т.ғ.к., доцент Сабденова Г.Е.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

 

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ТАРИХНАМАСЫНАН

 

Қазақстанның ортағасырлық проблемалары бойынша ізденістер академиялық шығыстану мектебінің жетістіктерімен, оның белгілі өкілдері Х.Д. Френ, В.В. Вельяминов-Зернов, И.Н. Березин, Н.И. Веселовский, В.В. Радлов, Б.В. Бартольд есімдерімен тығыз байланысты. Қазақ және түркі тектес халықтардың тарихына қатысты шығыс деректерін, сол арқылы қазақ этногенезі және Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеуде А.Ю. Якубовский, А.Н. Бернштам, С.П. Толстов, Б.Я. Владимирцев секілді ғалымдар да көп еңбек сіңірді. Олардың түркологияға қосқан ғылыми үлесі кезінде өз замандастары тарапынан да, кейінгі ұақыттағы Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихы мен этногенезі мәселелерімен шұғылданған оқымыстылар тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Проблеманың нақтылы зерттелуі мен оның тарихнамасы өзара байланысты екендігі белгілі. Сондықтан да қазақ халқының қалыптасуы мен оның мемлекеттілігінің құрылуы туралы еңбектерге кейбір шолулар, талдаулар мен сын пікірлер өткен ғасырдың 20-жылдары баспа бетінде  А.П. Чулошниковтың «Қазақ-қырғыз халықтарының тарихының очерктеріне» байланысты жарық көрді. Бұл еңбегінде автор қазақ тарихын басқа түрік халықтарының тарихымен байланыстыра қарау жөніндегі оң методиткалық тұжырым жасады. «Вопросы о происхождении киргизской народности в исторической науке и народные киргизские придания как источник дальнейшего изучени» деген мақаласында тарихи аңыздар мен қазақ шежірелерін дерек көзі ретінде пайдаланды. Ғалымның бұл ізденістері  Қазқстан тарихнамасында өз ізін қалдырғанымен, оның еңбектерінде біршама қателіктерге де жол берілгенін айту керек. Олардың қатарына географиялық факторға басым мән берушілік, қазақ қоғамындағы әлеуметтік жіктелушілікті жоққа шығару жатады [1].

ХХ ғасырдың 30-жылдары С. Асфендияров қазақ халқының шығу тегі, рулық құрамы туралы мәселе қойды. Осыдан кейін қазақ халқының қалыптасуы мен оның мемлекеттілігінің құрылуы туралы мәселе ұлтшылдыққа қарсы қуғын-сүргін науқаны кезінде мүлдем ұмытыла бастады. 1946 жылдың 28-29 қазанында КСРО Ғылым Академиясының тарих және философия бөлімінің сессиясында баяндама жасаған П.П. Иванов та Қазақ хандығының құрылуы кезеңінен аттап өтіп, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының ХҮІ-ХІХ ғасырлардағы тарихын зерттеу міндеттеріне ғана тоқталады. Әсіресе, 1951ж.. «Правда» газетінде жарияланған «За марксистско-лениинское освещение вопросов истории Казахстана» деген атышулы мақала мен осы негізде 1951 ж. 10 сәуірде қабылданған Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің қаулысынан кейін аталмыш тақырыптарды зерттеуге қысым күшейе түсті [1, 5].

Қазақ этногенезі мен Қазақ хандығы тарихын таптық көзқарас тұрғысынан зерттеуге ұмтылушылық қазақ қоғамындағы қатынастар сипаты мәселесіне әкеп тіреп, мұның өзі көптеген жылдарға ұласқан ғылыми айтыстар мен жорамалдарға жол ашты. Солардың бірі ретінде отандық тарихнамада 40-50 жылдары М.П. Вяткин, С.В. Юшков, С.Л. Фукстың араларында орын алған пікір таластарды айтуға балады. Олар қазақ мемлекеттілігінің экономикалық және әлеуметтік негізгі саяси формасы туралы ой өрбітті. Осы кезеңде республика Ғылым Академиясының тарих, археология және этнография институтында Қазақстан тарихын зерттеудің негізгі бағыттары анықталып,  олардың қатарында қазақ этногенезі мен мемлекеттілігі тақырыбы аталды. Академиының ғылыми сессиясында Қазақ халқының құрылуы туралы  Х.М.Әділгереевтің баяндамасы тыңдалды. Кейін баяндама толықтырылып, Ғылым Академисының «Жаршысында»  жарияланды. Мақалада қыпшақ және қазақ тілдерінің жақындығы, монғол шапқыншылығының қазақ халқының қалыптасуы мен қазақ мемлекеттілігінің құрылуына ықпалы қарастырылды [1, 5-6].

Бұл мәселелер төңірегіндегі автор көзқарастары сол кезеңдегі тарих ғылымының даму деңгейін айқын көрсетеді.

