Қостанайлық ақындар шығармаларындағы фразеологизмдердің сипаты

 

Миркемелова Айнұр Білісбайқызы

 

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

Практикалық лингвистика кафедрасының

аға оқытушысы, филология магистрі

 

         Сөзді сұлуландырып, ойды әсемдеп, тілді мәнерлеп жеткізетін әрі стильдік мәні ерекше сөздердің бірі – фразеологизмдер ауызекі сөйлеу тілінде де, көркем шығарма тілінде де көп қолданылады. Көп сөзбен бір ғана мағына беретін, тілдің стильдік сапасын арттыратын тұрақты тіркестер прозалық, поэзиялық шығармаларда жиі кездеседі.

          Тұрақты сөз тіркестерін зерттеу лингвистиканың соңғы жылдары дамып, қалыптаса бастаған өзекті мәселелерінің біріне айналды. Фразеологизмдерді шетелдік лингвистикада, қазақ тіл білімінде зерттеген ғалымдарымыз өте көп.

         Академик В.В. Виноградов фразеологизмдерді жан-жақты зерттеумен шұғылданумен бірге, оның көркем туындыдағы атқаратын қызметін, қолданылу мүмкіндігін зерттеу керектігін айтты   [15, 29].

         Сайып келгенде, орыс тіл білімінде фразеологиялық тіркес жайлы ілім академик В.В. Виноградовтың есімімен тікелей байланысты. Қазақ ғалымдары      І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, К. Аханов, Х. Қожахметова, Г. Смағұлова және т.б. еңбектерінде фразеология жайлы пікірлер айтылып, нақты тұжырымдар ұсынылды.

         Өзінің бейнелілігімен, айшықты мәнділігімен тілімізде үнемі қолданыста жүретін фразеологизмдер әрбір ұлт тілінің көрінісі болып табылады. Фразеологизмдерді көркем туындыда мейлінше мол қолдану біздің ұлттық сипатымызды ашатын бейнелердің бірі.

         Жалпы, суреткерлер тіліндегі фразеологизмдерді талдағанда, оны жалпыхалықтық тілмен байланыстыра қарастырумыз керек, өйткені тұрақты тіркестердің дені халықтық сөйлеу тілі  негізінде қалыптасқан. Олар мазмұны жағынан да, мағынасы жағынан да өте бай келеді. Фразеологизмдер адамның өмірді түсініп-тануын, көзқарасын, қарым-қатынасын, ақыл-парасатын, ой-санасын, жан күйзелісін білдіреді. Олардың тұлғасын, құрамын, мағыналық ерекшеліктерін топтастырып, жасалу жолдарын, даму заңдылықтарын білуіміз қажет. Фразеологизмдер тіл мәдениетін арттырып, сөз құдіретін жасайтын, өлең тілін өрнектейтін асыл байлығымыз.

         Фразеологизмдерді өзгертіп қолдану, халық тіліндегі тұлғаларды жұмсау не болмаса жаңа фразеологиялық тіркес жасау суреткердің шеберлігін, даралығын танытады. Фразеологизмдер – бейнелегіш-көркемдегіш ойнақы сөздер. Екі немесе одан да көп сөз тіркесіп, мағына бірлігін сақтап, тұлғасын өзгертпей жұмсауы кез келген суреткер тілінің шырайы десек те болады.

         Ғалымдарымыз фразеологизмдерді тануда мағына тұтастығы, тіркес тиянақтылығы, қолданылу тұрақтылығы деген белгілерді атайды.

