Экономические науки/7.Учет и аудит.

 

Старший преподаватель Аманиязова Р.К.

Каспиский государственный университет технологии и инжиниринга им Ш.Есенова, Казахстан

Қазақстандағы  көші-қон жағдайы

     Қазақстандағы  ішкі және сыртқы миграция мәселелері уақыт өткен сайын өзекті болып келеді. Бүкіләлемдік банк баяндамасы бойынша ҚР әлемдегі еңбек мигранттарын қабылдау бойынша 9-орынға табан тіреген. Қазақстанның әлемдегі территориялық орналасуының өзі әлемдік және аймақтық миграциялық процестерден шет қалуға мүмкіндік бермейді. Халықаралық және Қазақстандық сарапшылардың талдауы бойынша Қазақстан арзан жұмыс күшіне қарағанда сапалы, жоғары квалификациялы мамандарға мұқтаж. Мәселен, елімізге 2001 жылы 8737 маман келсе, 2004 жылы олардың саны 17274-ке жетіп, 2007 жылы шетел мамандарының саны үш есеге өсіп 58810-ға жетті.

 Статистика бойынша шетел мамандарының саны жылдан-жылға өсіп келе жатқанын байқаймыз. Шетелдік жұмыс күшінің Қазақстандағы үлесі бойынша Түркия, Қытай, Ұлыбритания, Индия, Италия және Ресей мемлекеттері көшбасшы болып табылады. Бұл мемлекеттердің үлесіне бүгінгі күндері жалпы ресми шақырылған жұмыс күшінің  60%-70% пайызын құрайды. Мәселеге үңілсек, шетел мамандарының (жұмысшы күштерінің) басым көпшілігі құрылыс салаларында (2007 жылғы дағдарысқа дейін 43477-ні құраған), тау-кен өнеркәсіптерінде (2007 жылы 5444 адам)  жұмыс атқарады екен. Келуші мамандардың басым көпшілігі инженер мамандықтарының иелері. Яғни, қара жұмысшы емес. Дамушы біздің мемлекет үшін мамандардың келуі өте маңызды болып табылады. Бірақ, әлем қарыштап дамып жатқанда жоғарғы технологияларды меңгерген мамандарды шақырған абзал.     Еңді мәселеге социологиялық зерттеу тұрғысынан келсек, зерттеуді 2010 жылы «Стратегия»  зерттеу орталығы жүргізген.  «Шетелден жұмыс күшін тартуға қайлай қарайсыз?»  деген сұраққа респондеттердің  30% ғана қолдаған. Сұралғандардың 57%  бұл бағытты  «дұрыс емес» деп бағалаған. Ал, қалған 13% жауап беруге қиналған. Бұл – Қазақстан Республикасының азаматтарының пікірі. Бірлікті ту еткен Қазақстан үшін ел азаматтарына шетелдік жұмыс күшінің мән-маңыздылығын түсіндірген дұрыс деп ойлаймын. Ал шетел мигранттарын біліміне, мамандығына, жалпы адамдық капиталына қарай шақыруды қолдаған респонденттер 55%; қарсы болғандар 23%; жалпы үлестің 22% жауап беруге қиналған. Мұндай жағдайды мемлекет ескеруі тиіс.

