Филологические науки\ 3.Теоретические и методологические проблемы исследования языка

 

ф.ғ.к., доцент Қ.М. Байтанасова

 

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан    

           

Көркем мәтін құрылымындағы баяндау тәсілі

 

        Көркем мәтін – өзара ішкі байланыстары мол көпқабатты құбылыс. Әдеби шығармада сюжет оқиғалардың тізбегінен, яғни уақыт-кеңістік қатынасындағы кейіпкерлерінің өмірінен, бір-бірімен алмасып отыратын әрекет-жағдайлардан тұратыны белгілі. «Адамзат тарихының әр түрлі кезеңдерінде әдеби мәтіннің жиі-жиі гуманитарлық ойлаудың өзегіне айналып отырғаны, қоғамдық пікірге әрқилы қозғау салғаны мәлім, сондықтан әрбір гуманитарлық ғылымның әдебиетпен байланысы жөнінде зерттеулер көп, әлі де жалғаса бермек. Әдебиет ең алдымен сөз өнері болғандықтан дара ғылыми бағыт ретінде өнертанудың әдеби мәтінге деген қызығушылығы түсінікті. Тілтанудың да әдеби мәтінді өз зерттеулерінің негізгі нысаны етуі заңды. Түйіп айтсақ, көркем мәтінді жүйелі қарастыруға деген ықылас мынадай төрт ірі ғылыми салаға тиесілі екен: әдебиеттану, лингвистика, өнер семиотикасы, аударматану. Бұл салалалрдың өзі іштей арнайы  мәтінтанушылық мақсаты бар ірілі-ұсақты бағыттарға бөлінеді». Сонымен бірге қазіргі кезде мәтінтануда салааралық пәндер де жедел дамып келеді, оларды көркем мәтіннің мазмұндық, прагматикалық, пішіндік жақтары қызықтыруда» [1].

       Көркем мәтіннің құрылымы түрлі компоненттерден тұрады. Олар көркем туынды тілінің эстетикалық заңдылықтарына бағынып, көркемдік-тілдік жүйе құрап, шығарманы жинақыландырады. Шығармадағы баяндаушы – автор бола отырып, ол суреттеліп отырған мәселеге өзіндік көзқарасын білдіреді. Яғни, автор туындыдағы оқиғадан оқиғаны тудырып, соған жетелеп, кейіпкерлерін сөйлетіп отырады. Шығармаға өзек болатын өмір құбылыстарын сұрыптап алып, оған идеялық бағыт беріп, бейнелі күш дарытатын, бір сөзбен айтқанда, шығарманың идеялық мазмұнын қалыптастыратын жазушының өз бейнесі – автор бейнесі деп аталады. Автор бейнесі шығарманың тілінен, оқиғаның жүйесінен, баяндау стилінен танылады.

      Автор бейнесі қай кезең әдебиетінде де барша қырынан көрініс беріп отырған. Мәселен, XIX ғасырда автор бейнесі бір жағынан баяндаушы бейнесін объективтендіруге бағыт ұстанса, екінші жағынан, керісінше, субъективтендіруге бет бұрды. Алғашқысында (натуралистік бағыт) оқиға автордың қатысуынсыз, өздігінен болып жатқандай беріледі, сондықтан романда диалог үстемдік құрады. Соңғысында (психологиялық бағыт) кейіпкердің ішкі ой-толғаныстарын беру алдыңғы кезекке шығатындықтан, ортақ төл сөз формалары пайда болды.

      Туынды сюжетін құрайтын оқиғалардың өзара қатынасы түрліше болады. Кей жағдайда оқиғаның біреуі алдыңғы кезекке шығып, бір әрекеттің желісінде өрбиді. Бұл жағдайдан басқа шығарманың оқиғалары бір-бірімен тең түрде дамып, өзінің басталуы мен аяқталуын дербес сақтайтын сюжеттер де болады. Бұл туралы әдебиет зерттеушісі В.Хализев: «Туындының басталуы мен аяқталуы – эпизодтық фабулалар. Мұнда оқиғалар өзара себеп-салдарлы байланыста болмайды. Олар тек бір-бірімен уақыт жағынан ғана байланыста» деген пікір білдіреді [2].

         Көркем мәтінде берілген үлкенді-кішілі әрекеттердің бірлігі сюжет, идея, кейіпкерлер арқылы қабысады. Автордың толғамы әр түрлі ситуация ішінде шектеусіз көрініп отырады да, шығармадағы оқиғалар уақыттан тыс, кешенді де сипат алады.

