А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ
ОҚУЛЫҒЫНДАҒЫ МӘТІНДЕРДІҢ БЕРІЛУ ЕРЕКШЕЛІГІ
Қаракөз Ерсұлтанова
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ магистранты
Астана,
ҚАЗАҚСТАН
Өзінің
рухани сана-сезімі мен парасаты және жалпы болмысы жағынан
айрықша орын алатын Ахмет Байтұрсынұлының есімі
қазақ халқының тарихында алтын әріптермен жазылғаны
исі қазаққа аян. Ол ‒ фольклортанушы,
ақын-жазушы, публицист, аудармашы, қазақ тілі мен
әдебиетінің ғылыми негіздерін қалаушы, ірі филолог,
лингвист-ғалым, түркітанушы-реформатор, ағартушы-демократ,
гуманист, педагог, зерделі тарихшы, «Алаш» партиясының негізін салушы,
қазақ ғылымын алғаш жүйелеуші, оқулық
жазудың білгір маманы, қазақ елінің тәуелсіздікке
қол жеткізуі үшін жан аямай күрескен ер азаматы,
қоғам қайраткері, өз халқының жалындап
жанған адал перзенті.
Сол кезеңде
ерен еңбек сіңірген ұлы ағартушы ғалым Ахмет
Байтұрсынұлы қай кезде де білім мәселесіне жете
мән берген. Ол басқа да алаш арыстары сияқты елдің
санасын оятып, жаңа жолға бастаудың кілті білімде деп
ұққан. Халыққа ағартушылық
арқылы жаңаша бағыт-бағдар сілтеп, ой салуды
мақсат еткен. «Ағартушылық ‒
жақсылыққа, бақытқа ұмтылған
күллі елдің бастан өткерер жетілу һәм
өрістеу жолы»[1, 3], ‒ деп ғалым Д.Хамзабекұлы
айтқандай, бұл ұғымның білім алып,
жаңашылдықты игерумен байланысты болғаны белгілі.
ХХ
ғасырдың басында қазақтың санасына
ағартушылық идеяны орнықтырған тұлғалар
ұлттың жаңа даму сатысына өтіп, биікке көтерілуін
көздегені анық. Бүкіл жұртшылыққа сілкініс
пен құлшыныс әкелген жиырмасыншы ғасырдың
басындағы кезең ұлтымыз үшін өте бағалы әрі
аса құнды кезең болып саналады. Өйткені,
«Халықтың өткен өмірі жалпықоғамдық
мәні бар тәжірибе ретінде қорытылып, белгілі бір
дәрежеде ұлт игілігіне асқанда ғана
құндылыққа айналады»[2, 38,].
А.Байтұрсынұлы,
ең алдымен, бастауыш сынып оқулықтарының авторы.
Ғалым-педагогтың
ең алғашқы қазақша әліппесі «Оқу
құралы» деген атпен 1912 жылы Орынборда М.Ш.Кәрімов пен
Ш.Құсайыновтар баспасында жарық көреді. «Оқу құралы»
жайында Т.Шонанұлы былай деп жазады: «Бұған дейін бізде
өз әліппеміз болған емес, дүмше молдалар әліппе
жасай алмай, балаларды әліп-би шартымен қағаз жүзінде
оқытса, ал миссионерлер Васильев, Алекторов, Вожинский және
басқалар қазақ әліппесін орыс транскрипциясымен
берді»[3, 148,].
1912 жылы Орынбор
қаласында А.Байтұрсынұлының «Әліп-би-І» деген оқулығы
шығады. Бұл оқулық 1912-1925 жылдар аралығында жеті
рет басылып, оқу-ағартушылық салада біраз уақыт
қолданылады.
