Психология

 

Құрманалиева Э.Т., Ошақбаев Ж.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

жасөспірімдердің Отан идеяларын түсінуге тәрбиелеудің ерекшеліктері

 

 

Қазіргі кезеңдегі орасан жылдамдық   алған   өркендеу   заманында   жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру мәселесін қазақстандық қоғамның сезіне білуі және өз бетінше өмір сүруге дайындауды ұғынуы, тәрбиені ұйымдастырудың жаңашыл жолдарын жасауға мүмкіндік туғызады. Атап айтқанда, қазіргі нарықтық замандағы бәсекелестік жағдайға бейім, рухани дамыған жеке тұлға тәрбиелеуде қоғамның тапсырыстары мен сұраныстарын қанағаттандыру мәселесі, ауыспалы жағдайда жылдам шешім қабылдай білетін, өз білімін, біліктілігін дұрыс іске асыра алатын, барлық жағдайда, іс-әрекетке даяр болуға, шығармашыл тұлғаның дамуына бағытталған тәрбиелеу мәселесі.

Білімнің басты ұстанымы адамға білім беру ғана емес, сол білімді және біліммен қарулануды «руханияттандыру», «адамгершіліктендіру» болғаны аса маңызды. Ұлы педагог В.А. Сухомлинский патриоттық сезім мен моральдық ерік-жігерлік қасиет – Отан идеяларын түсіну, оның бүгінгісі мен болашағын ойлау, оған деген сүйіспеншілік, мақтаныш, алғыс сезімі, жауына деген өшпенділік, Отаны үшін жанын беру сезімі арқылы  жасөспірім шағында өзін-өзі таниды, өз беделін бекітеді осы арқылы тәрбиеленеді,- деп есептейді.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері балалардың, жасөспірімдердің оқу-тәрбие ісіне ұдайы көңіл бөлініп келеді. Оқу - тәрбие ісінде назар аударып отырған, тәрбие салаларының бірі – отансүйгіштік                            тәрбие. Қазақстан Республикасы – көп ұлтты іргелі ел.

Жаңа қоғамның дамуындағы ең маңызды нәтиже – оның  барысында қалыптасқан жаңа адам бостандықты жеңіп алып, оны ауыр күрестерде қорғай білген, барлық сын-сынақтардан өтіп, өзі адам танымастай болып өзгерген. Өзінің бұрынғы қасиеттеріне саяси мұраттылықты қосып,   өмір сүрудің тәжірибелерінен қуат алып, өзінің жеке басының мәдениетін, білімін кәдеге жаратып, мәреден көріне білетін адам.

Ұлттық дәстүрге берік, елін, жерін сүйетін азамат тәрбиелеу, оқушылардың бойына қазақстандық отансүйгіштік қасиеттін қалыптастыру өскелең өмір талабынан туындап отыр.

Қазіргі кезеңде «қазақстандық отансүйгіштік» ұғымына зор мән берілуде. Көп ұлтты Қазақстан халқының отансүйгіштік сезімін қалыптастыратын – азаматтық келісім, ұлттық бірлік. Егемен еліміздің тәуелсіздігін сақтау ұлтты келісім, ішкі үндесім барша халқымыздың ынтымағы мен өзара жарасымдылығында.

Адам қауымдасып өмір сүргеннен бастап, қандай ғылым болмасын адамзаттың ақыл-ойынан, өмірден, іс-тәжірибеден туындайтыны аян. Адам өмірімен тікелей байланысты тәлім-тәрбиелік тұжырымдамалар халық тәрбиесі мен ғылыми ойдың ажырамас туындысы. Ал, халықтық тәлім-тәрбие әр ұлттың ғасырдан-ғасырға жалғасқан мұрасы.

