Төлеубаева К.М. т.ғ.д.

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті (Алматы, Қазақстан)

 

Қазақтар мен Орталық Азия халықтарындағы

отбасылық туыстық қарым-қатынастар

                                         (ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басы)

 

ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында қазақ халқы мен Орталық Азия халықтары отбасының қарым-қатынастарында әке мұрасы мәселесі ежелден келе жатқан дәстүрлердің бірі. Тәжік, өзбек, қарақалпақ, түркімен, қырғыз және қазақ халықтарының тұрмыс-салттары мен дәстүрлерінде әке артында қалатын мұраға өсиет қалдыру дәстүрі сақталған.

Мүлікті мұраға алу және оны бөлісу сол дәуірдің әлеуметтік-экономикалық, жеке меншіктік, феодалдық қарым-қатынастардың күшеюіне байланысты қазақтар мен Орталық Азия халықтарында түрлі бағытта жүзеге асырылған. Бұл салада адат немесе әдеттік құқық пен шариғат ерекше рөл атқарған. Себебі әке өлгеннен кейін оның мүлкі басқа біреулерге өтуін реттейтін азаматтық нормалары сақталуы тиіс болған. Қазан төңкерісіне дейінгі қазақтар мен Орталық Азия адат пен шариғаттың ара салмағы мен ықпалы халықтардың тұрмысына түрліше әсер еткен. Ол көбінесе, тауарлы – ақшалай қарым-қатынастардың даму деңгейіне, отырықшылыққа немесе көшпелі тұрмысқа, кейбір мұсылман басшыларының іс-әрекетіне, дін иелерінің көзқарастарына байланысты болған. Адат (әдеттік құқық) және шариғат әке мұрасын бөлісуді белгілі тәртіпке келтіретін қажетті мұрагерлік заңдардың бірі. Адат пен шарғиат патриархалды – отбасылық қарым-қатынас жағдайында мүлікті мұраға алуда және оны бөлуде еркектерге қарағанда әйелдердің мұрагерлік құқының төмендігін көрсетеді. Адатқа қарағанда шариғаттың әйелдер үшін кейбір жеңілдіктері болған.

ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында қазақтар мен Орталық Азия халықтарын әке мұрасын бөлісу мәселесіне келгенде екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа адат немесе әдеттік құқық бағытын ұстаған қазақ, қырғыз, қарақалпақ халықтары жатады. Екінші топқа  мұсылмандық шариғат нормалары бағытын ұстаған өзбек, түркімен, тәжік халықтары жатады.

ХІХ-ХХ ғғ. арасында қазақтар мен Орталық Азия халықтарының отбасы түрлерінің бәрі де туыстық қарым-қатынастармен ұштасып жалғасады. Патриархалды рулық қалдықтар Орталық Азия халықтары мен қазақтар арасындағы туысқандық қарым-қатынасқа әсер етті. Қазан төңкерісі қарсаңында Орталық Азия халықтары (өзбек, түркімен, тәжік, қырғыз, қарақалпақ) мен қазақтарда туысқандық қарым-қатынастар отбасындағы салт-дәстүрлерде, әдет-ғұрыптарда туыс адамдардың  бір-біріне көмек беру іс-әрекеті арқылы көрініс тапқан. Мәселен, қыз ұзату, келін түсіру, енші беру сияқты қуаныш кезінде немесе кісісі өлген үйге аза салу, оның жетісін, қырқын, жүзін және жылын беру, кездейсоқ апаттарға ұшырау және дүние, қаражаттан қысылған кезде берілетін туысқандық көмек әдеттері. Мұндай көмек қазақ арасында «жылу», «немеурін», «үме» деп аталады. Мәселен, «жылу» атауы шығыс халықтарында (өзбек, қарақалпақ, түркімен, қырғыз) йылу делінген. Туысқандық көмек  рулық құрылыстан басталған. Рулық құрылыстың әрбір мүшесінің қоғамдағы орны тең болды. Туысқандық қарым-қатынас жалпы сипат алды. «Жылу» көмегі де бәріне бірдей болды. Осындай туыстық ауыз бірлік, ынтымақтастық Қазан төңкерісіне дейін қазақтар мен Орталық Азия халықтарында сақталды. Алайда, жеке меншіктің, теңсіздіктің шығуына байланысты өзара туысқандық көмектің мәні өзгерді. Қазақтардағы «жылудың», Орталық Азия халықтарындағы «йылудың» мәні өзгерді. Бұл ғұрыптар ендігі жерде белгілі бір есеппен жасалатын болды.

