А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті  тіл және әдебиет теориясы кафедрасының доценті, ф.ғ.к., А.Қайыпбаева.

 

І.Жансүгіров поэзиясындағы концептілік құрылымдардың сипаты.

Тіл – ұлттың айнасы десек, сол ұлттың айшықты тілі көркем шығармаларда да көрініс тауып, сол арқылы ұлттың шынайы болмысын бейнелей алады. Ақын шығармаларындағы концептілерді талдау оның өмір, әлем, тіршілік жөніндегі концептуалды тұжырымдарын анықтайды.

 «Атамекен» концептісі. Ілияс Жансүгіров көркем дискурсында «атамекен» концептісі «дала», «туған жер» ұғымдарымен сипатталады. «Атамекен» біріншіден, туып-өскен, өсіп-өнген  мекен. Себебі,

Тудым, өстім, есейдім,

Ен далам — анам, мен — балаң.

Ен далам — анам, мен — балаң

Туған, өскен есейген,

Еңбек тулы ел — балаң («Дала» поэмасынан).

Екіншіден, «атамекен» тыныштық, мәңгілік орын. Дала лексемасының көркем мәтінде берілген мәні – жалпы адамзаттың өмір сүріп, тіршілік етер ортасы. Дала лексемасының ұлттың рухани-мәдени құндылықтар жүйесінен маңызды орын алатын «қасиетті, киелі мекен» деген ұғымы ақын дискурсында одан әріге тереңдеген. Мысалы,

 «Қарындас пен қара орын

Қалғаннан соң, дариға,

Қара көзден мөлтілдеп

Жас келеді» деген күн. («Дала» поэмасынан).

Академик Р.Сыздық бұл өлең жолдарындағы «қара орын» сөзін М.Қашғари  сөздігіне сүйене отырып, «ағайын-туыстар мен ата-бабаның сүйегі жатқан жер» деп түсіндіреді
/1, 85 б.].

Үшіншіден, «атамекен» «рухани кеңістік». Көшпенді түркі халықтары үшін рухани кеңістік – дала. Ақын танымында дала кеңдік эталоны ретінде алынып, кең байтақ жердегі ұлттық-мәдени өмірді, еркіндікті сүйетін халықтың болмысын сипаттайды. Ақын қолданысында дала лексемасы кең дала, қу дала, ен дала, боз дала, сар дала, кер дала, жапан дала, кеңесті дала, құм дала сынды бейнелі тіркестермен келіп, «атамекен» концептісінің маңына шоғырланған тілдік бірліктер ретінде танылады. Ақын поэзиясында «атамекен» концептісі «Жердің құты», «Құтты қоныс мекен», «Қара орын» мәдени фон мен мәдени семаға ие болған стереотиптік бірліктер арқылы танылған. Ақын поэзиясы тіліндегі «атамекен» концептісіне қатысты «ауыл», «жайлау» «құтты қоныс», «құтсыз қоныс» ұғымдары көшпелі халықтың таным әлемімен байланысты көрініс тауып, «атамекен» концептісін танытудағы өзек концептілер болып табылады.

«Жылқы» концептісі. Көшпенді түркі халқы «кеңістік – дала», «тіршілік – мал» жүйесінде өзара сабақтастық, тұтастық негізінде өмір сүрген. Күллі ғұмыры төрт түлікпен байланысты халықтың дүниетанымдық жүйесі ең алдымен оның тілінде көрініс тауып, оның таным-түсінігінде маңызды орынға ие болды. Сол себепті тіл мен танымды жіктеп қарамай, оны құбылыс ретінде сабақтастыра қарау «тіл мен ұлт біртұтас» деген қағидаға әкеледі. Тілімізде жылқыға қатысты «Жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы», «Жылқылы елде жау көп, жатақ елде дау көп», «Жылқының мінсең – үсті жел, ішсең – қымызы бал, жесең –  еті бал» т.б. тілдік бірліктер жеткілікті.

