БАСТАУЫШ  СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ СУБЪЕКТІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Керимхан Туя

 

С. Аманжолов атындағы ШҚМУ, 6N010200 «Бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесі» мамандығының 2 курс магистранты,

Өскемен қаласы

 

«Субъектік» ұғымын қарастыру «субъект» категориясына талдау жасаумен байланысты болып келеді. Субъект ұғымына классикалық анықтама берген Ф. Гегель, субъект ретінде сыртқы ортаны белсенді танушы және оған өзінің тәжірибесімен әрекет етуші адам ретінде түсіндіреді. «Субъектік» ұғымы А.Н.  Леонтьев,  С.Л.  Рубинштейн,   А.В. Петровский,  В.И.  Слободчиков еңбектерінде өз әрекеттерінің иесі, мақсаттылыққа ие, нақты құндылық бағдары бар, өзіндік ұйымдасқан, өзіндік жетілуге және өзіндік дамуға бағытталған іс-әрекет субъектісі ретінде анықталады.

Аталған авторлар субъектік ұғымын адамның өзімен дамитын белсенділік деп қарастырады.

А.Р.Ерментаеваның жүргізген зерттеу жұмыстарында субъект категориясы әр түрлі психоло­гиялық ұғымдарды саралауға әрі оларды ерекше жүйелікпен жинақтауға әдіс­намалық бағдар болатыны айтылады [1]. 1960 жылдары гуманитарлық ғылымдарда С.Л. Рубинштейннің субъект-әрекеттік тұжырымдамасы негізінде субъектінің арнайы категориялары қолданыс табады. Әсіресе психология ғылымдарында іс-әрекет субъектісі, таным субъектісі, қарым-қатынас субъектісі (Б.Г. Ананьев), субъект-субъектілік қатынас (Б.Ф. Ломов), тіршілік әрекетінің субъектісі (С.Л. Рубинштейн), психикалық іс-әрекет субъектісі (К.А. Абульханова) ұғым­дары енгізіліп, индивидтік, тұлғалық қасиеттерге қатысты тұрғылар саралана бастады.  Теориялық және эмпирикалық зерттеулер арқылы пайда болған жаңа сала – субъект психологиясы С.Л. Рубинштейннің [2] адам баласы болмысты және өзін саналылықпен құрауға, өзгертуге, түрлендіруге қабілетті болатыны жайлы басты идеяның негізінде пайда болған. Мұнда постулаттық тұжырым жасалған: адам субъект болып дүниеге келмейді, субъект болып дамып, жетіледі. Осы орайда ғалым әрбір адам өзін өзгерту арқылы өз тарихын жасайтынын дәйектейді.

К.А. Абульханова [3] ұстанымы бойынша тұлғаның субъект ретінде қалып­таса бастауы іс-әрекетке қатысты әрі оны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін психикалық және тұлғалық қасиеттердің іс-әрекет талап-міндеттері мен тұлға­ның өз өлшемдеріне сәйкес қайта құрылу, қайта ұйымдастырылу үдерісі болып табылады. Жалпы, субъект ерекшеліктері көбінесе іс-әрекетке қатысты сипат­талады. Субъект өзі жүзеге асыратын іс-әрекет нәтижесінде өзгереді, дамып, жетіледі. Тұлғаның өзіне субъект екендігін басқалар тарапынан жететін кері байланыс білдіреді. Сондықтан іс-әрекетпен бірге қарым-қатынастың да тұлға субъектілігін анықтаудағы маңызы аса зор. Тұлға қарым-қатынас үдерісінің субъектісі ретінде әр түрлі жақтарынан Г.М. Андреева, М.М. Бахтин, Э. Берн, В.С. Библер, А.А. Бо­далев, Дж. Мид, А.В. Петровский, Х.Т. Шерьязданова, А.У. Хараш және т.б. ғылыми жұмыстарында зерттеледі. С.Л. Рубинштейннің субъект-әрекеттік теориясын дамытқан А.В.Брушлинский субъект ұғымын белсенділіктің әр түрлі формаларына байланысты анықтайды.