Әліппеде дыбыс
пен әріпті оқыту дидактиканың «жеңілден
қиынға қарай» қағидасы бойынша жеке
сөздерді оқытудан басталады да, кейін қысқа-қысқа
мәтіндер алынады. Ал жеке сөздер алынғанда, екі дыбыстан
тұратын қысқа, жеңіл сөздерден басталып,
бірте-бірте күрделенеді. Мысалы, ас,
аса, асар, ал, ала, қон, қонақ т.б. Бұл
қағида оқушының оқуды, жазуды, сөйлеуді тез
үйренуін қамтамасыз ету, оқыту үрдісін жеңілдету
жолдарын іздеуден шыққан.
А.Байтұрсынұлының
бұл оқулығы сол тұстағы жинақталған
алдыңғы қатарлы тәжірибелерге сүйене отырып,
озық әдістемелік теорияларға негізделіп, жасөспірімдердің
психологиялық ерекшеліктерін, тіпті ұлттық ерекшеліктерін
ескере отырып жазылған еңбек.
Келесі
оқулығы «Әліп-бій» (3-басылымы, 1928ж.) деп аталады.
Мұнда ғалым негізінен мәтіндерді қолданған. Бірақ
алдымен оқулық түрлі ойындардан басталған. Ол ойындар
дыбыс әдісі жолымен сөздерді түрлендіру арқылы
сөздер, сөйлемдер жасауға арналған. Мұнда
балаларды оқуға қызықтыру, назарын оқуға
аударту мақсаты көзделгені байқалады.
Ары
қарай автор екі сөзден тұратын сөйлеммен
жаттығулар беріп, оларды түрлендіріп, тіпті жаңылтпашқа
айналдыру сияқты тапсырмалар арқылы бала тілін дамытудың
түрлі әдістерін қолданған. Олар күрделене келе
мәтіндерге айналған. Ол өте кіші мәтінен басталып, ары
қарай күрделене береді. А.Байтұрсынұлы әдістемесінде
аз дыбыстан тұратын сөзден бастау, жаттығуды аз
сөйлемнен, мәтінді өте шағын түрінен бастау,
оларды біртіндеп қана кеңейту, күрделендіру тәсілі
айрықша орын алады.
Бұл
«Әліп-бій» а//, р//, з// таңбаларын танытудан басталады. Барлық
әріптер өтілген соң танымдық материалдар
жазылған. Автор «Оқу құралының»
алғашқы бетін балаларға арналған өлең
жолдарынан бастайды.
Балалар!
Бұл жол басы даналықа.
Келіңдер,
түсіп, байқап қаралық та!
Бұл
жолмен бара жатқан өзіңдей көп,
Соларды
көре тұра қалалық па?
Даналық
– өшпес жарық, кетпес
байлық,
Жүріңдер,
іздеп тауып алалық та!
Осы
жолдар арқылы А.Байтұрсынұлы сауат ашуға
шақырады.
Енді
аталмыш оқулықтағы мәтіндердің берілуіне назар
аударайық. Сонымен әліппеде екі-үш сөйлемнен
тұратын мәтіндер, хабарлама түрінде берілген шағын
мәтіндер және шағын көріністі сипаттаушы
мазмұнындағы мәтіндер берілген. Хабарлама түрінде «Ал,
балалар, аққала салалық», «Ат бақыл», «Балық
аулау», «Базар», «Атта да ақыл бар» т.б. мәтіндер кездеседі.
Бұл мәтіндердегі сөйлемдер өте қарапайым.
Соның бірі «Біздікі» деген мәтінге тоқталсақ, сол
кездегі бір отбасының тіршілігі арқылы жалпы халықтың
өмірін бейнелейді. Мәтіннен соң жаңылтпаш беріледі. Ол
жаңылтпаш сол мәтін мазмұнана алынып жасалған.
70-беттегі «Күзет» мәтінен кейін де мақал беріледі. Ол
мақал да сол мәтіннің мазмұнымен сабақтасады.
72-беттегі
«Жүген жұмысы» деген мәтінде ат жүгенінің жасалу
жолы айтылған. Мәтінде төс,
көрік, қысқаш деген кәсіби сөздер кездеседі.
