«Тәңір, алла, құдай» фразеологизмдеріндегі дүниетаным көрінісі

 

Тілеубердиев Б.М. М.

М.Әуезов атындағы ОҚМУ профессоры, ф.ғ.д.

Елібаева Қ.

М.Әуезов атындағы ОҚМУ рһ докторанты

 

         Жалпы тіл білімінде, жекелеген тіл біліміндегі көптеген зерттеулерде антропоцентристік парадигма басымдылыққа ие болуда, оны соңғы кездегі филологияға қатысты зерттеулер дәлелдеуде. Себебі лингвистикадағы антропоцентристіік принциптің алдымен тілді тұтынушы адамды, тілдің шынайы иесі болып табылатын халықты, ұлтты бірінші кезекке қоюында. Ал құрылымдық зерттеулерде сол тілдің шынайы иесі болып табылатын адам, ұлт, халық көбіне тасада қалады. Бұларды біз «субьект» деп атаймыз.

       Тіл – субьектінің ең басты конститутивті белгісі. Адамның ақыл-ойы, танымы, тілден тысқары тұрмайды. Сондықтан да әлемдік лингвистикада зерттеушілердің  назары субьектіге ауысты, ойыса бастады. Фразеологизмдер табиғатынан субьективті болғандықтан адами болмыстан бөлінбейді. Бүгінгі таңда фразеологизмдер психологиялық процесстерді реттеп отыруға, адамның бір нәрсені межелеуіне, іс-әрекетін, қызметін ұйымдастыруға, дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуына әсер ететіні анықталып отыр.

       Осы тұрғыдан келе отырып, қазақ мәдениеті мен қазақ тілінің танымдық кеңістігінде хронологиялық тұрғыдан орналасқан культтік фразеологизмдердің ментальдік қабаттарына, осы қабаттардың культтік фразеологизмдерінде көрініс тапқан негізгі белгілері мен ерекшеліктерін айқындау мен сипаттауға мән беріп көрелік. Дүние жүзінің көптеген халықтарының космогониялық мифологияларында әлем (дүние) жер бетінде өмір тудырушы бастау жанды құрылым организм түрінде суреттеледі. Біздің көзқарасымыз бойынша, осы түсініктерді әлемнің (дүниенің) жаһандық бейнесімен байланыстырған жөн. Өйткені әлем өзінің сакральдық мағыналарында кеңістік пен уақыт туралы ұғымдардың бірігуін бір жерге шоғырландыруын танытады. Ежелгі түркі дүниесінде әлем бейнесі тәңір бейнесімен ұқсас келеді. Бұл жөнінде танымал шығыстанушы ғалым С.А.Абрамзон былай деп жазады: «Осы бір үстем (жоғары) құдай (тәңірі) барлық астральдық түсініктер біріккен түрде көрінеді, ол «әлем» ұғымына ұқсас болып келеді. Тәңірі мағынасы аспанға ғана емес, сондай-ақ күнге (Күн Тәңірі), айға (Ай Тәңірі) және жерге (Жер Тәңірі, Тәңірі жер) де қолданылады, мұның өзі аспан мен жер тәңірлерінің бөлінбестігін көрсетеді» [1,290]

       Біз бұл хабарламамызда ұлттық танымдағы культтік фразеологизмдерге тілдік тұрғыдан талдау жұмысын жүргіземіз. Культтік фразеологизмдер деген атау «сыйыну, жалбарыну, бас ию» мәнінде жұмсалатын латынның «культ» деген сөзіне қатысты қалыптасқан. Қазақ тіліндегі культтік фразеологизмдердің  басым көпшілігі шаман және ислам діндерінің әсерінен, сондай-ақ халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпына, көне дәуірдің наным-сенімдеріне байланысты пайда болған. Культтік фразеологизмдер – тілді жасаушы халықтың бір кездегі ой-санасының, жан дүниесінің, таным-болмысының сәулесі іспеттес. Сол себепті де өзіндік ұзақ тарихы бар культтік фразеологизмдер сөз жоқ халықтың рухани өмірін бейнелейді.