Талданған еңбектер негізінде бастауыш сынып оқушысының субъектік белсенділігі деп бастауыш мектеп оқушысының үнемі өзгеріп отыратын білім беру және әлеуметтік мәдени жағдайларға табысты бейңмделе алуы, оның мұғаліммен бірлескен іс-әрекетінде дербестік көрсете алуы, өнімді педагогикалық өзара әрекеттестік жасауы, өзінің дамуына қатысты жағдайды туғызудағы жауапкершілікті түсінуі деп атауымызға болады.

Бастауыш сынып оқушысы тұлғасының бұл жағдайының мәнді белгілері оның өз әрекеттеріне даярлығы және оны басқара алу қабілеттілігі; өз іс-әрекеттерінің тәсілдерін үлгілеу, жоспарлау, өзара әрекеттесе алу; жобаланған бағдарламаларды жүзеге асыру; өз іс-әрекетінің жүру барысын бақылай алу және нәтижесін нақты бағалай алу; өзінің, басқалардың іс-әрекетін, өзара әрекеттерді рефлексиялай алу.

Рефлексия өзін және өзгелерді сезінуге қабілеттілік, рефлексия ойлау формасы ретінде, яғни өзін-өзі сезінуге және өзінің іс-әрекет мазмұнын саналы түсіну, тұлғаның ең негізгі жүгінетін психологиялық қасиеттердің бірі, ал білім беру үдерісі кезінде оқу, даму, тәрбиелеу тұлғаның рефлексивтік ұстанымы кезінде іске асады.

Анықтама бойынша субъект танушы және әрекет етуші, қасиеттерге, күйлерге және әрекет етуге, санаға және ерікке  ие адам. Қоршаған ортаны тани отырып, адам саналы мақсаттар қойып, қоршаған ортаны өзгертеді және өзі де өзгереді.

Бастауыш сынып оқушысының білім беру іс-әрекетінің, білім беру жағдайындағы өз мінез-құлқының субъектісі болуы өте маңызды, өйткені ол белсенді бастамаға ие, өзіндік ұстанымға, өзінің қайталанбас даралығына, бастан кешулеріне, әрекеттеріне қатысты бастауыш мектепте тәжірибе жинақтайды.

Бастауыш сынып оқушысының бойында субъектікті дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру өте тиімді. Берілген жағдайды жүзеге асыру бастауыш сыныпоқушысының білім беру үдерісі барысында өзіндік қажеттіліктері мен мотивтерін жүзеге асыра алуымен байланысты болып келеді. Бұл жағдайда оқушының белсенділігі өзіндік логикаға негізделеді. Бастауыш сынып оқушыларының оқу үдерісінде ойын технологияларын қолдану арқылы мұғалім оларға қажетті материалдарды игеру мақсатында материалды және сәйкес көмек көрсетеді.

Бастауыш сынып оқушысының субъектік белсенділігін көрсете алатын оқу технологиясы жобалау болып табылады. Жобалау технологиясы 19 ғасырдың 2- ші жартысында  АҚШ ауылшаруашылығы мектептерінде пайда болған. Оның негізін қалаған – Джон Дьюи атты психолог және педагог, философ. Дьюидің ілімін жалғастырушы – Колумбия университетінің жанындағы мұғалімдер колледжінің профессоры Уильям Херд Килпатриктің ойынша, балаларды өз жұмысының жемісін көруге ынталандыру арқылы үлкен өмірге дайындау – бұл технологияның негізі. 

20 –шы ғасырдың басында жобалау технологиясы Ресей педагогтарының назарын  өзіне аудара бастайды. Дегенмен, бірқатар себептерге байланысты , бұл әдістеме кеңінен таралмай, тоқтап қалды:

- жоба жұмысымен жұмысты ұйымдастыра білетін мұғалімдердің болмауы;

-жоба жұмысының әдістемесінің жасалмауы;

-жеке баға мен сынақты  ұжымдық сынаққа көшіру салдарынан жеке оқушы  білімінің төмендеуі  т.б. себептер.

