ӘДЕБИЕТТЕГІ ПОСТМОДЕРНИЗМ ХАҚЫНДА

Әлікен Әлібек Сауданбекұлы, ҚазҰПУ-дың 2-курс магистранты

ХХ ғасырдың екінші жартысында модернизм ағымының орнын басқан ірі құбылыс - постмодернизм. Ол – мәдениеттің,  адамзат өркениетінің  барлық салаларын қамтыған жалпы әлеуметтік ағым. Бастапқы уақытта тек қана кескіндеме және архитектураға ғана телінген бұл құбылыстың жекелеген ғылымдардың дамуы үшін де  берері көп болды. Постмодернизмнің  ғылым, соның ішінде әдебиетке сіңісіп, тың идеялар, іргелі концепциялар тууына септігін тигізбей қоймады. Қазіргі таңда постмодернизм дәуірінде туындаған іргелі концепцияларды саралап, талдап, маңыздылығын айқындау Әдебиетіміздің әрі қарай дамуын болжау үшін қажетті, осыған байланысты тақырыптың өзектілігі танылады.

Постмодернизмнің теориясы қазіргі күнгі ең беделді философтардың бірі (ол сонымен қатар мәдениеттанушы, әдебиеттанушы, семиотик, лингвист) Жак Дерриданың концепциялары негізінде туған. Дерриданың пікірінше, "әлем - мәтін,", "мәтін - шынайылықтың жалғыз ғана мүмкін моделі". Постструктуализмнің екінші бір негізін қалаушы деп философ, мәдениеттанушы Мишель Фуко танылады. Оның ұстанымдарын көбіне ницшелік ойлау желісінің жалғасы деп қарастырады. Осылайша, Фуко үшін тарих - адамзат ақылсыздығының ең көлемді құбылыстарының бірі, санасыздықтың тотальды бей-берекетсіздігі. Дерриданың теориясын Францияда - Жиль Делез, Элия Кристева, Ролан Барт секілді теоретиктер,өздерінше түрлендіріп қолдануда.

Постмодернизмнің теоретиктерінің басты жұмыстары -  ғылыми еңбектер емес, көркем туындылар болатыны, ал оны жасаушылардың атағы постмодернистер лагерінен  Дж. Фаулз, Дж.Барт, Ален Роб-Грийе, Рональд Сьюкеник, Филипп Соллерс, Хулио Кортасар, Мирорад Павич сияқты ірі прозаиктердің атағынан асып түкендігі кездейсоқ емес. 

Ал қазіргі посткеңестік мемлекеттер арасында постмодерндік әдебиетте өзіндік жол салған  орыс ақын-жазушылары жетерлік. Атап айтсақ- В.Сорокин, В.В.Набоков, С.Соколов, А.Платонов, В.Спектр, Лев Рубинштейн, Дмитрий Пригов, В.Некрасовтар.

Қазақ әдебиетінде әлемдік тенденцияға айналып, философия мен өнердің бар саласын қамтыған  постмодернизм жайлы іргелі де толыққанды зерттеулерді былай қойғанда, толықтай постмодерндік сипатта жазылған шығармалар некен-саяқ.

Десек те Ф.Кафка атындағы сыйлықтың иегері,интеллектуалды әдебиеттің жарқын көрінісі Т.Әбдіков,  жазушы Асқар Алтай, Роза Мұқанова, Дидар Амантай,Думан Рамазан орыс тілінде жазатын Аслан Жақсылықовтардың  шығармаларында постмодерндік сипат көптеп танылады.

Әдебиеттанушы ғалымдардың қазақ әдебиетіндегі постмодернизм құбылысы туралы пікірлерін келтіріп көрелік Филология ғылымдарының докторы, академик С.Қасқабасов постмодернизм туралы өз ойын былайша білдіреді. «Постмодернизм – өндірісі қатты дамыған постиндустриялы елдерде кең таралған. Өйткені, олар бұрынғы классикалық әдебиеттен қол үзіп кеткен. Біз болсақ, классикалық реализмнен, классикалық әдебиеттен қол үзгеміз жоқ. Одан қол үзе алмайтын себебіміз, бізде әлі постиндустриялық қоғам құрылған жоқ. Сондықтан постиндустриялық қоғам болмай тұрып, постиндустриялық қоғамның өмірін суреттей алмаймыз. Алайда, постмодернистік тәсілді меңгеріп алған біздің кейбір қаламгерлердің ісі сыртқы көрініс қана» деген [1,4].

Филология ғылымдарының докторы, профессор,сыншы Б.Майтанов- «Қазіргі дәуірдегі модернизм мен постмодернизмнің қазақ әдебиетіндегі көріністері тұтас бағыт деңгейіне көте­рілмеген, олар өзара ара-жігін де ашып дараланбағандықтан, бүгінгі күн бедерінде көркем-әдеби ағым ретінде өмір сүруде. Орнына қарай дәстүр, үрдіс, көрініс, стиль тер­миндері қолданылуы мүмкін. Біз бұл үде­рісті жылдамдатуға да, кідіртуге де құқылы емеспіз. Тақсыр уақыт пен әдеби тә­жірибе негізгі сөздің тұтқасын ұстамақ.» [2,4]. - деген пікірде болған.