Отансүйгіштік сана халықты топтастырушы рухани күш бола тұра, халықтың күш-жігерін тәуелсіздікті нығайтуға бағыттайды. Сондықтан елдегі тәлім-тәрбие идеологиясы мен ақпарат жүйесі халықтың бойында өзін республикасының төл азаматты ретінде сезінетіндей көңіл-күй қалыптастыруы тиіс. Отаншылдық, елжандылық туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топрағы мен табиғатына деген құрметтен басталады. Демек, отансүйгіштіктің қайнар көзі адамгершілік қасиеттері болмақ. Отансүйгіштіктің іргетасы-ұлтжандылық. Өз ұлтын сүйіп оның мұңын мұндап, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл болады. Отансүйгіштікті рухани құбылыс ретінде зорлықпен, нұсқаумен, биліктің басқаруымен енгізу мүмкін емес. Тәрбиеге қатысы бар барлық білім беру жүйесіндегі мекемелер мақсатты, әрі нәтижелі жұмыс істегенде ғана отансүйгіштік қасиеті санаға сіңеді.

Ғылыми әдебиеттерде «Отан» ұғымының мән - мағынасына бірқатар анықтамалар берілген.  Бұл анықтамаларда жеке адамның Отанға түрлі көзқарастарына баса назар аударылады. Әйтсе де бұл көзқарастарды тек адамгершілік сезімдерге ғана жатқызуға болмайтыны белгілі. Олардың мағынасы неғұрлым кең және өзіне жеке адамның тиісті қажеттілік-себептілік, қыр-сырын, оның патриоттық сана-сезімі мен мінез – құлықын қамтиды, олар болашақта өзінің бірлігінде патриотизмді моральдық қасиет ретінде сипаттайды. Олай болса, патриотизмді адамның Отанға бірілгендігі сүйіспеншілігін білдіретін, Отанның құдіретін, өзінің онымен рухани байланысын қажеттігін сезінетін, қандай жағдайда болмасын елін қорғаудағы даярлығын көрсететін адамгершілік қасиеті ретінде айқындау қажет.

Соңғы уақыттарда басылым беттерінде «патриоттық тәрбие», «азаматтық тәрбие» ұғымдары қатар қолданылып келеді. Біздің көзқарасымызша, «азаматтық тәрбие» мен «патриоттық тәрбие» ұғымдары бір-біріне қайшы келмейді, керісінше, бірін-бірі толықтырады. «Патриоттық тәрбие», «азаматтық тәрбиенің» бір бөлігі болып табылып, оны нақтылай және тереңдете түседі, жеке тұлғаның Отанды сүю, өз халқының өткеніне сыйластықпен қарау сияқты, азаматтың адамгершілік негізін құрайтын қоғамдық мәнді қасиеттерінің қалыптасуына себептігін тигізеді. Патриоттық тәрбие ұрпақтар сабақтастығының жалғасуына ықпал тигізуде де үлкен мәнге ие. Бұл бірінші кезекте жеке тұлғаның әлеуметтенуіне көмектеседі және әлеуметтік тұрғыдағы қабілеттіктерінің дамуына да тигізер ықпалы мол. Патриотизмның адамгершілік жақтарын борыш, саналылық, жауапкершілік сезімдері құрайды. Бұл-азаматтық қоғамның құқықтық мәдениетінің маңызды компоненттері. Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасуы жағдайында жеке тұлғаның құқықтық мәдениеті үлкен мәнге ие, ол азаматтық және патриоттық тәрбиенің өзара байланысының нәтижесі болуы тіс. «Азаматтық тәрбие» де, «патриоттық тәрбие»  де   жеке   тұлғаның  қызығушылықтарын жүзеге асыру және олардың талап-сұраныстары мен мүмкіндіктері негізінде құрылуы қажет. Біз «азаматтық» және «патриоттық тәрбие» ұғымдары біріктірілуі тиіс деп санаймыз.

Патриоттық тәрбиенің жүйелілік сипатына келетін болсақ, ол ең алдымен, тәрбие мен патриоттық сана-сезімнің жүйесі арқылы айқындалады.

Жүйелі патриоттық сана тұрғысынан алғанда, патриоттық тәрбие тәрбиенің идеялық-саяси, адамгершілік, құқықтық, эстетикалық және т.б. элементтерінсіз өмір сүре алмайды, патриоттық сана Отанды өркендету мен қорғауға ішкі даярлық пен қабілетті қалыптастыруға білгілі бір әлеуметтік- саяси бағыт береді. Сөйтіп, патриоттық тәрбие басқа тәрбиенің барлық негізгі бағыттарымен бірге жүзеге асырылады. Патриоттық тәрбиенің соңғы нәтижесі ретінде патриоттық сана өз Отанын өркендету жолындағы күресте, оны нығайту және қорғау жолындағы қызметті көрініп, өлшенеді, сөйтіп, сол арқылы тиісті ерлік, жауынгерлік және ұлттық дәстүрлер түзе отырып, олар кейіннен тәрбиелеуші факторға айналады.

