Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша несиелік серіктестіктің қызметін құқықтық реттеу

 

әл-Фараби ат.ҚазҰУ-ң

азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,

еңбек құқығы кафедрасының аға оқытушысы

Сапаров Б.Ж.

 

Банктік операциялардың жеке түрлерін іске асыратын ұйымдардың қатарында несиелік серіктестікті айтуға болады. Несиелік серіктестік банктік операциялардың жеке түрлерін іске асыру үшін бос ақша қаражаттарын жинақтау жолымен оған қатысушылардың қаржылық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жеке және заңды тұлғалардың ерікті бірігуі нәтижесінде құрылған, бірақ, банк болып табылмайтын заңды тұлға ретінде анықталады. Қазақстан Республикасының заңдарында несиелік серіктестіктің бірнеше түрлері көзделген: несиелік-депозиттік серіктестіктер, несиелік серіктестіктер және ауылдық несиелік серіктестіктер.

Ауылдық несиелік серіктестіктің ерекшелігі – оның қызметінің ауыл шаруашылығы өндірісінің қатысушыларын несиелеуге және осы ауылдық несиелік серіктестікке қатысушыларға банктік қызмет көрсетуге бағытталуында болып отыр. Ауылдық несиелік серіктестік дегеніміз - өзара несиелеу үшін оған қатысушылардың ақша қаражаттарын жинақтау жолымен жеке және заңды тұлғалардың ерікті түрде бірігуі нәтижесінде құрылған, банктік операциялардың жеке түрлерін іске асыратын заңды тұлға деп анықталады.

Ал, несиелік серіктестіктің келесі бір түрі несиелік-депозиттік серіктестіктің қызметінің ерекшелігі – заңды тұлғалардың ақша қаражаттарын депозитке қабылдау мүмкіндігінің болуында.

Несиелік серіктестіктің заңмен бекітілген анықтамасына келер болсақ, Қазақстан Республикасының «Несие серіктестіктері туралы» заңына сәйкес несиелік серiктестiк - жеке және заңды тұлғалардың оның қатысушыларының несие және өзге де қаржылық сұранысын қанағаттандыру үшін, оның ішінде олардың ақшаларын шоғырландыру жолымен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен қызмет көрсету үшiн құрылған заңды тұлға [1].

Несиелік серіктестікті банктік қызметке қатысушы басқа тұлғалардан айрықша ажырататын ерекшеліктер ретінде мыналарды атауға болады:

1) Несиелік серіктестіктердің ұйымдастырушылық-құқықтық нысандары алуан түрлілігінің заңнамамен бекітілуі, яғни, «несиелік серіктестіктер Қазақстан Республикасының заңдарының ерекшеліктеріне қарай коммандиттік серіктестік, жауапкершілігі шектелген серіктестік, толық серіктестік, акционерлік қоғам ұйымдастырушылық-құқықтық нысадарында құрылуы мүмкін. Ал, банктер үшін жалғыз ғана акционерлік қоғам ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны белгіленгендігін ескерер болсақ, несиелік серіктестіктердің ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны кең көлемде көзделген деуге болады.

2) Несиелік серіктестіктердің атқаруы үшін бекітілген банктік операциялардың тізімі банктер іске асыратын операциялар тізімімен салыстырғанда шектелген. Дегенмен, Ұлттық Банк несиелік серіктестіктің әрбір түрі үшін жеке-дара өзіндік құқыққабілеттілікті анықтап қойған.

