Филология

 

Нусупова А. Ж., Сүйінбаева М.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫ ЖАЙЫНДА

 

 «Поэзия – жүректің сөзі. Бір жүректен шыққан шымыр сөз кем дегенде жүз жүректе бұғып жатқан бұла сезімнің бұлықсып бас көтеруіне түрткі болады. «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» деген ұлғатты сөздің өлеңге де толық қатысы бар. Жүректегі сезімді оятқан өлең тегін өнер болмаса керек. Өлеңнің өнегесі сол, ол адамдық сезімді ғана оятып қоймайды, оны адамзаттық асқақ сезімнің дәрежесіне дейін көтереді. Азаматтық асқар сезімнің шыңы ұлттық сезім де өлең арқылы оянып рухани күш алады» [1, 437-438 бб.], –  дейді сыншы С.Әшімбаев.

Қазақ халқының поэзиясы барлық рухани-мәдени қазынаның ішіндегі тарихы тереңнен келе жатқан ең молы, бағалысы болып табылады. Прозалық жанрдан бұрын халықтың дәстүр-салтына, өмір-тіршілік жағдайына орай көп ғасырлар бойы поэзия жетекші өнер саласы болып келді. «Поэзия - өнердің асыл тегі. Өзге өнердің бәрінің өзін біреуде қолданатын құралының мүмкіндігіне қарай творчестволық әрекеті азды-көпті болса да қысымнан, тар өрісті боп келеді. Поэзия адамның еркін тілімен берілгендіктен, онда үн де, сурет те және пайымды, айқын айтылған түсінік те болмақ. Сондықтан өзге өнердің барлық элементтері поэзияда бар, сөйтіп, ол әлдебір өнердегі жеке-жеке тәсілдердің барлығын бірінен-бірін бөлектемей, бірден пайдаланатын секілді. Поэзия тұтас өнер соның ұйытқысы болып табылады және оның барлық жағын қамти отырып, бүкіл өзгешеліктерін айқын, анық түрде бойына жинақтады» [2, 13 б.], –  дейді  В.Г.  Белинский. Шындығында да, өлең сөз қазақ халқының өмір, тіршілік, табиғат, адамдардың қарым-қатынасы, елдік салт-дәстүр, батырлық өнеге мен тәлім-тәрбие туралы жинақталған көркем таным дүниесінің көрінісі десек қателеспейміз. Одан халықтың сыншылдық-эстетикалық, философиялық-этикалық дүниетанымы көрінеді.

Өте ерте қалыптасқан жанр ретінде поэзияның прозадан айырмашылығы бірінші кезекте түр тұрғысынан ерекшеленеді. Сондықтан біздің қазіргі түсінігімізде поэзия, проза ұғымдары бұл туындылардың жазылу сипатын бірден айқындайтын көрсеткіш болып танылады. Әрине, поэзия мен прозаның айырмашылығын мұнымен шектеуге болмайды. Асылында, поэзия ең көркем прозаның сапалық ерекшелігін анықтайтын басты белгілердің бірі екені талас туғызбайды. Тұтас алып қарағанда, поэзиялық шығармаға сезім-әсер байлығы айрықша тән болып, сол бағытта жазылса, ал прозалық шығармаларда оқиғаны баяндау, бейнелеу жағы басым келеді. Поэзияның көркемдік ерекшеліктері сыртқы ұсақ белгілер емес. Оның жанрлық-көркемдік тұрғыдан даралануында поэтикалық бейнелеу құралдарын қолдану өзгешіліктері, сөздің, тілдің ырғақтық, интонациялық байлығын кеңінен пайдалану тәрізді елеулі ерекшеліктер алдыңғы кезекте көрінеді. Сол себепті өлең-жырларда, дастан-поэмаларда өмір құбылыстарын терең эмоциялық-сезімталдықпен қабылдап, соған сәйкес әсерлі, тартымды көркем етіп бейнелеу басты принципке айналады. Алайда, поэзияда адамның ой-сезімі сырттай көркемделіп, сұлулап айтылады деу ағаттық болар еді. Көркемділік, бейнелілік әдебиеттегі, өнердің басқа салаларындағы ойлау жүйесіне, сезім дүниесіне тән қасиет. Поэзия ұғымы тарихи жағынан алғанда өте ерте қалыптасқан. Өйткені, қай халықтың әдебиетінде де поэзия ерте заманнан өркендеген. 

