Психология

 

Байдалиев Д.Д.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

БОЛАШАҚ МҰҒАЛІМДЕРДІ КӘСІБИ ДАЯРЛАУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ -ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ  ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

 

Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл Фараби: «Ұстаз тумысынан өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселерінің бәрін жадында сақтайтын, олардың ешбірін ұмытпайтын, алғыр да зерек ақыл иесі, өте шешен, өнер–білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны таза және әділ, жұртқа жақсылық жасап, үлгі көрсететін, қорқу мен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» – деген еді [1]. Осы бір қасиетті мамандық иесінің ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны ерекше. Демек, білім сапасын көтерудің негізгі тетігі – ұстаз, сондай-ақ оның теориялық білімі мен кәсіби шеберлігі, шығармашылық қызметі.

Қазіргі кезеңде еліміздің ертеңі - жастардың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ- ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Бүгінгі таңда педагогика,  психология ғылымыдарының өзекті мәселелерінің бірі – жеке тұлғаны жетілдіруде, жан - жақты дамытуда, білім беруде, ғылымның соңғы жетістіктерін қолданып, шығармашылық жұмыстарды жасауға қабілетті, дүние көзқарасы кең, рухани бай азамат дайындау болып табылады. Осы орайда студенттерге жоғары білімнің сапасын арттыру мақсатында әр түрлі бағытта және жаңа бағытта және жаңа әдістерді пайдалана отырып білім беру үлкен маңызға ие. Жоғары білімнің сапасы дегеніміз – жоғары оқу орнының қызмет бөліктерінің барлық қырларын қамти отырып оның негізгі сипаттамаларын анықтап беретін көпжақты ұғым. Осы ретте оқу процесінің сапасын қамтамасыз етуде оқыту әдістерінің атқарар қызметі зор, себебі ол оқу процесін ұйымдастырудың тиімділігін көрсететін фактор болып табылады.

Білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалынып жатқан талпыныстар, түрліше кәсіптік бағдарламаларға негізделген жаңа типтегі оқу орындарының пайда болуы болашақ мамандарды даярлау ісіне нақты талаптар қоюда. Ғалымдардың қоғам талабына сай жүргізіліп жатқан өзгерістерге тән жоғары оқу орындарында жаңа типтік құрылымдар мен әдістерді енгізуі әлемдік стандартқа сай мамандарды дайындау үшін күш жігерлерін ғылыми тұрғыда байланыстыра отырып, қызмет жасауда.

Болашақ мұғалімдердің кәсіби біліктері мен қабілеттері, тұлғалық қасиеттерін педагогикалық тұрғыдан дамыту мәселесін Н.Д.Хмель тұжырымдады [2].

Жоғары оқу орындарындағы оқу – тәрбие процесінде болашақ мұғалімдердің кәсіби даярлығын қалыптастыру мәселелеріне отандық ғалымдардан К.С.Успанов, С.С.Құнанбаева, Д.М.Жүсіпәлиева, Г.Қ.Нұрғалиева, А.А.Калюжный, С.Т.Каргин, Ш.Т.Таубаева және тағы басқа ғалымдардың еңбектері арналған [3-9].

 Бұл ғалымдардың еңбектерінде педагогикалық іс – әрекеттің құрылымы, кәсіби даярлау жүйесінде және тәлімгерлік жұмысының барысында болашақ мұғалімдердің кәсіби жағынан маңызды сапаларының қалыптасу жолдары айқындалып, педагогикалық жоғары оқу орындарының тәжірибесі сарапталған, кәсіби – педагогикалық бағдарлау жұмысы жүйеленген.

К.С.Успанов өз еңбегінде, педагогикалық процесте болашақ мұғалімдерді адамгершілікке, азаматтықа, ізгілікке  тәрбиелеуді кәсіби даярлаудың ажырамас бөлігі ретінде қарастырып, теориялық және практикалық тұрғыдан жан – жақты негіздеп, сипаттама берген/3/. Ал А.А.Калюжный жеке тұлғаны адамгершілікке тәрбиелеу жүйесінде мұғалімдердің кәсіби қасиеттеріне қойылатын талаптарға сипаттама беріп, ғылыми тұрғыда негіздесе [8], С.С.Құнанбаева, С.Т.Каргин  зерттеулерінде  болашақ мұғалімдердің кәсіби мәндік қасиеті мен кәсіби құндылық құндылықтарын қалыптастыру, мәдениетін көтеру жолдарын жан - жақты тұжырымдады [4,9].

