А.ш. ғ. д. Қожабаев Ж.І.

 

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Талдықорған филиалы, Қазақстан

 

Жаздық арпаның ауыспалы егістегі дән сапасы

 

Егістегі дәннің қалыптасуы – қоршаған ортаның көптеген факторларының жиынтығынан түзілетін өте күрделі физиологиялық құбылыс. Сондықтан да жиналатын астық сапасы жергілікті жердің топырақ-климат жағдайларына, сорттың генетикалық ерекшеліктері мен қолданылатын агротехникалық шаралар және дән толысу кезеңіндегі ауа райына бағынышты келеді.

Соңғы уақытта жекелеген агротехникалық тәсілдердің тиімділігін бағалау үшін астықтың сапалық көрсеткіштеріне ерекше мән берілуде. Осы тұрғыдан алғанда жоғары сапалы дән жинау қосымша ақы төлемін алумен қатар зерттелетін агротәсілдің экономикалық бағасын түпкілікті өзгертуі ғажап емес.

Зерттеудің нәтижелері арпаның ауыспалы егістегі орны сүрі танаптан алыстаған сайын дәннің көлемдік салмағының азая беретіндігін растайды. Мысалы, сүрі жерге егілген арпа дәнінің көлемдік салмағының орташа мәні 669,6 г болса, екінші дақылында 656,7 г, үшінші дақылында 650,5 г болса,  ал ауыспайтын егістікпен қоса салыстырсақ, онда барлық алғы дақылдарға ортақ жиілікпен (3 млн./га) себілген егістіктердегі шамалар тиісінше 673,3, 660,3, 654,5 және 637,1 г есебінде түзіледі.

Жалпы, тұқым себу мөлшері мен дәннің көлемдік салмағының арасында кері байланыс қалыптасқан: егістік жиілігі көбейген тұста соңғы көрсеткіштің төмендей түсетіндігі анықталды. Атап айтсақ, тұқым себу мөлшерін гектарына 2-ден 5 млн. дәнге арттыру сүрі жердегі арпа дәнінің көлемдік салмағын 678,4- тен 669,6 грамға, немесе 1,3%, екінші дақылында 665,6-дан 647,2 грамға, немесе 2,8%, үшінші дақылында 660,3-тен 639,5 грамға, немесе 3,3 пайызға азайтып, кейінгі екі егістіктердегі айырмашылықтың біршама басымдылығы сезіледі.

Дәннің технологиялық сапасының басты шамаларының бірі 1000 дәннің массасы болып табылады. Жауын-шашынмен қамтамасыз етілмеген тәлімі аймақта масақты дақылдар дәнінің толысу және пісу кезеңі көпшілік жылдарда ауа райының қолайсыз жағдайларына сәйкес келіп, соның салдарынан 1000  дәннің массасы әрдайым төмен түзіледі.

Біздің деректеріміз бойынша, бұл көрсеткіш сүрі жердегі арпада 38,6 г, оның екінші дақылында 37,6 г, үшінші дақылында 37,0 г және ауыспайтын арпа егістігінде 35,0 г құраған. Сүрі танап егістігіндегі ылғал қорының азырақ ауытқитындығынан тұқым себу мөлшерінің шеткі нұсқаларындағы айырмашылық 2,9 г болса,  ал қалған дақылдарда 3,3 – 3,6 грамға дейін көтерілетіні байқалады.

Тәжірибедегі барлық егістіктерде тұқым себу мөлшері кеміген сайын дән белогының артатындығы белгілі болып отыр. Мұндай құбылыс көректену аумағы  ұлғайған кезде  өсімдіктер үшін күн сәулесі мен көмір қышқыл газын, сондай-ақ қажетті ылғал және қоректік заттарды сіңіруіне қолайлы жағдайлардың туындауымен түсіндірілетін сияқты. Ал себілетін тұқымның шеткі нұсқаларындағы (2 және 5 млн./га) айырмасы сүрі жердегі арпада орта есеппен 0,8 %, екінші дақылында 1,2 %, үшінші дақылында 1,5 пайызға жеткен. Осы  және  жоғарыда  талқыланған өзге де мәліметтерден ұғынарымыз, сүрі танапқа қарағанда арпаның соңғы егістіктеріндегі ылғал мен қоректің үлкен тапшылығы олардың тұқым себу мөлшерін азайтуға талабын анық байқатқандай.

Зерттелген жылдар ішінде арпа дәніндегі белок пен крахмалдың сандық мөлшерінің арасында кері тығыз байланыс (r=-0,85) туындайтынын айтуымыз керек. Барлық алғы дақылдарға ортақ жиіліктегі мөлдектерден алынған дән сапасына назар аударсақ, сүрі жерден орылған арпа дәніндегі крахмал 53,6% құраса, бұл шама екінші және үшінші дақылдарда бірқатар төмендеп, ауыспайтын егістікте 52,2 % мағынасына теңелген.

 Арпаның азықтық сапасын бейнелейтін көрсеткіштерінің бірі дән құрамындағы қауыздылығы болып есептелінеді.

1- кесте

 

Алғы дақыл  мен тұқым себу мөлшеріне байланысты арпа дәнінің  технологиялық сапасы

Тұқым себу мөлшері,

млн. дән/га

Дән көрсеткіштері

көлемдік салмақ,

г/л

1000

дәннің

массасы, г

 

белок,

%

 

крахмал,

%

қауыздылық.

%

Сүрі жерге егілген арпа

2

678,4

40,3

13,4

53,1

7,8

3

673,3

39,0

13,1

53,6

7,6

4

667,1

38,1

12,8

54,0

7,5

5

659,6

37,0

12,6

54,3

7,4

Арпаның сүрі жерден кейінгі екінші дақылы

2

665,6

39,2

13,1

52,4

7,7

3

660,3

38,0

12,7

52,9

7,5

4

653,8

37,1

12,4

53,7

7,4

5

647,2

35,9

11,9

54,3

7,3

Арпаның сүрі жерден кейінгі үшінші дақылы

2

660,3

39,0

12,9

50,6

7,5

3

654,5

37,6

12,5

51,2

7,4

4

647,7

36,1

11,9

51,9

7,1

5

639,5

35,4

11,4

52,5

7,0

Ауыспайтын арпа егістігі

3

637,1

35,0

11,8

52,6

7,2

ЕКЕА0,5 А

5,0

0,4

0,2

0,5

0,2

ЕКЕА0,5 В

3,8

0,3

0,2

0,3

0,1

 

Тәжірибе үлгісіне сәйкес айтылған шаманың ауытқуы нұсқалар бойынша 7,2-7,8 %  аралығында тіркеліп, ауыспалы егістегі арпа танабы сүрі жерден қашықтап әрі өсімдіктер жиілігі артқан мезетте оның ішінара бәсеңдеу ағымы сезіледі.

 Сонымен, ылғалы жеткіліксіз тәлімі аймақта өсірілген жаздық арпа өнімінің сапалық көрсеткіштері зерттелген агротехникалық әдістерге  қарай айтарлықтай дәрежеде өзгеруі ықтимал. Бірақ та олардың сандық мөлшерінің қалыптасуына елеулі септігі бар дән толысу кезеңіндегі ауа райы жағдайларының маңызын бірінші кезекте есепке алуымыз қажет.

 

Резюме

 В статье показано формирование качества зерна ярового ячменя на необеспеченной богаре юго-востока Казахстана в зависимости от агротехнических приемов возделывания.