Тарих ғылымының дамуына серпіліс берерлік тарихнамалық, теориялық методологиялық ізденістер болмады, негізінен бұл бағыттағы әрекеттер рецензиялар, пікірлер және шолулармен шектелді. Мұның себебі тарихнамалық зерттеудің деректік негіздерінің дамымауында, 1917 жылға дейінгі қазақ қоғамының патриархалдық-феодалдық қатынастардың үстем болуы сияқты қайшылықты пікірдің орын алуында еді.

1957 ж. М. Ақынжановтың «Об этногенезе казахского народа» еңбегі жарық көрді. Оны  К. Ақышев, С. Ибрагимов және Е.Агеева «сәтсіз монография» деп бағалады. Рецензияда жұмыстың басты кемшіліктері  ретінде қазақ этногенезін зерттеуде тектік шежіренің рөлін асыра бағалаушылық, жазба деректердің аз пайдаланылуы, қыпшақтар мен наймандардың тілдік атрибуциясын дұрыс анықтамау, қазақ этногенезі процесінде оғыз бірлестігінің үлесін жоққа шығарушылық атап көрсетілді. Еңбектің қазақ халқының қалыптасу жолдары мен кезеңдері жөнінде жасалынған тұжырымдары да мойындалмады [2].

Мұнан кейін бұл тақырыпқа ешкім тереңдеп бармады, М.Ақынжановтың еңбегі осы уақытқа дейін бірден-бір монографиялық зерттеу болып отыр.

Қазақ мемлекеттілігінің құрылуы жөнінде де арнайы ізденістер қолға алынбады. Осыған байланысты бұл екі проблема бойынша тарихи білімнің қорлануын қарастырған зерттеулердің болмауы өзінен-өзі түсінікті. Жарық көрген еңбектердің көпшілігінде тарихнамалық талдау берілмеді, тарихшылардың қайшылықты мәселелерге, өзінен бұрынғы авторлардың зерттеу әдістеріне баға беруге батылы бармады. Тек өткен ғасырдың 50-жылдардың аяқ кезінен ғана кейбір тарихнамалық ізденістер көріне бастады.

    Қазақ хандығы тарихнамасының құрамды бөліктерінің бірі осы тақырыпқа, тікелей, не жанама қатысы бар жеке ғалымдардың өмірі мен шығармашылығына арналған шолулар мен талдау мақалалар болып табылады. Орыс шығыстану ғылымының көрнекті өкілдері қатарына жататын, сонымен қатар «қазақ» термині, Орта Азия мен Қазақстанның ортағасырлық тарихының басқа да проблемалары, мұсылман хроникалары туралы еңбектердің авторы А.Н. Самойлович туралы Б.В. Луниннің, Ортағасырлық Қазақстан тарихы мен хронологиясын зерттеуге ұланғайыр еңбек сіңірген көрнекті шығыстанушы В.В. Бартольдтың ғылыми мұрасы жөнінде К.М. Байпақов пен Б.Е. Көмековтің мақалалары жарияланды. Соңғы еңбекте ғалымның көшпелі социумда мемлекеттіліктің пайда болуының алғы шарттары жөніндегі пікірлеріне баға беріліп, оның бұл мәселе бойынша тарихи концепциясының В.Я. Владимирцов, А.Н. Бернштам және А.Ю. Якубовскийдің еңбектерінде жалғасын тапқандығы туралы тұжырым жасалған [3].

Қазақ хандығы тарихнамасының кейбір мәселелері Г.Ф.Дахшлейгер, Б.Ә. Төлепбаев [4], Т.И. Сұлтановтың [5],  М.Қ. Қозыбаев [6] пен кеңес дәуірі кезінде жарияланған еңбектерінде қарастырылды. Оларда қазақ хандығының құрылуы, мерзімі, сипаты мен алғы шарттары мәселелері сол кезеңдегі идеологиялық, методологиялық ұстанымдар шеңберінде көрініс тапты. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап Қазақстанның саяси дербестікке қол жеткізуі өзінің өткен тарихын жан-жақты да терең зерделеуге, мәдени құндылықтары мен мемлекеттілік тарихын танып-білуге мол мүмкіндіктер туғызды. Бұл өз кезегінде қазақ халқын дүниежүзілік тарихи процестің субъектісі ретінде қарастырып, оның тарихындағы мемлекеттілік дәстүр мен сабақтастық мәселелерін қоюға жол ашты. М.Қ. Қозыбаев [6], Т.И. Сұлтанов [5], К.А. Пищулина [7, 31-61], М.Қ. Әбусейітова [8], Б.Е. Көмеков, Ж.О. Артықбаевтың [9] зерттеулерінде қазақ хандығының құрылуы және дамуы жөнінде тарихи ой-пікірдің қалыптасуының негізгі кезеңдері, аталмыш проблемаға қазақ зиялыларының көзқарасы Ш.Т.Омарбековтың кандидаттық диссертациясында сөз болды. М.Қ. Қозыбаев Қазақ хандығы тарихнамасында әлі де болса ақтаңдақ проблемалар баршылығына назар аударып, бұл мемлекеттің құрылуының шешуші алғы шарттары ретінде мына факторларды ескеруді ұсынды: Қазақстан жеріндегі түркі тілді тайпалардың саяси және ішкі әлеуметтік-экономикалық дамуы; Қазақ хандығының құрылуының Еуразия сахарасында дәл осындай орталықтандырылған мемлекеттік құрылымдардың пайда болған кезіне сәйкес келуі; ХІY-ХY ғасырлардың аралығында қыпшақ этносының бөлшектелінуі, одан бірнеше халықтардың бөлініп шығып, ұлттық мемлекеттерінің іргетасын қалады.

