Филологические науки/ 8. Родной язык и литература

 

Ақатаева Ш.Б., ф.ғ.к., доцент

Қазтұтынуодағы Қарағанды Экономикалық Университеті, Қазақстан

 

МҰРАТ МӨҢКЕҰЛЫНЫҢ АЙТЫСКЕРЛІГІ МЕН ШЕЖІРЕШІЛДІГІ

 

Мұрат Мөңкеұлы сонымен бірге айтыскер ақын болған. Баспа бетін көріп жүргені тек бес – ақ айтысы бар:Жаскелең, Бала Ораз, Жантөлі, Тыныштық, Ізім шайырмен айтыс, тіл қағыс, дидарласу сөздері. Олардың ең мәндісі ,біздіңше, Мұраттың Жантөлі қызбен айтысы. Бұл – екі ақынның әлеуметтік мәселені қозғаған жақсы диалогтары, өзінің тіл ұстарту үлгісімен де елеуге тұрарлық, ақындардың сөз тапқыш, ұтқыр, шешендіктерін таныта алатын туынды [1,42].

Мұраттың Жантөлі қызбен айтысында Жатөлі Сара ақын сияқты күйеуінің кемтарлығы себепті Мұраттан жеңіледі.Басы таз, өзіне тең емес, кемтар адамға қосылғаны бетіне шіркеу болады. Таң сәрінен келіп, үй сыртынан Жантөліге тиіскен Мұрат оны ұтымды сөзбен торлап, бұлтартпайды. Жантөлі де оп – оңай шалдыра қоймайды .Амал не ? Өзі сүймей қосылған, тең емес күйеуінің қорлығы оның алдын орап кетеді.

Мұрат:                  ...Жантөлі жас күніңнен болдық телі,

                                 Қыдыртқан жігіттіктің тентек желі,

                                 Көп айдың көрмегелі жүзі болды,

                                 Жантөлі үйіңнен шық көріскелі.

Жантөлі:                ...Құда – еке жас күніңнен болдық телі,

                                Қыдыртқан жігіттіктің тентек желі.

                                Көп айдың көрмегелі жүзі болса ,

                                Асықпай атыңнан түс сөйлескелі.

Айтыстың сөздерін естіп тұрған Жантөлінің күйеуі намыстанып екі рет әйеліне «қой енді» ,- деп қолымен қақпалайды. Сонда ызалы Жантөлі күйеуіне:

                            Бір қақтың ақ бетіме ашуменен,

                            Жігітке ашу ұят асылы леген.

                            Ұрынған өзі келіп Берішке тимей,

                            Мен бе едім ақ қара бас құрт басың жеген?!- деп қолындағы домбырасын лақтырып жіберіпті. Сонда Мұрат :

                             Бір түгіл екі соқса жаның шықсын,

                             Осыған кісі келерме , басын көрген, - депті .

Айтыс осылайша аяқталады.Бұл арада Жантөлі сөз таба алмай жеңілмейді, оның да Сара сияқты еркіндігі болмағаны бетіне шіркеу болады. Мұраттың айтыстары негізінен қайымдасу түрінде келеді. Қайым айтыс формасы негізінен әзілдесу, қалжыңдасу, пікірлесу ретіндегі диалогтар. Мұратпен айтысатындардың біразы айтыстың осыбір халықтық түрін ұнатса керек[2,78-79].

Мұраттың Жылқышы деген ақынмен айтысы оның жасырақ кезінде өткен. Төселген сақа ақын Жылқышыны жаста болса , тиісе сөйлейді. Оны тұтқынға түскен құлдан шықтың , тегің төмен деп кемітеді. Жылқышының сұрағына мүдірмей жауап беріп отырады. Айтыстың екі ақынның өлеңмен сайысы ретінде айтар сөзге бөгелмей тапқырлық танытқандығымен ғана ескерерлік.  Әйтпесе, үлкен мәселе көтерген айтыс емес.