І.Жансүгіров поэзиясындағы «жылқы» концептісі ұлттық санадағы жылқыға қатысты ақпараттардың барлығын қамтуымен қоса, халқымыздың ұлттық құндылықтарын, дүниетанымындағы ерекшеліктерін де танытады. Көркем туынды мәтінінен орын алған «жылқы» концептісін мынадай когнитивтік құрылымдардан көруге болады:

«Жылқы – тіршілік тірегі» когнитивтік құрылымы.

Жанына еліміздің жылқы жаққан,

Жылқыға жетпеген көз жаутаң қаққан.

Мінсең ат, ішсең қымыз, жесең қазы;

Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан («Құлагер»  поэмасынан).  

Қазақ халқының дүниетанымында рухани болмысы мен тіршілігінде, оның «ғалам бейнесінде» ат, қымыз, қазы, жайлау т.б. ұғымдарды «жылқы» концептосфера аясында қарастыруға болады. Себебі, қазақ түсінігіндегі «жылқы» көшпелі өмірдің әр кезеңімен тығыз байланыстағы  ұғым, тұрмыс-тіршіліктің тірегі.

«Жылқы –  ердің қанаты» когнитивтік құрылымы. Ат – ердің қанаты. Қазақ «аты барда жер таныды», ен даланы иеленді. «Ер қанаты – ат», «Жақсы ат – көлік, жаман ат – өлік», «Атың жақсы болса, бұл дүниенің пырағы» т.б.

Жығылып шаршаған ел ұйықтап жатқан,

Азамат ат міне алмай қапы қатқан.

Жасанған жау қырмандап енжар елді,

Бауыздап, қырып-жойып қырғындатқан («Рүстем қырғыны» поэмасынан).  

 «Жылқы – байлық, сый-құрмет» когнитивтік құрылымы. Жылқы - дәулет, баршылық белгісі ретінде ұғынылады. «Жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы», «Көлдің көркі – құрақ, ердің көркі – пырақ» т.б.

Кісіге шыпылдады ақ ордалар,

Қалың ат ер-тұрманы етіп жалт-жалт («Құлагер» поэмасынан).  

 «Жылқы – cоғыс» когнитивтік құрылымы. Жылқы сәндік үшін жаралған мал болуы себепті, ол – көздің жауы. «Жылқы – айдаса жаудікі, ысқырса желдікі», «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» т.б. Осыған орай «жылқылы елде жау көп, жатақ елде дау көп».

Аял болмас айқай-сүрен салыспай,      

Қашқан жауды ат баурына алыспай.     

Қан сусаған болат сүңгім ашылмас,

Шұрқылтайдан шұрылдата шанышпай.(«Арыным» өлеңінен).

Бұл мысалдан жылқы ерге қайғы әкелуші болатындығын байқауға болады. Демек, жылқы – әрі бақ, әрі – сор. Ақын шығармаларында «жылқы – соғыс» когнитивтік моделі ат көтінде жылау; ат баурына алу; өлік үстінен ат жүргізу  т.б. сценарийлер арқылы көрініс тапқан. Жылқыға қатысты ұғымдардың ішінде ат сөзі жиі қолданылады. Ақын поэзиясындағы «Ат шапса ішімізде, сыртымызда, Көктұйғын жеткізбей тұр жылқымызға» деген  жолдардан «ат» лексемасының бір ғана жануарды атайтыны, ал «жылқы» сөзі көп жылқы, мал ұғымын танытатыны  байқалады.

