ЭКОНОМИКАЛЫҚ БІЛІМ – БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІКТІҢ КЕПІЛІ

 

СЫЗДЫҚОВА ЖАНАР АБЛАХҚЫЗЫ

 

Жаңақорған ауданы

№163 қазақ орта мектебі

 

      Қай заманда, қай қоғамда болмасын, мектептегі білім, тәрбие беру, ең алдымен, қоғамның мүддесінен туындайтын әлеуметтік сұранысқа қарай қызмет  көрсету бағытын ұстанады. Жеке меншіктің, кәсіпкерліктің пайда болуына байланысты білім беру жүйесінде де түбегейлі өзгерістер болуда. Осы орайда, жас ұрпаққа еңбек тәрбиесін беру, оларды жастайынан бастап еңбекке баулу, нарықтық қатынас талабына сай тәрбиелеу аса маңызды мәселе. Балалар мен жас өспірімдер арасында жаңа экономикалық қатынастарға көшу жағдайында бейімделу мен жаңарудың объективті қажеттілігі өсті. Қазіргі мектептің алдында нарықтық қатынастарға  байланысты экономикалық ой-өрісі кең іскер адамды тәрбиелеу міндеті тұр.

       Қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап дамуы, ел экономикасының қарқынды өсуі адамдардың көзқарасының заман талабына сай өзгере бастағаны олардың өмір сүру дәстүрінен анық байқалады. Бұл  әлемді қамтыған жаһандану дәуірінің бастапқы көрінісі. Қоғамдағы түрлі өзгерістер мен ондағы адамдар тіршілігіндегі маңызды мәселелер білім саясаты арқылы ғана шешім тауып жатады.

    Қазіргі таңда қоғамдағы болып жатқан саяси - әлеуметтік және экономикалық өзгерістер білім беру қызметінен жауапкершілікті талап етеді. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына « Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты жолдауында білім сала қызметкерлері алдында аса маңызды мақсат қойылған: «әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру». « ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» деген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев. Орта білім беру жүйесіндегі әлемдік талаптардың   бірі - мерзімі жағынан 12 жылдан кем емес оқыту жүйесін орнықтыру, жоғарғы сатыларда жастардың жеке қабілетін дамытуға жағдай тудыратын дербес пәндерді тереңдете оқыта отырып, оқушылардың кәсіби біліктіліктерін жетілдіретін бейінді оқыту жүйесін қалыптастыру.

      Бүгінгі күнде ұлттық мектептің тәрбиесіне қойылатын өте маңызды және күрделі талаптардың бірі – Егеменді елдің ұлтжанды Азаматын тәрбиелеу. Сонымен бірге нарықтық қатынастар қалыптасып жатқан қоғамның қазіргі жағдайында әлемдік өркениет талабынан шығатын адам тәрбиелеу мақсаты көзделіп отыр.

     Өркениетті экономикасы мен өндіріс орны дамыған ел болу үшін оны жасайтын жұмыс қолы болуы керек. Өндіріс орындарында қажетті жұмыс қолының қазіргі заманымыздың дамуына сай мамандығы, техникалық білімі, мәдениеттілігі, дайындығы жоғары болуы тиіс. Сонымен қатар, ол маман жоғарғы талапқа сай маман болып қана қоймай, жаңа техника мен технологияны меңгерген шығармашылық қабілеті бар, ғылыми-техникалық дамуға тез икемделетін, қабілетті адам болып қалыптасуы керек. Еліміздің өндіріс орындарына қажетті мамандар дайындау мектеп қабырғасынан бастап оқушылардың бойына, қабілетіне қарай мамандықтың түрлерін, ерекшеліктерін үйрете отырып даярлауға тырысамыз.

      Әдетте, жастар мамандықты таңдау кезінде мамандыққа, білім деңгейіне, нақты бір институт сияқты түрлі бағыттағы нұсқаларға бағдарланады. Дегенмен, ең алдымен қызықтыратын мамандықты анықтап алып, содан кейін ғана оны игеруге қажет білім деңгейі туралы ойлану керектігін, ал оқу орнын таңдау мәселесі – ең соңғы кезең болып табылатындығын оқушыларға түсіндіріп отыруымыз керек.

     Әрқайсымыз қоғам мүшесі болғандықтан, ешқайсымыз экономикалық білімсіз өмір сүре алмаймыз. Өйткені күнделікті ішетін асымыз, киетін киіміміз, тұратын үйіміз, бос уақытымызды өткізу дағдыларымыз барлығы қалай десек те экономикалық күштерге байланысты. Олай болса, ел экономикасының дамуына келешекте үлкен үлес қоса алатын іскер азамат болып өсулеріне ықпал жасауымыз керек.

   «Экономика негіздері» біздің мектепте арнайы пән ретінде оқылмағанымен, экономикалық білімнің негіздері «Технология», «Математика» пәндерінде қалыптасқан.

