А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Нурсеитова А.А.

Көркем шығармалардағы метонимиялық ерекшеліктер

(Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов шығармалары бойынша)

Метафораға қарағанда, метонимияның (ауыс мағынасы бір зат пен екінші бір заттың өз ара ұқсастығының негізінде жасалатын сөздердің) қолданылу аясы әлдеқайда тар. Метафора стиль түрлерінің қай-қайсысында (бірінде аз да, басқасында одан көбірек) қолданылатын болса, метонимия мүлдем олай емес. Метонимия тілдегі стильдердің бәрінде бірдей қолданылмайды. Ал ғылыми стиль (тіпті қоғамдық ғылымның өзінде де) мен ресми-кеңсе стилінде жалпы кездеспейді. Оның көбірек қолданылатын жері көркем әдебиет стилі. Метонимияның көркем әдебиет стиліндегі қолданылуы метафорадан гөрі өзгешелеу: яғни бұл екі тропаның жазушы шығармаларындағы жұмсалу дәрежесін бірдей деуге болмайды. Өйткені, метонимияны көркем әдебиетте қолдану мәселесі, яғни оның шығармадағы аздығы немесе көптігі ең алдымен әрбір жеке автордың сөз қолдануындағы өзіндік шеберлігімен тығыз байланысты. Шығармада метонимияны қолдану үшін белгілі дәрежеде шеберлік қажет. Метонимияның кей жазушыда азырақ, кейбірінде одан көбірек болатыны, міне осы себепті [1,9]                     Қазақ тіл білімінде  метонимияға берілген анықтамалар бірізді емес. Мәселен, І.Кеңесбаев пен Ғ Мұсабаевтың анықтауынша, «Бір сөздің орнына екінші бір сөздің ауыс қолданылуынан шығатын іргелес ұғым метонимия деп аталады». Академик З.Қабдоловтың тілімен айтсақ, метонимия «өзара шектес заттар мен себептес құбылыстардың, өзара байланысты ұғымдар мен шартты сөздердің бірінің орнына бірін қолдану», Ал, Қ.Жұмалиев былай деп анықтама береді: «Не құбылыстың бір жағы, не аттары алынып, өз мағынасында емес, екінші мағынада араларындағы жақындығымен бірінің орнына екіншісі алмастырылып қолданылса және сол құбылысты түгел көрсете алса, метонимия дейді»  «Метонимия дегеніміз – белгілі бір заттар мен құбылыстардың сыртқы  және ішкі мән-мағынасының реальды байланыстығына қарай алмастыру амалы- дейді, Ә.Хасенов».                                

Қазақ халқының ірі ғалым-лингвисі, әдебиет зерттеушісі, түрколог, дарынды ақын, аудармашы Ахмет Байтұрсынов та метонимияның әдеби шығармалар үшін айрықша мәні бар екендігін атап көрсете келіп, былай түсіндіреді: «Арасында жақындығы бар екі нәрсенің атын ауыстырып, бірінің орнына бірін айту төмендегі түрі болса, ондай ауысу, алмастыру метонимия деп аталады».                                                                                                   

«Әрбір жаңа ұғым пайда болған сайын жаңа сөз жасалса, сөздік құрам тым тасып кетіп, тіл байлығымызды практикада керегімізге жарату да қиындаған болар еді»,  - дейді Б.Хасанов. Яғни, бұрыннан бар сөздер жаңа, ауыспалы мағынаға ие болады да, сол арқылы сөздің қолдану аясы кеңейе түседі, метонимия тілдің үнемдеуші тәсілі ретінде көрінеді [2, 18].                   Метонимия троптың өзге түрлерінен грамматикалық құрылысы жағынан емес, мағыналық жағынан ажыратылады. Сондықтан, оны негізінен мағыналық немесе лексика-семантикалық тұлға деп қарауға болады. Сол себепті метонимияның сөз тіркесі мен сөйлемнің аралығында лексика-семантикалық  категориялармен қалай байланысқа түсетінін талдау арқылы ғана ажыратамыз [2,4].                                                                                        

 Сөз табиғаты көп мағыналыққа бейім келеді, өйткені бір сөзге бекітілген заттың немесе құбылыстың белгілерінің кейбіреуі көбінесе басқа бір заттың немесе құбылыстың белгілеріне ортақ болады.                                           Ақындар стилінде экспрессивті-эмоционалды  мағына үстеу мақсатында синонимдердің метонимиялық қолданылуы да көзге түседі.Синоним сөздер әр уақытта ауыс мағынада қолданылады. Оның себебі: тілде семантика жағынан бірдей және эмоционалды бояуы мен әсері жағынан абсолютті тепе-тең екі сөздің болатындығы айқындалмаған. Синоним сөздерді жете білудің үлкен мәні бар. Лексиконы синонимдерге бай адамдар сөз мағыналарының нәзік айырмашылықтарын дөп басып айтуға шебер келеді [2, 29].          