Мұраттың Ізім шайырмен айтысы да – созылмаған қысқа диалог . Өзі ұрынған Ізім шайыр алғашқы сөзден – ақ Мұраттың өктем де тапқыр сөзінен тосылып, енді аузын ашпай, өзінің жеңілгенін мойындайды. Ізім өзінің тамадан шыққан қарабура елінен екенін, - сом алтын, болат темірмін, қара қасқа қабанмын, - деп бастаған да , оған Мұрат:

 

                            ...Қара болсаң далада ,

                             Қарауытып тұрған моласың,

                             Тама болсаң келімсек,

                             Жетіруға қонақсың.

                             Сол таманың ішінде ,

                             Ізім атты бір баласысың, - деп жауап береді.

Мұраттың Жаскелеңмен айтысы да ұзақ емес.Үлкен бір тойды бастау рәсімі үшін таласқан екі ақын егесіп, соңы Жаскелеңнің жеңілісімен аяқталады.

Мұраттың Бала Оразбен де айтысы бастала түсіп аяталған қысқа тіл қағыс. Таз деген елдің БалаОраз деген ақынын Үшіктегі жәрмеңкеде кездестіріп , айтысқа тартады.Сол басталған шақта Байұлының екі ақыны тартысып жатқанын көріп,жиын басылары бұларды тоқтатып тастапты. Айтыстан үзінді:

        Бала Ораз:   ...Жемнің бойын алдырмай,

                            Жемге қала салдырмай,

                            Дін қылышын сермедім,

                            Қарабау мен Қаракөл,

                            Тайсоған бүйрек ішінде,

                            Бұқпақтап көшкен берішке,

                            Тола ма менің шеңгелім?!

        Мұрат:           ...Ондай қашқын, ұрыны,

                            Мақтауда етіп келгенің,

                            Топ ішінде өлгенің .

                            Заманға қарай сөз керек ...

                            Және айтасыз берішті,

                            Беріштің ісі тегісті [3,280].

Келтірілген ақын сөздері де елінің басты батыр ерлерін тілдеріне тиек етіп. әрқайсысы өздері шыққан ұлыстарының арын арашалап, сойылын соққан.

Мұраттың Тыныштықпен айтысы да басқа айтыстармен сарындас .Елу жастағы Тыныштық пен жігіт Мұраттың айтысы тең түспейді.Сөйтсе де, екеуі де саңлақтар,Тыныштық та жүлде алып жүрген жүйрік,  Мұрат оны кемпірсің , елің, байларың сараң деп кемітеді.Өз елінің батырлары мен жомарттарын дәріптейді.           

                              ...Ау, кемпір, дүниенің өзі жалған,

                            Жалғаншы қолдан кетсе әркімге арман,

                            Жалғаншы қолдан кетсе әркімге арман...

                            Алыстан мойынын созып келген күні

                            Тап болдық тісі қайтқан кемпіріне – ай...

Айтыс жанрындағы Мұраттың шығармалары – оның ақындық өнерге дағдылану жолын танытарлық және суырыпсалма ақпа жырау болғандығына куә боларлық туындылар.

Мұрат шежіре – тарихқа жетік, өткен ғасырлардағы жыралар мен батырлар жырларын жатқа білген.Ескі ел тарихынан естіген , білген – түйгендерін шашау шығармай, әсерлі де , мәнді эостық шығармаға айналдырып, өзі көзін жұмғанша халқы алдында сайрап өткен. Еңсесі түскен туған елінің көңілін көтеріп, ойын сергіткен. Мұрат сөздерін ел – жұрты сүйсіне тыңдап, көздеріне жас алып, қасірет шексе, екінші біреулері, бойларын жиып, ертедегі ер – азаматтарының існе қайран қалып, оларға еліктеп, ат арқасына қонып, тәуелсіздік ұранын көтерген. Сондықтан да Мұраттың шығармалары - өз кезіндегі тәрбиелік мәні зор, халқының мұңын көтерген , тәлім –тәрбиелік қызмет атқарған туындылар.

Мұратты өз көзімен көрген Мұрын жыраудың естелігі біздің сөзімізді растайды.Ол өзіне алғаш жыр үйретіп, ұстаз болған Мұрат екенін мақтанышпен мойындайды. Ескі тарихтық сөздерді, елдің шежірелерін Мұрат өте жақсы білген.

