Утебаева  А.Қ.

Филология ғылымдарының магистрі, оқытушы

             А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті,

                                               Қазақстан, Қостанай қ.

Көркем шығармалардағы окказионализм құбылысының қолданысы.(Ә.Кекілбаев шығармалары бойынша)

 

      Тілдегі дағдылы қолданыстан тыс құбылысты және көркем шығармалардағы қолданысына қатысты авторлық шығармашылық стиль табиғатын тануға көмектесетін, негіз болатын ерекше мәнді бір заңдылық бар. Ол – окказионализм құбылысы. Жазушылардың жеке өзіндік шығармашылығы арқылы пайда болған окказионалды фразеологизмдердің («бір қолданар сөздердің») проза тілі нәрін арттыруға қосар үлесі зор, сыр сипаты ерекше.

      Тілдегі окказионалды сөздер экспрессивтік, эстетикалық қызмет құралының бірі ретінде қаралса, ойды барынша көрікті бере білудің негізгі көрінісі окказионалды фразеологизмдерде тіпті айқын аңғарылады. Бұны қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің окказионалды өзгеру жайын қарастырған Ғ. Тұрабаева мақал-мәтелге қатысты окказионализм құбылысын кең көлемде анықтап оның құрамына контекстік қолданыста кездесетін барлық құрылымдық, семантикалық өзгерістер мен варианттарды кіргізеді. Олар: мақал-мәтел құрамындағы лексемалық ауыстыру, мақал-мәтелдердің құрылымын окказионалдық кеңейту және тарылту[1,13].

      Г.Мұратова окказионал сөздердің ерекшеліктерін былай анықтайды: «Окказионализмдердің мағынасы контекспен тығыз бірлікте, әрі үнемі экспрессивті бояу-реңкте болады. Сыртқы формасына,жасалу тәсіліне қарай тіл нормасына жанаспай жасалады»[2,15 б.].

    Окказионализмдер – белгілі бір шығармада пайдаланылып, контекст арқылы анықталатын, әдеби тілімізге кіру қабілеті шектеулі сөздер, немесе Р.Сыздықова «тосын сөздер» десе, ғалым Х. Нұрмұханов «Сөз және шеберлік» атты зерттеу еңбегінде потенциалды сөздер мен окказионалды сөздердің ара жігін ажыратып, окказионализмдер контекст қалауына орай тек «бір ғана қолданымдық» болып қызмет атқаратын сөздер деп сипаттама береді[3,78б.], Г.Мұратова «окказионал сөздер», Л. Еспекова «окказионализм» деп қолданған[4, 5 б.].

     Қазақ тіл білімінде окказионал фразеологизмдер туралы жазылған арнайы еңбек аз. Халықтық қолданыстағы фразеологиялық сөз тіркестерінің көркемдегіш-бейнелеуіш, образды қасиеттері зерттеулерде кеңірек қарастырылып жүрсе, фразеологизмдердің окказионалды стильдік қолданысы ғылыми талдау объектісіне айнала қойған жоқ. Қазіргі қазақ тіліндегі фразеологиялық окказионализмге қатысты мәселелер ғылыми мақалалар мен ғылыми еңбектерде ішінара тек шолу ретінде ғана беріледі.

     Академик М. Серғалиев әдеби тілдің талаптарын есте сақтап жүру, орындау – әр сауатты, мәдениетті адамның рухани міндеті және парызы екендігін айта келіп: «...халықтық тілді оның тармақтарын одан әрі терңірек игеру барысында норманың басқа бір түрін де білу қажеттігі туындайды. Ол – стилистикалық норма. Стилистикалық норманы, былайша айтқанда, әдеби тіл нормасына қосымша, оны толықтыратын, анқытап, дәлелдейтін норма десе де болады» деген тұжырым жасайды.[5,40б.].

     Нормаға сәйкессіздік окказионал сөздердің басты ерекшелігі деуге болады. Сөйлеу – дайын тілдік единицалардың қолданыстағы көрінісі. Бұл ретте фразеологизмдердің окказионалды варианттары тек стильдік мақсатты көздейтінін есте ұстаған абзал[3,48 б.].

     Мына төмендегі жеке авторлық қолданыстағы окказионалды фразеологизм үлгілеріне назар аударайық.

Мысалы: Ол қара сөзден қаймақ алатын ділмар тұғын[6,58 б.].

     Осындағы «қара сөзден қаймақ алатын» - «қу бастан қуырдақ ет алатын» деген бұрыннан қалыптасқан белгілі таныс идиомдар негізінде семантикалық құрылым үлгісімен дүниеге келген жеке авторлық қолданыстағы окказионалды фразеологиялық орамдар. 

    Фразеологизмдердің мағына тұтастығын жеке сөзбен бірдей деп санауға болмайды. Сөз лексикалық мағынаны, яғни, түбір мағынаны білдіреді. Ал фразеологизмдер ауыс мағынада жұмсалып сөзбен баламалық қатыста емес, жанамалық қатыста тұрады [1,11 б.].