Мысалы, несиелік-депозиттік серіктестік банктік операциялардың төмендегідей түрлерін іске асыруға құқылы:

-  депозиттер қабылдау, заңды тұлғалардың банктік шоттарын ашу және жүргізу;

-  кассалық операциялар: банкоттар мен монеталарды қабылдау, беру, қайта есептеу, ұсақтау, айырбастау, топтастыру, қаптау және сақтау;

-  аудару операциялары: заңды және жеке тұлғалардың ақша аудару жөніндегі тапсырмаларын орындау;

-  есепке алу операциялары: заңды және жеке тұлғалардың вексельдерін және басқа да борыштық міндеттемелерін есепке алу;

-  заемдық (несиелік – заңнан қарау керек қазақшасын) операциялар: ақылылық, мерзімділік және қайтарып беру шартымен ақшалай нысанда несиелер беру;

-  заңды тұлғалардың тапсырмасы бойынша олардың банктік шоттары бойынша есеп айырысуды іске асыру;

-  сейфтік операциялар: құжаттық нысанда шығарылған бағалы қағаздарды, клиенттердің құжаттарын және құндылықтарын сақтау жөніндегі қызмет, сейфтік жәшіктерді, шкафтар мен ғимараттарды жалға беру;

-  ломбардтық операциялар: жеңіл жүзеге асырылатын бағалы қағаздардың және жылжымалы мүліктің кепілдігіне қысқа мерзімді несиелер беру;

-  шетел валютасын ауыстыру операцияларын ұйымдастыру;

-  төлем құжаттарын инкассоға қабылдау;

-  лизингтік қызметті іске асыру.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылық-құқықтық нысанына қарай серіктестіктің қызметін дифференциациялауға жол беріледі. Айталық, қосымша жауапкершілігі бар серіктестік нысанындағы несиелік-депозиттік серіктестік депозиттерді қабылдауға, қосымша жауапкершіліктің соммасынан аспайтын мөлшерде серіктестіктің қатысушысы болып табылмайтын заңды тұлғалардың банктік шоттарын ашуға және жүргізуге құқылы; жауапкершілігі шектелген серіктестік нысанындағы несиелік-депозиттік серіктестік депозиттер қабылдауға, несиелік-депозиттік серіктестіктің өзіндік капиталының елу пайызынан аспайтын мөлшерде серіктестіктің қатысушысы болып табылмайтын заңды тұлғалардың банктік шоттарын ашуға және жүргізуге құқылы;

Қарапайым несиелік серіктестіктің және ауылдық несиелік серіктестіктің құқыққабілеттілігі жоққа шығару әдісімен анықталған. Банктік қызметтің атаулы субьектілері аударма операцияларын: заңды және жеке тұлғалардың ақша аудару жөніндегі тапсырмаларын орындау; есепке алу операцияларын: заңды және жеке тұлғалардың вексельдерін және басқа да борыштық міндеттемелерін есепке алу; заемдық операцияларды: ақылылық, мерзімділік және қайтарып беру шартымен ақшалай нысанда несие беру; ломбардтық операцияларды: жеңіл жүзеге асырылатын бағалы қағаздар мен жылжымалы мүліктің кепілдігіне қысқа мерзімді несиелерді беруді; төлем құжаттарын инкассоға қабылдауды есептемегенде, көзделген банктік операцияларды орындауға құқылы. Аталған операцияларды несиелік серіктестік және ауылдық несиелік серіктестік өздерінің қатысушыларына және акционерлеріне қызмет көрсету барысында ғана орындауға құқылы.

Қазіргі Қазақстандық заңнама банктік қызметтің субьектілерінің қатарын кеңейту және олардың құқықтық мәртебесін нақты және толығырақ анықтау міндетін орындауы тиіс. Қазақстан Республикасының «Несиелік серіктестіктер туралы» заңына сәйкес, несиелік серіктестік дегеніміз – оның қатысушыларының несиелерге және басқа да қаржылық қызмет көрсетулерге деген сұранысын олардың ақшаларын жинақтау жолымен немесе басқа да көздерден қанағаттандыру үшін жеке және заңды тұлғалармен құрылған заңды тұлға.

«Несиелік серіктестіктер туралы» заң ережелеріне талдау жүргізу негізінде несиелік серіктестіктің құқықтық мәртебесінің неғұрлым айрықша ерекшеліктерін атап көрсетуге болады.

Біріншіден, кредиттік серіктестік жауапкершілігі шектелген серіктестік нысанында құрылады және серіктестіктің қатысушыларының саны үшеуден кем болмауы керек [2, 6-б.].