      Қазақстанға шетелден жұмыс күші ағылып жатқанда мемлекет азаматтары әлеуметтік жағдайын дұрыстау мақсатында ішкі миграциялық ағымдарға белсене қатысуда. Яғни, халықаралық миграция қатысушылары бір дамымаған аймақтан екінші дамыған аймаққа қоныстанса, мемлекет ішілік миграция сол секілді экономикалық әлсіз аймақтан экономикалық қуатты аймаққа көшуді білдіреді. Мемлекет егемендігін жариялағаннан бергі уақытта ішкі миграциялық ағымдар белсенді жүріп жатыр. Орта есеппен мемлекет ішілік миграцияға жылына  350.000 адам қатысса, жалпы ел азаматтарының 5-6 миллионға жуығы миграциялық үдерістердің қатысушысы болған. Ішкі миграцияның басты және негізгі бағыты ауыл-қала, қала-қала бағытында жүріп отыр. Оның негізгі себептері ауыл әлеуетінің әлсізденуінде жатыр. ҚСРО құлағаннан кейінгі кезеңде совхоз, колхаздар тарады. Өңдіріс орындары жеке меншік қолдарға өтті. Соңында, ауылшаруашылығы түбегейлі әлсіреді. Есеңгіреп қалған тұрғындар нәпақасын іздеп қалаларға жұмыс істеуге ағыла бастады (Алматы, Астана және өзге ірі қалалар). Сол уақытта қалыптасқан көш әлі күнге дейін жалғасып келеді. Ол көш тұрақты және тұрақсыз болуы мүмкін. Яғни, белгілі бір уақыт аралығында. Ал қанша уақытқа қалаларға барып жұмыс жасайтындығын нақты анықтау мүмкін емес. Ата заңымызда Қазақстан Республикасының азаматтары көшіп-қонуға ерікті, құқылы деп жазылған. Егер азаматтардың тұрғылықты мекеніңде жұмысы болмаса, отбасының, балаларының болашағын жоспарлау қиындық туғызатын болса, өзіне ыңғайлы жерге көшетіні әлемдік тәжірибеден белгілі. Миграция заңдылығы бойынша миграцияға ең ақылды, еңбекке қабілетті адамдар түседі. Демек белгілі бір аймақтан білімді, интелектуалды һәм еңбекқор азамат өзге аймаққа кетіп жатса, сол аймақ үлкен капиталдан айырылды деген сөз. Осы мәселелерге әлеуметтанушылардың жүргізген зерттеуіне зер салсақ, соңғы уақытта ел азаматтарының басым көпшілігі ешқайда көшкілері келмейтіндіктерін айтқан. Ал статистика агентігінің мәлеметіне сүйенсек 2004 жылы 386247 адам ішкі миграцияға қатысқан болса, 2009 жылы 406251 адам қатысқан [4]. Еңді сол социологиялық зерттеуге назар аударсақ. Алғашқы және негізгі сұрақ «өзіңіздің тұрақты мекенінізді ауыстырғыныз келе ме?» болды. Осыдан алынған ақпарат бойынша халықтың басым бөлігі, яғни 73% ешқайда көшкісі келмейтінің айтқан. 2004 жылы ешқайда көшкісі келмейтін тұрғындардың саны 58% болған.

    Елімізде заңсыз миграция шешімін таппай отырған мәселе болып табылады. Қазақстанда заңсыз жүрген мигранттардың саны бейресми ақпараттар бойынша бір миллионнан асып жығылады. Аталған сан одан да көп болуы әбден мүмкін. ҚР «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңында: «Миграция ағымының бақылаудан, реттеуден шығып кетуі ұлттық қауіпсіздікке  төнуі мүмкін қатер» екендігі жазылған. Әлем тарихында миграция әсерінен тұтастай ұлттарды «қыспаққа» алып жаңа мемлекеттердің құрылғанын, белгілі бір титулды ұлттардың өз мемлекетінде үлес салмағы азайып, орнына өзге ұлттар  басып алғанын факт келтірмей-ақ білеміз. Ал біздің мемлекеттің адамдық ресурсы мен көрші мемлекеттердің адамдық ресурсын салыстырып қарағанда, біздің мемлекет үшін миграциялық саясатты мықтап қолға алу керек екендігі түсінікті. Мемлекет үшін ондай қауіп болмағанның өзінде заңсыз мигранттар саяси тұрақтылықты бұзуға (Франция, Италия тәжірибелері), қылмыстың өсуіне, жергілікті халық пен мигранттар қайшылығын туғызуға, маргинал топтардың пайда болуына, ұлттық еңбек нарығындағы дисбалансты бұзуға т.б. проблемаларға алып келетін топ екендігін ғалымдардың зерттеулері мен халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр. Осындай негативті феноменмен еліміз өзінің мүмкіндігінше күресіп жатыр. Бірақ, қанша әрекет жасасақ та осы күнге дейін заңсыз миграцияның көлемі азайған емес. Мәселен, 2006 жылы мигранттарды жаппай заңдастыру процесі жүрді. Мамандар іс-шара барысында 100 000 мигрантты заңдастырамыз деп болжаған. аНәтижесінде  2007 жылдың 9 қазанға дейін  142 941 шетел азаматынан арыз түссе, соның 141 950  заңдастырылған. Заңдастырылған мигранттардың басым көпшілігі келесі мемлекеттердің азаматтары болып табылады: Өзбекстан азаматтары  -  101 743 (71,7%); Қырғызстан азаматтары – 19 854 (13,9%); Ресей азаматтары  -  9 494 (6,6%); Тәжікстан азаматтары –  4 111 (2,9%); өзге мемлекеттердің азаматтары 6 749 (4,7%). Мигранттардың басым көпшілігі құрылыс (95 943), қызмет көрсету (18 399) мен ауыл шаруашылығында (12 965) жұмыс жасаған. Бұл – кезекті бір реттік  акция. Мұндай күрес шаралары ұзақ мерзімді нәтиже бермейді, тек заңсыз миграцияны бір маусымның көлемінде ғана шешуі мүмкін. Әлемнің дамыған мемлекеттерінде заңсыз миграция мәселесі мемлекет назарынан ешқашан түскен емес. Мемлекет кез-келген мәселені заң шенберінде шешеді. Мемлекеттің мигранттарды мемлекет пен ұлт мүддесіне қолдана, жарата білу стратигиясы қалыптасқан. Сондықтан да, жүргізіліп отырған саясатының нәтижесі бар. Ал, біздің мемлекетте миграциялық ахуалды дұрыс реттеу үшін ең алдымен заманауи «Миграциялық үдерістерді реттеу туралы» Заң қабылдануы керек деп ойлаймын. Себебі, қолданыстағы заң уақыт талабына сай келмейтіндігі іс-жүзінде белгілі болды.  

