Ә.Тәжібаев
шығармаларындағы табиғаттың
эстетикалық бейнесі
Манкеш А.Е. – п.ғ.д., Абай атындағы ҚазҰПУ
профессоры
(Алматы, Қазақстан)
Табиғаттың баға жетпес сұлу келбетін сезініп,
көре білуді бағалай
білген қазақ халқы
кейінгі ұрпақты өнер туындылары мен жыр жолдары арқылы
әсемдікке тәрбиелеуді мирас еткен.
Белгілі ғалым әл-Фараби өзінің еңбектерінде табиғаттың
сұлулығын бағалап аялай білу ұлттық
тамырдан нәр алады десе, ұлы ойшыл Абайдың табиғат
сұлулығын, кербез келбетінің әр тұстарын
дәл қалпында беріп, құпия сырын
аша түсетін жыр жолдары адам жанына жағымды
әсер қалдырып, табиғат туралы тәрбие беруде
таптырмас құралға айналып отыр.
Академик
Ә.Марғұлан «Шоқан Шыңғысұлы
Уәлихановтың өмірі мен қызметі» атты еңбегінде:
«Шоқан өзінің атамекенін көгалдандыру,
ағаштың жаңа түрлерін өсірумен көп
айналысқан. Ол әкесімен бірге өз ауылының
жанындағы тау іргесіне қайың ағаштарынан әсем
аллея орнатқан», – деген болатын,
осылайша Шоқан табиғаттың сұлу көрінісін
тарихи-этнографиялық жазбаларында да баяндап отырған.
Белгілі ақын
Ә.Тәжібаев табиғаттың
қайталанбас сұлу көрінісін, эстетикалық бейнесін
өзінің шығармаларының өн бойына арқау етіп,
әр қырынан көрсете білген.
Әдемілікті бағалап, көркемдікті сезіне
білуде эстетикалық танымның
маңызы зор. Эстетикалық таным - бұл табиғаттағы сыртқы әдемілік пен
нағыз сұлулықтың арасын ажырата білу, ал эстетикалық
тәрбие беру - ол әдемілік, әсемдік әлемін сезіне білу,
ал оның негізгі құралдарының бірі - әдебиет.
Әдебиет адамды рухани дамытып, шығармашылыққа
жетелейді, әдемі образға ендіріп, өзіндік
көзқарас қалыптастырады. Міне, ақын
Ә.Тәжібаев өзінің «Тау қойнында»
өлеңінде былайша жырлайды:
Таудың беті
қызыл шұға,
Сыңсып біткен
бүлдіргендер.
Кестелеген тау
өңірін,
Кездеседі түрлі
гүлдер.
Ақын, тау
қойнындағы гүлдерді әдемі қызыл
шұғаға балап, тау беткейіндегі гүлдерді кесте бетіндегі
өрнекке теңеуі, эстетикалық үйлесімділікпен шынайы
берілген. Табиғаттың сұлулығына ерекше мән берген
батыр Бауыржан Момышұлы «Сұлулық - деген тылсым күш
табиғаттың ерекше сыйы. Мәселен, гүлді алайық,
сол гүлге біз сұлу емессің деп айта алмаймыз. Ол
табиғаттың жасаған сұлулығы. Аңдардың
ішінде де сұлуы аз емес. Құстарды алып қарасаң,
олардың ішінде де қаншама сұлулары бар, сол себепті
сұлулық деген нәрсенің өзі –
табиғаттың көркі» -деген болатын. Рауандап келе жатқан
әсем таңды, күн батардағы шұғылалы
шапақты, айнадай жарқыраған шалқар көл мен
теңіздің ақ бас айдынын, немесе көздің жауын
алатын әдемі гүлзарды көргенде сүйсініп қарап
қалатынымыз заңды құбылыс.
Тауларым тұрсын
сілкінбей,
Теңізім менің күрсінбей.
Жарығым жансын
жарқырап,
Айдыным жатсын жалтырап-деп
келетін өлең жолдарында ақынның өзіндік ой -
арманын, табиғатқа деген шынайы көңілін
аңғаруға болады.
Кезінде академик
М.Әуезов ақын Ә.Тәжібаевтың
шығармашылығын зерделей келіп: «Сұлу табиғат
аясындағы көңіл күйін жырласа да, өзінің
сыршылдығын әлеуметтік іргеден аулақтатпайды. Жеке
даралық, мүлгуге, құр тамашалау қалпына әкетпейді.