       Жалпы алғанда, түркі тілдерінде сөйлейтін халықтардың бас иетін тәңірісі – «аспан», «көк тәңірі».  Тәңір сөзі құдай, алла, жаратушы деген мағынаны білдіреді. Құдай – бүкіл ғаламды жаратушы, оны билеп төстеуші, табиғаттан тыс бір ғана құдіретті күш ретінде бейнеленеді. Құдай сөзі парсы тілінен енген. Құдай сөзінің тірек болуы негізінде төмендегідей фразеологизмдер ұлттық танымда қалыптасқан: құдай абырой берді: иіні келіп, сәтін түсіреді. Құдай абырой берді, сәл кешіккенде, суға кетіп қалатын еді (Ауызекі тілде); құдай айдады: өздігінен келді. Түрегел, барайық, сен қағаздарын көр. Бұл құдай айдап келген олжа ғой (С.Сейфуллин); құдай алды: о дүниеге әкетті. Өзі жараткан пендесін Құдайдың өзі алды, жылама, күпірлік етпе! (Ауызекі тілде); құдай артының жақсылығын берсін!: қайтыс болған кісінің үй ішіне ерекше көңіл айтудың түрі. Құдай артының жақсылығын берсін, шырағым. Құдай берем десе, баласы жоқ па, үмітсіздік шайтанның ісі (Ауызекі тілде); құдай атқан: ант ұрған, оңбаған деген мағынадағы кейіс сөз. Соқыр қариды Құдай атты. Маған қас ойлағаны үшін, «Кәлем шариф» ұрды, - деп сүйсініп қалды. (М.Әуезов). Сонымен қатар құдай атымен ант ішу қарғанып серт беуді, құдайдың басқа салуы тағдырдың ісіне мойын ұсынуды, құдай беру: ойлағаны болғанды, құдай бетін көрсетпесін фразеологизмі көрмегенім сол болсын дегенді, құдай бір, пайғамбар хақ деген фразеологизм діни ұғым бойынша, дінге сенімді уағыздаудың «Алла деген біреу, пайғамбардың барлығы шын» қағидасы бойынша қалыптасқан, құдайға ақсарбасын айту, тәңірді атап мал садаға беру, ауырған кісінің айығуына, не сапар шегіп кеткен адамның аман-есен оралуына т.б. құрбандыққа мал атау ұғымын білдіреді, құдайдан мойнына бұршақ салып сұрап алды деген фразеологиз құдайға мал, жан атап жүріп тапты деген ұғымды білдіреді.

       Сол сияқты құдай сөзінің синонимдері – тәңір, жаратқан, алла, жаратушы, жасаған, жаратқан ием т.б. Ал, алла – құдай, тәңір сөзінің баламасы, ұлттық таным бойынша (мифологиялық түсінік), адамзатты, жан-жануарларды жаратушы ие. Бұл сөз қазақ тіліне ислам дінінің таралуымен байланысты арабтардан ауысқан. Араб тілінде алла сөзі құдай деген ұғымды білдіреді. Құранда алла қайырымды, ақылды, дана, жасаған дүниенің билігін қолына ұстаған деген элементтермен суреттеледі. Құран бойынша әрбір мұсылманның негізгі борышы – алланың құлы екендігін мойындау, басқа құдай бар дегенге сену кешірілмес күнә болып саналады.

       Сонымен қатар, Абай өзінің 12,13,27,35,36,38,45-ші қара сөздерінде дін мен мораль, тәрбие жайында философиялық ой қозғайды. 12,13-ші қара сөздерінде құдайға құлшылық етудің мәнін айтып, иман жайында сөз етеді. Абай мұсылманшылықтың діндік үлгісін үгіт-насихат ретінде айта отырып, адамгершілік қасиеттерді адам өзінің жаратылыс сырымен қоса бағалап, түсінсін деп айтып отырады. Сондай-ақ Абай діни қағидалар шеңберінде қалмаған ойшыл. Дінде, Құранда бар сөзді ғана қайталап отырса, ол хакім бола ма? Абайдың хакімдігі сонда, ол әр істің басталуы мен себебін іздеуші. Сондықтан ол «ақыл сенбей сенбеңіз», - деп өзі айтқандай, не істі болмасын сау ақылға салады. Ақын Алланың өзіне де, сөзіне де күмән келтірмейді, мәселе Алланың өзі кім, сөзі не соны тану керек. Алланы танудың қиыншылығын, ол «алла деген сөз жеңіл» деген өлеңінде ашық айтқан. Абай: «Алланың сөзі бар, ол да рас, сонымен бірге адамның сөзі бар, бірақ оның растығына үнемі күмән бар.  Неге олай? Жауапты тағы да отыз сегізінші сөзден табамыз. Ақын: «Алланың сөзі – қаріпсіз, дауыссыз» дейді [2,194]

Алла сөзіне байланысты көптеген фразеологиялық тіркестер туындаған: басқа салды, жазмыштың қалауы, алланың ұйғаруы деген мағынада алланың әмірі, жолы ашылып, дегені болды деген мағынада алла бағын ашты, алланың жолынан ауытқыды деген мағынада аллаға жазды, сиыну, жалбарыну мағынасында аллаға мінәжат етті, аллаға арқа сүйеді, үміт артты деген мағынада аллаға тәуекел қылды, көмек, күшке қуат сұрады деген мағынада алладан пәрмен сұрады, алла бұйыртты деген мағынада алла нәсіп етті, алланың қаһарына душар болды деген мағынада алланың кәрі тиді, алланың жарылқаған пендесі деген мағынада алланың сүйген құлы, алла сәтін, орайын келтіргенде  алла оңғарды, алыс сапарға шығып дәм-тұз татқан кезде алла тұзын көтерді дейді.