Демек бұл ғалымдар қазақ әдебиетіндегі постмодернизмді уақыт тезіне кояды да, бұл құбылыстан біздің мәдениет пен әдебиет қалыс қала алмайтындығын айтады.

Ал филология ғылымдарының докторы профессор, Дандай Ысқақұлы  постмодернизмді ұлттық әдебиет пен дүниетанымның жауы көреді. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына пікірін келтірелік: «Бүгінгі қазақ әдебиетін батыстан келген «постмодернизм» деген жаңа ағым елеңдетіп, назарын өзіне аударып тұр. «Постмодернизм» – адамға көркемдік, эстетикалық ләззат бағыштап, адамгершілік тәрбие бере алмайды.             Меніңше постмодернизм – ұлттың рухани құндылықтарын жоққа шығарудың бірден-бір құралы. Қашан да көркем әдебиетте басшылыққа алынып келген «ұлтқа қызмет ету, әдеби дәстүр, ұлттық рухани құндылықтарды сақтау, адамдарды адамгершілікке тәрбиелеу, ұлт болашағына қызмет ету» деген сияқты ұлы идеялардың барлығына бүгінгі адамдар күмәнмен қарауға дағдыланып барады. Мұның өзі әдебиетіміздің даму қарқынының әлсіреуіне ықпал етуде. Батыстық жаһанданудың ұлттық рухани байлығымызға қауіп төндіріп тұрғаны тағы шындық- дейді.

Осылай қазақ әдебиетіндегі постмодернизм жайлы  пікірлердің бір парасын жеткіздік. Ал жалпы постмодернизмнің бейнелеу әдіс-тәсілдері қандай,ерекшелектері неде? деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Постмодернизмдік шығармаларға тән дүние- метамәтін. Француз философы Жан-Франсуа Лиотар және американ әдебиеттанушысы Фредерик Джеймсон "нарратив", "метамәтін" теориясын ойлап тапқан. Лиотар бойынша "постмодернизм деп метаәңгімелерге сенбеушілікті түсіну керектігі" жөнінде айтады Олар оның метабаяндаудың әлсіздігі мен мағынасыздығын көрсету үшін  пародия формасына жүгінеді.

Шизоталдау. 60-70-жылдардағы студенттік толқулар теоретиктері және "шизоталдау шеберлері"  -Жиль Делез бен психоаналитик Феликс Гваттаридың ойынша: шизофрения- ессіздіктің жоғары формасы ретінде тұлға еркіндігінің қайнар көзі және қоғамның қозғаушы күші болып табылады. Шизоидтық сананың бөлшектенуі өзінің табиғатымен-ақ метамәтінді жояды.

Ендігі бір постмодернизмге тән құбылыс - автоматты хат, сана ағыны, "мимикалық реализм" (О.Дарк). . Сана ағымы - адамның ішкі жан дүниесіне талдау жасау. Сана ағымы қат-қабат тізбектеліп, бірін-бірі толықтыра келетін ойлар ағыны болады, яғни көркем туындыдағы кейіпкер ойына, ішкі дүниесінің арпалысына, санасындағы процестерге негізделінген шығармалар сана ағымында сомдалғаны даусыз.

Интермәтін. Әдеби постмодернизмді көбінесе "цитаталық әдебиет" деп атайды. Мысалы, Жак Ривэ "А.-дан келген Барышня" роман-цитатасы  (1979) 408 автордан алынған 750 үзіндіден тұрады. Цитаталармен ойнау интермәтінділікті туғызады. Бірақ бұл идея жаңашыл емес: Рим империясы құлаған уақыттарда әдебиетке сол кездегі үздік философиялық, фольклорлық және өзге де шығармалардан жинақталған түрлі үзінділер – центондарды кіріктіріп шығарма жазу үрдісі белең алған болатын.

Тағы бір ерекшелік оқырманға ой тастау арқылы шешімді оқырманға қалдыру тәсілі,бұл постмодернизм теориясында бұл Р.Барт енгізген "автор өлуі" терминімен сипаттала бастады. Ол әр оқырман автор деңгейіне дейін көтеріле алатындығын, ойластыруға, құрастыруға заңды құқығы бар екендігін білдіреді. Мысалы, Милорад Павич "Хазар сөздігі" ("Хазарский словарь" атты кітаптың алғысөзінде :" оқырман өзіне қалай ыңғайлы болса, солай пайдалана алады. Біреулері одан қазіргі сәтте өздерін қызықтыратын  сөздер іздейді,  басқалары бұл сөздікті кітап санап, оны бастан-аяқ оқуы мүмкін". Бұл көпнұсқалылық постмодернистердің тағы бір ережесімен байланысты: Барт бойынша, хат, соның ішінде әдеби туынды жеке тұлғаның жасағаны емес, ол - жалпы" хаттың" ерекше көрінісі.