Табиғат көрінісі, адам тірлігі, еңбек рөлі әр
кезде ақынның терең сезіммен сүйсініп шертетін саздары
болып отырады» - деген болатын.
Ал,
«Жайлау» өлеңіндегі,
Шыжыған ыстық
айларда,
Не жетсін тауда
жайлауға!
Жайылған малға
қосылып,
Жатады бұлттар
сайларда.
Теңіздей майса
толқиды,
Желпіп жел, жауын
шайғанда.
Жазығы жайған
кілемдей,
Жарысып құлын
ойнауға - деп берілетін теңеулерде жайлау көрінісі ерекше
түр сипатта бейнеленіп, еріксіз жайлауға баруға итермелеп,
адамның эстетикалық көзқарасын қалыптастыруға
мүмкіндік береді.
Әбділда! – дедім айқайлап,
Әбділда! – деді
жаңғырық.
Кеудемде тұрды от
лаулап,
Жер мен көкті
жандырып, деп келетін өлеңінде ақын, табиғатқа
жан сарайын ақтарып, одан қолдау күтіп, сырласындай тіл
қатады, өзінің бойындағы талантты да табиғат сыйы
деп бағалап, адам мен табиғаттың егіз ұғым
екендігін оқырман қауымға дәлелдеуге тырысып, кейінгі
ұрпаққа рухани күш, эстетикалық ләззат
сыйлайды.
Ортасында орманның,
Өркешінде
таулардың.
Қыран бүркіт
болғанмын,
Құздарға
да қонғанмын.
Бұл
өлеңінде де ақын Ә.Тәжібаев өзін қыран бүркітке
теңеп, құздарға да қонғанмын дей келіп,
сұлу табиғаттан үндестік іздеп, кейінгі жастарды
қайсарлық пен өжеттілікке, батырлық пен
батылдыққа тәрбиелеудің ұлттық
үлгісін көрсетеді.
Ақынның
адамның көңіл-күйін табиғаттың тылсым
күшімен салыстыра суреттеген «Қайың» өлеңінде,
табиғаттың дүлей дауылына төтеп беріп, нөсерлеп жауған жаңбырдан
кейінгі жадырап сала берген сұлу
қайыңға балауынан ақынның сыршылдығын,
табиғатпен етене жақын болғандығын
аңғаруға болады. Мәселен:
Тынымсыз соқты жел
боран,
Шайқады биік
қайыңды.
Сұлу белден алды
орап,
Қайыңның
шашы жайылды.
Тынымсыз құйды
сел борап,
Нөсермен жуды
қайыңды.
Қайың тұр
міне, жадырап,
Тастаған шайып
уайымды.
Ал төмендегі емен
ағашының әсем де, сұлу суреттелген көрінісінен
ақындық шабыттың ерекше тұстарын байқаймыз.
Тау қозғалса да
қозғалмайды емен ағашы,
Не деген сәулет,
сымбатын өзің қарашы!
Қанша құс
оның шуласып жатыр бауырында,
Бұтақтары мен
көлеңкесіне таласып.
Сабыры қандай,
мейірімі қандай жарастық!
Бір мінезінен
көрмейсің сәл де қораштық.
Түнімен тынбай
жамырап шықса жапырағы,
Тәңірге басын
иіп тұр ма деп қаласың...
Табиғат
сұлулығы – нағыз сұлулық. Ал табиғатты
сүйіп, сұлулыққа бас иген ақын айдын көлге,
толқын соққан жағалауға қарап отырып
ғажайып әсерге бөленді, қанаттанды, шабытына шабыт
қосты. Ақынның табиғат жайлы жазылған
өлеңдерінен көркем тілмен кестелеген, әсемдіктің
құдіретті күші сезіледі, оларға тіл бітіріп,
өзінің шынайы досындай
сырласады.
Адам табиғаттың
жанды бір бөлшегі екені анық, сол себепті де адам
табиғаттың тылсым күшіне тәуелді.
Табиғаттың қайталанбас қазынасы теңіз-көлі,
орман-тоғайы, асқар тауы, жануары мен өсімдігі адамның
рухани дүниесін байытатын құдіретті күш болып табылады.
