ТІЛДІҢ ҚАТЫНАСТЫҢ ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫММЕН БАЙЛАНЫСЫ

Бейсенбекова Гулназ Турлыбаевна

кандидат педагогических наук, доцент

 КазНПУ им.Абая

Смагулова Канат Хайруллаевна

КНР, г.Урумчи

       Тіл кез келген танымдық іс-әрекеттің құралы, ойлаудың формасы және оны дамытудың негізі болып саналады. Тіл – қоғамның ең қажетті қатынас құралы. Сондықтан қоғамды дамытудың басты ұстанымы – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Адам ойының жемісі, тіршілігінің көзі болып табылар бұл ерекшелік бүгінгі тіл білімінің де, әдістеме ілімінің де басты мәселелелерін құрайды. Осыған орай тілді тек құрылымдық негізде ғана емес, әлеуметтік, қоғамдық тұрғыдан талдап түсіндіру қажет. Тілді әлеуметтік проблемалар қатарында әлеуметтік құбылыс ретінде қарастыру, оның қоғамдағы орны мен қызметін анықтау бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі болып саналады. Оған тілдің әлеуметтік сипатын саралау, әдеби тіл мен диалектілердің арақатынасын қарастыру, тілдік форма мәселелеріне көңіл бөлу,    т.б. жатқызылатындықтан, қазақ тілін оқыту негіздерін де бұл проблемалардан сырт қалдыруға болмайды.

         Тіл тек қоғам бар жерде  және оның тікелей ықпал етуімен дамып отыратындықтан, қоғамдық нормалар және қалыптасқан ережелер тілді өркендетуші әрі жүйелеуші қызмет атқарары даусыз. Тіл үйрену мәселесі де қоғамдық қажеттіліктен туындайды. Барлық мемлекеттер бір-бірімен экономикалық, саяси қарым-қатынаста болғандықтан, тіларалық байланыс деңгейі жоғары. Сол себепті де қазақ тілін үйретуде оның жан-жақты тоғысқан  байланыстарына да назар аудару керек. Сөйтіп қазақ тілінің функционалды-семантикалық, прагматикалық, әлеуметтік ерекшеліктерін негізге алған дұрыс.  Себебі тіл мен қоғам өзара тығыз  байланыста қарастырылатын адамзат өмірінде маңызды орын алатын құбылыстар.

     «Қазіргі кезеңде халықаралық байланысы күшті барлық елдерде тілдік қатынас мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Тілдік қатынастың бүкіләлемдік маңызы ел мен елдің, ұлт пен ұлттың саяси байланысына жан-жақты жол ашудан көрінеді» [1, 8]. Қазіргі қоғамда тіл үйренудің, тіл арқылы түсінісудің ерекше мәні, атқарар қызметі бар. Тіл қарым-қатынастың құралы бола тұра, адамдарың қоғамдық, әлеуметтік қызметін сұрыптауға, психофизиологиялық ерекшеліктерін анықтауға, мәдени нормаларын жүйелеуге мүмкіндік береді. Себебі тіл мен қоғам тығыз байланысты қарастырылатын, адамзат өмірінде маңызды орын алатын құбылыстар. Кез келген тіл қоғамның дамуына, өзгеруіне қалай әсер етсе, қоғам да тілдің сөздік құрамының толығуына, кемелдене дамуына немесе, керісінше тілдің тоқырауына ықпал етері сөзсіз. Оның айғағы ретінде тілдік реформаларды, тіл туралы заңдарды және әр жердегі тілдік жағдайды сөз етуге болады. Барлық тілдерде кездесетін дерлік кірме сөздер де сол қоғамдық жағдайлардың, халықаралық қатынастардың дамып жетілу жемісі. Демек, тілдік қатынас – тілдің әлеуметтік қызметін нақтылайтын адамдар қарым-қатынасының ерекше түрі.

         Әлемдегі саяси-әлеуметтік мәселелерден тыс қалмаудың бірден бір жолы – ақпарат алмасу. Сондықтан тіл білу арқылы адамдар дүние жүзіндегі қоғамдық, экономикалық, саяси жаңалықтармен, ақпараттармен хабардар болады. Тілді меңгеру оның қоғамдық табиғатын, өмірлік қажеттілігін ескеруден басталады. А.Байтұрсынұлы айтқандай, «тіл – адамның  адамдық белгісінің  зоры». Тілдің әлеуметтік саралануы, қоғамның тілге саналы түрде әсер етуі,  тілдік жағдай  тілдің қоғамдық құбылыс ретіндегі қызметін айшықтай түседі. Яғни адамзат баласының болашақ үшін қоғамдық, мәдени-әлеуметтік, экономикалық т.б. күресі, сан ғасырлық тарихы, рухани жаңғырулары ұрпақтан-ұрпаққа сол ұлттың тілінде сақталуы арқылы жетеді.  Ана тілінің өміршеңдік қызметінің қуаты мен құдіреті негізінде жаңа ұрпақ ұлтымыздың көне тарихы мәдениетін дұрыс танып білуге бастау алады. Осы бастаулар кешенді тіл ғылымының көкжиегінде ұлттық мәдениеттің көзі ретінде тағылымдық мәні зор ұлттық тлдің өн бойынан табылады. Осымен байланысты тіл табиғатының қыр-сыры өзге ғылым салаларымен (философия, әлеуметтану, мәдениеттану, этнография, т.б.) тығыз қарым-қатынастың негізінде танылып, зерделеніп отыр.