Мұраттың елінде Есет деген би болған.Есет қазақ шежіре билерінің бірі екен. Жас бала Мұраттың белгілі Жылқышы ақынмен айтысамын деп жүргенін естіп,Есет би Мұратты шақырып алып, ақыл айтыпты: «Айтысу үшін өткен – кеткенді, ата – бабалардың бұрынғы істерін,қазақтың шежірелерін жақсы білу керек» деп. Есеттің осы ақылы Мұратқа қатты ұнаған. Қыдырып жүріп,шалдардан сұрап, Мұрат ескі әңгімелермен,қазақ шежірелерімен көп танысқан. Мұраттың көп үлгі алған адамы жоғарыда айтылған Есет би еді. Мұрат ескі сөздерді көп білген. Мұраттың сөздерінде жерлердің аттары көп ұшырайды. Бұлардың көбі ескі аттар. Осы аттардың бірқатары осы күнде Еділ – Жайық алаптарында ұшырайды. Мұрат бір жағынан өткенді білген шежіре болса, екінші жағынан халықтың мұңын , елдің зарын айтатын әлеуметшіл ақын. Мұраттың өлеңдерінің ішінде кіші жүздің руларының аттары кездеседі.Бұларды түсіну үшін аз – кем мағлұмат бере кеткенді жөн көрдік.

Кіші жүз үш үлкен руға бөлінеді:1)әлімұлы; 2)байұлы;3)жетіру – болып бөлінеді.Бұлардың үшеуі бірігіп АЛШЫН болып аталады. Кейбіреулер жетіруды алшынға қоспайды, бірақ ел «үш алшын» деп сөйлей береді.

Жетіру мынадай жеті руға бөлінеді:1)кердері; 2)табын; 3)тама; 4)жағалбайлы; 5)рамадан; 6)керейіт; 7)телеу.

Кердері – Орал уезінде, табын – Орал мен Ақтөбе обылсында, тама -Орал, Ақтөбе, Атбасар, Түркістан уездерінде, жағалбайлы – Қостанай мен Атбасар уезінде, керейіт – Ақмешіт уезінде, рамадан – Ташкент уезінде, аз-кем Әулиеатаның төңірегінде һәм Ілбішін уезінде бар. Бөкейлікте табын, тама бар.

Мұрат осындай рулардың шежірелерін жақсы білгенге ұқсайды[4]. 

 

Мұратты біз жаза білген сауатты ақын дедік. Сөз болып отырған арнаулары мен хаттары – жазба мүліктер , елге, достарға, оқудан қайтқан жігітке жазған хаттары ретіндегі құнды шығармалар.

Мұрат шығармаларын тізбектей жіктеп, талдау соңында айтарымыз – оның тілге шешен , тапқыр да алғыр ақын болғандығы. Оның шығармалары қамтымаған кезінің шындығы кемде – кем. Кең тынысты эпик , нәзік жанды лирик, жүлде алған жүйрік, сан қырлы саңлақ.

Мұрат өлеңін жадында сақтап жекізген Ғылман Шөрекұлы ақын туралы мынадай қымбат сөз қалдырған екен:

                            Қадырбай, даңығыл Мұрат, Қуан өткен,

                            Жел сөзін тілден шыққан дуалы еткен.

                            Бәрінен қылсаң пікір, ажал жүйрік,

                            Түбінде дем алдырмай қуа жеткен.

                            Мұрекең – көл дария еді көзін алған,

                            Шашылып өзі өлсе де, сөзі қалған,

                            Болса да сан азамат, самсағанқол,

                            Бәйгені жүйрік еді озып алған.

Иә, Ғылман тауып айтқандай, Мұраттың ақындық таланты – ешкімге ұқсамайтын бір туар дарынға ғана тән сирек құбылыс. Өзі туралы ақынның «Сөйлесем мен бір шешен сөз байлаған, жол айтып , тіл сайраған», - деуі де орынды сөз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1Сейфуллин С. Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары, Алматы-1931ж

2Сүйіншіәлиев Х., Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері, Алматы-1991ж.

3                        Үш ғасыр жырлайды, Алматы-1965ж.

4                        Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті, Алматы-1991ж.