Табиғатты бағалап, көздің қарашығындай
аялай білген қазақ халқының малға деген
сүйіспеншілігі де ақын назарынан тыс қалмаған.
Ботаның айрықша сүйкімділігі мен мөп-мөлдір
қара көзін жырлаумен
Ә.Тәжібаев жастардың эстетикалық сезімін оятып,
әдемілікті бағалай білуге тәрбиелейді.
Қара
көзің мөлдіреп,
Қызықтырмай
қоймайды.
Жібек жүнің
үлбіреп,
Қарасам көз
тоймайды.
Алматы - деген
өлеңінде, ақын қала көркін табиғатпен
ұштастыра отырып, көркем тілмен, сезіммен жырлады, әдемі
теңеулермен қалаға деген риясыз сүйіспеншілігін
білдірді. Мәселен:
Қай қалада
осынша алып емендер,
Көшелерге жайып
қанат шығады.
Қай қалада
алтын бұрат теректер,
Жапырағымен
көкті сүртіп тұрады.
Ақын
Ә.Тәжібаев табиғат сырын жырлаумен бірге жыл мезгілдері
жайында да толғана отырып, ән жазған. Жылдың әр
мезгілі ақынға әр қырынан шабыт сыйлап, үлкен
сезімдерге жетеледі. «Қыс» өлеңінде:
Үйіріп аппақ
құйынын,
Секіртіп ұшқыр
тиынын.
Кейде еменді сілкеді,
Төбеңнен
қырау бүркеді.
Қырауын жапты еменге,
Бұтақтар
бұқты төменге
Моншағын тақты
қайыңға
Бұршағын септі
селеуге.
Жылдың әр
мезгілінің өзіндік ерекшелігі бар, ал ақын үшін
«көктем» ерекше қымбат, сұлу жыр, сиқырлы
өлеңнің бәрі көктем мезгіліне дүниеге
келеді.
Келе ғой көктемім
аңсаған,
Тазартшы, ызғардан
аспанды.
Сен ғана
әндерді бастаған,
Сен ғана
бастаушы-ең дастанды, немесе
Әр
көктемнің гүлі бар, көбелегі,
Көктем сайын емен де
көгереді.
Көктем сайын
қыбырлап құрт-құмырсқа,
Жәндік біткен
түрленіп көбейеді.
Осылайша ақын
сұлу да сырлы табиғатты, оның әдемілігін жырлай отырып,
оқырманына дүниедегі әдемілік атаулыны бағалай білуге
үйретіп, өмірге құштар бола білуге тәрбиелейді.
Қайырымды бол
көктемдегі гүлдерге,
Баса көрме біреуінде
жүргенде.
Мүмкін бірі мен
шығармын солардың
Сенен ғана мейірім
күткен болармын - деген өлең шумақтарында жастарды
қайырымдылыққа, мейірімділікке шақырып, табиғат
деген киелі ұғымды аялау арқылы адамгершілік
қасиетті насихаттайды.
Осылайша,
Ә.Тәжібаевтың табиғаттың эстетикалық
бейнесін суреттеген жыр жолдары
оның ақындық келбеті мен адами болмысын
танытқан, қазақ поэзиясының ең таңдаулы
нұсқалары деп айтуымызға әдбен болады.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.Әуезов М. Уақыт
–және әдебиет. Қазақтың мемлекеттік көркем
әдебиет баспасы. – 1960. 998б.
2.Тәжібаев Ә.Бес
томдық шығармалар жинағы.
- Алматы: Жазушы, 1981. Т.5.Проза. – 720б.
3.Қирабаев С. Талантқа
құрмет. Мақалалар, зерттеулер, портреттер. -Алматы:
Жазушы, 1988.- 248 б.
4.Тәжібаев Ә.
Есімдегілер: Естеліктер, Эсселер. - Алматы: Жазушы, 1993, 400б.
5.Тәжібаев Ә.
Шығармалар жинағы. 5 томдық. –Алматы: Жазушы, 1978. Т..
Өлеңдер мен поэмалар. 752 б.
6.Тәжібаев Ә.
Күзгі жапырақтар: Өлеңдер мен поэмалар. Алматы:
Жазушы,1988 . 264 б.