Секция: филология

КАЗАНБАЕВА А.З.,

Караганды мемлекетік университеті, Казахстан 

М.МАҚАТАЕВ ЛИРИКАСЫ ТІЛІНІҢ КӨРКЕМДІГІ

Аннотация

М.Мақатаев лирикасы тілінің лингвистикалық табиғаты қарастырылған. Ақын лирикасындағы сөз қолданыстар бейнелігімен,айшықты мәнерлігімен айқындалып, әрбір ұлт тілінің көрінісі болып табылатындығы айтылған. Олардың лексика-семантикалық мәні,стильдік қызметі, мәтін ішіндегі қолданысы берілген. М.Мақатаев ешкімге ұқсамайтын сөз өрнектерімен ерекшеленіп, образды сөз қолданыстар ақын лирикасының көркемдігін, шынайылығын, мағыналылығын, ерекшелігін көрсетеді. М.Мақатаев өзінің лирикасының тілі арқылы қазақ поэзиясынада өзінің қолтаңбасын қалдырған ақын.

Тірек сөздер: сөз құдіреті, ұлттық сипат, бейнелі-көркем сөздер, стильдік қызметі, лингвостилистика, шеберлік, поэтикалық тіл, тілдік құралдар, мәтін, мағына.

 

І. Кіріспе. Кез келген халықтың сарқылмас мәдени мұрасын танытатын ұлттық тiлi екенi белгiлi. Өйткенi “Қай халықтың болса да қоғамдық өсу-өркендеу жолында  көтерiле алған биiгi  мәңгi болып ана тiлiнде сақталып отырады. Қай халықтың болса да ақыл-ой тереңдiгi, сана-сезiм сергектiгi көп салалармен тармақтала-молыға  келiп, тағы да сол ана тiлiнiң алтын қорына қосыла бередi. Қай халықтың болса да  басынан өткен дәуiрлерi, қилы-қилы кезеңдерi  ана тiлiнде  iз қалдырмай өте алмайды. Ана тiлi дегенiмiз – сол тiлдi жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгiнгiсiн де,  болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгiлiгiнiң мәңгiлiк мәселесi” [1:353].

Сондықтан ана тiлiмiздiң қадiр-қасиетiн биiкке көтерiп, қастерлей отырып, оның жетiлу, даму, толығу, баю процесiн жан-жақты зерттеп, жас ұрпақ санасына жеткiзу бүгiнгi өмiр талаптарының бiрi десек те болады. . Оқырманын ойлантып, санасын сәулелендiретiн көркем әдебиет тiлiнiң орны айрықша екенi сөзсiз. Эстетикалық деңгейi жоғары, айтар идеясы айқын, мазмұны терең көркем шығарма оқырманға сөз құдiретi  арқылы жетедi. Сөз құдiретi арқылы суреткер тiлiнiң әсемдiгi, көркемдiгi, тiлдiк құралдар мен тәсiлдердi  орнымен жұмсап, сөз қазынасын молынан пайдаланып, сөздердi қиыстырудағы ұтқырлығы, шеберлiгi, даралығы, өзiндiк жаңалығы танылады.

Тiлшiлер көркем шығарманың тiлiн лингвостилистикалық тұрғыдан талдай отыра, ондағы тiлдiк тәсiлдер жүйесiн қарастырса, ал әдебиетшiлер көркем шығарманың тiлiн зерттеуде “... оның идеялық мазмұнын, сюжеттiк тұтастығын, жеке образдар мен характерлердiң жасалу заңдылықтарын, осылармен байланысты жазушының кейбiр өзiндiк шеберлiгiн талдаумен шектеледi” [2:85].