Өткен ғасырдың 60-80 – жылдарындағы қазақ поэзиясы мазмұн, түр, дәстүр, жаңашылдық жағынан толысып, кемеліне келген поэзия болды. Сол жылдары қазақ әдебиетіндегі сыншылары сын мақалаларынан  жекелеген ақын-жазушылардың көркемдік ізденістерін саралауға, сол арқылы әдеби процестің беталысын пайымдауға негіздеді. Абай, М. Мақатаев, Ө. Нұрғалиев, О. Сүлейменов, Қ. Мырзалиев, Т.Бердияров, М. Шаханов, Ж. Әбдірашев сынды қазақ өлеңін жаңа сапалық биікке көтерген, өзіндік таным-өлең өрнегімен дараланған қазақ поэзиясының бірегей тұлғалары туралы жазылған мақалалары парасат-пайымының кеңдігімен, талдау тереңдігімен дараланады. С. Әшімбаев  сын мақалаларының өзіндік  ерекшелігі –   әрбір  жазушының  қолтаңба ерекшелігін  дәл танып,  өнер иесінің  шығармашылық ішкі иірімдеріне, табиғатына  тереңдеп  ене білуімен және талдау арқылы ой қорыту, жинақтау сипатының логикалық нанымдылығымен ерекшеленеді.

 «Поэзия деген  сөзде, бұған берілетін ұғымда қандай тамаша көрік, әсемдік, қанша сүйкімділік бар десеңізші! Таза әсемдіктің, көріктіліктің өзін поэзиямен теңеу де тегін емес. Тамаша сұлу табиғат көркін –  рауандап келе жатқан әсем таңды, күн батардағы шұғылалы шапақты, айнадай жарқыраған шалқар көл мен мөлдір өзенді немесе теңіздің ақ бас айдынын, асқан сұлу, көрікті, сүйкімді әйелді, немесе гүл-шешек атқан бау-бақшаны көргенде біз көбінесе «неткен поэзия еді мынау!» деп сүйсіне, қайран қала айқайлап жіберетінімізді өзіміз де аңғармай қаламыз ғой. Азат еңбектің құлдық еңбектен артықшылығын бадырайта көрсетіп, баса айту үшін біз әдетте «еңбек поэзиясы» деген сөз тіркесін қолданамыз. Ол тұрсын, кейде тіпті бүкіл бір халық туралы ақын халық екен деп теңеу айтамыз, сөйтіп бұл халықтың ақындық келбетін айтып қана қоймай, оның рухани әсемдігін, табиғатқа, өнерге деген сүйіспеншілігін атап көрсетеміз» [3, 75 б.], – дейді ғалым М. Қаратаев. Поэзияның анықтамасын әр ақын, әдебиеттанушы ғалым өзінше түйсініп, тарата айтып, жалғастыра беруі мүмкін. Шындығында, поэзия – кең ұғым. Оны тар өлшеммен танып, қасаң қағидаға салып, шектеуге көнбейді. Екі пікірде де ортақ үндестік бар. Бірі ой мен сезімнің образға айналған көркемдік жарасымы десе, екіншісі әсемділік, көріктілікке балайды. 

        Қазақ поэзиясының көрнекті тұлғалары М. Мақатаев, Қ. Мырзалиев, Ө. Нұрғалиев поэзиясынан Абай шығармашылығымен рухани байланысты байқау қиын емес. Қазақ өлеңінің даму биігін, тіл шеберлігінің классикалық үлгісін ұлы ақын туындыларымен сабақтастығын өлең жолдарынан байқалады. Жоғарыда талған ақындардың поэзиялары адам өміріндегі, оның рухани дүниесін қалыптастырудағы орнын тамаша тіркестер арқылы береді.       