Ақындар стиліндегі синонимдік қолданыс ерекшеліктері көркем шығармаларға экспрессивті мағына бере түседі. Осы тұрғыдан алғанда , А.Байтұрсынов шығармаларынан синонимдік метонимиялық қолданысты аңғара аламыз.Мысалы:                                                                                                                                       Сасық ми, салқын жүрек сансыздар,

           Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр [3,1].                                                  Дегендегі «санасыздар» - сансыз, ақылы жоқ адамды алмастырып тұрған метонимия; Қайырың наданға өткен – шашқан мүлкің»(А.Б) ; «Білгішсініп кей білімсіз жол айтып жүр» (А.Б.) Бұл сөйлемдердегі синонимдердің бәрі адам ұғымын білдіріп тұрған метонимиялар.  Сонымен бірге,   омонимдердің пайда болуында да метонимияның дәнекерлік қызметі бар. Қазақ тілінде шығу тегі жағынан басқа сөздерден жасалған омонимдермен қатар төркіні бір, яғни бір сөздің мағыналық жақтан дамуы нәтижесінде жасалған омоним  көп. Кейбір омоним сөздің әр түрлі мағыналарының бір-бірінен алшақтап, ондай мағыналардың әрқайсысы дербес сөз болып қалыптасуынан жасалады. Мұндай омонимдерді І.Кеңесбаев пен Ғ.Мұсабаев лексикалық тәсіл арқылы жасалған деп түсіндіреді.

 Бір сөз әуелде бір мағынада қолданылғанымен, кейін семантикалық даму нәтижесінде бірте-бірте басқа мағынаға ауысады да, бұрынғы мағыналық байланысын жоғалтып, мүлде басқа сөз, яғни омоним болып кетеді.[2,30]. Мысалы «бақыр» сөзін алайық. Бақырдың даңғырлаған дыбысы мен пәле-жаланың құлаққа жағымсыз естілетіндігі екеуі мағыналық жағынан бір-біріне жақын.                                                                                                        Ш.Құдайбердиевте мол қолданыс тапқан тағы бір ерекшелік метонимияға қатысты. Мысалы:                                                                                                                   «Күнде көздеп, мінезді тексерелік,                                                                     Айланы, ақыл демей, сескенелік!                                                                   Адалдың жолында өлсек, арман бар ма?                                                                   Ақты аныққа шығарам деп көрелік!» [4, 36 ].

         «Ақты» аныққа шығарам – әділдік мағынасында, «ақ пен қара» жақсылық пен жамандық мағынасында. Екі нәрсені алмастыра қолданудың, бірінің орнына екіншісін айтудың, бірі арқылы екіншісін ұқтырудың түрі көп. Мысалы, Шәкәрім өлеңдерінде: «Амандаса келісіп, Бір бағыланды сойғызар. Кел деп аяқ берісіп, Қымызға әбден тойғызар» [4, 89]. «Аяқ» – сөзі ыдыс, кесе деген сөздердің орнына алмастырылып қолданылған. Тағы бір мысал: «Ақселеу мініп, Қылаңнан киіп» [4, 27 б.]. «Соны ойла, өзге қызық істі ойлама, Біреуге айла, біреуге күшті ойлама. Кеткен қайта келмейді кейісең де, Түнде көрген көлеңке түсті ойлама» [4, 68 б.]. «Ақселеу» – аттың орнына түсін, киімнің орнына, матаны атап, алмастырып отыр. Өтіп кеткен құбылыстың орнына, «кеткен» сөзін шебер қолданып отыр. Осы мысалдар арқылы Шәкәрім метонимияның ерекше қасиеттерін ашып берген. Шәкәрім поэзиясын осындай көркемдік қолданыстардың үлкен бақшасы деуге болады. Біз метонимияға қатыстырып бірнеше шумақты мысалға алайық: «Адалға әлімізше аяңдадық, Арамға аяқ баспай шабандадық [4, 34 б.]; «Өсімді, ең күшті адамда тұр, Алдында жақсы да тұр, жаман да тұр [4, 98 б.]. Осындағы «адал», «арам», «жақсы», «жаман» орны ауыстырылып келіп тұрған метонимиялар. Метонимияда ұғым туралы болжау белгілер немесе қосымша мағына арқылы беріледі. Бұл оның көркемдік құрал ретіндегі өзіндік ерекшелігі.

 

Пайдаланылғанған әдебиеттер:

1 Балақаев М., Томанов М., Жанпейісов Е., Манаспаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы: «Дәуір» 2004.

2 Нұржекеева Л. Метонимияның лингвистикалық табиғаты. Алматы: «Казақ университеті» 1992 – 80 б.

3 Байтұрсынов А. Б.20 Шығармалары: Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер. –                 (Құрастырушылар: Шәріпов Ә., Дәуітов С) Алматы: Жазушы, 1989. – 20 б.

4  Шәкәрім Құдайбердиев шығармалары (өлендер, дастандар, қара сөздер). Алматы: Жазушы. 1988, 360-бет.