“Поэзияға келсек, мұндағы лингвостилистикалық iзденiстер мүлде  ерекше  болмақ. Ең алдымен, поэзияның өзi “тұнып тұрған” образдылық /бейнелiлiк/ болса, сол образдылықты жасайтын құралдар мен тәсiлдердi  зерттеу мiндетi тұрады.  Лингвистикалық стилистика  көркем сөздiң ерекшелiктерiн зерттейтiн болғандықтан, оған  ырғақ, эвфония, поэтикалық синтаксис, сөз арқылы берiлетiн бейне /словестный образ/  сияқты тарамдарды  қамтитын лингвистикалық поэтика кiредi. Поэзия тiлiн лингвистика тұрғысынан зерттегенде, ең алдымен, ондағы образ жасампаздық мәселесi көзделедi. Ал образ жасампаздық тiл элементтерiн жазушының өз қаламында жарата бiлуi арқылы пайда болады. Сөз –  образдардың түрлерiн, оның ұлттық бояуын тануда  поэзия стилистикасының мiндетi.” [3:179] – дейдi көрнектi ғалым Р.Сыздықова. Жоғарыда айтылған пiкiрге сүйене отырып, поэзия тiлiн зерттеудiң өзiндiк ерекшелiгi және қиындығы бар екендiгiн айтып кетуiмiзге болады. Поэзиялық туындыларда сөз өзiнiң тура мағынасынан гөрi астарлы мағынада қолданылып, сөз-бейнелер көбiнде контексте ашылып, тұтас бiр сурет жасап тұрады. Өлең тiлiнiң кереметтiлiгi сонда, ондағы образдардың тiлдiк элементтермен сомдалып оқырманға жетуi, жетiп қана қоймай оны ойландыруы, көңiлiнде  түрлi ассоциациялар туғызуы, оның жан-дүниесiн жадыратып, сезiмiн селт еткiзiп, рухани  деңгейiн көтерiп биiктетедi.

ІІ. Қазақ поэзиясының көгiнен өз орынын тапқан озық ойлы таланттарымыз көп. Олар өлең өлкесiнде өздерiнiң  шығармашылық бай лабораториясын жасап, шеберлiктерiн танытып қазақ жыр-қазынасының таусылмас байлығын жасап кеттi.

Жетпiсiншi  жылдар поэзиясына зер салатын болсақ, сол таланттарымыздың  санаулысының  бiрi де бiрегейi, лирикалық асыл сезiмнiң жыршысы болған  Мұқағали Мақатаев едi.

Мен өз дәуiрiмнiң жаңғырығымын” деп Виктор Гюго айтқандай, Мұқағали да 60-70-жылдардағы жыр әлемiнiң жаңалық жаңғырығы болды. Оның бойындағы асқақ азаматтық әуенмен қатар өрбiген биiк рухты  әрбiр шығамасын оқыған сайын түйсiнiп, сезiне түсемiз.

Халықтың бай  ауыз әдебиетiмен сусындаған, Абай поэзия-сын жетiк меңгерген,  Қасымды жатқа  оқыған, Әбдiлдәнi  өзiнiң ұстазы  санаған Мұқағали ешкiмге ұқсамайтын, образды  сөз өрнектерiмен ерекшеленедi. Олай  болса, образды  сөйлемдер ақын лирикасының  көркемдiгiн, мағыналылығын, шынайылы-ғын,  жаңалығын көрсетедi. 

                     Кең дүние, төсiңдi аш, мен келемiн,

                     Алынбаған ақым бар сенде менiң.

                     Бұйрат құмдар – бұйығып шөлдегенiм,

                     Бура бұлттар бусанып терлегенiм,

 

деп ақын өзi айтқандай, сонау биiкке самғаған қазақ жырының өлең өлкесiне сыршыл да шыншыл поэзиясымен айқайлап келiп едi. Ақын лирикасынан үнемi табиғатпен, өзi өмiр сүрiп отырған қоғаммен, өмiрдегi болып жатқан сан қилы оқиғалармен тонның iшкi бауындай қабысып жатқан, оқырманын ойлантуға, сендi-руге мәжбүр ететiн ерекше  байланысты байқаймыз. Ақын өлеңдерiн оқығанда тағы бiр байқайтын  ерекшелiгiмiз сөзбен суреттелген өмiр, тiршiлiк құбылыстары  тұтас бiр картинадай өтiп жатады. Осы тұтас картина ұтымды, оралымды, көркем әрi  шебер қолданылған тiл нақышы арқылы көрiнiс бередi. М.Мақатаев өзiнiң тiлiн, стилдiк бояуын  қалыптастырған ақын деп айтуымызға әбден болады.

