т.ғ.д., проф. Төлебаев Т.Ә.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

 

ХІХ Ғ. СОҢЫ МЕН ХХ Ғ. БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ШЕТЕЛ КАПИТАЛЫНЫҢ ЕНУІ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕР

 

    Еліміз тәуелсіздік алған бүгінгі таңда шет елдерден инвестиция алу, шет ел инвесторларының капиталдарын тиімді пайдалану мәселелері республикамыздың экономикалық қуатын көтеру мақсатындағы аса маңызды шаралардың бірі болып отыр. Сырттай қарағанда көпшілік үшін тың, тосын нәрсе болып көрінетін бұл жағдайдың өзіндік ұқсас тарихы бар. Ол - ХІХ-ғ. соңы мен ХХ-ғ. басында қазақ даласына шет ел капиталының ену тарихы. Міне бұл мәселені талдай отырып зерттеу, бүгінгі таңдағы инвестицияның ерекшелігі мен ұқсастықтарын ажырата отырып, тиімділігін арттыру шараларын ойластыруға көмектеседі деп есептейміз. Сондықтан да ол мәселені тарихнамалық тұрғыда қарастырудың өзектілігі мен маңызы күмән тудырмаса керек.

      Капиталистік қатынастардың дамуы финанстық капитал мен алым-салық жүйесінің дәрежесімен де айқындалады. Сондықтан да Н.Н.Ванагтың  “Дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы Ресейдегі финанстық капитал” атты бізге белгілі еңбегіндегі Ресейдегі финанс капиталының шет елдік банктерге тәуелділігі жөніндегі концепциясынан Ресейдің жартылай отар жағдайы туралы көзқарас пайда болып, “БК(б)П тарихы. Қысқаша курс” арқасында ұзақ өмір сүрген еді. 1956 жылы жарияланған Б.Б.Гравенің мақаласы бұл көзқарасқа, сондай-ақ шетелдік финанстық капиталдың өктемдігі жөніндегі пікірге де соққы болып тиді [1]. Жаңа архивтік және статистикалық деректер негізінде шет елдік капиталдың үлес салмағын жергілікті капиталмен, кәсіпорындардың, банктердің, патша үкіметінің экономикалық саясатымен байланыстыра қарастыру басталды. Соның барысында 50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың басында В.И.Бовыкин, А.М.Соловьева, К.Ф.Шацилло, Л.Е.Шепелев, И.Ф.Гиндин, А.Л. Сидоров, П.В. Волобуев, В.С.Дякин, Ю.В.Соловьев, А.А.Фурсенко,  Т.М.Китанина, т.б. зерттеушілердің еңбектері жарық көрді[2]. Олардың еңбектері Ресейдің жартылай отарлық тәуелділігі туралы тезистен бас тартқандықты көрсетті. Шет елдік және орыстық капитал арасындағы қатнас негізінен әрқайсысы өз мүддесін ойлаған бәсекелестер жағдайында болғанын, тек патша үкіметінің революциялық қозғалыстарды басу және соғыс үшін шет елдіктерден орасан зор қарыз алып, оларға қаржылай тәуелді болып қалғанын дәлелдеді. Сөйтіп патшалы Ресейдің финанстық жағдайы туралы жаңа бағыт қалыптасты. Сонымен байланысты жаңаша зерттеулер дүниеге келе бастады. Бұл қазақстандық тарих ғылымына да өзіндік леп берді. 1960 жылы Ц.Л.Фридманның шет елдік капиталдың тау-кен өнеркәсібіне енуі туралы көлемді еңбегі жарық көрді[3]. Бұл мәселе Ғ.Чулановтың сол жылы шыққан еңбегінде де жеке тарау ретінде орын алды[4]. Алдымен осы кітаптағы көзқарастарға шолу жасайық. Ғ.Чуланов ХІХ-ғ. 90-жылдары Ресейде капитализмнің даму процесі күшейді, ал ХХ-ғ. басында ол империализм сатысына өтті, монополистік бірлестіктер – картелдер, синдикаттар, трестер құрылды дей отырып, соған қарамастан Ресей еуропалық капиталистік елдерге тәуелді, жартылай отар жағдайда қалды дейді. Бұл соңғы көзқарас Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіне шет елдік капиталдың енуі мәселесін баяндауда басты арқауға айналады. Оңай олжа іздеген шетелдік концессионерлер Қазақстанның жер қойнауы байлығын жыртқыштықпен тонады. Оған патша үкіметі жол беріп, қарап отырды. Сондықтан да орыс және шетелдік капиталистер ұзақ уақыт өктемдік еткеніне қарамастан, ішкі қажеттіктен емес, “жоғарыдан” қондыру арқылы, әрі шетке шығару үшін дүниеге келген бұл кәсіпорындар  тұрақты түрде жұмыс істейтін ірі тау-кен өнеркәсібін құра алмады, өлкенің халықтық шаруашылығының дамуына пәлендей ықпал етпеді дейді.