Кеңес үкіметі кезеңіндегі мектептерде жобалау технологиясын енгізуге асықпай жүргенде, ағылшын тілінде сөйлейтін мемлекеттерде: АҚШ-та, Канадада, Англияда, Австралия және Жаңа Зеландияда ол кеңінен таралып жатты. Еуропаның да бірқатар мемлекеттерінде ол кең тамырын  терең жая бастады.

Әрине, уақыт өткен сайын бұл технология да бірқатар өзгерістерге ұшырап отырды.Еркін тәрбиелеу ойынан туындаған жобалау әдістемесі біртіндеп «тәртіпке бағынып»,  білім беру әдістемесі құрамына табыспен еніп отыр.

Бірақ оның негізі, түпкі мақсаты қай кезде болса да қала бермек – оқушыны білім алуға және сол білімін мектеп қабырғасынан шыққанда  нақты проблемаларды шеше білуде қолдануға үйрету. Оның маңыздылығы оқушы жобалау іс-әрекетіне өзі бастамашылық жасайды, мұғалім қажетті материалдар мен құралдарды таңдауға көмек көрсетеді. Жобалау технологиясында бастауыш сынып оқушысы жобаның менеджері болып табылады, сондықтан бұл жағдайда оның субъектігі қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге бұл технология түрінде бастауыш сынып оқушысының субъектігінің екінші аспектісі көрініс береді. Ол жобаның нәтижесіне байланысты. Толыққанды жобалау іс-әрекеті қоршаған ортаның, яғни сыныбының оң бағасына ие болуы маңызды.

Бастауыш сынып оқушысының субъектігін дамыту мақсатында педагогтер арнайы жағдайлар туғызады. Осындай жағдайлардың бірі ретінде сабақ барысында ертегі кейіпкерілерін пайдалану және оқушыны кейіпкер роліне енгізу арқылы оның субъектігін қамтамасыз етуге болады. Мысалы, қандайда бір ертегі кейіпкеріне көмекке келу. Мұнда педагог туғызған жағдайға ұатысты бастауыш сынып оқушысының әрекет мақсатын қабылдауынан субъектік пайда болады.

Сонымен қатар, бастауыш сынып оқушыларының субъектігін дамытуды ақпараттық технологиялар көмегімен де қамтамасыз ету маңызды.  Мультимедиа, Интернет технологияларының кең етек жаюы, ақпараттық технологияларының кең етек жаюы ақпараттық технологияларды толық білім саласына енгізіп, оқытудың жаңа тиімді құралы етуге болатынын дәлелдейді. Бүгінгі күннің өзінде бала мектеп табалдырығын аттамай компьютердің кейбір жұмыс істеу принциптерін меңгереді, яғни 1-сыныпқа келген бала «машинамен» тіл табысып, сол арқылы ақпарат алу тиімділігін түсініп келетінін мойындау қажет. Сабақ барысында ақпараттық технологияларды қолдану оқушының білім алу ынтасын арттырады, танымдық қызығушылығын көтереді және де өз бетімен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыруға көмектеседі. Осыған байланысты В.С. Кукушин былай дейді: «Компьютер ақпараттық технологиялармен бірге білім беру аймағының оқу іс-әрекетінде және оқушылардың шығармашылығында жаңа мүмкіндіктер ашады» [4].

Сонымен, бастауыш сынып оқушыларының субъектік белсенділіктерін дамыту мақсатында әртүрлі белсенді әдістерді қолдану тиімділік көрсететіні байқалады.

 

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1.                     Ерментаева А.Р. Субъектілікті дамыту тренингі. – Өскемен, 2007. – 122 б.

2.                     Рубинштейн С.Л. Избранные философско-психологические труды. – М., –1997. – 463 с.

3.                     Абульханова К.А. Мировоззренческий смысл и научное значение категории субъекта // Российский менталитет: вопросы психологической теории и практики. М.: ИПРАН, 1997.С. 56-75.

4.                     Жантлеуова Ш.К. Профессиональная компетентность будущего учителя в условиях педагогической практики / Ш.К. Жантлеуова.-ВЕСТНИК КазНУ, серия «Педагогические науки», 2000.- №12.-25-29 с.