Қазіргі жаңа ақпараттық технологияларға байланысты мамандарды даярлап, кәсіби ақпараттық біліктілігін, танымын  қалыптастыруда қашықтан оқытудағы іс – әрекеттің түрлері Д.М.Жүсіпәлиева еңбегінде жан – жақты талқыланған/5/.

Г.Қ.Нұрғалиева, Ш.Т.Таубаеваның еңбектерінде жалпы білім беретін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы студенттердің құндылық бағдарлы тұлғасын қалыптастырудың психологиялық, педагогикалық шарттарын айқындап, оны әдістемелік, теориялық және практикалық тұрғыдан делелдеп, сипаттаған [6,7].

Қазіргі психологияның өзекті бөлімдерінің бірі – жастар психологиясы. Бұл тақырып өте күрделі және бірнеше аспектілерді қарастырылады, бұл: психологиялық жас ерекшеліктер, оқыту мен тәрбиелеудің психологиялық және әлеуметтік мәселелері, жанұя, әртүрлі топтардың әсері және тағы да басқа көптеген аспектілер. Жастардың мәселесі және олардың қоғам өміріндегі орыны тәуелсіздікті енді ғана алған Қазақстан үшін ең ерекше ұшқыр мәселелердің бірі десек,  болашақ мұғалімдерді психологиялық тұрғыдан кәсіби даярлау ерекшеліктерін отандық   ғалымдар  Қ.Б. Жарықбаев, С.М.Жакупов, З.Ә.Исаева,  Г.К.Ахметова, М.А.Құсайынова және т.б. ғылыми еңбектерде сарапталып  өзіндік тұжырымдама берген [10-11].

       Студенттер таным мен іс - әрекеттің субъектісі ретінде сол қалпында өмірге келмейді, ол сондай дәрежеге, қалыптасу барысында жетеді. Жеке тұлға іс - әрекеттер тәсілдерін меңгере отырып, қажетті білімдерді әлеуметтік тәжірибе жиынтығы ретінде меңгеріп сонымен бірге қозғалыс формасындағы адамзат әрекет күштері мен қабілеттерінің заттық формаға ауысуында жүзеге асады, яғни бұл іс - әрекеттің субъектісі болашақ мұғалімдердің тұлғалық қасиеттерінің дамуы деген сөз.

Болашақ мұғалімдерді кәсіби тұрғыдан педагогикалық – психологиялық даму ерекшеліктерін қарастырмас  бұрын  жеке тұлға  ұғымына тоқталып өтейік.

А.Н. Леонтьевтің пікірі бойынша, «Жеке тұлғаның жетістіктері мен кемшіліктері, жақсы және әлсіз жақтарымен көрінетін тек өзіне ғана тән даралық белгілері оның өзгелермен қарым-қатынас жасауы, қайырымдылығы, мейірімділігі, тәкәппарлығы, жағымды және жағымсыз қасиеттерінің көрінуіне де байланысты. Олардың сыртқы ортамен қарым-қатынас жасауы, өмірдің алуан түрлі ерекшеліктерін тануға, танымдық қасиеттерімен, рухани байлығын арттыра түседі» - деп қарастырады  [12].

Демек, жеке тұлға өзіне тән ерекшеліктері арқылы дараланады. Ондай ерекшеліктерге сенім, дүниетаным, мұрат, бейімділік, қызығу, қабілет, талғам, көзқарас т.б. қасиеттер жатады.

Белгілі психолог Б.Г. Ананьев еңбектерінде: «Адам–физиологиялық, психологиялық жағынан қалыптасып келе жатқан тіршілік иесі. Адам еңбек ету нәтижесінде жануарлар дүниесінен бөлініп шығып, бір-бірімен тілдің көмегімен қарым-қатынас жасайтын, дүниені танып білетін оны өзгертетін және еңбек құралдарын жасайтын жағдайға біртіндеп ие болды. Оның өмірдегі көрінісі физиологиялық, психологиялық, әлеуметтік ерекшеліктеріне, даралық қасиеттеріне байланысты жеке адам немесе жеке тұлға екені көрінеді»-деп қарастырады [13].