Адам табиғатындағы Абай көрсеткен кеселді кемшіліктер, жағымсыз мінездер, жат қылықтар қазір де жойылып кеткен жоқ. Абайды қайталап оқып, көңілге тоқу, ой қорыту сол Абай айтқан жамандықтарға есе жібермеу бүгінгі қазақ поэзиясының басты міндетіндей. Ұлы ақын поэзиясын жамандықтан сақтандыра отырып, жақсылықтың үстемдік алуына рухани көмектесе алатын ұлы поэзия. Ақын поэзиясының бүгінгі күнге тікелей қатыстылығының өзі осы зор моральдық мәнділігінде жатыр. Сондықтан да осындай этикалық- эстетикалық ерекше қасиеті үшін оның поэзиясына сыйынбайтын, сыйламайтын адам жоқ. Біздің пайымдауымыздағы Абай шығармашылығындағы адамгершілік концепция негізі –  өмірдегі жақсылық пен жамандықты айыра білуге адамдықтың алғы шарты ретінде айрықша мән берілуі. Ақынның ұғымында жақсыны тану –  жақсылықты қолдау, ал жақсылықты қолдай білмеу –  жамандықтың отына май құюмен бірдей. Ұлы тұлғаның туындыларына өзіндік дүниетаныммен, ішкі ой қорыту-тұжырыммен келген ой-пікірдің дәлелін ақын өлеңдерінен келтіруге болады:

                              Ел де жаман,

                              Ер де жаман –

                              Аңдығаны өз елі.

 

                              ...Бір сөз үшін жау болып,

                              Бір күн үшін дос болып

                              Жүз құбылған салт шықты.

 

                              Терең ой, терең ғылым іздемейді,

                              Өтірік пен өсекті жүндей сабап.

 

                              ...Өтірік пен өсекке

                              Бәйге атындай аңқылдар.

 

                              ...Қазақтың қайсысының бар санасы?

                              Қылт етерде дап-дайын бір жаласы.

 

                              ...Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,

                              Бірінің бірі шапшаң ұқпас сөзін.

                              Көздің жасы, жүректің қаныменен

                              Ерітуге болмайды іште мұзын.

 

                              ...Ақылды деп, арлы деп, ақпейіл деп,

                              Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп [4, 121 б.]

         Біз бұл аралықта аз ғана үлгісін мысалға келтіріп отырмыз. Ақынның осындай терең ойға, сынға толы өлең жолдарын молынан келтіре отырып, ондағы сын пікірлерге жан-жақты талдау жасап, одан қорытынды шығармау азаматтық арымызға нұқсан келеді деп білеміз.

Абай өлеңдері –қазіргі ұрпақты, келер буынды өзінің этикалық-эстетикалық пайым-таразысымен сақтандыратын тағылым мектебі.

Қазіргі қазақ әдебиетінің дамуында өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың орны айрықша. Себебі, осы мерзімде әдебиеттің барлық жанрларында дерлік творчестволық өсу ерекше байқалды. Әдебиетке келген талантты ұрпақтың бұл кезеңдегі үлкен ерекшелігі жан-жақты біліммен, үлкен дайындықпен келді.  Олар кешегі бала кезінде соғыстың қиындығы мен қасіретін көріп-сезіп өскен ұрпақ болатын.  Сол тегеурінді буынның талантты өкілі ақын Өтежан Нұрғалиев еді. Оның балладаларында соғыс жылдарындағы балалық шақтың көбірек жырлануының өз заңдылығы бар. Ақын поэзиясы бірде ықшам көлемді оқиғалы туынды болса, бірде өмір, табиғат көріністерін көркем бейнелеген лирика болып келеді. Бір қатар шығармалары ел, халық басынан өткен шиеленіскен күрестерді, ерлік оқиғаларды жырлауға арналды. Заман шындығын суреттеген өлеңдері биік азаматтық пафосқа құрылды. С. Әшімбаев ақынның «Балладалар шерткен сыр» мақаласында «Шалбар әні», «Базына», «Маңдай», «Бота баққан ақын» атты балладаларының шынайылық сипатын жоғары бағалайды.