   Қорытындалай келе, Қазақстандағы миграциялық құбылыстардың өзектілігі мына мәселелерге байланысты деп ойлаймын:

- миграцияның ұлттық қауіпсіздік санатындағы проблема екендігінде;

- бүгінгі еңбек миграциясын реттеудің, оны басқарудың  әлсіздігі;

- заңсыз еңбек миграциясының өршуі;

- «Ақыл ойдың»  сытылуы;

- мемлекетті «урбанизацияландыру» саясатының қателігі;

- ұлттық еңбек нарығының миграциялық ағымнан өзгеріске ұшырауы.

Осы және өзге де көптеген мәселелер осы тақырыптың өзекті тұстары болып табылады.  Жоғарыда атағандай, миграцияны тәжірибе жүзінде көптеген қырларынан қарауға болады. Оның ішінде ішкі миграциялық ағым бүгінгі күннің өзекті мәселесі екендігін айтып өттік. Зерттеулер көрсетіп отырғандай ішкі миграцияның басты себептерінің бірі  – аймақтардағы экономикалық жағдайдың төмендігі. Осы себепті көптеген ғалымдардың пікірі бойынша келесідей іс-шараларды атқаруы керек:

- ауылдағы инфрақұрылымды барынша дамыту;

- әлеуметтік  нысандарды жетілдіріп, заманауи деңгейге жеткізу  (мектеп, бала-бақша, емхана);

- жаңа заңда ішкі миграцияның мәселесін нақтылау және оның негізгі статусын анықтау;

- ауылшаруашылығын кәсіпкерлікке айналдырудың концепциясын жасау.

 Міне, осындай атқарылуы керек міндеттер бар. Дегенмен, бұл оңай шаруа емес екендігі анық. Б  әлкім, болашақта бұл мәселелер өз шешімін табады деп сенеміз. Бұлар – тек миграцияға ғана емес, жалпы мемлекеттік дамуға керек мәселелер. Миграцияның екінші жағы – сыртқы миграция. Бүгінде оның өзекті мәселе екенін осы жағдайды сараптау барысында көрсеткен болатынмын. Әлем мемлекеттерінің өзі осы мәселені шешуде қиындықтарға тап болып жатқаны мәлім. Біз миграциялық ағымнан қашып құтыла алмаймыз, сондықтан, оны тиімді түрде өзіміздің пайдамызға асырғанымыз дұрыс. Себебі, әлемдегі болып жатқан либералды саясат осыған алып келеді. Біздің экономикалық және шекаралық ашықтығымыз болашақта еңбек мирациясын және  жалпы миграцияны тек қатаң түрде бақылау қажеттігіне алып келуі заңды. Сондықтан, болашақта мына мәселелерді реттеген абзал:

- заңсыз миграцияны бақылау, жазалау және оның алдын алуды жетілдіру;

- еңбек миграциясына берілетін квоталарды салалық деңгейге байланысты бөлу;

- «Ақыл-ойдың сытылуын болдырмау» саясатын іске асыру;

- оралмандарды қайта оқытып, мемлекеттік немесе өзге мекемелерде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік жасау.

Пайдаланылған әдебиеттер

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы «Ақпараттық сараптау орталығы» //http:// www.enbek.gov.kz/tips/tips.php

«Әлеуметтану» еларалық ғылыми-сараптамалық журналы. № 1(2), бет-54. Типография «ТОО Эксим-про-К», 2010 ж.

Қазақстан Республикасының Конституциясы, 1995 жыл 30 тамыз.  - 21 бап.