Біріншіден, халықтың наразылығын тудырды. Қазақтар және Орталық Азия  қауымындағы ауқаттылар мен кедейлердің арасындағы қайшылықтың айқындала түсуі, тауарлы-ақша қарым-қатынастардың жедел енуі – рулық қатынасының негізін шайқалтып, оның күйреуіне әкеп соқты [1, c. 206].

Екіншіден, Қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақтар мен Орталық Азия халықтары арасындағы туысқандық қарым-қатынастарда өзгерістер болды.

Үшінші өзгеріс, күйеу мен қайын жұрттың арасындағы жаңаша қарым-қатынастың қалыптасуы. Бұл қарым-қатынас күйеуі мен қыздың түскен жұртындағы беделіне байланысты. Мұндай қарым-қатынастар отбасының салт-дәстүріне қарай түрліше болды. Мәселен, ұзатылған қыз, демек күйеудің әйелі ұзақ жасамаса, оның артында баласы қалмаса, сол жылдан бастап сүйек жаңғырту дәстүрі деп басқа жерден екінші әйел алса, онда күйеудің алғашқы қайын жұртымен қарым-қатынасы аяқталады, бірақ екі елдің арасындағы бұрынғы құдандалық қарым-қатынас тоқтамайды.

Төртіншіден, туыстық қарым-қатынастың келесі түрі – бөле. Әр елге ұзатылған апалы-сіңілі қыздардың, тіпті аталас елдің қыздарының балалары бір-біріне бөле болып келеді. Бөлелерді туысқандық жағынан байланыстыратын – нағашы жұрты. Бұл екі жаққа да ортақ – шешелерінің төркіні. Бөлелердің әкелері тарапынан туыстық қатынасы жақын болса, онда бөлелік қарым-қатынастан гөрі, аталас туыстық қатынаста болады. Бөлелердің әрқайсысы бір-бірінен қыз алатын елден болса, олардың шешелерінің бір әке, бір шешеден туған қандас туыстығы да  бөлелердің неке құруына кедергі болмайды. Сол сияқты апалы-сіңлілі туыстар балаларын, яғни бөлелерді бір-бірімен үйлендіруді теріс көрмейді. Қазақ халқында туыстық қатынас тек еркектер тарапынан ғана есептеледі [2, 51б.].

Бесіншіден, ерте заманда қазақтар мен Орталық Азия халықтарының салт-дәстүрлерінде көңіл аударарлық мәселенің бірі құрдастық қарым-қатынас. Мұндай қарым-қатынас немесе әзіл-қалжың бірге өсіп, біте қайнасып, бір-бірінің сырын ұғып, жан дүниесін түсінген қапысыз, қалтқысыз достардың арасында ғана жүреді. Қандай жағдайда болсын құрдастар бір-бірімен еркін, жарасымды әзілдері сауық тәрізді болған. Олардың арасындағы қарым-қатынас достыққа айналып, араларында алыс-беріс үзілмей сыйласып өтеді. Кейде құрдастар бір-бірімен өте қатты қалжыңдасып, тіпті бірінің әйелін бірі «өз әйелім» деп әзілдеп отырады. Х.Арғынбаевтың айтуынша, «мұнда көне бір заманның құпиясы бар тәрізді, яғни әйелдері барлық құрбы-құрдастарының бәріне ортақ болған топты неке дәуірінің бізге дейін жеткен сілемі емес пе екен? Сірә, солай болу керек» [3, 52 б.]. Екінші жағынан бұл мәселе қазақ қоғамында рулық-туыстық жүйемен қатар жыныс-құрдастық (маловозростная группа) топтар құрылымы қызмет атқарғанын көрсетеді.

Алтыншыдан, Қазан төңкерісіне дейін қазақ арасында және Орталық Азия халықтары арасында тамыр болып достасу әдеті кеңінен жайылған. Бұл жөнінде Ү. Қыдырәлин өзінің Маңғыстау қазақтарына арнаған еңбегінде «Маңғыстау қазақтарында достасқан тамырлар қазақ ғұрпы бойынша ешқашан бір-бірінің көңілін қалдырмайды, бір-бірінің қуанышына да, ренішіне де ортақтас болу керек. Кейде олардың өзара құда болулары да ықтимал», - деп жазды [4, 296 б.].

ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. бас кезінде қазақтар мен Орталық Азия халықтарының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпында тамыр болып достасу отбасының әр түрлі жағдайларына байланысты болған. Мәселен, әкелері достық қатынаста болғанда, олар балаларын да достастырады немесе басқа бір жағдайларда мүддесі бір болып, бір-біріне қадірі өткен адамдар тамыр болып достасады. Мұндай жағдайларда тамыр болып, достасқандардың арасында қалау әдеті қалыптасқан. Қалау әдеті бойынша олар бірінен-бірі мал, дүние, қыран бүркіт, жүйрік ат, алғыр тазы сияқтыларды қалап алу үшін де достасып, тамыр болған. Міне, осындай қалау тәсілдері олардың достасып, тамыр болуын қалыптастырған. Тамыр болғысы келгендер қылыш, не қанжар сүйіп ант беріскен. Кейінірек бір-бірімен төс түйістіріп, үш мәрте құшақтасатын болған. «Төс түйістірген доспыз» дескен. Тамыр болып достасқандар бірінің-бірі көңілін қалдырып, жүз шайысып ренжіспеген, қуаныштарына ортақтасып, қайғыларын бөліскен.

Қазақтар мен Орталық Азия халықтарының дәстүрлі салты – ол бір ел мен екінші елдің арасында қыз беріп, қыз алу арқылы болатын құдандалық қарым-қатынастар, күйеу мен қайын жұрт арасындағы қарым-қатынастар. Қазақтың әдет-ғұрпы бойынша күйеу қайын жұртын өз жұртынан алаламай, олармен туыстық адал көңілмен, ілтипаты кішілік жолымен жақсы қарым-қатынаста жүрген және ел-жұртқа қадірлі, отбасына жайлы отағасы болып, қыздарын әлпештеп дұрыс ұстаған күйеулер қайын жұртына сыйлы, ерке болады. Қайын жұртына барғанда күйеу кішік болып жүреді. Төрге отырмайды. Сол үйдің малын сойысып, қонағын күтісіп, аттандырысып, қатты қайырым жұмысын істеп, шаруасының бір жағына шығып, көмектесіп жүреді. Бұл күйеудің кішіпейілдігі, әдептілігі, шаруаға оңтайлы елгезектігі, қыздарын берген қайын жұртын құрметтеуі.

Қазақтағы туыстық қарым-қатынас негізінен жеті атаға дейін созылып, одан әрі қатынас құдандалық байланысқа айналады. Бұлай дейтініміз қазақта экзогамиялық тосқауыл ру ішіндегі жеті атаға дейін берік сақталуы, ал сегізінші ұрпақтардың бірімен бірі некелесуге қақы бар.

Неліктен қазақта жеті атаға дейін қан араластырмау ғұрпы, яғни қыз алысып, беріспеу сақталған? ХІХ ғ. соңында бұл мәселеге  Ы. Алтынсарин ерекше көңіл бөлген. «Қаны жақын туыс адамдар үйленсе, біріншіден, олардан ақыл-есі дұрыс бала тумайды, туа қалғанның өзінде өмір жасы қысқа болып, саны бір-екіден аспайды. Екіншіден, ағайын, туысқан арасында әдепсіз, жағымсыз қылықтар етек алып, ынтымақ, бірлік бұзылады. Ал туыстық араға жеті ата толған соң ежелден жекжат екі ел сүйек жаңғыртып, қайтадан құда болысады. Осы салт арқылы ел бірлігі сақталады» [5, 101-104 б.] – деп жазды.

Бұл жөнінде С. Бизақовтың еңбегінен де көп мәліметтер алуға болады. С. Бизақовтың пікірінше жеті атаға толғанға дейін қан алмастырмау ғұрпы – халықтың нәсіл тазалығы мен генетикалық тұқымдық жетілуі үшін де қажет тәрбиелік мәні зор, озық дәстүр. Ертеде ел ақсақалы мен игі жақсылары мерзімді уақытты межелеп, екі рудың басы қосылған үлкен жиында жеті атаға толған кезді ескеріп, қыз алысуға рұқсат беріп, боз биені құрбандыққа шалып, той-томалағын өткізіп, алғашқы үйлену тойында отау тіккен екі жақтың жастарына батасын беріп тарқасатын. Жеті ата ғұрпы – ағайын адамдардың сыйластығы мен ынтымағын, ар-ұяты мен адамгершілігін сақтаудың кепілі саналып, аталастардың тұқым бұзушылыққа барып, ерлі-зайыпты болуы қатаң жазаланды – деп көрсетті [6, 51б.].

