1.Методика преподавания языка и литературы

Старший преподаватель  Сактаганова Мариямкул Жамаладиновна

Старший преподаватель, магистр Сатылханова Гулмира Алихановна

Международный казахско-турецкий университет им. Х.А.Ясави

Курманалиева Акмарал

Студент 3-курса МКТУ  им. Х.А.Ясави. г.Туркестан. Казахстан

 

АҒЫЛШЫН ТІЛІН ҮЙРЕТУ ТӘСІЛДЕРІ

Резюме

В этой статье рассматриваются  роль языка в развитии устной речи и методы обучения английскому языку  

Summary

This article deals with the role of language in the development of oral speech and the methods of teaching English

 

Көптеген әйгілі концепциялармен қатар қазіргі таңда ағылшын тілін оқытуды алгоритмдеу, ақыл-ой қызметін жүйелі қалыптастыру, дамыта және жеке - бағдарлы оқытуды біз ауыз екі сөйлеуді дамыту және аудармасыз оқуды жетілдіру мақсатында тілді оқыту деп түсінеміз. Біз мұнда А.А.Миролюбовтың пікірін бөлісе түсеміз [Миролюбов А.А., 2002].

Көптеген шетел әдіскерлерінің пікірінше бұл әдіс қазірге дейін көптеген елдерде ағылшын тілін оқыту жүйесінде басым болып есептеледі. Осы тәсілге орай үйренушілер әртүрлі күрделіліктегі мәтіндерді оқуға, жаттығулар орындауға, тестер мен эсселер жазуға көп көңіл бөледі. Сөйлеу тілін дамытуда үйренушілер диалог-үлгілерді тыңдап, оларды қайталауға, жаттауға ыңғайланады [Scrivener J., 2005].

Бәрімізге белгілі ағылшын тілін оқытудың дәстүрлі түрінде тілдің құрамдас бөліміне, дәлірек айтсақ, грамматикалық, лексикалық және фонетикалық құрамына көбірек тоқталамыз. Коммуникативті емес жаттығуларға - яғни өзгерту, ауыстыру, тілдік бірліктерді орнына қою сияқты шарттардағы жаттығуларға көбірек көңіл бөлінуде.

Тіл - өлі, статистикалық құбылыс емес. Тіл, біз білетіндей, тірі, үнемі өзгеріп, дамып отыратын құбылыс. Қоғам, ғылым, өнер және адам әрекетінің басқа өрістерінің дамуымен қатар тілде де үлкен өзгерістер болып отырады.

Оқытушының міндеті - үйренушіге тілдің тек белгілі, тұрақты бірліктеріне сүйеніп қана қоймай, жаңадан пайда болған, өзгерген жағдайларда өз бетінше әрекет етуге қалыптастыру болып табылады [Aitken R,. 2002, Crystal D,.2002, Morgan J. And RinvolucriM., 2004, Parrott M., 2000, Underhill F., 2005 және т.б.].

Тілдегі болып жатқан өзгерістерге сәйкес тілдік материалды оқыту да өзгерді. Ағылшын тілін оқытудың дәстүрлі түрлері аясында оны шетел тілі ретінде қарастыруда «контексті тәсілді» атауға болады. Мұнда барлық грамматикалық ережелер нақты контекстерден алынған – ауызша және жазбаша әртүрлі қызметтік түрлерде мысалдармен безендіріледі. Мысалдардан берілген тілдік құбылыс әртүрлі контексте, тіл иелерінің сәйкес коммуникативті жағдайларда тіл бірліктерін қалай қолдануына байланысты алынғанын көруге болады. Бұл контекстер тіл үйренуші берілген форма қашан және қайда қолдануы туралы өзі қорытынды жасай алатындай таңдалуы тиіс [Carter R., Hughes R., McCarthy M., 2000; Villiers C.S., 2006; Willis D.,2003].