Патриоттық тәрбиенің жүйелілігі, біріншіден тәрбие объектісі-жеке адамның біртұтастығынан; екіншіден, отбасында, ұжымда, еңбек және әскери ұжымдарда патриоттық тәрбиенің сабақтастығы мен бірмәнді бағыттылығын талап ететін қоғамдық өмірдің барлық салаларының өзара байланысынан; үшіншіден, тәрбиенің негізгі принциптері мен жалпы заңдылықтарынан және төртіншіден, негізгі мұраты жеке адамды жарасымды және жан-жақты тәрбиелеу болып табылатын тәрбиенің неғұрлым жалпы жүйесіне патриоттық тәрбиенің ықпалдасуынан туындап жатады.

Патриоттық тәрбие қоғамдық-саяси қызметтің күрделі, салыстырмалы дербес жүйелерінің барлық белгілеріне ие болады. Біріншіден, ол өзара байланысты құндылықтардың белгілі бір құрылымын иеленеді. Патриоттық тәрбие жүйесі кез-келген әлеуметтік жүйенің төрт негізгі топтарын қамтиды: материалдық, іс-әрекеттік, рухани, адами құндылықтар. Осы құндылықтардың болуы және олардың өзара байланысы жүйенің біртұтастығын және жаңа сапалық айқындылықты белгілейтін оның құрамдас бөліктерінің өзара іс-әрекеттестігінің әдісі ретінде, патриоттық тәрбие жүйесінің салыстырмалы түрде алғанда тұрақты құрылымының дербестігін айқындайды. Екіншіден, патриоттық тәрбие жүйесіне оның міндеттерінен көрінетін өзіндік белсенділік тән. Үшіншіден, патриоттық тәрбие дегеніміз - өзіне тән басқару тетігі, субъектісі мен объектісі, басшылық құралдары мен әдістері бар, өзін-өзі басқаратын жүйе. Саналы басқару – бұл жүйенің өзіне тән әрі қажетті сипаттама. Төртіншіден, патриоттық тәрбие дегеніміз – уақыт  пен кеңістікте дамытып отыратын жүйе, оның өз   тарихы және өзіне тән заңмен белгіленетін қалыптасу, қызмет атқару мен даму процестері бар. Кез келген жүйедегі сияқты патриоттық тәрбиеде де әрдайым өткеннің қалдығы, бүгінгі күннің негіздері және болашақтың    нышандары     болатыны     жалпыға   мәлім.   Жүйенің   негізгі функциясы   жастарды    ұлт-азаттық   майданға,    жауынгерлікке, қоғамдағы, халық дәстүрлеріндегі ескі қалдықтармен күресуге, жаңа Отанды құруға даярлау болып табылады.

Патриоттық тәрбие жүйесі қазақ жерінде болған әрбір ұлт-азаттық қозғалыстан кейін айтарлықтай күрделеніп, бірқатар жаңа құндылықтарға жетіп, өзінің тұтастығын сақтап отырған. Оның негізгі функциясы бұқара халықты Отанның қол жеткізген барлық құндылықтарын қорғауға және дамытуға даярлау болып есептеледі.

Қазіргі жағдайда қазақ халқының патриоттық тәрбиесі жақсы қалыптасқан және біртұтас болып табылады, оның өзі жүйенің жаңа құндылықтарының, ішкі және сыртқы байланыстарын өзгеруі мен пайда болуы, атқарылатын міндеттер ауқымының кеңеюі арқылы үнемі жетіліп отырады.

Бесіншіден, патриоттық тәрбие жүйесі оқшау емес, әлеуметтік тұрғыдан алғанда да, табиғи жағынан келгенде де басқа жүйелермен тығыз байланыста өмір сүреді. Мәселен, қоғам патриоттық тәрбиенің қызмет атқару мен даму процесіне елеулі ықпал жасай отырып, оның тәрбиелік жүйесін жаңғарту және толықтыру көзі болып табылады. Мұнсыз патриоттық тәрбие ойдағыдай дамып, қызмет атқара алмайды.