     Көркем шығармада баяндаушы немесе әңгімешінің орны ерекше. Олардың ерекшелігі оқиғаны жеткізулерінен айқындалады. Біреуі оқиғаны үшінші жақтан баяндаса, екіншісі оқиғаның қатысушысы ретінде көрінеді. Зерттеуші В.Е.Хализев: «Оқиғаны өз атынан тікелей баяндайтын адамды әңгімеші деу керек», – дейді [2]. Үшінші жақтан баяндайтын адам өзін бәрін білетін автор ретінде немесе белгісіз, жасырын әңгімеші ретінде көрсетуі мүмкін. Бірінші жақтағы баяншы тікелей автор да, нақты әңгімеші де, шартты түрдегі баяншы да болуы мүмкін. Осы жағдайдың әрқайсысында олар әр түрлі мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Енді бір жағдайда мәтіннің авторы өзінің нақты позициясын әр түрлі: өзі арқылы, жасырын автор түрінде, аты аталмаған басқа кейіпкерлер атынан да беруі мүмкін.

       Баяншы – оқырманға кейіпкердің әрекеттері туралы баяндап, оның өту уақытын белгілеп, кейіпкердің бейнесін, ортасын суреттеп, оның ішкі дүниесін ашады. Бұл кезде ол бәрінен тысқары тұрады. Баяншының міндеті бір мезгілде өзі бейнелеп отырған шектеулі кеңістікте көріне отырып, оның оқырмандарына да арналады. Яғни, автордың бейнелеп отырған кеңістігінің сыртына да шығып кетеді. Бұған кейіпкердің өткен оқиғаларды еске алуы немесе болашақты елестетуін жатқызуға болады. Сонда баяншы белгілі бір адам бейнесі емес, ол қызмет, функция деген жөн. Баяншының автордан өзгешелігі ол суреттелетін уақыт пен кеңістіктен тыс тұрады. Сондықтан ол алдыңғы кезекке тез өте алады немесе кейін орала алады. Сол сияқты оқиғаның алдындағы мәселені немесе оның нәтижесін біліп отырады. Алайда, оның мүмкіндігі көркемдік бүтіндіктің шектеулігіне байланысты. Баяншыға қарағанда әңгімешінің ерекшелігі автор мен оқырманның ойластырған әлемінің шекарасында емес, бейнеленетін шындықтың бүтіндей ішінде болады. Барлық негізгі мәселелер “өзі әңгімелейтін оқиға” бұл жағдайда бейнелеудің негізіне, ойдан шығарылған шынайылықтың айғағына айналады.

      Әңгімешінің бейнесі – характер немесе «тілдік тұлға» (Бахтин) [3]– субъектіні бейнелейтін негізгі айырма. Яғни, әңгімеші – бейнелеудің субъектісі. Ол жеткілікті түрде объективтеніп, белгілі бір әлеуметтік-мәдени және тілдік ортамен байланысты болады да, көркем  шығармадағы басқа да кейіпкерлерді бейнелейді. Баяншы керісінше өзінің қызметі жағынан автор-тудырушыға жақын. Осымен бір мезгілде кейіпкермен салыстырғанда ол неғұрлым бейтарап тілдік ақпараттарды жеткізуші. Кейіпкер неғұрлым авторға жақын болған сайын, олардың тілдік айырмасы аз болады. Баяншының дәнекерлік қызметі оқырманға өткен оқиғалар мен әрекеттер жайлы жеткілікі де сенімді мағлұмат беруге көмектеседі. Әңгімешінің дәнекерлік қызметі бейнеленіп отырған әлемнің ішіне кіруге, оған кейіпкердің көзімен қарауға мүмкіндік береді. Біріншісі белгілі бір сыртқы көзқарастармен байланысты. Ал, оқырмандарды оқиғамен тікелей таныстыратын шығармаларда (мәселен, күнделік, хат, монолог) баяншылар болмайды. Сонымен кең түрде алғанда баяндау – баяндаушы, әңгімеші, автор бейнесінің сөйлесулерінің жиынтығы бола отырып, бейнеленіп отырған әлем мен оқырмандардың арасындағы дәнекерлік қызмет деген сөз. Яғни, баяндау кең түрдегі мағынаға ие болады. Ол суреттеу, ой толғау, тікелей және жанама түрде көрінетін тілдік құрылым ретінде көркем шығармада барынша кең қолданылады.

      Баяндау тікелей мағынасында ақпаратты жеткізу қызметін атқарады. Бұл кезде берілетін ақпарат бейнелі, көркем түрде жетеді де, оған суреттеу, бейнелеу, портрет, пейзаж, хабарлау кіреді. Суреттеу кезінде баяншы оқиғаны, оның өту орнын, кеңістігін сипаттап, қосымша ақпарат, мәліметтер береді. Бейнелеу негізінен көркемдеу тұрғысында, яғни, оқиғаның өтетін орнының жекелеген, ерекше көріністерін суреттеп, ажарлай түседі. Сөйтіп, оқырманға әсерлілігін күшейтеді.