Екіншіден «жеті ата» дәстүрі қазақтың көшпелі қауымына өзара ішкі араластықты сақтау, әскери одақтар, саяси бірлестіктер құру үшін аса қажетті институт.

Отбасылық туыстық қарым-қатынастар туыстық және жақындық атаулармен тығыз байланысты. Орталық Азия (өзбек, түркімен, тәжік, қырғыз, қарақалпақ) халықтары мен қазақтарда туыстық және жақындық атауларының түрі мен мазмұны бір-біріне өте жақын. Мәселен, «аға», «жиен» атауларын салыстырып қарағанда бұл атаулар әр халықта бірдей бір-біріне жақын, ұқсас келеді. «Аға» деген атаумен айтушының бірге туған ағасы, немере, шөбере, аталас жасы үлкен еркектер, әкесінің інілері аталған. Ал «жиен» деген атаумен айтушының қызынан бірге туған апа-қарындастарынан немесе немере, шөбере және аталас апа-қарындастарынан туған бөлелер аталады. Күйеуге әкесінің әкесі де, әйеліне күйеуінің әкесі де «қайын ата» делінеді. Осы сияқты көптеген туыстық, құдандалық жақындық категорияларына ортақ атаулар өте көп. Бұл арадағы қазақтағы туыстық және құдандалық жақындық жүйесінің атаулары айтушыға аталушының жасының үлкен-кішілігіне, жынысына қарай жіктелетінін еске алғанымыз жөн. Мұнымен бірге атаулар әке және шеше тарапынан туыстық, құдандалық жақындыққа байланысты жіктелетінін де еске сақтауымыз қажет. Қазақ және Орталық Азия халықтарының арасындағы туыстық және жақындық қатынастарға байланысты қалыптасқан жүйе тұрақты жүйе, ал қалыптасқан атаулар жоғарыда аталған жұртшылыққа ортақ болып саналады.

Ү. Қыдырәлиннің айтуынша қазақ арасындағы толып жатқан туыстық және жақындық атаулардан Маңғыстау қазақтарындағы атаулардың айтарлықтай өзгешелігі жоқ деуге болады. Алайда, маңғыстаулықтар анасын «апа» демей «мама», «шеше», ал қарт шешесін (әкесінің апасын) «шеке» деп те атайтын. Сол сияқты келіндер қайныларына көбіне «шырақ» деген ат қоятын ерекшеліктері бар. Ат тергеуде қазақ әйелдері аса ізеттілікпен тапқырлықты меңгерген. Оның сарқыншағы бүгінгі Маңғыстаудың қазақ аудандарында да кездеседі. Сөйтіп, туыстық және құдандалық қатынастарға қарай ат тергеу салты да қазақ арасында кең өріс алып келген [7, 296 б.].

Бальхан маңындағы түркімен–иомуттар да басқа да түркімендердегі сияқты ХІХ ғ. туысқандық байланыстарға үлкен мән берген. Туысқандық әкелік және аналық жағынан да саналатын. Бірақ барлық түркімендерде, соның ішінде иомуттарда туысқандық әкесі жағынан болғанды қалайды. Әкесі жағынан туысқандық жақын болып есептелген.

Қыз ұзатылғанда әкесінің үйінен кетіп, күйеуінің үйінде тұрады. Егер күйеуі қайтыс болған жағдайда, жесір дәстүр бойынша өз әкесінің үйіне қайтып келетін, ал балалары күйеуінің туыстарында қалады.

Иомуттардың дәстүрі бойынша баланың ең алғашқы шашын қиюды ағасына (дэде – нағашы) немесе анасы жағынан ер кісіге жүктеген. Әкесі жағынан туыстығы бар әйелдер  көбіне некелік салт-дәстүрге қатынасатын, мысалы, күйеу баланың үйіне қалыңдықты жеңгесі апарған, неке қиғанда қалыңдыққа бас киімді жеңгесі  кигізген, тағы да басқа салттарға күйеудің әке жағынан туысқандығы барлар басшылық жасаған. Ал  анасы жағынан кейбір  отбасылық дәстүрге көбінесе ер кісілер қатысады. Анасы жағынан туысқандар және туысқан болған отбасының мүшелері бір-бірін «гудо» (құда) деп атаған.