      Революцияға дейінгі Қазақстанға шетелдік капиталдың енуі туралы мәселені арнайы зерттеген Ц,Л.Фридман ғана болды. Негізгі мамандығы экономист болғанына қарамастан ол шетелдік капиталдың қазақ даласына енуінің барысы, оның қожаларының мақсат-мүдделері мен іс-әрекеттері туралы мәселелерді тереңірек баяндайды. Сол себепті де, әрі бұл мәселеге арналған қазақстандық тарихнамадағы жалғыз арнайы еңбек болғандықтан да оған мүмкіндігінше кеңірек тоқталу қажет деп санаймыз.

      Орыс капитализмінің Қазақстанға қарай жылжуы прогрессивті құбылыс бола отырып отаршыл, жыртқыштық сипатта жүрді. Шетелдік капитал патшалық самодержавиенің көмегімен Қазақстан өнеркәсібінің маңызды салаларына енді. Ірі кен орындары мен кәсіпорындар аз ғана ақшаға ағылшын, француз, американ капиталының билігіне өтіп кетті. Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіндегі шетелдік капиталдың үлес салмағы жалпы Ресейдегіден жоғары болды. Қазақстандағы түсті металлургия, көмір мен мұнай өнеркәсіптері толығынан дерлік шетел капиталының қолында болған еді,-дейді келе, мәселені былайша тұжырымдайды: “Осылайша, Қазақстанның шығысында өлкенің орталық аудандарындағыдай тәсілдермен әрекет ете отырып, шет елдік капитал ақыр соңында,  бұл аймақтың есепсіз байлығын- полиметалдық кендер мен көмірді өз қолына тартып алды. Мұнаймен де осындай жағдай болды”[5].

      Ц.Л.Фридманның еңбегінде салыстырмалы түрде аз зерттелген мұнай өнеркәсібіндегі акционерлік қоғамдар туралы мәселеге көбірек орын берілген. Автор Ембі ауданына ағылшын капиталы әртүрлі жолдармен енгенін көрсетеді. Олар: жеке ағылшындық акционерлік компаниялар құру; мұнай іздестіруге, өндіруге рұқсат беретін куәлік алуы оңай орыс қоғамдары арқылы және орыстық компаниялардың үлесіне қатысу жолдары дей отырып, оларға талдау жасайды. Орал-Ембі аймағында 4 ағылшындық қоғам әрекет еткен екен: 1912 жылы құрылған “Батыс-Орал мұнай қоғамы” /West Ural Petroleum Companі, Ltd/ мен “Орталық-Орал-Каспий қоғамы” /Central Ural Caspіan Comp., Ltd/, 1913 жылы ұйымдастырылған “Орал-Ембі мұнай өнеркәсібі қоғамы” /Ural Emba Oіlfіelds, Ltd/ және 1914 жылы Лондонда тіркелген “Солтүстік Каспий мұнай қоғамы” /North Caspіan Oіl Comp., Ltd/. Ал ағылшын капиталистерінің әрекетін бүркемелеуге көмектескен орыстық компаниялар ретінде “Ембі-Каспий мұнай өнеркәсібі қоғамы” мен “Орал-Каспий мұнай корпорациясын” атайды. Зерттеуші шет елдік капиталдың  өнеркәсіп пен мұнай саласына осыншама тереңдей енуіне патша үкіметінің халыққа қарсы саясаты ықпал етті деп тұжырымдайды.  

