяғыда-ақ орыс философиясының тілі, Ресей философиясының тілі ғана емес, бүкіл философияның  тіл болатын уақыт жетті». [5]

Лингвофилософиялық зерттеулер  философия, тіл туралы ғылым және басқа да ғылым түрлері секілді пәнаралық кеңістікке шығуы мүмкін. Тілді талдаудың кеңдігі мен оның өмір сүру аясына байланысты тіл философиясында  үш негізгі қондырғы-бағдарламаны бөліп көрсетуге болады:

Біріншісі –имманенті –семиологиялық, мұнда тіл  «өзімен өзі және өзі үшін» қатынастар мен әр түрлі бірліктер жүйесі» ретінде қарастырылады. Бұл қондырғы структурализмде көрініс тапқан ( Ф.де Соссюр) [6].

Екінші қондырғы – антропологиялық,  мұнда тіл  адам мен оның әлемі контексінде қаралады, жалпы тіл білімінің негізін салушы В. фон Гумбольдттың, неогумбольдшылар мен соған ұқсас  концепциялардан көрініс табады [7]. 

Үшінші қондырғы – (тео)антропоғарыштық, мұнда тіл кең аяда – Құдай, адам, ғарыш кеңістігінде қарастырылады (мәселен,  С.Булгаковта) [8].

           Тіл мен философияның байланысы  тақырыбы  гуманитарлық ойдың  ең күрделі мәселелерінің бірі болып қала береді. Ойшылдардың әрбір ұрпағы  мәңгі сұраққа өз жауабын береді.  Қандай да бір танымның бастапқы нүктесі  тіл арқылы қалыптасқан әлем,  жаратылыстанушы да, тарихшы да, тіпті философ та  затты бастапқыда тіл қалай жеткізсе, солай таниды.  (Э.Кассирер) [9]. 

        Осы уақытқа дейін тіл мәселелерімен тек тіл мамандары айналысып келді. Тілдің қоғамдық құбылыс ретіндегі мәні мен қызметін ғылыми тұрғыдан анықтауға қоғамтанушы ғалымдар – философтар, әлеуметтанушылар, мәдениеттанушылар, әлеуметтік психология мамандары қатыспады. Соның  салдарынан  тіл дамуына пәрменді ықпал ететін қоғамдық-әлеуметтік факторлар назардан тыс қалып отырды. Тіл мәселелерін дамудың негізгі мазмұнын құрайтын  диалектиканың заңдарына сүйене отырып, философиялық  таным тұрғысынан зерттеу ғана  аталған мәселені шешуде  өз нәтижесін бермек.

Әдебиеттер:

1Деррида Ж. Конец книги и начало письма. – В кн.: Интенциональность и текстуальность. Томск, 1988.

2.Хайдеггер М. Работы и размышления разных лет. М., 1993

3.Гадамер Х.-Г. Истина и метод. Основы философской герменевтики. М., 1988;     Рикер, П. Конфликт интерпретаций. − М., 1995.

4. Лосев А.Ф. Имя. СПб, 1997; Лосев А.Ф. Философия имени. М.: Изд. МГУ, 1990.

5.Бибихин В.В. Язык философии. М., 1993

6.  Соссюр Ф. де. Труды по языкознанию. М., 1977

7.Гумбольдт В. фон. Избранные работы по языкознанию. М., 1984

8.Булгаков С. Первообраз и образ. Сочинения в двух томах, т. 2. Философия имени. СПб, 1999

9.Кассирер Э. Познание и действительность. СПб, 1912

                                                              Резюме

            В статье рассматривается  проблема интерпретации  философии языка и языка философии.   Взаимосвязь языка и философии  - одна из проблем современной  лингвофилософской науки,  должна рассматриваться  в контексте  гуманитарно-общественных наук.

                                                             Summary

      The problem of interpretation of the philosophy of language and the language of philosophy. The relationship of language and philosophy - one of the problems of modern science lingvofilosophy  should be considered in the context of the Humanities and Social Sciences.