Патриоттық тәрбие басқа қоғамдық жүйелермен тығыз байланыста болады. Оның жүзеге асуына макроорта мен микроортаның әсері мол. Яғни, патриоттық тәрбие оқшау өмір сүре алмайды. Ол күрделі, салыстырмалы түрде алғанда дербес, біртұтас, өзін-өзі басқарып отыратын, белсенді де дамушы жүйе болып табылады және тәрбиенің барлық негізгі бағыттарында жүзеге асырыла отырып, оны ұйымдастыруға кешенді тәсілді талап етеді.

Кешенді тәсілдің негізгі идеясы -  жеке адамның патриоттық қасиеттерінің барлық жиынтығын және патриоттық тәрбие ішінде де (мақсаттары, принциптері, бағыттары, құралдары, нысандары, әдістері және т.б.), сондай-ақ сыртқы жүйелерде де (тәрбие, экономика, саясат, идеология және т.б.) тәрбие процесінің өзара әрекеттестіктегі барлық элементтерінің нысаналы бірлігін қалыптастыруды қамтамасыз ету болып табылады.

Қазіргі жағдайларда патриоттық тәрбиенің кешенді тәсілі материалистік диалектиканың әдіснамалық талаптарына негізделеді және тәрбие процесінің барлық объективті жағдайлары мен субъективтік факторларын келісімді түрде іске асыру негізінде патриоттық тәрбие жүйесін жан-жақты дамытуды, Отан қорғаушысына қажетті барлық қасиеттер жиынтығын жеке адам бойында бір мезгілде қалыптастыру үшін неғұрлым тиімді жолдарды, құралдар мен әдістерді таңдауды қамтамасыз ету болып табылады.

Патриоттық тәрбиедегі кешенді тәсіл оның негізгі ұйымдастырушылық-басқарушылық, мазмұндық және әдістемелік принциптерін практикада жүзеге асыруды білдіреді. Патриоттық тәрбие сәйкестендіріліп құрылатын принциптер қатарында мынадай принциптерді атауға болады:

·  жалпыға бірдей принциптер,  бұл әр   түрлі практикалық-теориялық іс-

әрекеттер үшін қажетті (жан-жақтылық, халықтық, тарихнамалық және    т.б. принциптер);

·    жалпы принциптер, бұл жалпы тәрбие процесіне арналады (мақсаткерлік, ұжымды тәрбиелеу, еңбекте тәрбиелеу, жекелеп және даралап қарау және т.б. принциптер);

·    ерекше принциптер, бұл патриоттық тәрбие процесінде ғана қолданылады (патриоттық пен адагершілік тербиені сабақтастыру, тәрбиешінің жеке басы үлгісі, эмоциялық тұрғыда ықпал жасау және т.б. принциптер).

 

Сондықтан да қазақстандық отансүйгіштікке баулу, ол тек қазақтардың ғана өз отанына сүйіспеншілігі емес, онда мекендейтін бүкіл ұлт пен ұлыс өкілдерінің бәріне қатысты дүние. Бұл сезімнің мағынасы терең, аумағы кең, құдіреті күшті. Ол өз мазмұны, өз аясы бар, құдіретті күшке кездей-соқтықтан айналмайды, бұл сезімнің оянып, бірте-бірте күш алып, саналы өзіндік мәні, өлшемі, мағынасы бар біртұтас сезімге ұласуы объективті шарттылықтарды қажет етеді.

Әдебиет

1.     Қалмырзаев Ә. Қазақстандық патриотизм қалай қалыптасады // Егемен Қазақстан, 1998. 10 қаңтар. № 6.

2.     Назарбаев Ә. Ұлттың ұлы мұраты жолында ұйысайық. // Қазақ әдебиеті, 6-12 маусым, 2008. 12-13 б.

3.     Момышұлы Б.Ұшқан ұя. Әке өсиеті. Алматы, Атамұра, 2003. 232 б.

4.     Сейдахметова Л. Партиотизм ұғымдарының маңызы. //Қазақстан мектебі, № 1, 2006.

5.     Ұлт тағылымы. Достояние нации. №2/2009.