Туысқан болған отбасының мүшелері бір-біріне мерекелерде, жерлеуде материалдық көмек көрсетіп, үй шаруашылығында да  көмек берген.

Бальхан маңындағы иомуттардағы  туысқандық терминология негізінде жалпы түркімендікпен бірдей. Мысалы: иомуттар басқа да  түркімендер сияқты әкелерін дэде деген. Балалар үлкен ағаларын, әкесінің ағаларын, бөлелерін аттарына дэде сөзін қосып атаған (мысалы: Иэнэс – дэде). Әпкелерін, әкесінің әпкелерін, бөлелерін «эжеке» деген. Өзімен жасты не кішілерді «баллы» деген.

Отбасында бірнеше әйел болса (бәйбіше, тоқал), кіші әйел балалары үлкен әйелді «гарры эжэ», ал аналарын «генне эжэ» деп айтқан.

Қырғыздардың туысқандық жүйесі және оның ерекшелігі жөніндегі мәселе әдебиетте кеңінен зерттелген [8]. Қырғыздардың туысқандық терминологиясында классификациялық жүйенің барлық белгілері бар. Қырғыздардың туысқандық терминологиясына үңілсек олардың ер адам жағынан туысқандығы көп категориялары болып келсе, ал шешесі жағынан туысқандық буын, ұрпақ бойынша анықталады [9, 214 б.]. Туысқандық терминдері қырғыз тілінің негізгі сөз байлығына тән және ғасырлар бойы өзгерместен қолданылып келген, көптеген ғасырлар бойы тұрақты болған. Бірақ, Қырғызстанның әр түрлі аудандарынан жиналған мәліметтер бірдей емес, тарихи жағдайлардың және көршілес елдермен ұзаққа созылған қарым-қатынастың нәтижесінде қырғыз халқының кейбір топтарының туысқандық терминологиясында кейбір айырмашылықтар бар.

Туысқандық қатынастар жүйесі негізінен әке бойынша анықталады, бұған аталас деген термин және шешесі бойынша туысқандық (жатындас, кіндіктес және т.б.) шарты қолданылуы мүмкін. Қырғыздарда туысқандықты есептеу баяғыдан бері еркек жағынан жүргізіліп, қоғамдық пікір аясында дәл осындай туысқандық заңды күшке ие болса да, күнделікті тұрмыста шешесі тарапынан туысқандыққа өте үлкен мән беріліп, шешесі тарапының туысқандары өте жақын деп есептелген. Қырғыздың «аталастан алтау болғанша, шешеден екеу бол» деген мақалы бекер айтылған емес [10, c. 807].

Неке нормалары да туысқандық жүйемен тығыз байланыста болған. Кеңес заманы кезінде қырғыздардың неке нормаларын бірінші болып Н.П. Дыренкова зерттеген. Қырғыздардың тұқымын экзогамдық дей келе  Н.П. Дыренкова  былай дейді: «қазіргі кезде тұқымның ішіндегі экзогамия бұрынғыдай қатал сақталмайды. Мәселен, моңғолдар тұқымында жеті буыннан жақынды әйелдікке алмау салты қазірге дейін сақталып келсе, ал шірік тұқымында төртінші буында некелесуге рұқсат беріледі, бірақ бұрынғы заманда осы тұқымда да жетінші буыннан жақынға үйленбеу салты болған» [11,c. 12].

Қырғыздарда некелік нормалардың жүйесі құқықтық экзогамиямен толық ұқсастырылуы мүмкін емес. Оларда «буындық» экзогамия қағидасы үстемдік қылған, сондықтан бұл қағиданы қолданған адамдардың құрамы буын өткен сайын өзгерген. Әдеттегі құқық еркек жағынан жетінші буыннан кем емес жақын бір атаның ұрпақтарының ортасында некеге жол берген. Бірақ тұрмыста бұл некелік тыйым салулардан да босаңдау тенденциялар болған [12 c. 140-141].

Біздің зерттеулер қырғыздарда, қазақтарда және қарақалпақтарда неке нормаларының, экзогамия қағидаларының және некелік тыйымдардың ұқсас екендігін көрсетеді. Бұл топпен некелік нормалардағы ұқсастықтар өзбектер мен тәжіктердің ғұрыптық нормаларында да байқалады, бірақ соңғыларында  экзогамия белгілі бір дәрежеде жойылған деп есептеуге болады.