Бұрын мысалдар көркем әдебиеттерден алынатын немесе құрастырылатын. Әрине, тілін үйреніп отырған елдердің білімді кісілері  осыдан ғасыр не 50 жыл бұрынғы олардың ата бабалары сөйлеп не жазғанындай қазір сөйлеп, жазбайды. Шын мәнінде  ағылшын тілін үйренуші шетелдік азаматтың осындай сөйлеу үлгілерімен сөйлегені ерсі көрінген болар еді. Д.Кристаллдың  ескертуіндей шетелдік екпін (назар) фонетика төңірегінде емес, лексика мен грамматика төңірегінде сезіледі. Ағылшын тілін шетел тілі ретінде үйренуші сөйлеуде не жазуда ағылшын классиктерінің шығармаларынан үнемі үзінді келтіріп жүргендей жиірек  сөйлеп, жазады [Crystal D.,2002].

Лексика аймағында Майкл Левис пен Джимми Хиллдің пікірінше негізінен нақты коммуникацияға қажетті  лексикалық тіркестерді қолдануға көңіл бөлу керек дейді. Мұнда сонымен қатар басқа да қолданыстардан аулақ болу керек: күнделікті, сөйлеудегі ағылшыннан, әсіресе ресми не жартылай ресми жағдайлардағы  «сленг» тіркестерін қолданудан аулақ болу керек [Lewis M., Hill J., 1996].

Дәстүрлі оқытудан кейін ілесе пайда болған «Коммуникативті оқыту»

тәсілі ағылшын тілін шетел тілі ретінде оқытуда маңызды орын алады . Үйренушілерге тиімділігі жөнінен бұл тәсіл барлық сөйлеу әрекеті түрлерінде қатынас дағдыларын игеру туралы мақсатты көздейді [Миролюбов А.А., 2002]. Білімді, ептілік пен дағдыны анықтауды,    қалыптастыру әдістерін, бақылау мен бағалауды қамтиды. Шет тілдерін оқытудағы бұл жетілген жүйе бұрын да педагогикалық қоғамдастықпен қабылданған болатын және қазір де оның бір бөлігі болып саналады.

Ағылшын тілін үйретуде коммуникативті-бағдарлы оқыту тәсілін тәжірибеге енгізу қарқынды хабарламалармен алмасуға, ғылым мен техника саласындағы жаңа ойлар мен пікірлерді қарастыруға, мәдениет саласындағы үлкен жетістіктермен алмасуға әкелді. Әр түрлі іс-әрекет өрісіндегі мамандармен алмасу қарқыны өсті.

Осы жолдардың бірі бойынша, тіл үйренушілер қарым-қатынас жүргізуде белгілі коммуникативті міндеттерді орындау арқылы аталған тәсіл аясында оқытылады. Бұған қоса оқытушының түсіндіруі немесе әдеттегі практикалық жаттығулар барынша ықшамдалған. Бұл тәсілді “Strong Communicative Approach” деп атайды.

Екінші ұсыным бойынша, үйренушілер оқытушы түсіндірмесімен жүргізілетін әдеттегі жаттығулар мен тапсырмаларды орындайды. Оқыту процесінде қажетті тәсілді таңдау көбіне үйренушілердің оқу сатысы және үйрену деңгейі арқылы анықталатыны мәлім. Сөйтіп бастауыш топтар үшін тікелей тәсілді қолдану мүмкіндігі бар, яғни, сабақтарда бала өз ана тілін оқып үйренгенде қолданылатын тәсілдер мен қалыптасқан тіл қолданылады.

Басқа пікірлерге байланысты (Dr J.Asher),мұндай деңгейдегі үйренушілер сабақта оқытушының сілтемелерін мұқият тыңдап, көрнекіліктер немесе оқытушының қимылы арқылы түсініп, осы нұсқауларды орындаулары керек. Мұндай сабақтар жеткілікті түрде көп уақыт алуы мүмкін, бірақ бірте-бірте оқытушы сілтемелері күрделенеді де оған бірнеше сөйлемдер немесе грамматикалық күрделі құрылымдар қосылады. Мұндай әдісте оқушыдан ауызша сөйлеу оның өзі қаламайынша немесе ол өзі дайын болғанша талап етілмейді (“Total Physical Response”).