Әңгімеде кейіпкер сулық соқтыру үшін
ұстаға барады да, бұрын көрмеген заттарды көріп,
ол заттардың атауын мәтінге кірістіріп, сөйлем
құрайды. Сөйтіп автордың мәтінінде
қоршаған ортада кездесетін заттардың бәрінен сөз
тудырылып, мәтін құралып, ол заттың қандай
нәрсе екендігі, қандай керекке жарайтындығы мәтін
арқылы оқушыға жеткізіліп отырады. Демек
А.Байтұрсынұлы оқулығының мәтін
құрылысы өмірді көріп, ойыңды тоқып
отыруға бағытталады.
Осылайша,
А.Байтұрсынұлы оқулығының 76-бетіне дейінгі
мәтіндерде сол кезеңдегі күнделікті тіршілік
көріністері қарапайым жай сөйлемдермен және
ұйқас өлеңдермен құрастырылып,
балаларға өте түсінікті етіп беріліп отырады.
Мәтіндердегі сөздер жинағында бір де бір өтілмеген
әріптер кездеспейді. Барлы сөздер тек өтілген әріптерде
құралады. Әліппе жасаушыларға қойылатын негізгі
талаптардың бірі сол кездің өзінде қатаң,
бұлжымай сақталған. Бұл баса назар аударарлық
жайыт.
Ал енді келесі
бағыттағы мәтіндер оқушы өміріне қатысты.
Олардың біршамасы оқу-білімнің қажеттілігіне
бағытталған. Мысалы: «Мен
қалай оқуға бардым» атты әңгіменің
мазмұны – Әбіш деген баланың
оқуға деген ынтасын оятқан досының тағдыры, сол
арқылы автор балаларды оқуға, білім алуға
шақырады.
Келесі «Мектепке
түскен күн» атты мәтін бойынша баланың алғаш рет
мектеп табалдырығын аттаған күндегі жайды баяндайды.
Көлемі 9 сөйлемнен тұрады. Автор 80-беттегі «Біздің
тәртіп» мәтінін өте ұтымды құрған.
Мәтін мазмұнында әуелі бала өміріндегі еркіндікті,
у-шуды, алыс-жұлысты әңгімелеп (бұл бала
қимылында бар нәрсе) келеді де, балаларға жиналыс аштыртады. Жиналыстың
соңында ұйғарылған тәртіп ережесін береді. Ол
ережелер төмендегідей:
Бұдан былай:
1. Бәріміз
тату-тәтті болайық.
2. Бірімізге біріміз
көмектесейік.
3. Құр бетімізше
шулай бермейік.
4.
Әсіресе
сабақ үстінде тыныш отырайық, – делінген. Мәтін мазмұнында бала
тәрбиесіне қатысты дүниелер қозғалған. Хат
танып қалған балалар бұл мәтіннен өздері жайлы
оқып, бұдан үлгі алуға тырысатыны анық.
Міне, осы
бағыттарда 82-бет «Көмектестік», «Жалпы жиналыс», «Тазалық
тәртібі» деген мәтіннен кейін «Құлақ қат»
деген ереже ілінген:
Үй ауасын жиі жаңарту.
Шаңды су шүберекпен сүрту.
Аяқты сырттан сүртіп кіру.
Үйде түкіргішке түкіру.
Шаңды шүберек пен борлы шүберекті
үйде сілікпеу.
Киімді үйде қақпау.
Яғни
оқулық бетінде тәртіп, тәрбие, тазалық ережесі,
ойландыру есебі т.б. күнделікті өмірге қажеттілердің
барлығы қамтылып, ол тақырыпта мәтін
құрылып, оқулықта беріліп отырған.