Қырғыз қоғамында қолданылып келген туысқандық жүйе бойынша некені шектеудің нақты  көрінісін анықтау үшін, сондай-ақ әртүрлі жақындықтағы туысқандар арасындағы некелердің түрлі категорияларының таралуын толығырақ білу мақсатында автор  ел ішінде бірнеше жылдар зерттеу жүргізіп, соның ішінде 26 отбасылық-туысқандық топтарды арнайы қарастырды. Бұл топтардың құрамындағы некелескен 990 жұбайдың туысқандық қатынастары қаралған. Нәтижесінде некелердің басым көпшілігі туысқандығы жоқ адамдардың ортасында, не алыс туысқандардың ортасында қолданылып келген «буындық» экзогамияның жүйесіне сәйкес келетіндігі анықталды.  Сонымен қатар, зерттелген жұбайлардың 224 некесі  (22,6%) таза не жартылай түрде туысқандық некелерге жатады, оның ішінде 87 неке (туысқандық некелердің жалпы санының 38,8%) – шешесі жағынан туыс болып саналады [13, c. 217].

Рулық-тайпалық құрылым көп  сатылы  болған: тайпа, ру, рулық бөліктер – «тои», кіші бөліктер – «авлод» (әулет). Ру деп атадан тараған адамдардың бірлігін айтады.

Өзбектерде туыс деп бір атадан жеті атаға дейінгі ұрпақ саналған, сондықтан  әр өзбек өзінің жеті атасын білуі керек, кей жағдайда 10-11 атасын білген. Ру басын – өзбектер бабаларын «катта ота» немесе «катта бува» деп, өз әкесін «ота» немесе «уз отам» деп атаған. Мұндай атаның балалары өздерін бір әулетпіз деп санап, өздерін бір қандастарға («бир урук», «кон-кориндаш») жатқызған [14c. 19].

Өзбектерде ең жақын туыс болып бір әке-шешеден туған балалар – «тувган бола» мен әкесі бір, анасы басқа балалар – «етадош», содан соң әкесі бөлек, анасы бір балалар «ашикдош» немесе «эмчакдош» саналады.

Жақын туыс болып ата-анасы бөлек бірақ бір ананы емген балалар да саналған – емшектес балалар. Яғни, бұндай жағдай қайтыс болған құрбысының немесе туысының омыраудағы баласын қабылдап, емізгенде болған. Бұл бала оның балаларына емшектес бауыр (сүт бауыр) болған.

Барлық келтірілген терминдер, соңғысынан басқасы, туыстық қандас байланысты білдіреді және ерлер мен әйелдерге бірдей айтылады. Балалары әкесінің атымен айтылған. Әке жағынан туысу ең жақын деп саналып, жеті атаға дейін таралған.

Ең жақын туыстар деп үшінші атаға дейінгі туыстарды есептеген. Үшінші атадан кейін қосылатындар (яғни, 4, 5, 6, 7 және т.б.) алыс туыс саналған. Жақын туыстарымен ортақ өмір сүрген, көбіне бір үйде тұрған, ал алыс туыстары  бір-біріне жиі қонаққа бару арқылы байланысқан. Соның әсерінен отбасылық-туыстық топтар сипаты тайпаларға тарады. Халық даналығы былай дейді: «Уругида булса, аймогига татийды» (Өрігінде болса, аймағына татиды) немесе «Бир одам юзга кирса, томири минга кирады», яғни, «Бір адам жүзге келсе, ұрпағы мыңға сүреді» [15, c. 24-27].

Әкесі жағынан қандас туысқандықтан басқа, туысқандық анасы және әйелі жағынан да есептелді. Анасының туыстарын «тога» деп атады, әйелінің туыстарын «құда» деді. Олармен қарым-қатынас тығыз, жиі болмаса да әр отбасының  тірлігіне белгілі бір әсері болды.

Қарақалпақтарда көше әдетте үш-төрт ата бұрын өмір сүрген бабаның атымен аталады. Жер де көше бойынша бөлінеді.

Рубасы іс жүзінде көшенің барлық жерлеріне ие болды,  ауылшаруашылық жұмыстарының жүргізілу мерзімін белгіледі, отбасылардан салық жинады. Топқа енетін отбасылар, бірігіп мал бақты, балық аулады, сондай-ақ, шаруашылық байланыстармен қатар үйлену тойын, шілдехананы, сүндет тойын, жерлеу рәсімін, яғни отбасылық ғұрыптарды бірге атқарды.