Ағылшын  тілін қарым-қатынас тілі ретінде барынша ерте қолдану “Community Language Learning” нұсқасында ұсынылады. Бұл тәсіл ағылшын тілін үйренуші ересек адамға тән барынша аз қобалжу мен тынышсыздықты туғызбай, кез келген тақырыпта қызығушылық тудыратын әңгіме жүргізуде қолданылады. Үйренушілер бір-біріне қарама-қарсы отырады да оқытушы олардың артында тұрады. Егер үйренушінің бірі бірнәрсе айтқысы келсе ол оқытушыға белгі беріп шақырады да оған өз ойы туралы ана тілінде жәй айтады. Оқытушы ол фразаны ағылшын тіліне аударып, сыбырлап айтады. Үйренуші фразаны бірнеше рет қайталайды да, оны дұрыс айтуға машықтанады. Аз уақыттан кейін, яғни сөйлем жеткілікті дұрыс айтылғанда, үйренуші оны дауыстап айтады. Бұл сөйлем бір уақытта, мысалы, таспаға жазылып отырады. Егер әңгімені жалғастыру керек болса осы үлгі қайталанады. Осылайша барлық талқылау жәй және біртіндеп құрастырылады да жазылып отырады. Араға аз уақыт салып талқылауға үзіліс жасалады да, осы диалогта кездесетін тілдік құбылыстарды түсіндіру басталады, оның ішінде грамматикалық ереже және құрылымдар, лексикалық бірліктер талданып, қарастырылады.

Коммуникативті- бағдарлы білімі жоғарырақ деңгейдегі үйренушілер үшін  “Task-Based Learning” тәсілі қолданылады, яғни, күнделікті өмірге керек және қажетті ептілікті қамтитын жұмыс түрінің негізінде оқыту тәсілі алынуы мүмкін. Коммуникативті міндеттер осындай тапсырмаларға дайындық кезінде, оларды орындауда және оны жан-жақты талдауда шешіледі. Сырттай қарағанда бұл тәсіл жобалы  әдістемені еске түсіреді, бірақ мұнда шешілетін міндеттер барынша қарапайым – мысалы, балалар мерекесін ұйымдастыру және т.б. [Scrivener J., 2005].

Жоғарыда келтірілген әдістемелерге шолу ағылшын тілін оқытудың тәсілдері толық және жеткілікті емес екендігін көрсетеді. Қазіргі уақытта ағылшын тілін оқытудың жобалы және әлеуметті - мәдениетті әдістері, құзырлылық әдістері қолданылып жүр. Дегенмен ағылшын тілін оқыту әдістемесінде білім мен қазіргі заманғы тенденцияларды қолдану оқытушы жұмысын қызықтырақ етіп, түрлендіре түседі.

 

Әдебиеттер:

1. Миролюбов А.А., История отечественной методики иностранным языкам. М: СТУПЕНИ, ИНФРА-М, 2002. -448p.

2. Scrivener J. Learning Teaching. A. Guidebook for English Language teachers, 2-nd.ed. – Macmillan Education, 2005. – 431p.

3. Aitken R. Teaching Tenses. – ELB, 2002.

4. Carter Ronald, Hughes Rebecca, McCarthy Michael  Exploring Grammar in Context. – Cambridge University Press, 2000.

5. Crystal D. The English Language. 2-d edition, 2002.

6. Lewis M. and Hill J. The English Verb: an Exploration of Structure  and Meaning. Language Teaching Publications. 1996.

7.  Morgan J., Rinvolucri M., Vocabulary: Resource for Teachers. – Oxford University Press, 2004.

8. Parrot M., Grammar for English Language Teachers. – Cambridge University Press, 2000.

9. Underhill A., Sound Foundations. New ed., - Macmillan Education. 2005.

10. Villiers C.S. Teacher Resources Books. – Oxford University Press, 2006.

11. Willis D. Rules, Patterns and Words: Grammar and Lexis in English Language Teaching. – Cambridge University Press, 2003.