Ө. Нұрғалиевтің «Соғыстың соңғы жазы» атты балладалар кітабы жанрлық тұрғыдан повесть-балладалар деуге болар деуге толық негіз бар.

«Солдат келеді деген сөздің тықырын

Ести қалсақ, табасыз да ұтырын,

Іздеп барып, сүйіншіге ұялмай,

Сұрап алдық қарындаштың тұқылын.

Тіліміздің ұшыменен бір жалап,

Құрбандыққа шалған малдай құрмалап,

Қалап алған ат түйедей қарындаш

Жөнеледі ақ қағазбен жорғалап.

Қағаз қайда! Қағаздан да жұтап тым,

Қалғандаймыз басын шайнап бұтақтың.

Ешкі құсап шөп таппаған түртеміз,

                                Сарғыш бетін латынша кітаптың»,- [5, 171 б.],  деген ақынның өлең жолдарынан қарапайым өмір көрінісі шынайылығымен көркем, әсерлі. Өмір шындығын дәлелдеу, оған қосымша түсініктеме беру білгірлік емес. Ақын осыны ұқтыра отырып, оқушысын шындыққа өз зердесімен жетуге, ой қорытуға, түйсінуге шақырады. Бұл жолдарды терең тебіренбей оқу мүмкін емес. Өйткені, мұнда соғыс жылдарындағы еркелікті білмей ерте есейген, бүгінгі бекем ұрпақтың ортақ тағдыры, ортақ өмірбаяны жатыр. Тіпті соғыстан соң туған сыншы да дәл мұндай жағдайды көрмегенімен соның аз да болса шет жағасын сезіп өскенін білдіреді. Ақиқатты көркем де бар шырайымен айта білу ақын үшін үлкен абырой. «Соғыстың соңғы жазындағы» балладаларды Ұлы Отан соғысы жылдарының шындығын әсерлі жеткізе білген туындылар деп жоғары бағалай келіп: «...баллададағы көркемдік идея бірін-бірі табиғи толықтырып, бірі екіншісінің мазмұнын тереңдетіп, әрі ақынның айтпағын айқара аша түседі. Оқиғалар, характерлер, детальдар сырттай бөлек-бөлек болып, өзара ұқсамағанымен, ақындық айтылар ойдың ортақтығы оларды іштей концепциялық тұрғыдан байланыстырып, негізгі идеяға тұтастық сипат береді. Сондықтан, кітапты соңына дейін оқып шыққанда сол кездегі тұтас бір өмірдің, бүкіл бір дәуірдің, қиын да қытымыр уақыттың әлеуметтік шындыққа толы суреттері санаңызда сайрап тұрып алады» [7, 171 б.], –  дейді сыншы С.Әшімбаев. Сыншы ақын шығармаларын талдау арқылы идеялық-мазмұндық, көркемдік бедерлерін айқындайды. Балладаларындағы сезім тазалығы, сағыныш, мұң, үміт әуендерін автор көркем жеткізе білген. Ұйқас, ырғақ әуезділігі де мазмұнды ашуға қызмет етеді. Ұтымды сюжет жалаң алынбай, қоғамдық-әлеуметтік сарындармен тығыз бірлікте көрініп, ақынның соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген балалығы, бірақ мойымаған, сол қиыншылықта бекем қалыптасқан дүниетаным-көзқарастың бүгінде алға жетелеп келе жатқан азаматтық тұлғасын ашып береді. Кітаптағы қырыққа таяу балладаның тақырып табиғаты бір-біріне жақын. С. Әшімбаев олардың ортақ поэтикалық лейтмотиві - соғыстың бір шағын шаңыраққа, бір аядай ауылға тигізген залалды зардабы мен сойқанды салдары екенін атап көрсетеді. Автор өнердің өмірлік негіздері, қазақ топырағындағы жыр жолдарына ықылас, құрметтің алабөтен болуының тарихи себептері, шынайы поэзияға қойылатын алғы шарттар: бейнелі ой, тілдегі образдылық жөнінде Ө.Нұрғалиевтің шығармашылығына сүйене отырып толғамды пікірлерін білдіреді.