Мысалы, қазақтарда мұндай отбасылық-туыстық топ ауыл – қыстау деп аталады. Мұндай ауыл шамамен, бір атадан тараған туысқан он шақты жанұядан тұрады. Бұл бірлестіктің ауыл, қыстау деп аталу себебі, қыста өз киіз үйлерін бір-біріне жақын етіп тіккен (немесе қыстық тамдары жақын орналасқан). Кейде ауыл – жайлау деп те аталған [16, c. 19-20].

С.М. Абрамзон мен Т.А. Жданконың еңбектерінде экономикалық мүддеге байланысты біріккен бірнеше кішігірім туысқан отбасылар жайлы айтылады. Көшеде тұратындар қандас туыстар болған. Әр кошеде шамамен 12-15 шаруашылық, кейде 20 болған. Әр кошенің үлкені болған, ол оларды басқарып отырған. Сондықтан кошеге ол адамның аты берілген.  Кошебидің міндетін айтушылар  бригадирге теңейді, ол барлық мерекелерді басқарады. Бір кошеде тұратын туыстар бір бригаданы құрайды [18c. 105].

Ауылдық жер-су қатынасында кошенің рөлі мен орнын зертеуге, оның мүшелерінің туыстық қатынасын анықтап, осы бір өзара байланысқан кішігірім ортада туыстық қатынастар қалдығының салт дәстүрмен, ырымдармен күрделі байланысын зерттеуге С.М.Абрамзон үлкен үлес қосқан еді [17].

Көше  – рудың ең кіші бөлігі. Хиуа хандығы кезінде жерді әр руға алып, оны кіші көшелерге бөлген, көшенің ішінде  кіші бөлікке жер бөлінбеген, көшеде тұратындар қандас туыстар болған. Әр көшеде шамамен 12-15 шаруашылық, кейде 20 болған. Әр көшенің үлкені болған, ол оларды басқарып отырған. Сондықтан көшеге ол адамның аты берілген. Бір көшеде тұратын туыстар жалпы бір шаруашылық ұжымды  құрайды [19].

Қарақалпақ көшесінде  кейінгі кезге  дейін «бір атаға» тән патриархалдық рулық салт-дәстүр болғанын айтуға болады, олардың  өзара тығыз орналасуы, бір көшебиге бағынуы, бірлесіп мал бағуы, көшебидің шаруашылықты басқаруы, аңға балыққа шығатын мезгілді анықтап беріп отыруы, салық мөлшерін бөлуі және т.б. көшебидің ауылдың барлық өмірін басқарғанының дәлелі. Көшенің барлық мүшесі туыс болған, «бөтен» адам араларында болмаған.

Көрші, қауымдық байланыстармен қоса, таулық тәжіктердің қоғамдық өмірінде туыстық қатынастар да маңызды рөл атқарды. Қаны бір туысқандар көбінесе ерлер жағынан жақын болып саналды. Қаны бір туыстар деген ұғым араб терминімен қауым немесе тоифа деп, сонымен қатар, қында деп аталды, оның мәні «дін» деген сөз.

Таулы Тәжікстанның көптеген кишлактары соңғы уақытқа дейін бірнеше кішкене кварталдарға бөлінді.Олар қаны бір туыстардан құралған. Бір кварталда тұратын туысқан топтар бір мешіттің немесе алоухонның – бір қоғамдық үйдің иелері болды. Мысалы, бір ауыл екі немесе үш кварталдан тұрды, олардың әрқайсысында негізінен қандас туыстар тұрды, әрқайсысының өз алоухоны болды. Қышлақтық зират туралы да осыны айтуға болады. Қышлақтың маңайындағы зираттарда да екі, үш туыстық молалар болған,  әр туыстық топ ол жерге өз туыстарын ғана жерлеген. Туыстық принцип жазғы жайлауды пайдаланғанда да көрініс берген. Бұл бөліс жылда малды жазғы жайылымға шығарғанда қатал сақталды. Туыстық бірлік күнделікті өмірдің, тұрмыстың негізін құрады. Туысына қиындық туса көмектесу, басына қайғы түссе бөлісу, отбасылық салт дәстүрге атсалысу тәжіктердің негізгі міндеті болып саналды. Келініне қалыңмал төлеу керек болса, қарызын өтеу қажет болса, айып пұл төлесе, ол адам жақын туыстарымен қатар қандастарының да материалдық көмегіне сүйенген. Сонымен қатар ол да басына қиындық түскен туыстарына көмек көрсетуге міндетті болған. Тәжіктер көбінесе жақындар арасындағы некені дұрыс санаған, алайда туыстар арасындағы кейбір  өте жақын некеге  тыйым салынған [20, с. 19-20].