    Аңшылық кәсіптен қолға түскен құланның етін аңсаған ерлерді «ащы іркітке арам шеміршектерінен керілген еркектер» деген авторлық бір қолданыс фразеологизмімен атаса, әйелдердің жас сорпа аңсауын «аузынан суы құру» фразеологизмімен бейнелеп жеткізген.

      Өз буына өзі піскен семіз аңның жас еті таңдайды жұлады[6,223 б.].

«Өз буына өзі пісу» фразеологизмі әдетте адамның мақтаншақтық,менменсу сияқты жаман, жиіркенішті мінез-құлығын сипаттау үшін қолданылады, ал, бұл сөйлемде «өз буына өзі пісу» еттің баппен пісуі, яғни сөздің лексикалық тура мағынасында келіп  таңдайдың дәмін үйіретінін «таңдайды жұлады» авторлық  фразеологизмімен экспрессивтілік  мән үстеген.

      Жазушы қаламы фразеологизмдерді жалпы тілдік қолданыстағыдай өзгертпестен жұмсауы да, белгілі бір мақсатқа орай құрылым-құрылысын, мағынасын жаңғырта қолдануы да мүмкін. Жаңғыртудың өзі екі түрлі болып келеді. Біріншісі – жалпы тілдік қолданысқа тән түрлендірулер де, екіншісі тек жазушы қаламына тән түрлендірулер.

     Тіліміздегі окказионал сөздердің де бір алуан эмоциялық, экспрессивтік қызметі барын ескерсек, фразеологизмдердегі окказионал тіркестер жалпы халықтық бейнелі сөз орамдарына өзінше сонылық, мәнерлілік үстейді. Әдетте, фразеологизмдер мағына бірлігімен және құрамындағы компоненттердің тұрақтылығымен ерекшеленеді. Ал олардың окказионал сөздермен стильдік өзгеріске түсуін олардың жасырын жатқан ішкі мүмкіндіктерінің тереңдігінен деп түсінеміз. Сондай-ақ, бұрыннан қалыптасқан фразеологизмдердің осындай дамуы, өзгеруі, жаңаруы тұрақты сөз тіркестеріндегі «тұрақтылықтың» шарттылығы, өзгермелілігі, оның варианттылыққа жақын екендігін аңғартады[4,110 б.].

     Фразеологизмдердің окказионалды өзгеріске түсуін шартты түрде бірнеше топқа бөлуге болады: 1) құрамындағы компоненттерді өзгеріске түсіруі; 2) құрамына жаңа сөздер қосу; 3) бір компонентін түсіріп айту; 4) бір мәтін көлемінде екі не одан да көп фразеологизмдерді қолдану.

    Фразеологизмдерді қолдануда авторлық өзгеріске түсіру окказионалды болу – жаңарту, түрлендіру мақсатын көздейді.

     Тіл білімінде «окказионализм» деген терминді ең алғаш енгізген Н.И.Фельдман болатын.

     Көркем шығармаларда окказионализмдер жазушының бейнелі ойын жеткізуде бірден-бір таптырмас  құрал болып табылады.

   Мысалы: Момын жауын ағыл-тегіл бұршақтап,

                   Сыртта ақырын әйнегімді қағады [6,35 б.).

     Бұл өлең жолындағы «момын жауын» тіркесі – жазушының өзіндік қолданысы . Жалпы тілде ақ жауын, қара жауын, нөсер жауын деген тіркестер кездеседі, бұл жердегі «момын жауын» жазушының өзіндік метафоралық қолданысы екенін аңғарамыз. «Момын жауын» деп ақын ақырын, жылы жауатын жаңбырды ғана емес, іштей жылап, жылжып бара жатқан тірлік, өмірді де айтып отырғанын өлең жолының мағынасынан білуге болады.

     Ә.Кекілбаев өз шығармаларында қазақ тілі байлығын молынан игерумен бірге, оны өз шығармаларына орынды және оқиға өрісіне сай үйлесімді пайдалана білген. Жазушы айтайын деген ойын нақты, қысқа түрде ықшамдап жеткізу мақсатында окказионалды қолданыстарды кеңінен пайдаланған.

     Мысалы: Тас бақаның дауылының басылғаны таяуда ғана емес пе еді[6,15.б.].

     Халықтық қолданыста «тасбақа» сөзі арқылы жасалған мынадай  тіркестер берілген: тасбақа жүріс( тым баяу қимыл, әрекет) немесе тасбақаның аузынан шөп алған адам (диалект, өте айлалы, тапқыр, епті адам) [7,495.б.]. Ал «тасбақаның дауылы»  деген қолданыс  жазушының қаламынан туған тіркес екенін білеміз.