Шығарма тiлiнiң көркемдiгi суреткердiң сөздi аз-көп қолдануында емес, әр сөздiң орнын тауып көркем жұмсай бiлуiнде. Ақын сөздi  қиыстырып,  тиiстi  жерiнде ұтымды қолданып қана қоймай, ойдың түсiнiктiлiгiн, айқындылығын, дәлдiгiн беру үшiн сөз мағынасын сан жаққа құбылтып жұмсайды.

Мәселен,      Ақ кимешек  көрiнсе сенi көрем, Ақ кимешек жоғалса ненi  көрем”, “Су сұраса сүт берген, айран берген, Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!”, “Қарқ қылмай тұрса да қара нанға, Қара қамба құт едi балаларға”, “Сенбеймiн әкең өлдi дегенге мен, Себебi ол үйiмiзден тiрi аттанған”, “Шаруасы шайқалған шағын үйдiң, Шаңырағына шаншылдық уық болып”... тiзбектелiп кете беретiн өлең жолдары бар қазаққа таныс төл ұғым. Осы өлең жолдарынан ақын ойының шыншылдығын байқап, жалпы халыққа түсiнiктi қарапайым ғана тiлiмен жеткiзгенiн көремiз. Мұқағали өз өлеңдерiнде  сөз аясын  кеңейтiп, бейнелегiш-көркемдегiш тәсiлдердi шебер пайдаланып, олардың эмоционалды-экспрессивтiк    бояуын арттырды.

Ақын өзi  өмiр сүрiп отырған қоғамдағы алуан түрлi  көрiнiстердi лирикалық шығармасы  арқылы оқырманына жеткiзедi. Мына бiр ақиқатқа көзiмiз жеткен, яғни адамның бойында,  мiнез-құлқында, iс-әрекетiнде, тағдырында жақсы мен жаман араласып, пендешiлiк, арамдық, көрсеқызарлық, жауыздық, қараниеттiлiк, екiжүздiлiк одан басқа да  толып жатқан түрлi зымияндықты бiлдiретiн ұғымдарды  ақын өткiр де уытты жырларымен жоғалтуға ұмтылады. Сонымен қатар өмiрдегi  жақсылық пен жамандық, iзгiлiк пен зұлымдық, адалдық пен арамдықты, өмiр мен өлiм сияқты  кереғар  ұғымдарды көркем тiлiмен айшықтап, суреттеп бередi.

ІІІ. Ақын көзiмен көрiп, көңiлiне түйгендерiн ештемеге қарамастан жалтақсыз айтып, өзiнiң де өзгенiң де айыбын жасырмай, бетке басып ашық жеткiзе алды. “Айтып өткен ақында  арман бар ма, жүрегiнiң түбiне кiр жасырмай” – деп армансыз ақтарылып айтып кеттi. Өзiнiң азаматтық үнiмен өмiрдiң ащы  шындығын өткiрлiкпен айтты. Мұқағали Мақатаев таланты  қазақ поэзиясында қашан да биiктен көрiнедi, ол қазақ лирикасының кең төрiнде  өзiнiң “менiн” танытты.