Туыстық бірлікпен, берекемен қатар туыстық қауым өкілдері  арасында жер үшін, мүлік үшін дау-жаңжал да  болып тұрған. Мұндай кезде қандастар арасында ет жақын туысын жақтау күштірек болған,  туысы кінәлі болса да қолдауға тырысқан.

Осының бәрі туыстық және көршілік қатынастар мен байланыстардың таулық тәжіктердің қоғамдық өмірінде үлкен рөл атқарғанын көрсетеді.

ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. бас кезіндегі қазақтардағы туыстық қатынастар (өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты) Орталық Азия халықтарында да (өзбек, түркімен, тәжік, қырғыз, қарақалпақ), олардың салт-дәстүрлерінде және әдет-ғұрыптарында дәстүрлі түрде сақталған.

 

 

1               ҚРОММ. 64-қ., 5089-іс, 88, 153-154-пп.

2          Арғынбаев Х.А. Қазақ халқындағы семья мен неке (тарихи-этнографиялық шолу). –Алматы: Ғылым, 1973. – 328 б.

3          Арғынбаев Х.А. Қазақ халқындағы семья мен неке (тарихи-этнографиялық шолу). –Алматы: Ғылым, 1973. – 328 б.

4               Қыдыралин У.С. Қазан төңкерісіне дейінгі Маңғыстау қазақтары (тарихи-этнологиялық зерттеу): тарих ғыл.докт. ...дис. –Алматы, 1996. - 446 б.

5          Алтынсарин И. Очерк обычаев при сватовстве и свадьбе у киргизов Оренбургского ведомства. Записки Оренб.отд. РГО. - 1870. – Вып. І. – С. 112-113.

6               Бизақов С. Түбі бір түркілер. Қазақ энциклопедиясы. –Алматы, 2000. -318 б.

7               Қыдыралин У.С. Қазан төңкерісіне дейінгі Маңғыстау қазақтары (тарихи-этнологиялық зерттеу): тарих ғыл.докт. ...дис. –Алматы, 1996. - 446 б.

8               Дыренкова Н.П. Брак, термины родства и психические запреты у кыргызов (По материалу, собранному летом, 1926 г. в Нарынском районе Семиреченской обл.): Сб.этногр.материалов.– Л., 1927. – Т.2.

9               Абрамзон С.М. Киргизы и их этногенетические и историко-культурные связи. – Л., 1971. – 401 с.

10          Юдахин К.К. Киргизско-русский словарь. – М., 1965. – 973 с.

11          Юдахин К.К. Киргизско-русский словарь. – М., 1965. – 973 с.

12          Абрамзон С.М. Формы родоплеменной организации у кочевников Средней Азии // Родовое общество. ТИЭ. – М., 1951.– Т.ХIV. – С. 141.

13          Абрамзон С.М. Киргизы и их этногенетические и историко-культурные связи. – Л., 1971. – 401 с.

14                   Кисляков Н.А. Очерки по истории семьи и брака у народов Средней Азии и Казахстана. . -Л.: Наука, 1969. – 238 с.

15          Бикжанова М.А. Семья в колхозах Узбекистана. – Ташкент, 1959. – 134 с.

16     Арғынбаев Х.А. Қазақ отбасы: қазақ отбасының кешегісі мен бүгінгісі жайындағы ғылыми зерттеу еңбек. –Алматы, 1996. -285 б.

17          Жданко Т.А. Работа каракалпакского этнографического отряда в 1956 г. // Материалы Хорезмской экспедиции.– М., 1959. – Вып. 1.– С. 196.

18          Соколовский В.Г. Казахский аул. – Ташкент, 1926. – С. 18-46.

19          Жданко Т.А. Работа каракалпакского этнографического отряда в 1956 г. // Материалы Хорезмской экспедиции.– М., 1959. – Вып. 1.– С. 196.

20          Кисляков Н.И. Семья и брак у таджиков (по материалам конца ХІХ – начало ХХ века). -М.- Л., 1959. -269 с.

 

 

Резюме

В этой статье говорится о родственных отношениях казахов и народов Средней Азии

Summary

This article gives information about blood relations of Kazakhs an Middle Asia nations.