Барлық адамзат баласы үшін стереотиптік танымдағы аттың сипаты аяқты мал, мініс жылқысы, арба тарту, жер жырту, еркек мал, жұмыс көлігі, ер қанаты т.б. берілсе, ақын танымы бойынша  поэтикалық құрылымда: Көгенде Естеместі көп тұрғызды, Үстінен өліктердің ат жүргізді; Қыз-келіншек сұлуым, Ат көтінде жылады; Аруын ат артына салып келіп; Көліне бетін жуып, ат суарған; Құс салып,  ит жүгірткен бай баласы, Ойнатқан бәйге сұр ат тақымында т.б. сипатта келіп, «жылқы» концептісінің когнитивтік мазмұнын толықтыра түседі. Ақын поэзиясы бойынша «Жылқы» концептісін сипаттайтын тезаурус өрен жүйрік, қазақы жүйрік, сүмбе саңлақ, қыл құйрық, үркек мал, желді аяқ, бәйге, жарыс, аламан, дода, көкпар т.б. сөздерінің семантикасы арқылы айқындалады.

 «Жалғыздық» концептісі. Ақын І.Жансүгіровтың жалғыздық туралы ұғым-түсініктері қазақы танымнан алшақ деуге келмейді. Керісінше, ақынның дүниетанымында да халықтық ұғымдағы «Жалғыздық құдайға ғана жарасқан», «Жалғыз жігіт жарымас» деген сияқты т.б. паремиялық түсініктерден байқалатын жалғыздық туралы түсініктер көрініс береді. Бірақ бұл ұғым өлең тілінде, ақынның көркемдік танымында ерекше қырынан айқындала түседі. Поэтикалық мәтіндегі «жалғыздық» концептісінің психологиялық аспектісі: дүниеден аулақтану, жапанды жалғыз кезу, оты өшу   фреймдері арқылы танылады. Философиялық аспектісі тағдыр, жан бағу, өмір кешу, дүние  фреймдерімен беріледі.

Ақын туындыларындағы, яғни поэтикалық мәтіндегі «жалғыздық» концептісінің көрінісі индивидуалды түсінікте және поэтикалы бейнеленуінде автордың жеке ситуациялары мен метафоралау тәсілдері арқылы танылатыны анықталды. Оны мынадай когнитивтік моделдер арқылы танылады:

«Жалғыздық – тыныштық» когнитивтік моделі. «Шат көңілді», «теңіз көңілді» азап алып «жабырқап жапан түзді жалғыз кезген» адамның өмірдегі шарасыздығы өліммен тең, бірақ өлімді мойындай отырып өмір сүру – өзге әлемге ену. Демек, шарасыздық – өмір сүре отырып өлу. Өмір мен өлімнің аражігі тек физиологиялық жақтан ғана өлшенбесе керек. Осы ретте, шарасыздық, шарасыз болу, әрекетсіз қалу қазақ ұғымында «тірі өлік», «міскін» тілдік бірліктерімен сипатталады. Ол тұмшалануға, жекеленуге, бөлек бір «тыныш әлемді» іздеуге әрекеттендіреді. Ақынның ойсурет, фреймдік сценарийлік танымында қарастырылған «жалғыздық» концептісінің мәтіндегі тілдік экспликациясы: оты өшу, құмары тарқау, қызығы тарқау, қаны суу, көңілі суу элементтері арқылы көрініс тапқан.

«Жалғыздық – ішкі азап» когнитивтік моделі. «Адам – Әлем, Әлем – Адам» десек, адамның рухани болмысының күйреуінен жалғыздыққа жетелейді, өмірі тек жабығу мен құлазудан тұрады. 

Ол күнде осы тауда жалғыз жан жүр,

Дүниеден аулақтанған дабыр-дүбір,  

Қара шал қайыңды отыр көлеңкелеп,         

Бір қу бас шал үстінде ілулі тұр («Құлагер» поэмасынан).

Дүниеден аулақтануфрейм. Санадағы стереотиптік ассоциациялық таңбалар арқылы қалыптасқан. Қазақ танымында дүниеден аулақтану бұл әлемнен жоғалумен пара-пар. Жоғалу. Абай тілі сөздігінде: «құру», жойылу», «жоқ болып кету», «із-түзсіз құрып кету» [2, 265 б.].