     Көркем шығармаларда басым орында баяндау алады, яғни автор өз сөзімен оқиғаны баяндап береді. Ол қатысушылардың тартыстарының нақты себебін ашып кейде екі суреттеудің арасына дәнекер болады, қиюластырады, кейде көрсетейін деген өмір құбылысына бағыт сілтейді. «Көркем шығарманың құрылысын талдағанда, мақсат тек байланысын, дәлелдеуін, шарықтау шегін немесе кейіпкерлердің жасалу жолдарын, пейзаж, баяндауларын танып, білу ғана емес, шығарманың бүтін дүние ретіндегі тұтастығын, оны баяндаудағы автордың шеберлігін де білу керек» [1].

      Көркем шығарманы оқығанда барлығы бірыңғай емес, әр алуан әдіс, әр түрлі жолдармен құрылады. Көрсетейін деген өмір құбылыстарын қалай суреттемек, композициясын қалай қиыстырмақ, қайткенде ол тартымды, қызықты болады, міне осыларға байланысты мәселелер алдыңғы кезекте тұрады. Жазушы шығармасында бір оқиғаны, оған қатысушы адамдарды және олардың айналасын көрсете отырып, көбінесе осылардың барлығын өзі қалай көрді, білді, оны ашып айтпайды. Шығарманың композициясында баяншының рөлі үлкен. Оның маңызы мынадан көрінеді:

а) адамға, оқиғаға белгілі бір көзқарасы;

ә) айтылған оқиғаның тәртібі және оның характері;

б) оқиға жайындағы пікірмен  байланысты түсіндірменің характері;

в) оқиғаны аңыздаудың характері [4].   

      Кез келген әдеби туындыда біз шынайы өмірден алынған ақиқатты сезінеміз. Әрине, ол болмысты сол күйінде суреттемейді. Әдебиет – өмірдің шындығын, оқиғалар мен әрекеттерді, құбылыстарды өзгеріссіз емес, жинақтай, көркемдей суреттейді. Яғни, әдебиеттегі өмір дегеніміз – өмірдің бейнесі. Қандай көлемді шығарманың өзі өмірдің барлық қырын қамти алмайды, яғни уақыт, кеңістік, әрекет жағынан шектеулі аяда қалады. Сонымен, тұтастай алғанда, әдеби шығарма – үнемі қозғалыс үстінде болатын адам өмірінің қандай да бір шектеулі ортадағы көркем бейнесі. Әдеби шығарма сонымен бірге – нақты ұғым. Себебі, біз оны қолымызға алып оқимыз, көзбен көреміз. Олай болса бір әдеби шығарма басқа өнер туындысының өмірге келуіне де ықпал етеді. Сонда, біріншіден, әдеби шығарма өмірдің бейнесі; екіншіден, ақиқат өмірдегі нақты зат болып табылады.

      Әдеби шығарманың өмірден орнын табу үшін қаламгердің оны жазып шығуы жеткіліксіз, сонымен бірге оны оқырман қабылдауы керек. Яғни қаламгер өз шығармасында оқырманның көкейіндегі мәселені тереңнен қозғап, әдеби шығармада бейнеленген өмірді әр оқырман өз өміріндей жақын қабылдап, “әдебиеттегі өмірге” жан-тәнімен араласып кететіндей, сана-сезіміне әсер ете алуы керек. Бұл мәселелер мазмұн мен пішіннің бірлігінен келіп жүзеге асады. Мазмұн – ақиқат өмірді танып-білу мен сараптаудан, бейнелеуден туатын тұтастық. Бұлар өзімен-өзі жеке-дара қалып қоймайды. Олар әдеби шығармада бейнеленген оқиғалардың, іс-әрекеттердің, сезім-күйлердің өне бойында көрініс тауып отырады. Туындыдағы қандай да бір бөлшектің тек көркем сөз арқылы ғана өмір сүретіні белгілі.

        

         Әдебиеттер:

         1. Есембеков Т. Әдеби талдауға кіріспе. – Алматы,  1991.

         2. Хализев В. Теория литературы. – Москва, 2000.

         3. Бахтин М. Вопросы литературы и эстетики. – Москва, 1975.

         4. Бабенко Л.Г. Филологический анализ текста. Основы теории, принципы и аспекты анализа. – Москва, 2004.

 

 

 

Заявка на участие в конференции

 

         1. Байтанасова Карлыгаш Медетовна

         2. Евразийский национальный университет им. Л.Н. Гумилева. Республика Казахстан.

         3. Доцент кафедры казахской литературы, кандидат филологических наук.

         4. Республика Казахстан. 010008. г. Астана, ул. Мунайтпасова 5.

         5. 8 7172 35-75-69; мобильный тел.: 87012572600.

         6. E-mail. Ainura-1978@mail.ru

         7. Тема статьи:  Көркем мәтін құрылымындағы баяндау тәсілі