        Сонымен қатар біздің мектептің тәрбие жүйесінде осы экономикалық тәрбиеге аса маңызды мән беріліп отыр. Мектебімізде тәрбие жұмысын М.М. Жанпейісованың модульдік оқыту технологиясы негізінде жасалған А.Мұсырмановтың «Тәрбие жұмысының модульдік технологиясының модулі» атты тәрбие әдістемесі бойынша жүргіземіз. Тәрбие жұмысының модульдік технологиясы баланың өзін - өзі дамытуына жағдай жасап, өзін - өзі басқаруға, өз бетінше білім алуына, өз көзқарасын қалыптастыра білуге үйретеді.  Тәрбие жұмысының модульдік технологиясы құрылымдық үш бөлімнен тұрады: кіріспе, сұхбат және қорытынды. Тәрбие бағыттары әр айға 4 сағаттан жасалынады. 1 айда бағыттардың 4 түрі алынады.     

     Дұрыс таңдау жасау үшін әр оқушы өзін, өзінің қабілеттерін, қызығушылықтары мен бейімдерін, мінезі мен темпераменті туралы нақты білулері керек. Әр сынып жетекші өз сыныбында «мамандыққа бағдарлау және экономикалық тәрбие» саласы бойынша жоспарлаған сынып сағаттарында экономикалық білімнің негіздерімен таныстырып отырады. Өзім жетекшілік ететін 11 сынып оқушыларының осы мәселенің дұрыс шешімін таба білу үшін, өздерін сырттай бақылап, жеке ерекшеліктерін пайымдап, дұрыс таңдау жасау үшін әр оқу жылында бірнеше сауалдамалар беріп, талдау жасап отырамын.

    Мысалы: 2004-2005 оқу жылында (8 сынып) оқушылардың нарықтық қатынас туралы түсініктерін, нарықтық  экономикаға қатысты мамандық түрлерін білетіндіктерін анықтау мақсатында келесі сұрақтар кездесетін сауалнама алынды:

1.       Мектепте еңбек пәнінен нарықтық қатынастар туралы түсінік алдың ба?

           А) Жоқ – 67 %

           В) Ия   -  23 %

           С) айту қиын – 10 %

2.       Нарықтық экономикаға қатысты мамандықтарды білесің бе?

           А) Жоқ – 33 %         

           В) Ия   – 17 %

           С) біраз білемін – 50 %

3. Таңдап отырған мамандығыңның мазмұны туралы білесің бе?

             А) Хабарым жоқ - 27 %

             В) Аздап білемін – 48 %

             С) Қажеттісінің бәрін білемін – 25 %

   Бұл зерттеудің нәтежиесінен аңғаратынымыз  оқушылардың әлі де болса нарықтық қатынастар, нарықтық экономика жағдайындағы қажетті мамандықтар туралы толық мағлұмат алмағандарын көрсетеді.

   Ал, 2005-2006 оқу жылында (9 сыныпта) оқушыларымның 9-сынып бітіргеннен кейінгі ой-ниетін анықтау, яғни ересектердің айтқан ақыл-кеңесін, өзі таңдаған мамандығының мазмұны мен оның адамға қоятын талабы туралы білімдерін, өздерінің қабілеттерін қалай дамытады, жасаған жоспарын қалай жүзеге асыратындықтарын білу мақсатында келесі сұрақтардан тұратын сауалнама алып, талдау жасадым:

1.      9-сыныпты бітірген соң не істемек ойың бар?

А) 10-сыныпта оқимын – 74 %

В)  Кәсіптік техникалық мектепте - 0.6 %

С) Колледжде оқимын – 35,4 %

            2. Ата-анаң қандай кеңес береді?

А) 10-сыныпта оқимын – 70 %

В)  Кәсіптік техникалық мектепте - 1 %

С) Колледжде оқимын – 39 %

2.      Таңдаған мамандығыңа қажет болатын жеке қасиеттеріңді, қабілеттеріңді, икемділіктеріңді қалай дамытасың?

А) Тіптен дамытпаймын -3 %

В) Қосымша оқу арқылы дамытамын – 58 %

С) Өз бетіммен оқу арқылы дамытамын  - 39%

         Биылғы 2007-2008 оқу жылында (11 сынып) сынып оқушыларынан келесі сауалнама алдым: Ақшамен дос бола аламыз ба?