Ғалым тәрбиеге байланысты да
әр түрлі тақырыпқа әңгімелер ұсынып
отырған. Бұл мазмұндас мәтіндер ретінде «Салақтықтың
кесірі», «Қожалақ», «Дәрігер бізге не айтты?», «Оқу
бөлмеміз» т.б. атауға болады.
«Жұмаш» атты
әңгімесінде жарлы баланың аянышты тағдырын суреттей
отырып, адамгершілік тәрбиесін алға қояды. «Шаңға
қылған шарамыз» деген мәтінде шаң-кірден
құтылудың жолы, шөп-шалам, жөке жіптер т.б. есік
алдына салып, балалардың оған аяғын сүртіп кіруі деп
суреттеледі.Бұл айланы тапқанға дейін болған
оқиғаны мәтінге енгізіп жазады да, табылған айла
арқылы балалардың тазалыққа икемділген істерінен
көрсетеді.
«Күз белгісі»,
«Күз» деген мәтіндерде күз мезгілінің бейнесі
қарапайым сөздермен суреттелген. Мұнда
А.Байтұрсынұлының күз тақырыбына арнап
шығарылған өлеңі берілген. Өлең
мазмұнында табиғат өзгерісі, сол мезгілдегі жасалатын
жұмыс түрлері түгенделіп айтылатындай. Сонымен бірге
Абадың «Күз» өлеңі де берілген. Сондай-ақ
«Мектепті қалай күтеміз» және «Жетім», «Қабырға
газеті», «Түс көргенім» мәтіндері бар.
«Ұят-ай!»,
«Күн бақбамыз», «Бұл қай кезде болады?» деген
мәтіндер өлең ұйқасымен беріледі. Мәтінде
жылдың әр түрлі мезгілдері туралы баяндалады. «Қыс
қамы», «Күзем», «Шана істегенім» деген мәтіндер еңбекке
баулиды. Себебі шананың материалдарын жинауды, оны орнықтыруды т.б.
кәдімгі еңбек түрлерін мәтін мазмұны етіп
жазған да, балаларға үлгі етерлік бағыт берген.
Сонымен
А.Байтұрсынұлының «Әліп-бій»
оқулығының мәтіндемесі туралы қорыта айтар
болсақ, бұл оқулықтағы мәтіндер
1)
алғашында екі-үш сөзден
құралып, кейін бірте-бірте қарапайымнан қиынға
қарай күрделене түседі;
2)
олардың құрамында бір де бір
өтілмеген әріп кездеспейді, бұл заңдылықты
сақтау әліппе құрау барысында ұстанылатын аса
маңызды қағида болып табылады;
3)
танымдық тұрғыдан әр балаға
түсінікті, ұғуға жеңіл келеді;
4)
мазмұндық сипаты кез келген баланың
күнделікті өмірінде кездесетін қарапайым көрінітер
негізінде жасалған;
5)
идеялық сипаты оқушыға ой
саларлық, тәрбие берерлік, өнеге аларлық мәнге
толы.
Қорыта айтар
болсақ, А.Байтұрсынұлының «Әліп-бій»
оқулығы өз кезеңінде сауат ашу мәселесінде бірден
бір таптырмайтын оқу құралы болғанына көзіміз
жетті. Сонымен бірге бұрынғы, кешегі, бүгінгі кезеңге
дейін бұл оқулықтың бүкіл әліппе
оқулықтарын жасаудың негізгі тірегі болғандығын теріс
деп айта алмаймыз.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.
Қамзабекұлы
Д. Алаш және әдебиет. Астана: Фолиант, 2002.
‒ 474 бет.
2.
Қойгелдиев
М. Алаш қозғалысының ұлт
тағдыры жөнінде// Алаш және Әуезов. ‒ Алматы:
Жазушы, 2007. ‒ 304 бет.
3.
Әбдікәрімова
Т.М. Мәтін және «Ана тілі» оқулығы
мәтіндемесін құраудың теориясы (монография). ‒
Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2007. ‒ 332 бет.