     Осылайша жазушының тұрақты тіркестерді халық тіліндегі қалпынан өзгертіп, әр түрлі мәнге келтіріп, өңдеп жаңа мазмұн бере ұолдануы тіл байлыңы фразеологияны жақсы меңгергендерін байқатады.

«Кәрі жүрек көп қуана бермейді. Бірақ әр күн сайын таңертең төсегінен тағы да тірі өргенін көргенде қалай да көңілденеді.» [6.6 б.]

Негізінде «қатты қуану, көңілдену» деген мағына халықтық қолданыста «жүрек жарылды» тұрақты тіркесі арқылы өрнектелген. Жазушы Ә.Кекілбаев болса «қуануды» «жүрек» компонентіне тура жалғап қолданған, жай ғана «жүрек» емес «кәрі жүрек» деп алуы суреттеп отыраған адамның жас адам емес екендігін нақтылай білдіріп тұр. Автор өз тұрғысынан жасалған  осы тіркесті болымсыз мағынадағы етістікпен бірге қолданғандықтан контексте окказионал тұрақты тіркес болымсыз мағынасында көрініс тапқан.

Сонымен қатар, осы сөйлемдегі «тірі  өргенін» тіркесі де басқаларда кездеспейтін, тек осы контеске ғана тән жаңа қолданыс. Таңертең малдың орнынан тұрып өріске қозғалуын «мал өрді» деп қолданамыз. Ал бұл  жерде жазушы «адамның орнынан тірі өргенін» белгілі бір стильдік мақсатпен оқушысына күтпеген жерден өзгеше бір реңкпен жеткізеді.

 «Бұл әншейін езу жиырса, олар шеттерінен күлімдеп қоя береді, ал енді жазатайым қарқылдап күле қалса, көздері тас төбелеріне шығып кетеді. О жазғандар езулері желімделіп қалғандай тек жымиғанды ғана біледі.» [6. 11.б.]

Халық тіліндегі «езу тартты» тұрақты тіркесі «сәл ғана жымиды, күлімсіреді» мағынасында кездеседі. [7.156.б.] тұрақты тіркестің екінші компонентінің орнына «жиырса» сөзін қойып өзгерткенімен тұрақты тіркес өз мағынасынан айырылған жоқ.

  Халық тіліндегі «күлім қақты» тұрақты тіркесі «жымың-жымың етті, күлімсіреді» мағынасын береді[7.290.б.]. Бұл тұрақты тіркестің бірінші компоненті етістіктің көсемше тұлғасынан ауысып (күлімдеп) граматикалық өзгеріске түссе, екінші компоненті (қақты) «қоя берді» болып өзгерген.

  «Қатты үрейленді, шошыды, қорқып кетті» мағынасын беретін фразеологиялық тіркестерді халық тілінде «жүрегі тас төбесіне шықты» деп қолданылады. Жазушы Ә.Кекілбаев өз ойын өрнектеуде фразеологиялық тіркестің негізгі мағынасын қалдырғанымен, бірінші компоненті «жүрек» -тің орнына «көздер» компонентін қолданып «көздері тас төбесіне шығып кетеді» деп көпше түрінде қолданған.

   Шығарманың көркемдік нақышын келтіретін тұрақты тіркестердің құрамындағы компоненттерін басқа сөздермен ауыстыру кез-келген жазушының қолынан келе бермейтін іс екені белгілі. Бұл жағынан келгенде Ә.Кекілбаевтың өз ісіне шебер екендігіне жоғарыдағы мысалдар дәлел болатындай.

Сонымен, ойымызды қорытындылай келе жазушы Ә.Кекілбаевтың  жалпы тілдік қолданыстағы фразеологиялық тіркестерді толық меңгере отырып, бірде оларға әртүрлі окказионалды өзгерістер енгізсе, енді бірде халықтық тұрақты тіркестердің негізінде авторлық қолданысқа тән окказионал фразеологизмдерді шеберлікпен қолдана алған.Жазушы фразеолгизмдерді жаңғыртып. өңдеп. Құбылтып қолдану арқылы олардың контекстегі мәнерлегіш, көркемдегіш қасиетін арттыра түскен.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Тұрабаева Г.К. Окказиональные преобразование пословиц и поговорок. Автореф., дисс. к.ф.н. Алматы, 1989, -224 б.

2.Мұратова Г. Қазақ көркем әдебиетіндегі окказионал сөздер. ф.ғ.к. диссертациясы. Алматы, 1991, -145 б.

3. Нұрмұханов Х. Сөз және шеберлік. – Алматы: Ғылым, 1987, -287 б.

4.Еспекова Л.Ә.Қадыр Мырзалиев поэзиясындағы окказионализмдер: филол.ғыл.канд.диссертациясы. Алматы, 1998.-164б.

5. Серғалиев М. Көркем әдебиет тілі. Алматы, 1995, 172 б.

6. Кекілбайұлы Ә. Он екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Өлке» баспасы. – Т. 4. – 1999,464 бет

7.Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. –Алматы, 1977. -712б.