            Дегенмен, Ц.Л.Фридманның кітабында әлі де болса Ресейдің шет елдік капиталға тәуелділігі туралы пікір кездесіп қалады. Бірақ бұл оның кінәсі емес еді. Тіпті сол кездегі СОКП басшысы Н.С.Хрущевтың өзі осындай пікірде болғанда[6], басқа зерттеушілерден неге оның пікіріне қарсы шықпадың деп бүгінгі таңда біздің талап қоюымыз қиянат болар еді. Оның үстіне өзіне дейін бұл мәселеге тоқталған В.Лаврентьев Түркістандағы капитализм мәселесін зерттей келе, орыс банкілерінің шет елдік капиталға тәуелді болды деп кеткен еді[7]. Одан кейінірек А.Ф.Сидоров төңкеріске дейінгі Қырғызстан экономикасына шет елдік капиталдың енуі мәселесін баяндай отырып, шет елдік капиталдың ролін баса көрсеткен болатын[8]. Тіпті 1962 жылы шыққан еңбегінде М.П.Вяткин де Ресейде монополистік капитализм жүйесінің болғандығын жоққа шығара келе: “Түркістан саяси жағынан ресейлік царизмнің отары болып қала отырып, экономикалық жағынан- біртіндеп халықаралық финанстық капиталдың отарына айналды“,- деген тұжырым жасаған еді[9]. 70-жылдардың басы мен 80-жылдарда жарық көрген шетелдік және ресейлік капитал, олардың ролі мен арасалмағы туралы еңбектер мұндай көзқарастардың біржақтылығын, шетелдік капиталдың Ресей экономикасында маңызды, бірақ шешуші, айқындаушы фактор болмағанына баса көңіл аударады. Шетелдік және жергілікті капиталдардың тұтасуы, астасуы туралы пікір қалыптасты[10]. Бұл көзқарастар М.И.Вексельманның Орта Азиядағы ресейлік монополистік және шетелдік капитал жөніндегі, 1987 жылы шыққан еңбегінде өзіндік орын алды[11]. Ол тіпті ресейлік банктер халқаралық финанс капиталының филиалы,  қолшоқпары болды дейтін авторлардың пікірі дұрыс емес, олар ресейлік финанс капиталының мүддесін көздеді дейді. Бұл еңбекте Қазақстанның оңтүстігіндегі Сырдария және Жетісу облыстары бойынша жалпы, сондай-ақ жекеленген кәсіпорындар туралы да мәліметтер кездеседі.

      Қазақстанға шетелдік капиталдың енуі жөніндегі проблемамен байланысты әлі де біраз мәселелер зерттеуді, айқындауды және нақтылауды қажет етеді. Мәселен, шетелдік капиталдың Қазақстан экономикасындағы рөлі мен орны, орыстық капиталдың енуі, оның шетелдік капиталмен байланысы, ара қатнасы мен арасалмағы, шетелдік және орыстық сауда-өнеркәсіптік және банк капиталдарының енуі, олардың өңдеу өнеркәсібіндегі, саудадағы орны туралы мәселелер мүлдем зерттелмей келеді. Әсіресе орыстық капиталдың енуі мәселесі арнайы зерттеуді қажет етеді. Осы айтылғандар негізінде орыстық және шет елдік капиталдардың енуінің басталған кезі, ену сатылары, экономикалық-әлеуметтік қатнастардың дамуындағы орны әлі де айқындалмай отыр. Бұл мәселелер де алдағы зерттеушілер үшін ескеретін жәйт.

 

1.       Граве Б.Б. Была ли царская Россия полуколонией? // Вопросы истории. 1956. N6. С.63-74.