Екіншіден, кредиттік серіктестік өзінің қызметін іске асыру үшін уәкілетті органның лицензиясын алуы тиіс [3, 2-б.].

Үшіншіден, кредиттік серіктестіктің қатысушылары азаматтық заңнамамен көзделген құқықтардан басқа, кредиттік серіктестіктің қызметін пайдалануға құқылы [4].           

Төртіншіден, «Несиелік серіктестіктер туралы» заңның 18-бабына сәйкес, лицензиясы болған жағдайда несиелік серіктестіктің өз қатысушылары үшін төмендегідей банктік және басқа да операцияларды іске асыруына құқығы бар [1]:

1) аудару операцияларын: төлемдер және ақша аударымы жөніндегі тапсырмаларды орындау;

2) қарыз операцияларын: ақы төлеу, мерзімділік және қайтарымдылық талаптарына сәйкес ақшалай нысанда кредиттер беру;

3) несиелік серіктестік қатысушыларының төлем құжаттарын (вексельдерді қоспағанда) инкассоға қабылдау;

4) аккредитивті ашу (ұсыну) мен растау және ол бойынша міндеттемелерді орындау;

5) сейфтік операцияларды: сейф жәшіктерін, шкафтар мен үй-жайларды жалға беруді қоса алғанда, құжаттамалық нысанда шығарылған бағалы қағаздарды, құжаттар мен құндылықтарды сақтау жөніндегі қызметтерді;

6) лизинг қызметін жүзеге асыру;

7) несиелік серіктестік қатысушыларының банк шоттарын ашу және жүргізу;

8) несиелік серіктестіктің қатысушылары үшін Операцияларды жүргізудің жалпы шарттары жөніндегі ережелерде көзделген сомалар шегінде ақшалай нысанда орындауды көздейтін кепілдіктер, кепілгерлік және өзге де міндеттемелер беру;

9) факторингтік операцияларды: тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) кредиттік серіктестік қатысушысынан, сатып алушыдан төлемеу тәуекелін қабылдай отырып, төлемді талап ету құқығын сатып алуды;

10) кассалық операцияларды: осы тармақта көзделген операцияларды жүзеге асыру кезінде қолма-қол ақшаны қабылдау және беруді жүзеге асыруға құқылы.

Сондай-ақ, несиелік серіктестіктердің қызметін реттеу барысында белгілі бір өкілеттіктерге ие болатын уәкілетті орган ретінде Ұлттық Банктің мүмкіндіктерін шектейтін ережелердің алынып тасталғандығын ескергеніміз жөн [3].

Несиелік серіктестіктің қызметін реттеуге бағытталуының өзі заңның аса маңызды мән-жайы болып табылады. Осылайша, «Несиелік серіктестік туралы» заңның негізгі мақсаты – біріншіден, атаулы құқықтық қатынастарға қатысушыларға өздерінің қызметін жүзеге асыру үшін қаржылық күштерін біріктіру мүмкіндігін білдірсе, екіншіден, бәсекелестікті ынталандыру және банктік қызметтің белгілі бір альтернативасын қалыптастыру арқылы экономиканың  даму қарқынына ықпалын тигізеді деген ой-тұжырым жасауға болады.

 

 

Резюме

В данной статье рассмотрен вопрос правового положения кредитных товариществ по законодательству РК. А также аннализируется Закон РК «О кредитных товариществ».

Resume

This article considered the legal status of credit unions under the law of the RK. Also annaliziruetsya Law of the Republic of Kazakhstan "On credit unions".

 

Әдебиеттер:

1 «Кредиттiк серiктестiктер туралы» 2003 жылғы 28 наурыздағы N 400-ІІ Қазақстан Республикасының Заңы.

2 Найманбаев С.М. Банктік құқық: Оқу құралы. – Алматы: Жеті жарғы, 2005. 152 б.

3 Пещанская И.В. Организация деятельности коммерческого банка: Учебное пособие. – М.: ИНФРА-М, 2001. – 320 с.

4 Вишневский А.А. Банковское право Европейского Союза: Учебное пособие. – М.: «Статут», 2000. – 388 с.