Жеке тұлғаның қалыптасу ерекшеліктерін педагогикалық-психологиялық еңбектерді жүйелей келе оның төмендегідей бағыттарға бөлеміз:

Психологиялық бағыт жеке тұлғаның белсенділігін, қалыптасу жағдайларына жауап іздейтін, белгілі бір нәрсеге ұмтылып, оны керек ететін, тіршілік етуде белсенділік танытатын бағыт.

Жеке тұлғаның іс-әрекетін зерттейтін бағыт.

Жеке тұлғаның ерекшеліктерін зерделейтін бағыт.

Жеке тұлғаның ішкі психологиялық құрылымын зерттеу бағыттары.

Бірқатар ғалымдардың пікірінше ХХІ ғасырда оқуға қабілеттілік, қайтақұрушылық ойлау, айырмашылыққа төзімділік, біліктілік пен сауаттылық, экономикалық, технологиялық және әлеуметтік мәдениет адамның негізгі қасиеттері болады.

Қорытындылай келе, Қазақстандағы жалпы әлеуметтік, саяси экономикалық, тәрбиелік және білімдік, мәдениеттік деңгейлеріміздің жаңа сатыға көтеріліп,  жаңаша реңге ие болуы, жеке тұлғаны оқыту, білім беру, дамыту жүйесін жақсартуды талап етеді. Сол себебті еліміздің болашағын дамытатын, жетілдіретін болашақ мамандардың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру ерекшеліктеріне назар аударуымыз қажет. Болашақ маман тұлғасының қандай да ғылымды меңгеруі оның дүниетанымдық, қызығушылық, шығармашылық ерекшеліктеріне байланысты болмақ. Қазіргі жағдайда қоғамда болып жатқан өзгерістерді терең тану, оның рухани дамуының дәрежесін айқындау, халықымыздың дәстүрлі мұраларынан сусындай отырып, оның даму қасиеттерін бойына сіңіре отырып өзі өмір сүріп жатқан қоғамның даму үрдісіне елеулі үлес қоса алады. Болашақ маман жеке тұлға болып қалыптасуы үшін - ол қоғамдық сананың, адамның тұрмыс тіршілігінің барлық түрлерінен хабардар болуы керек.

                                     

Әдебиет

 

1.     Әл - Фараби. Әлеуметтік – этникалық трактаттар. – Алматы. 1975. – 419 б.

2.     Хмель Н.Д. Теоретические основы профессиональной подготовки учителя. – Алматы: Наука, 1998. – 320 с.

3.     Успанов К.С. Теория и практика формирования профессионально значимых качеств у будущих учителей. – Алматы: Ғылым, 1998. – 228 с.

4.     Кунанбаева С.С. Методика обучения лексико – граматическому оформлению вызсказывания в языковом вузе: дис...канд. пед. наук. – Алма – Ата, 1979. –185 с.

5.     Джусубалиева Д.М. Теоретические основы формирования информационной культуры студентов в условиях дистанционного обучения: дис...док. пед. наук. – Алматы, 1993. 380с. 

6.     Нургалиева Г.К. Ценностное ориентации личности: Методология, теория, практика формирования. – Алматы: АГУ им. Абая, 1994. – 44с.

7.     Таубаева Ш.Т. Научные основы формирования исследовательской культуры учителя общеобразовательной школы: дис...док. пед. наук. – Алматы, 2000. 409с. 

8.     Калюжный А.А. Теория и практика профессиональной подготовки учителя к нравственному воспитанию учащихся в целостном педагогическом процессе: дис...докт. пед. наук. –Алматы, 1994. – 328 с.

9.     Каргин С.Т. Влияние профессионально – педагогической направленности обучения на формирование педагогического мышления будущих учителей: дис. ..канд. пед. наук. – Алма – Ата, 1988. – 150 с.

10. Жарықбаев Қ.Б. Психология. – Алматы: Білім, 1993. – 272б.

11.    Джакупов С.М. Психологическая структура процесса обучения. Дис…док. псих.наук. Москва, 1998, 365с.

12.    Леонтьев А.Н. Избранные психологические произведения: В 2-х т. Т.1,Москва, 1983, 288 с  

13.    Ананьев Б.Г./ Ананьев Б.Г- «Человек как предмет познания». – Ленинград., 1968