Концепт бойынша: адамның дүниеден бөлектенуі,  өзге әлемге жол тартуы,  өзін-өзі ұмытуы, ішкі тартыстың жоғалуы.

«Жалғыздық  көңіл жайлауы» когнитивтік моделі. «Көңілдің Көкшетауы» көңілдің көркі, Көкшетаудың сұлулығы. Бұл поэтикалық теңеу ақын поэзиясында «Көңілінің Көкшетауы қуаң тартып, Қызығын қайғы орағы кеткен орып» түрінде қолданылады. «Қызығын қайғы ору»  ойсурет. Санада бейнелеу арқылы қалыптасқан. «Қызықтың  сар жайлауы көшіп кетуі» – бұл өмірде қызық пен думанның қалмауы, ән мен сәннің жоғалуы, құрдымға кетуі, құлазу, жалғызсырау.

«Жалғыздық – батырлық» когнитивтік моделі. «Жалғыздық» ұғымы ұлттың таным кеңістігінде бірде жағымды, бірде жағымсыз астар беретіні аңғарылады. Жалғыздық жаман ұғым туындатқанменен, жекелік үнемі жаман болып табылмайды. Ол бірде азап, бірде қорлық болса, кейде батырлық ұғымымен де шектеседі. Сондықтан «жалғыздық» концептісіне жалаң, әрі бір жақты қарауға болмайды.

 «Жалғыздық – қорлық» когнитивтік моделі. Жалғыздық жеке дара қалу ғана емес, жалғыздық – қорлық. Төмендегі өлең жолдарында «жалғыздық» ұғымын танытатын тілдік бірліктер түгел дерлік санада метафораланған.

Жақын жоқ, жанашыр жоқ, жалғыз қалып,

Құз қара зарлап жатыр, дір-дір қағып.

Бәйгені ас етіндей жұлқылап жүр,

Біреудің жіліншігін малға шағып («Құлагер» поэмасынан).

Мұндағы жалғыздық азаптанумен, «жан азабымен» байланысты көрінеді.

«Жалғыздық – өкініш, уайым» когнитивтік моделі. Жаратылыс заңдылығы – туу, өлу. Тіліміздегі «бірге тумақ бар да, бірге өлмек жоқ» паремиологиялық бірлігі астарындағы ой адамның түбінде жалғыздық торынан құтылмайтынын танытып, «қайғы» концептісімен астасатынын аңғартады.

Құлагер шапсаң бауырың жазылатын,

Жерошақ тұяғыңмен қазылатын.

Құшақтап қу далада қалдым жылап,

Жазым боп жау қолынан жалғыз атым! («Құлагер» поэмасынан).

Қазақ ұғымындағы «өшкен жанбау» орны толмас өкінішке әкеліп, шексіз «уайым» қайғы әлеміне бастайды. Бұл абстрактылы ұғым  поэтикалық мәтінде «қу далада жылау» ойсуреті арқылы танылады. .[3.117]

      І.Жансүгіров «жалғыздық» концептісін сипаттайтын тезаурусы: жалғыз қалу, жақынсыз қалу, жанашырсыз қалу,  жалғыз жүру, өмірден жиіркену, ай далаға жаны қуу, жаны жалғызсырау, жан тынышын іздеу, уайым алу, қу далада жылау т.б. тіркестердің семантикасы арқылы айқындалып, әлсіз, панасыз, байғыз сөздерімен ассоциацияланады. Ақын поэзиясы «жалғыздық» концептісін танытатын концептілік құрылымдардан (фреймдер, сценарийлер, ойсуреттер т.б.)  тұратындықтан «жалғыздық» ұғымының мәні барынша толық көрінеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. – Алматы: Мектеп, 1980. – 126 б.

2 Әділбекова Л. І.Жансүгіров прозасының идеялық-көркемдік ерекшеліктері. Ф.ғ.к.... диссер. Алматы, 1998. – 111 б.

3 Ә.Қайдар Тіл білімінің өзекті мәселелрі Алматы 1998 – 314 б