         Өйткені ұлттық тілдің болмысын шынайы тану үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын білу жеткіліксіз, оның түпкі тамыры сол тілде сөйлеуші этностың ғасырлар бойғы тарихымен, тұрмыс-салтымен, мәдениетімен, дәстүрлі менталитетімен тікелей байланысты екені сөзсіз. Сондықтан тілді үйретуде сол этностың дүниетанымымен, мәдениетімен, тарихымен біріктіре қарастыру мәселесі туындайды.

         Тіл мен ой біртұтас ұғымдар. Тілдің ойды жарыққа шығарып, жеткізу қызметі сол ойдың қабылдаушы тарапынан қабылдану теткітері арқылы жүзеге асады. Мұның негізінде тіл де өзінің қоғамдағы қарым-қатынас құралы ретіндегі негізгі қызметін атқара алады. Тіл мен ойлаудың бірлігінің арнасында қарастырылатын өзекті мәселенің бірі – тіл мен оның дүниетанымдық қызметі. Қоғамның қай сатысында болсын, тіл мен ой бірлігінің егіз дамып, өзара байланысып, ұлттық болмысты айқындап, тілде көрініс табуы заңды құбылыс. Кез келген халықтың этномәдени тұрмысын ұлттық тілдің жетегінде, әлеуметтік мәдениеттің ауқымында, дүниетанымын қоғамдық ғылымдар аясында сөз ету мәселесі этнолингвистика ғылымында қарастырылғанымен, осы құбылыстың қоғамдағы әлеуметтік-мәдени өрісі – лингвомәдениеттанудың үлесіне тиіп отыр. Нәтижесінде тіл мен мәдениеттің шекарасында халық тілі мен ұлт мәдениеті, ұлт мәдениеті арасындағы қызметі анықталады. Бұл тілдің адамға, оның жан дүниесіне көркем тіл арқылы ерекше әсер ететін эстетикалық қызметімен астасады. Осымен байланысты қазақ тілінің дүниетанымдық қызметін өзгетілді дәрісханада үйретудің маңызы зор.  Дүниетанымның жинақы бой көрсетер жері – ұлттық дүниетаным.

         Сондықтан жалпы адамзатқа тән дүниетанымның ұлттық ерекшелігін анықтау, құрылымын зерделеу – жалпы адамзаттық дүниетанымға қосқан үлкен үлес. Ұлттық дүниетаным қайталанбайтын құбылыс. Ол сол ұлттың бүкіл бітім-болмысымен, қоршаған ортасымен, ділімен, шаруашылық жүйесімен, тіпті, табиғат құбылыстарымен тығыз байланысты. Әрине, ұлттық дүниетаным – тарихи өзгеріп отыратын жүйе. 

         Әр мәдениетте дүние, қоршаған ортаға деген сан қилы көзқарас, түсінік қалыптасады.  Себебі әр мәдениет заманына, діліне моральдік нормаларына қарай адамға, өмір-өлімге, адамның іс-әрекетіне, сұлулыққа тағы да басқа әр халықтың басында бар негізгі құндылықтарға байланысты өзінің көзқарас жүйесін қалыптастырады. Міне, осы көзқарастың көрінетін, таралатын, сақталатын құралы – тіл.

         Тілдің рухани қазынаны сақтап, мұра ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші қызметінің   мәні де тіл білімінде ерекше атап көрсетіледі. Осы тұрғыдан қазақ тіл білімінде термин ретінде жаңадан қалыптасып келе жатқан, тілді танымдық қырынан анықтайтын тілтаным ұғымы мен дүниетаным ұғымы тығыз байланысты. Ой тіл арқылы ғана жарық көріп, тіл арасындағы түрлі деңгейдегі қатынастарды реттеп отырады. Керісінше, тілде адам санасында бар ойдың негізінде ғана сөздер, сөйлем құрылымдары, фразеологизмдер және т.б. түрінде тілдік формаға айналып,  тіл болып сыртқа шыға алады. Ұлттық ойлаудың, ұлттық дүниетанымның өзіне ғана тән ерекшелігін, нақтырақ айтқанда, әр ұлттың өз дәстүрі мен салты, әдет-ғұрпы, ұлттық ойындары, мақал-мәтелдері және т.б. осы сияқты қалыптасқан жүйесі ретінде көрініс табады.

 

 

1.     Оразбаева Ф.Ш. Тіл әлемі. Мақалалар, зерттеулер. –Алматы: АнАрыс, 2009. -368 б.