Өмірді қалай көрсе сол күйінде беру- эстетикалық әдісі және "пастиш". Пастиш (ит. тілінен ауд. Попурри) Яғни өткен оқиғалар мен жағдайларды,сюжеттерді,стильді көшіру,дәлірек айтқанда  соның бейнесіне кіру әдісі. Пастиштің плагиаттан немесе пародиядан айырмашылығы сол-түпнұсқадағы ойды қайтақұрылымдай отырып оны ирониялау.

Жоғарыда аталған суреттеу тәсілдері Т.Әбдіковтың әңгіме ,повестерінде көптеп кездеседі мысалы: «Ақиқат» шығарамасындағы сана ағымын талдап көрейік.

Шығарма бас кейіпкері Роберттің үзік-үзік санасындағы жаңғырықтар абсолютті шындық, адам мен әлем, жаратылыс пен мәңглілік т.б. іргелі философиялық толғамдарына құрылған. Повесть қарапайым ғана сюжетке құрылған, тіпті фабулалық қисынмен түзілген. Қаламгерге оқиғалар қоюлығы, сюжет дамуының логикасы аса маңызды емес. Роберттің телепаттық қасиетін өз мақсатына пайдаланушы профессормен, жындыханадағы көршісі священникпен және дәрігермен болатын диалогтық қарым-қатынастар ғана сюжеттік желілер түрінде көрінгенімен, олардың байланыстары да әлсіз. Олардың ортасындағы диалог полемикалық тұрғыда басталғанымен, бара-бара Робертпен диалогқа түсуші субьект ығысып, орталық образдың субъективті толғаныстары күш алып кетіп отырады. Өйткені ішкі монологтың күрделенген типі, ой мен сезімді бейнелеудің модернистерге тән техникасы – сана ағымы доминанттық сипат алады. Профессор-Роберт диалогының бір үзіндісіне жүгініп көрейік:

– ...Болашақ тұнып тұрған фальсификация. Шындық пен жалғанның шекарасын таба алмаймыз. Өйткені бәрін қолдан жасаймыз.

– Бұл сұмдық қой, – деді профессор сыбырлап. – Адамзаттың санасымен жасалған осыншама заттың бәрін жоққа шығаруға бола ма?..

– Мынау өмірдегі мән-мағына, қасиет, әділет деп жүргендеріміздің бәрі адамдардың өздері ойлап тауып жүрген дүниелері. Әйтпесе олардың жаратылыс заңының негізін құрауға еш қатынастары жоқ...» [4, 425 б.].

Ал қазақ әдебиетіндегі үздік туындылардың бірі «Парасат майданы» шығармасы  интертестуалдық әдісіне құрылған шығарма деуге негіз бар. Шығарма Гамлеттің монологы мен американ ақыны Роберт Пенн Уоренннің сөздерін эпиграф етіп ала отырып,

Абай, Ницше, Бальзак, Ганди сияқты 17 ғұламадан цитата келтіреді. Шығарманы оқи бастағаннан-ақ суреткер Әбдікұлының талай кітаптың шаңын жұтып, өз ақиқатын дәлелдеу үшін айтысатын ізгілік пен зұлымдықтың қисындарын бақайшағына дейін зерттегенін аңғарасың. Оқиғаның фабуласы да қызық. Жындыханадағы жігіт пен дәрігерлерден басқа кейіпкер де жоқ. Бірақ тұлғаның екіге жарылуын өте сәтті қолдана отырып,адамзаттың болашағы жайлы толғанысы мен қорқынышын  автор жазылған хаттар арқылы жеткізе біледі.   «Парасат майданы» күтпеген жерден қайғылы аяқталады. Ауыр қасіретті арқалап, жан азабын кешкен науқас, ақырында, ешқандай да бейтаныс хат жазушының жоқ екені, өзінің біресе ізгілік, енді бірде зұлымдық болып айтысып жүргені туралы ащы ақиқатқа көзі жетіп, өзіне-өзі қол салып өледі.

Повесттің басты кейіпкері қаза тапты. Бірақ рух тазалығы үшін болған шайқас әлі жалғасып жатыр. Зұлымдық салтанат құрып, үстемдігін жүргізіп тұрған замандағы парасат майданында сол ұлы ұрыста қиналып, азапқа түсетін бір жұмбақ әлем бар. Ол – адамның жаны. Жан өлген күні – Ізгілік өледі. Өмір өледі. Біз өлеміз..

Сөзіміздің түйіні  қазақ әдебиеті тоқырауда, классикалық кезең артта қалды, алыптар сарқылып бітті,жазатын тақырып пен жан сүйсіндіре жазатын жазушы қалмады, постмодернизм өгей әке секілді ештеңе де бермейді деушілердің сөзі бекер.

Қазақ әдебиетінде постмодернді толықтай меңгерген,сол постмодерндік тәсіл арқылы ұлт мұңы ғана емес адамзат қамын ойлай да, жаза алатын жандар бар.

Қолданылған әдебиет:

1. «Қазақ әдебиеті», №13, 10 сәуір, 2009 ж.

2.«Қасым»  №2  2011ж

3. http://www.qazaquni.kz/15850.html

4 Әбдіков Т. Таңдамалы: Роман және повестер. – Алматы: Жазушы, 1991. – 512 б.