         Поэзиялық шығармада ақынның қалам тартысын, сөз қолданыс өрнегін байқататын ерекше сөз тіркестері, сөйлем құрылыстары – фразеологизмдер өте көп кездеседі. Поэзияда қолданылатын фразеологизмдердің өзінің лексика-семантикалық мәні, морфологиялық құрылымы, стильдік қызметі мәтін ішінде айқын көрінеді. Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет, Нағашыбай Мұқатов өз шығармаларында фразеологизмдерді ұтымды пайдаланған. Ақындар қолданған фразеологизмдер бейнелі әрі мәнерлі болуымен қатар, өлеңнің эмоциональды-экспрессивті бояуын арттырып тұр. Тұрақты сөз тіркестеріне тән негізгі қасиет – бейнелілік, сондықтан ақын бейнелі сөз орамдарын орнын тауып, нақтылы дәл қолданған. Тағы бір айтып кететін жай, олардың дыбыс үйлесімінде, ырғаққа және ұйқасқа да тікелей қатыстылығында. Өлеңді сөйлем болғандықтан үйлесімділіктің мәні ерекше көрініп тұрады. Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет, Нағашыбай Мұқатов шығарамаларында жалпыхалықтық фразеологизмдерді ұшқырлықпен жұмсаған және авторлық өңдеумен өзгертіп те қолданғанын байқаймыз.

         Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет, Нағашыбай Мұқатов тілдеріндегі фразеологизмдер белгілі бір бейнені суреттеп берудегі экспрессиясы күшті поэтикалық құрал. Демек, «Поэзия тіліндегі фразеологизмдердің басты белгісі – олардың образды (бейнелі) болатындығы. Жеке суреткер тіліндегі образды фразеологизмдердің типтерін, олардың көп-аздығын, ескі-жаңаларын түгендеу үстінде ақынның не жазушының фразеологизмдер саласындағы байырғы қазынаны қаншалықты игеріп, кәдеге асырғанын, қаншалықты жаңаларын ұсынғанын көруге болады. Ал бұлар шығармашылық контекст немесе авторлық даралық дегенді танытады, тіпті кеңірек қарасақ, суреткер тіліндегі фразеологизмдер әлемі оның поэтикалық тіл арқылы көрінетін дүниетанымын көрсетеді» [8, 96].

         Поэзия тіліндегі фразеологизмдердің дені бейнелі болып келеді, бірақ экспрессивтік бояуы жағынан бірі күштілеу, бірі солғындау болып бөлектеніп тұрады. Ақын өзіне қажеттісін таңдап қолданады  болмаса күштірек ойлы фразаны өзі жасайды.

         Жер жүзіндегі барлық тілдің ғасырлар бойы қалыптасқан фразеологиялық қазынасы болады десек, бейнелі тіркестер поэзиядағы эстетикалық талғамды танытатын ең бір күшті құрал екенін біз ақындар өлеңдерін оқығанда танимыз.

         Ақын қолданған фразеологизмдердің көбі әдеби тіл қазынасынан алынып, жалпытілдік топ құрайды.

                   Әшекей салып, зерлеген,

                   Қынабы кісі қызығар.

                   Жігіттің мұны сермеген

                   Әрине, жүрек түгі бар.       

                                               [4, 17].

                   Шаршатты-ау шындық үшін аһ ұрғаным,

                   Ес білгеннен ел сөзін мақұлдадым.

                   Астымда ақиқаттың ақ тұлпары

                   Сүттен ақ, судан таза ақын – жаным.

                                                                           [3,5].

                   Өлгендер қайта тіріліп,

                   Сөнгендер жанды қайтадан.

                   Сүйінші сұрап жүгіріп,

                   Шалқытып Шаттық айтады ән.

                                                                  [2, 3].

                   Қайран дүние қабағыңа сенің қарайлап,

                   Қырықтан асып, елуге басып барамын.

                                                                           [3, 11].

                   Кешегі жастық базарын,

                   Көргендей болып үйдегі

                   Аударып ана назарын:

                   «Шалым ғой менің бұл», - деді.

                                                                  [3, 12].

                   Жақсының көбі құлағын түгел тығындап,

                   Кеткендей түгел шел басып көзін Әлемнің

                                                                                     [4, 32].

                  

                   Қалайша қанат қақпайды ұлы,

                   Қара шаруа – бақ, байлығы.

                                                                  [3, 17].

                   Заманының бағып жүрген қабағын,

                   Дүйім жұртқа қоятұғын кінә жоқ.

                                                                  [4, 54].

                   Үш қайнаса қосылмайтын сорпасы,

                   Түрлі ұғымдар енді амалсыз телінбек.

                                                                           [4, 54].

