К.ф.н. Ашинова К.А.

Казахский  университет международных отношений и мировых языков,

зав. кафедрой профессионального английского языка ФМО

Арнайы салалық терминдер табиғаты

Жалпы халықтық лексикадағы семантикалық өзгеріске түсіп, жаңа терминдік мағына жүктелген сөздер мен сөз тіркестерінің қатары қоғамдық-саяси терминологияны молайтуда. Мұндағы қоғамдық-саяси терминдерді бір лексика-семантикалық топ құрамында қарастыруға болады. Олардың әрқайсысының құрамында жалпы қолданыстағы және арнайы салалық терминдер болады.

Дипломатиялық терминологияда тілдің әлеуметтік жағы  қамтылады, оған себеп бұл салаға қоғамдағы әлеуметтік жағдай тікелей әсер етеді, сондықтан ол әлеуметтік сипатқа ие. Осыған орай дипломатиялық терминдерді үш топқа бөлуге болады:

а) әлеуметтік-саяси көзқарастағы терминдер: communism (коммунизм), Conservative Party (консервативті партия)  (Ұлыбритания), Democratic Party (демократиялық партия) (АҚШ), Labour Party (лейбористік партия)  (Ұлыбритания),  Liberal Party (либерал партиясы) (Ұлыбритания) т.б.;

ә) қоғамдық-саяси терминдер: қауіпсіздік (security), мемлекет (state), парламент (parliament), тәуелсіздік  (independency), үкімет (government) т.б.;

б) әртүрлі қоғамдық-саяси және діни жүйелерді сипаттайтын терминдер: ваххабит, джихад, радикализм (radicalism), сепаратизм (separatism), экстремизм (extreme views) т.б.

Дипломатиялық терминология саяси-әлеуметтiк байланыстар мен қарым-қатынастар жөнiнде мемлекеттің нақты ақпараттарды жинау, қабылдау, өңдеу, жеткiзу iсiмен тығыз байланысты болады. Қазіргі кезде  дипломатиялық қызметтің ауқымы едәуір кеңейіп келеді:  мемлекет басшыларының басқа үкімет басшылары мен билеуші топтары арасында тұрақты қатынас құруы, олардың  саяси партиялармен байланыс орнатуы күннен-күнге жандануда.

Дипломатиялық терминдерді қызмет статусына қарай төмендегіше топтастырдық:

1) әлеуметтік-саяси көзқарас тұрғысынан бейтарап терминдер: Аmbassador - at large (ерекше тапсырма жүктелген елші), Ambassador-Designate (елші болып тағайындалған, бірақ әлі қызметіне кіріспеген), Ambassador Extraordinary and Plenipotentiary (Төтенше және Өкілетті елші); Convention on the Privileges and Immunities of the UN (БҰҰ-ның артықшылықтары мен иммунитеттері жайындағы келісім), Treaty on the European Union (Еуропалық одақ шарты) т.б.;

2) нақты бір қоғамдық-саяси жүйенің қоғамдық-саяси реалиясын сипаттайтын реалиялық терминдер: cross-bencher (парламенттің тәуелсіз мүшесі) (Ұлыбритания); hung parliament  (партиялардың қауым палатасынан көп орынға ие бола алмай қалуы) (Ұлыбритания); Tory (консерватор) (Ұлыбритания) т.б.;

3) әртүрлі қоғамдық-саяси жүйеде альтернативті түсінік беретін терминдер: A-day (атом бомбасын алғаш рет сынайтын күн); cessation of the production of nuclear weapons (ядролық қару шығаруды тоқтату); nuclear disarmament (ядролық қарусыздану); nuclear neutrality (ядролық бейтараптану), nuclear weapon test explosion (ядролық қаруды сынау)  т.б. Мысалға келтірілген тіркестер белгілі бір әскери-саяси доктриналарға байланысты қалыптасқан.

Соңғы терминдер ұғым мен құбылысты сипаттай отырып, қандай да бір идеяны қолдаушылар тобының сол құбылысқа деген саяси көзқарасын білдіреді.  Мәселен, A-day (атом бомбасын алғаш рет сынайтын күн); nuclear weapon test explosion (ядролық қаруды сынау) т.б. тіркестер белгілі әскери-саяси доктринаға байланысты пайда болған, дәлірек айтқанда, бөгде елдік агрессордың әскери тепе-теңдікті бұзуға тырысқандығына байланысты туған терминдер. Бұл терминдердің қоғамдық және әлеуметтік белгілері бар, мәселен,  ядролық апатқа алып келеді, яғни жер бетіндегі тіршілікке қауіп төнеді.

Дипломатиялық терминология қатары ғылымның әртүрлі саласындағы терминдермен, ғылыми-техникалық және өндiрiстiк терминдермен толығып отырады, сонымен қатар дипломатия саласында басқа салалық терминологияға қатысты терминдер де кездеседi. Дипломатияның белгiлi бiр саласында бастапқы мағынаны бiлдiретiн дипломатиялық терминдер басқа терминологиялық топтарға кiре отырып, дипломатиялық қызметтiң өзге  салаларында да қолданыла алады.