  1. Мен жұмыстың барысына емес, нәтижесіне қызығамын. (1б)
  2. Болашақ жоспардан көрі нақты жағдайға көп назар аударамын. (1б)
  3. Бір жұмысты бітіріп, екіншісіне қиындықсыз кірісіп кетемін. (1б)
  4. Өмірдің ең бастысы – ақша. (1б)
  5. Мен тез арада бір істен екіншісіне ауысып кетемін, және аяқталмаған жұмысқа оңай қайта ораламын. (1б)
  6. Жұмыс маған ұнамаса да 10-12 сағатқа дейін айналыса беремін. (1б)
  7. Егер мен байысам, барлық қиындықтарды шешер ем.(7б)
  8. Кез – келген компания мені басшы деп таниды. (5б)
  9. Өмірде ақша табудан қызықты мақсат жоқ екенін көріп тұрмын (4б)
  10. Келешекте жоғары білім алғым келеді. (2б)
  11. Әрдайым кедейшілікте болу – қабілеттің кемдігінің салдары. (1б)
  12. Өз идеяларым арқылы өмірді жақсарту ұнайды. (1б)
  13. Кезкелген сауданы басқалардан пайдалырақ, артық жасай аламын. (5б)
  14. Мен жақсы ұйымдастырушымын. (5б)
  15. Жұмыстың алдында өзімді  «шайқауға» уақыттың керегі жоқ. (1б)
  16. Мен қолға алған істі ешқашан ұмытпаймын. (1б)
  17.  Басқаға жұмыс істегеннен гөрі, өз ісімді бастауға тәуекел етер едім. (5б)
  18. Шиеленісті жағдайда әрқашан өз дегеніме жетемін. (5б)
  19. Жұмыссыз отыра алмаймын. (1б)
  20. Жақсы жұмыс істеу үшін маған 6 сағат ұйқы жеткілікті. (1б)
  21. Жеңілген бойда есесін қайтару үшін жұмыс істеймін. (1б)
  22. Ақша кезкелген қиындықты шешу үшін керек. (4б)
  23. Мен кез-келген адаммен оңай тіл табысып кетемін. (4б)
  24. Ешқандай әрекет мені ақша табудай қызықтырмайды. (7б)
  25. Маған адамдарға жағымды әсер қалдыру оңай. (3б)
  26. Менің таныстарым көп. (3б)
  27. Әрдайым адамдардан өзіме қажеттіні ала аламын. (5б)
  28. Сапарға көп шығатын жұмысқа рахаттана барар  едім. (1б)
  29. Мен шет тілін қызыға оқимын. (1б)
  30. Мен ешқашан кешікпеймін. (1б)

 Тест нәтижесі:

1-6 балл аралығы:  Сізді бизнесте табыс күтіп тұр деп айту қиын. Сізге басқа карьерамен айналысқан жөн. Дегенмен, жұмысқа қабілеттілік пен қарым-қатынас дағдысын өз бойыңызда қалыптастырған артық емес, бұл дағды тек миллионер болу үшін  ғана мес.

 

6-18 балл аралығы: Сізді жеке бизнесіңізде көптеген қиындықтар күтіп тұр. Бизнеске бірден бас салып кетпеңіз, алдымен бұл жайлы біраз нәрсені үйреніп алған жөн. Теңізге суға түсу үшін, алдымен жүзуді үйрену керек. Бойыңыздағы қасиеттер, жанданып жұмыс істейтін адамға тән, бірақ өз бетіңізше жұмыс істеуге бейімсіз.

 

19-50 балл аралығы: Егер де мықты бастығыңыз болса немесе керемет командаңыз болса, онда сіздің кейбір кемшіліктеріңіз байқалмай қалар еді де, сіз бизнесте табысқа жетер едіңіз. Бірақ жалғыз емес, яғни өз күшіңізбен емес.

 

51-75 балл аралығы: Бизнесте табысқа жетпесеңіз, адам сенбейтін жағдай. Сәтсіздікке кездессеңіз, ешқашан үмітіңізді үзбеңіз.

 

75 баллдан жоғары:  Сіздің қандай жетістіктерге жететіңізді ойлаудың өзі қиын: бизнестің таусылмас баспалдағын басар алдында бір сәт ойланыңыз. Тым ақшаны жақсы көріп кеткен жоқсыз ба? Ақшадан да құнды нәрселер бар екенін ұмытпаңыз.

    Осы тест нәтижесінен оқушылар қай топқа жататындарын анықтап, осыған орай әрекет жасаулары керек екендігін түсіндіріп, кемшіліктері болса кеш болып кетпей тұрғанда жоюға тырысу керек екендігін түсіндірдім.

 

    Бұл диаграммадан аңғаратынымыз оқушыларға жүргізілген сауалнамадан анықталғаны: 8 сыныпта (2004-2005 оқу жылында) экономикалық білім деңгейлерінің даму көрсеткіші 17%,  9 сыныпта (2005-2006 оқу жылында) 45%, ал 10 сыныпта (2006-2007 оқу жылында) 65%-ке жетсе, 11 сыныпта 75-85% жетеді деп болжап отырмын.  Егерде «Экономика негіздері» пән ретінде енгізілетін болса, оқушылардың экономикалық білімдері жоғары болады деп ойлаймын.

 

 

 

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛЫНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

 

  1. «Нарықтық экономика жағдайында оқушыларды еңбекке баулу және кәсіптік бағдарлау» Ә.Мүсілімов
  2. Қазақстан Республикасы Президентінің Н.Назарбаевтің Қазақстан халқына « Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты жолдауы
  3. ҚР Президентінің  « Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына» Сәтбаев атындағы ҚҰТУ ұстаздары мен студенттерінің алдында сөйлеген сөзі