         Ақындар жұмсаған жүрек түгі бар (ер, батыр, батыл кісі, еш нәрседен таймайтын, қаймықпай бетіне айтатын адам), сүттен ақ, судан таза (кіршіксіз таза; қылмыстан мүлдем пәк, кінәдан аулақ), өлгені тіріліп, сөнгені жану (үміт үзген жоғы табылып, қуанышқа бөленді, мәз-мейрам болу), қабағына қарау (райына қарау, көңілін аула; назарын бағу), назар аудару (көңіл бөлу), шел басу (көрініп тұоған нәрсені көрмеу), қанат қағу (талпыну, алға ұмтылу), қабағын аңду (бағу) (қас-қабағына барлай қарау), үш қайнаса сорпасы қосылмау (бірімен-бірі жуыспау, байланыспау, мүлде бөлек) сияқты фразеологизмдер тек тілдік единицалар ғана  емес, бұлар бейнелеп, мәнерлеп әрі көркемдеп сөйлеу тілінде де, өлең сөз бен қара сөздерде жиі қолданылатын, белгілі бір стильдік мақсатта жұмсала беретін тіркестер.

         Фразеологиялық тіркестердің құрылымына назар аударатын болсақ, олардың өзіндік ерекшелігі байқалады және құрылысы жағынан түрліше болып келетінін аңғаруға болады. Фразеологизмдер құрылымы жағынан есім мағыналы, етістік мағыналы, үстеу мағыналы болып бөлінеді. Қазақ тілінде етістік мағыналы фразеологизмдер өте көп қолданыста жүреді. Олар адамның қимылын, әрекетін астарлап, бейнелеп суреттейді.

         Есім мен етістіктен тіркесіп құралған етістік мағыналы фразеологизмдер Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет, Нағашыбай Мұқатов поэзиясында жиі ұшырасады. Олар семантикасы жағынан да алуан түрлі болып келеді. Жоғарыдағы мысалдардан атау тұлғалы зат есім, тәуелденген зат есім, табыс, шығыс септіктеріндегі зат есім мен етістік тіркесіп келген фразеологизмдерді кездестірдік. Жалпы, ақындар шығармаларында етістік мағыналы фразеологизмдер басымдау жұмсалады. Олардың тіліндегі фразеологизмдер мағынасы жағынан, лексика-семантикалық тұрғыдан адамды танытатын, оның ішкі дүниесін ашатын, адамның іс-әрекетін, қимылын суреттейтін, оның психологиялық жан-күйін, моральдық-этикалық дәрежесін бейнелейтін мағыналы, мазмұнды, ойлы сөз тіркестері.

         Демек, белгілі бір суреткердің жалпы тілдік қазынасын және көркемдік байлығын зерттеуде оның фразеологиясын тауып, талдап зердемізге салып жинақтау ерекше орын алады. Астарлы, бейнелі фразеологизмдердің табиғаты, тілдік қызметі және стильдік жүгі тек мәтін ішінде ғана көрініс береді.

         Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет, Нағашыбай Мұқатов бейнелі фразеологизмдердің тұлғасын өзгертіп те, өзгертпей де еркін, орынды және молынан қолданады. Олардың бірі жағымды, бірі жағымсыз реңк үстейді. Бұдан ақындардың тілдік ажарын, әсерлілігін, әрін, нәрін (колоритін) арттыру мақсатындағы сөз саптау ерекшелігін көруге болады. Фразеологиялық қолданыстағы сөздер ақындар тілінің орайымен поэзияның өн бойына стильдік ажар жүктеп, ойды жан-жақты, әрі ықшамды сипаттауға мүмкіндік берген деуге болады.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1. Виноградов В.В. Стилистика. Теория поэтической речи. Поэтика. – Москва, 1963. – 39 6.

2. Сыздық Р. Сөз құдіреті. – Алматы: Санат, 1997. – 224 б.

3. Шаяхмет А. Жер – Бесік. –Астана: Фолиант, 2004 – 240 б.

4. Мұқатов Н. Жанымның жасыл жапырақтары. – Алматы: Жазушы,  2004. – 200 б.

5. Оспанов С. Қараторғай. – Алматы: Жазушы, 2004. – 232 б.