Терминдер арасындағы байланыс олардың бір саладан екінші бір салаға өтуіне алып келеді, яғни салааралық байланыс орнайды. Бұл құбылыс терминнің жаңа сипат алуына, қолданыс аясының кеңейіп, жаңа қолданысқа түсуіне, терминдік мәнге ие болуына алып келеді. Мысалы, дипломатия саласына математика, физика  салаларынан  ауысқан  термин: ағыл. ratio – қаз. коэффициент, (сандық) ара қатыс (со)отношение). Коэффициент 1. мат. Алгебра формуласындағы цифрмен көрсетілетін көрсеткіш. 2. Физикалық дененің белгілі бір қасиетін анықтайтын шама (үйкеліс коэффициенті) [1, 5 т., 82 б.].

Дипломатия саласында осы термин арқылы жасалған терминдік тіркестерге: ағыл. ratio of armed forces – қаз. қарулы күштердің ара қатысы; ағыл. ratio of ground forces manpower – қаз. құрылықтағы әскер құрамының сандық ара қатысы т.б. жатады.

Дипломатиялық “акт” термині саясат, дипломатия, өнер салаларында қолданылады. Мысалы “акт” зат. 1. Адам әрекетінің жекелеген көрінісі, болған оқиға. Совет жастарының некесі – қоғамдық маңызы бар акт (“Қаз. әдеб.”). 2. Мемлекеттік, қоғамдық маңызы бар қаулы-қарар. Мұның өзі демократиялық партиядан пролетариаттың өз алдына дербес саяси партия ретінде бөлінуін көрсеткен бірінші акты болды (К. Маркс, Ф. Энгельс, Таңд. І, 152). 3. Белгілі бір шындықты, оқиғаны растайтын құжат. Актіге айыпты тағы екі куә қол қойды (Ғ. Мұстафин, Көз көрген). 4. Театр. Операның, балеттің, драманың бөлімі, пердесі. Көрушілердің көзінше акт арасында шымылдықты жаппай, сахнаны өзгертетін Мейерхольд театрының дәстүрінше, Мұқан біздің көзімізше киімін қағып, сілкіп, галстугін байлап, шашын тарап, өзін тәртіпке келтірді (А. Жұбанов, Мұқан Төлебаев) [1, 1 т., 124 б.].

Терминдердің негізгі сипаты тұрақтылық, яғни тек бір ғана мағына білдіру екендігі белгілі. Алайда дипломатия саласында дыбысталуы бір, мағына жағынан басқа ұғымды білдіретін терминдер де кездеседі. Мысалы, «қысым» терминін алайық. Ол саясаттану, медицина, химия, физика, мұнай салаларында қолданылады, ол әр салада өзіндік ерекше терминдік мағынаға ие. Мәселен,  медицина саласында қан қысымы деп адам бойындағы қан қысымының өзгеруін айтады. Сонымен бірге «қысым» – дененің бетіне сәйкес әсер ететін күштердің қарқындылығын (интенсивтілігін) сипаттайтын шама. Дипломатия саласында қысым қорлық, күш көрсету деген мағынада қолданылады.  Осы терминмен жасалған сөз тіркестері: мұнай қабатының қысымы; қан қысымы; қысым көрсету т.б.   

Ғылыми сала терминологиясы қатарында интернационал лексеманың үлес салмағы олардың тарихи даму жолдарына, қазiргi кездегi қолданылу ерекшелiктерiне байланысты. Мәселен, француз тілінің орта ғасыр дипломаттарының ауызекі тіліне тигізген ықпалы зор болды. Оны төмендегі деректер айғақтайды: Англия мен Франция мемлекеттерінің тығыз қатынаста болуына байланысты, ежелгі француз және латын тілдерінің жақындығынан  француз тілі халықаралық тілге айналды [78, 137 б.]. Дипломатияның даму сатысына да ол өз ықпалын тигiзген, орта ғасырда Батыс Европада дипломатиялық қарым-қатынас тiлi – латын, кейiнiрек – француз тiлi болған (ХҮIIIғ., ХIХғ. басы) [2, 5 б.].

Терминнің арнайы салалық мағынасымен қатар, шыққан тілінде қосымша өзге мағынасының болуы да мүмкін. Мысалы, дезавуирлау  – “өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін дипломатиялық өкілдің уәкілдігінің күшін жойғанын мәлімдейтін мемлекеттік акт”, француз тілінде desavouer – “безу, бас тарту” деген мағынасы тағы бар, ағыл. disavowal [3, 224 б.], демарш – “басқа мемлекеттің өкіметі алдында дипломатияға қатысты сөз сөйлеу” – ағыл. demarche, француз тілінде қосымша demarche – “жүріс, қылық, іс” дегенді білдіреді т.б. [3, 203 б.].

Халықаралық қатынасты жүзеге асыратын, тілдің  терминдік жүйесін құрайтын интернационалдық терминдердің мағынасының ортақтығы олардың семантикалық байланысында болады. Семантикалық кеңістіктің әмбебаптану (универсалдану) процесі ғылыми терминология саласында  бүгінгі таңда қарқынмен дамуда. Дипломатиялық терминдерге тән өзiндiк сипат – интернационал терминдерге бай болуы.

Қорыта келе, дипломатия әдеби тілдің бір тармағы ретінде қоғамдық қатынастың арнайы саласына қызмет жасай отырып, өзінің терминдер жүйесін қалыптастырып отыр деп тұжырымдауға болады.

Әдебиет:

1. Қазақ тiлiнiң түсiндiрме сөздiгi. І-Х томдар. –Алматы: Ғылым, 1974-1986.

2 Иссерлин Е.М. Лексика и фразеология современных дипломатических документов. –Москва, 1966. –15с.   

3 Англо-русский дипломатический словарь. –Москва: Русский язык, 2001. –855 с.