Абай дәстүрінің өміршеңдік тағылымын қазіргі ақындардың шығармашылығымен байланыстыра қарасақ,  ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өлеңіндегі адам сезіміне қатысты қат-қабат ойларды табиғаттағы бейкүнә тіршілік иелерінің жанды образы арқылы беру дәстүрінің көрінісін былай келтіреді.

                              Терезеңнің алдына келіп тұрмын,

                              Көгершіндей,

                              Қысты күні жем іздеген [6, 171 б.],  .

Осы өлең жолын оқыған адамның ойында жанды бейне сақталынып қалады. Өйткені мұндағы образ, образдылық оқушысының көз алдына бейкүнә құстың бейнесін елестетеді. Құс – табиғаттың аяулы бір жанды бөлшегі, сондықтан қысты күнгі терезе алдындағы жәутеңдеп жем іздеген қам көңіл әрекетін елестету арқылы махаббат сезімін бастан кешірген адамдардың басындағы жайды ақын әсерлі жеткізе білген.

Қазіргі қазақ поэзиясына интеллектуальдық-философиялық бағыттағы терең ой иірімдер, метафоралық тың образдар мен ізденістер тән.

         Қазақ поэзиясының даму өрісін әдеби үдеріс негізінде үнемі қадағалап, дереу үн қатып, басты жайларын айқындап, бағыт-бағдар бергендігін біз жоғарыда келтірілген мысалдардан анық байқадық.

Көркем өнер –  өмір шындығының айнасы. Ал өмір шындығы ұшы-қиырсыз кең дүние. Әлеуметтік орта, саясат, халық тұрмысы - бәрі де өмір шындығының көріністері. Жалпы кез-келген көркем туынды өмірдің өзінен тамыр тартып, бастау алады. Ал өмір дерегін жаңаша көзқараспен сұрыптап, көркем мазмұнға айналдыру ақындар мен жазушылардың еншісінде. Мұнда шығармашылық иесінің өмір тәжірибесі, ой тұжырымы, суреткерлік шеберлігі, көркемдік ізденісі үлкен маңызға ие болады.

Өткен ғасырдың 60-80 –жылдарындағы қазақ поэзиясы мазмұн, түр, дәстүр, жаңашылдық жағынан толысып, кемеліне келген поэзия екенін Абай, М. Мақатаев, Ө.Нұрғалиев, О. Сүлейменов, Қ. Мырзалиев, Т. Бердияров, М. Шаханов, Ж.Әбдірашев сынды қазақ өлеңін жаңа сапалық биікке көтерген, өзіндік таным-өлең өрнегімен даралануымен ерекшеленеді.

 

 

Әдебиет

 

1. Әшімбаев С. Шындыққа сүйіспеншілік. – Алматы: Жазушы, 1993. – 621 б.

2.  Белинский В. Г. Статьи и резцензии. –М.: Московский рабочий, 1971. – 464 с.

3.   Қаратаев М. Әдебиет және эстетика. – Алматы: Жазушы, 1970. – 349 б.

4. Абай шығармалар жинағы. – Алматы: Ғылым, 1997 .-242 б.

5. Нұрғалиев Ө. Соғыстың соңғы жазы. . – Алматы: Мектеп, 1989 .-277 б.

6. Мақатев М. Ақиқат. - Алматы: Жазушы, 1999. – 298 б

7. Әшімбаев С. Екі томдық шығармалар жинағы. – Астана: Елорда, 2006. – Т. 1. – 387 б.