Адамның өзін, оның сөйлеген сөзін тану проблема төңірегінде психология, философия, лингвистика ғылымдарында көптеген концепциялар бар. Адам өзін қалай танымақ, әрине өзінің сөздік қоры, оның жиынтығы, сөз тіркестері, қалыптасқан фразеологизмдері арқылы, демек бұл адамтану ілімінің өзекті саласы болмақ. Ал «дүниені танымақ» деген мәселе дүниетаным деген ұғымды білдіреді. Когнитивтік лингвистиканың басты қызметінің бірі осы дүниентаным. Абай оны өз өлеңдерінде «дүние көркі» деп те атайды. Дүниенің көркін сезіну, тілін білу, тану адамның өзіне нұр, көрік беретін қуат десек, сол нұр, көріктің біршамасы ұлттық дүние болып қалыптасқан қазақ халқының фразеологизмдерінде жатқандығын жоғарыдағы көрсетілген мысалдар дәлелдей түседі.

Тәңір – көне түркі сөзі. Алтай тілдерінен алынған, «аспан», «көк» деген мағынаны білдіреді. Тәңір аспанның әміршісі саналған. Яғни, Тәңір – ең жоғарғы құдай, ол аспан мен жердегі тылсым тіршіліктің иесі. Адамды да, жер бетіндегі нәрселердің бәрін де, аспанды да, ондағы жұлдыздарды да жаратушы – Тәңір деп саналған. Міне, мұның бәрі – көне мифтік ілкі ата-демиургтың, жасампаз қаһарманның атқаратын істері. Бұл қызмет түркілер заманында Тәңірге, ал ислам келгенде Аллаға таңылған. Жазаңды Құдай берсін деген қарғыс мағынада тәңірден тап деген фразеологизм қалыптасқан.

Қазақтың, тіпті біраз түркі тілдес халықтар мифінде кездесетін Тәңір образына Е.М.Мелетинскийдің мына бір пікірі тікелей қатысты: «Ерлі-зайыпты баба-құдайлардың ең көне әрі универсалды тараған түрі аспан-әке мен жер-ана. Бұл образдардан бір жағынан, рулардың бабалары болып саналатын ілкі адамдардың космостанғанын, ал екінші жағынан, неке мен отбасылық қатынастардың табиғат дүниелеріне көшірілгенін көруге болады», - [3,193] деп жазады ғалым. Шамасы қоршаған ортаны, ғаламды қабылдаудағы мұндай бинарлық қарама-қайшылық оның «үздіксіздігін» дискретті түрде мөлшерлеп отырады.

Бұдан шығатын қорытынды ұлттық дүниені танып, біліп қабылдау культтік фразеологизмдерден де көрінеді, сондай-ақ қазақ фразеологимздері тілдің жай ғана жиынтығы емес, ол ментальдік бірліктерді көрсететін лексикалық бірліктер жүйесі. Ұлттық дүниені қабылдап, фразеологизмдерді қалыптастыру ерекшеліктері өмір салтымен және  шаруашылық жүргізуімен байланысты. Осы салт-дәстүр мен шаруашылықтың жүргізілуі қазақ тілінің фразеологизмдер жүйесін қалыптастырады, жүйелейді, құрылымдайды.

Шындығында, бүкіл түркі жұртында Тәңір-көктегі ер адам сипатында, ал Ұмай - жер-ана болып қабылданады [4,213]. Сонда жоғарыда Е.М.Мелетинский айтқандай, қазақта да аспан-әке, жер-ана ретінде (Тәңір – Ұмай түрінде) алғашқы ерлі-зайыпты құдайлар болып саналған деуге әбден болады.

       Қорыта айтқанда, қазақ тіліндегі культтік фразеологизмдерді танымдық тұрғыдан қарастыру тілдік және тілдік емес білімдер жүйесінің құрылымын, сондай-ақ тілдік және тілдік емес семантикалық, ассоциациялық өрісінде пайда болған ақпараттың құрамында когнитивтік және прагматикалық мағыналардың элементтері міндетті түрде бейнеленеді. Біз бұдан фразеологизмдердің концепт құрудағы өзінің лексиканы, синонимдік қатары, ассоциациялық байланысы бар және семантикалық өрісі кең атаулар лексемасын ұлттық таным ретінде танып білеміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.    Абрамзон С.М. Киргизы и их этногенетические и историко-культурные связи. Л.: Наука, Ленингр.отделение, 1971. – 310 с.

2.    Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы. Алматы: Жазушы, 1995. – 405 б.

3.    Мелетинский Е.М. Поэтика мифа. – М.: Наука, 1976. – 327 с.

4.    Стеблева И.К. К реконструкции древнетюркской религиозно-мифологической системы. – М.: Наука, 1964. – 297 с.