Ақын өзiнiң 14 ақпан 1976 жылы жазған күнделiгiнде: “...Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Менiң қымбатты достарым! Егер шынымен менiң өмiрбаянымды, творчествомды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрiн түгел оқып шығуды ұмытпағайсыңдар. Менi өз өлеңдерiмнен бөлiп қарамауларыңызды өтiнемiн. Естерiңiзде болсын, менiң өлеңiм жеке тұрғанда  түк те емес. Бiрiктiрiп қарағанда ол поэма iспеттi. Басы және  аяғы бар. Сонымен, достар, бүкiл менiң жазғаным  бар-жоғы  бiр ғана бүтiн поэма. Адамның өмiрi мен өлiмi, қасiретi мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасаңдар барлық өлеңiмдi жинап, бiр жинаққа топтастырып көрiңдершi. Естерiңде болсын, әрбiр өлеңiм өз орнында тұрсын. Яғни, жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқыңдар. Сюжетiне көңiл аудармай-ақ қоюларыңа болады, ал композициясы мен архитектоникасына зер салыңдаршы. Егер менi сонан таппасаңдар, онда  ақын болмағаным!” [4:41] – деп жазған болатын. Ақын поэзияны зерттеу керектiгiн баса айтып, өзiне де өзiнiң өлеңiне де аса жауаптылықпен қарайды. Жырла-рының басқа жүректерге сәуле түсiретiнiн және осылардың бәрi  адам өмiрi туралы  тұтас поэма екенiн  оқырманына ескертiп отырады. Ақын өзiнiң жырына әдiл баға бере отырып, ертеңгi  күнi менiң өмiрiмдi, творчествомды  зерттемек болсаңдар  мынаған көңiл аударыңдар деп өзi айтып кеттi.

Мұқағали лирикасының лингвистикалық табиғатын қарастырғанда назар аударатынымыз - оның халық тiлiнiң байлығын, оның мүмкiншiлiктерiн қаншалықты пайдаланғанын, әдеби тiлiмiздiң дамуына қосқан үлесiн, өзiндiк қолтаңбасы мен өрнегiне айрықша мән береміз.  Жекелеген суреткердiң жазу мәнерi мен стилiн өзгелерден даралап тұратын  өзiндiк, авторлық қолданыстардың қызметi екенi белгiлi.  М. Мақатаевтың жалпыхалықтық қолданыстағы сөздердi қолданумен қатар жеке авторлық қолданыстарды /окказионализмдердi/  қолданғанын да байқаймыз.

ІV. Қорытынды. М.Мақатаевтың поэтикалық тiлi ешкiмге ұқсамайтын даралығымен ерекшеленеді, сөз құдiретi арқылы ақын көрiктi, әсем, сұлу сөз-бейнелер жасап, әрбiр сөздi  ойнатып  _дам_н. Сөз-бейнелерiнiң көрiктiлiгi, әсемдiгi, сұлулығы, мағыналылығы, айқындылығы – ол қолданған  айшықтау-көрiктеу құралдарының негiзiнде жатыр. Троптың барлық түрiн керектi жерiнде  таңдап жұмсап, қазақ лексикологиясының сөз байлығына мол үлес қосып, өзiндiк сөз саптаудағы  қолтаңбасын танытады. Ақын лирикалық шығармаларында  мәтiн iшiнде  контекстiк  антонимдер, көп мағыналы сөздер,  бiр-бiрiнен асырмалатып берiлген синонимдер арқылы  адам мен  оның жеке басындағы сан-қилы өзгерiстердi, қоғамдағы алуан түрлi оқиғаларды, табиғат құбылысындағы құпияларды байланыстыра отырып ашып бередi. Сонымен бiрге фразеологизмдердiң  жаңа  авторлық құрылымдарын жасап, олардың  бейне жасаудағы және оны ашудағы  стильдiк қызметiн айқындайды. Ақын лирикасындағы  стильдiк құралдардың бәрi де образдылыққа /бейнелiлiкке/ қызмет етiп  тұрғандығын әр өлеңiн оқыған сайын көрiнiп отырады. Мұқағали Мақатаев өзiнiң лирикасының тiлi арқылы  қазақ поэзиясына, қазақ тiлiнiң лексикалық қазынасының баюына, одан әрi  дамуына үлкен жаңалық қосқандығы белгiлi болды.

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.     Мүсiрепов Ғ. Уақыт iздерi//Авгейдiң ат қорасынан бастайық. –Алматы, Жалын, 1977. – 353-363 б.

2.      Балақаев М., Жанпейiсов Е., Томанов М. Қазақ әдеби тiлiнiң мәселелерi.                   –Алматы: Ғылым, 1961. – 85 б.

3.     Сыздық Р. Сөз құдiретi.  –Алматы: Санат, 1997. – 179 б.

4.     Мақатаев М. Күнделiк.  –Алматы: Жалын, 1991. – 41, 11, 31б.