Қоғам дамуына көзқарастардың түбірлі өзгерістерге ұшырауы, таптық принциптерге иек артқан методологиядан жаңа танымдық теорияларға ауысу барысында Қазақ мемлекеттілігі жөнінде тарихнамада қайшылықты пікірлердің де болуы өтпелі кезеңдегі «сана дағдарысының» көрінісі деп білеміз. Оған кейбір авторлардың әлі де болса аталмыш проблеманы «көшпелі феодализм», «көшпелі мемлекеттілік» теориялары тұрғысынан түсіндіруге тырысушылығы, Қазақстан аумағындағы этногенетикалық процестер мен мемлекеттілік дәстүрдің тарихи сабақтастық сипатын жоққа шығаруға әрекеттенуі, Қазақ халқының түркілік болмысын, дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесін бұрмалап көрсетуге бейімділік танытуы дәлел бола алады [10].

Мұндай көзқарастар Ж.О. Артықбаевтың «Қазақ мемлекеті: сипаты, құрылымы және қызметі» деген ХYІІІ ғасыр материалдары бойынша жазылған тарихнамалық мақаласында орынды сынға алынды. Ол С. Плетнева, Г. Марков, Н. Масанов, И. Ерофеева секілді тарихшылардың түсінігі бойынша «көшпелілер тек шаруашылық қауым болып қана өмір сүреді, саяси конъюктураның сәті түскенде ғана «әскери-көшпелі қауым құрайды (яғни империя)»деген тұжырымның ғылыми негізсіздігіне уәж айтады [9, 20-21 б]. Одан басқа кейбір авторлардың (Б.Е. Көмеков, С. Жолдасбайұлы, Б. Кәрібаев, Н.Атығаев, т.б.) еңбектерінде де Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеуде орын алып келе жатқан жаңсақ пікірлер мен фактологиялық қателіктерге назар аударылған және тарихи шындықты қалпына келтіруге бағытталған нақтылы тұжырымдары баяндалған.

Міне, келешекте де осы бағыттағы ізденістерді жандандыра беру қажет, олар арқылы тарихи шындықты қалпына келтіруге болады.

 

1. Сабденова Г.Е. Қазақ хандығының тарихнамасы: халқының қалыптасуы, мемлекеттілігінің құрылуы және нығаюы (ХҮ ғасырдың ортасы – ХҮІ ғасырдың бірінші ширегі). 07.00.09 мамандығы бойынша тар. ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған автореф. -А., 2003. -30 б.

2. Акишев К., Ибраимов С., Агеева Е. Неудачная монография // Партийная жизнь Казахстана. –А., 1958.- 3. - С. 75-78.

3. Байгунаков Д.С. Исследователю древней истории Казахстана А.Н.Бернштаму - 100 лет // Культурологічний Вісник. Науково-теоретичний щорічник нижньоі Наддніпрянщини. -№23. -Запоріжжя, 2009.

4. Тулепбаев Б.А., Козыбаев М.К., Дахшлейгер Г.Ф. Некоторые итоги проблемы изучения истории Казахстана // Вопросы историографии  Казахстана / Под ред. Б.А. Тулепбаева. -Алма-Ата: Наука, 1983.- 256с.

5. Султанов Т.И. Некоторые замечания о начале казахской государственности // Известия АН Каз ССР. -1971. -1. -С.54-57.

6. Козыбаев М.К. Актуальные проблемы изучения Отечественной истории // Вестник МН-АН РК.- 1998. -4.- С. 9-18 .

7. Пищулина К.А. Соңғы орта ғасырлардағы Қазақстанның тарихнамасы // Қазақстан тарихы.. -Алматы: Атамұра, 1998.- Т.2.-640 б. - Б. 31-61.

8. Абусеитова М.Х. Исторические исследования  в Казахстане // История исследовании культуры  Казахстана. -Алматы, 1997.- С. 5-18.

9. Артықбаев Ж.О. Қазақ мемлекеті: сипаты, құрылымы және қызметі (ХҮІІІ ғасыр материалы бойынша) // Қазақ мемлекетінің қалыптасу кезеңдері мен тарихи тағдырлары. Халықаралық ғылыми-теориялық Марғұлан оқулары конференциясының ғылыми жинағы.- Жезқазған, 1998.- С. 20-27.

10. Сабденова Г.Е., Байгунаков Д.С. В.Ф.Шахматов (1908-1964) еңбектеріндегі Қазақстан тарихының кейбір мәселелері // Отан тарихы, 2008. №3. 149-157 б.