2.       Бовыкин В.И. Банки и военная промышленность России накануне первой мировой войны // Исторические записки. Сб.ст. Т.64. Отв. ред. А.Л.Сидоров. –М.: Изд. АН СССР, 1959. -303 с.; Шацилло К.Ф. Иностранный капиал и военно-морские программы России накануне первой мировой войны // Исторические записки. Т.69. Сб. ст. Отв. ред. А.Л.Сидоров. –М.: Изд. АН СССР, 1961. -291 с.; Шепелев Л.Е. Акционерное учредительство в России (Историко-статистический очерк) // Из истории империализма в России. -М-Л.: Изд-во АН СССР, 1959. -459 с.; Гиндин И.Ф. Государственный банк и экономическая политика царьского правительства (1861-1892 гг.). -М.: Госфиниздат, 1960. -415 с.; Сидоров А.Л. Финансовое положение России в годы первой мировой войны(1914-1917). -М.: Изд-во АН СССР, 1960. -579 с.; Волобуев П.В. Экономическая политика временного правительства. -М.: Изд-во АН СССР, 1962. -483 с.; Дякин В.С. Из истории проникновения иностранных капиталов в электропромышленность России.(“Большой русский синдикат 1899г.”) // Монополии и иностранный капитал в России. -М.-Л.: Изд-во АН СССР, Ленинградское отделение, 1962. -С.208-239;  Соловьев Ю.Б. Петербургский международный банк и французский финансовый капитал в годы первого промышленного подьема в России (Образование и деятельность “Генерального общества для развития промышленности в России”) // Монополии и иностранный капитал в России. -М.-Л.: Изд-во АН СССР, Ленинградское отделение, 1962. -С. 377-407.; Фурсенко А.А. Парижские Ротшильды и русская нефть // Вопросы истории. 1962. N8. –221 с.;  Китанина Т.М. Русско-Азиатский банк и концерн И.Стахеева // Монополии и иностранный капитал в России. -М-Л.: Изд-во АН СССР, Ленинградское отделение, 1962. -434 с.

3.       Фридман Ц.Л. Иностранный капитал в дореволюционном Казахстане. –Алма-Ата: Казгосиздат, 1960. –144 с.

4.       Чуланов Г. Промышленность дореволюционного Казахстана. –Алма-Ата: Изд. АН КазССР, 1960. -С.61-80.

5.       Фридман Ц.Л. Иностранный капитал... -С.39.

6.       Хрущев Н.С. Речь на митинге во Дворце спорта 5 марта 1960 г.// Казахстанская правда. 1960, 6 март.

7.       Лаврентьев В. Капитализм в Туркестане (буржуазная колонизация Средней Азии). -Л.: Изд-во Коммун. Академии,1930. -760 с.

8.       Сидоров А. Проникновение иностранного капитала в экономику дореволюционной Киргизии // Коммунист.(Фрунзе). 1958. N 12.

9.       Вяткин М.П. Монополистический капитал в Средней Азии. –Фрунзе: Изд. АН Кирг. ССР, 1962. -С.160.

10.     Ананьич Б.В. Россия и международный капитал. 1897-1914. -Л.: Наука, Ленинградское отделение, 1970. -316 с.; Дякин В.С. Германские капиталы в России: Электроиндустрия и электрический транспорт. Л.: Наука, Ленинградское отделение, 1971. -288 с.; Лачаева М.Ю. Из истории проникновения иностранного капитала в цветную металлургию Урала и Сибири начала ХХ в.// Вестник МГУ. Серия 8, История, 1975, N3. -94 с.; Абрамова Н.Г. Иностранные акционерные общества в России в 1905-1914 гг.// Вестник МГУ. Сер.8, История, 1980, N4; Шарохина М.П. Финансовые и структурные связи “Компании Зингер” с российским и иностранным капиталом.// Самодержавие и крупный капитал в России в конце ХІХ-начале ХХ в. М., 1982; Бовыкин В.И. Формирование финансового капитала в России. Конец ХІХ в. – 1908 г. -М.: Наука, 1984. –287 с.

11.     Вексельман М.И. Российский монополистический и иностранный капитал в Средней Азии (конец ХІХ- начало ХХ в.). –Ташкент: ФАН, 1987. –С.145.